ОТБАСЫЛЫҚ ӨМІР ИІРІМДЕРІ

Құрметті оқырмандар!

Осы «ДЕЛДАЛ» атты сайтымның мазмұндық құрылымын одан ары толықтыратын, оның «ҚАЗАҒЫМНЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ», «ТОЙ-БАЗАР» АЛАҢЫ деген бөлімдерімен ортақ тақырыптас болып келетін жоғарыдағы атаумен жаңа бөлім ашып отырмын.

Төменде бөлімнің ашылу мақсаты мен мазмұндық құрылымы таныстырылып, оның алғашқы жазбалары беріліп отыр. Танысыңдар!



КІРІСПЕ РЕТІНДЕ


Бөлімді ашудың негізгі мақсаты болып, сайтымда бұған дейін жүргізіліп келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлер, отбасылық той-қуаныштарын өткізу тақырыптарын кеңейту; халқымыздың отбасылық құндылықтары туралы танымдық жазбалар беріп отыру, отбасылық-силасымдық, сүйіспеншілік-ғашықтық тақырыбындағы тәлімді–тәрбиелік қызықты шығармашылық туындыларды жариялап отыру, жаңа жанұялар құруға ниеттенген жандарға мүмкіндігіне қарай онлайн-қолқабыс көрсету, т.б. анықталды.

Соған орай, белгіленген бөлім тарауларының жобалық тақырыптары:

  • «ОТБАСЫЛЫҚ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕН САЛТ-ДӘСТҮРЛЕР»танымдық-тәрбиелік жазбалар;
  • ҒАШЫҚТЫҚ ХИКАЯЛАР (тақырыптық эсселер, әңгімелер, өлеңдер, болған оқиғалар, т.с.с.);
  • «БІЗ ҚАЛАЙ ТАНЫСТЫҚ ЖӘНЕ ҮЙЛЕНДІК (немесе ….) – тәрбиелік мазмұндағы қызықты естеліктер;
  • «ТАНЫСАЙЫҚ! ҚОСЫЛАЙЫҚ!» онлайн–делдалдық алаңы (эксперимент ретінде). Негізінен отбасын құру ниетіндегі байсалды жандар үшін.

Бөлімге жазбалар — қолжетімді болған баспалық және ғаламтор беттерінен сұрыпталып алынады. Бірақ, басымдық сайт оқырмандары тарапынан ұсынылған жазбаларға беріледі!

Осыған орай, құрметті оқырмандар, шығармашылықкер азаматтар! Өздеріңнен осы тұрғыдағы белсенділіктеріңді, тақырыптас авторлық туындыларыңды, ой-толғауларыңды, еске алар және елмен бөлісер оқиғалық әңгімелеріңді күтер едім!
Сонымен бірге, осы бөлімнің мазмұны, оны жүргізу жөніндегі ой-пікірлеріңмен, ұсыныстарыңмен бөліссеңдер!

Енді, бөлімнің алғашқы тағылымды және қызықты жазбаларымен толығымен асықпай танысқандарының дұрыс болады.


ОТБАСЫ және ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР туралы


ОТБАСЫ

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәліметтер бойынша

Отбасы — бірлесіп күн көретін, туыстық қатынаста тұратын адамдар тобы. Балалар тәрбиесін жүзеге асырып, басқа да қоғамдық тұрғыдан мәнді қажеттіліктерді қанағаттандыратын некелік немесе туыстық қатынастармен байланысқан адамдар тобы.

Отбасының маңызды сипаты — оның қызметі, құрылымы және динамикасы болып табылады.

Отбасы құрылымы — отбасының құрамы мен санынан, сонымен қатар оның мүшелері арасындағы өзара қарым-қатынастарының жиынтығынан тұрады. Оны талдау отбасы қызметінің қандай жағдайда жүзеге асуы, отбасы мүшелерінің арасындағы құқықтары мен міндеттері қалай бөлінуі жөніндегі сұрақтарына жауап беруге мүмкіндік туғызады.

Отбасының қызметі тәрбиелік, шаруашылық-тұрмыстық, эмоциональдық, рухани қарым-қатынас, бастапқы әлеуметтік бақылау, сексуалды-эротикалық сияқты бағыттардан тұрады.

Отбасылық құндылықтар дегеніміз бір-бірін сүйіп қосылған жанұялардың отбасын сақтау үшін қолданатын ежелден келе жатқан салт-дәстүрі. Әрбір отбасының өз құндылықтары болады. Олар дәстүрлі, қазіргі, тәрбиелі отбасылық құндылықтар деп бөлінеді.

Отбасы мүшелері болып ата мен әже, әке мен ана, балалары, туысқандары саналады.



ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

С.ДУНАЕВА, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР МСМ ДІК Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы Бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг бөлімінің басшысы. Абай-Ақпарат

Өмірге енді ғана келген сәбидің еститіні – ананың үні, көретіні – ата-анасының қарым-қатынасы, сондықтан баланың өміріндегі, қалыптасуындағы отбасының орнын ештеңе айырбастай алмайды.

Атасы мен әжесінің «айналайынынан» нәр алып, әкесі мен анасының мейірімін сезініп жетілген баланың иманды, көргенді, көпшіл болып өсетіні анық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бабаларымыз текке айтпаған, ананың сүтімен, әкенің қанымен бойға сіңген қасиет жеткіншектің алдағы өмірінің бағдаршамындай болады.

Ұлттық құндылықтардың бастауы – отбасы. Әке – отбасының тірегі болса, ана – берекесі. Көзін ашқаннан көргені мен естігені бала жадында тасқа басқан хаттай жазылып қала беретіні анық. Бақытын баладан іздейтін ата-ана «не ексе; соны оратынын» біліп, өзінің әрбір сөзі мен әрекетіне мән берген. Қазақта «уызына жарымаған» деген сөз бар. Алғашқы сүт – уызды тойып ембеген қозының ет алып, оңалуы қандай қиын болса, отбасынан оңды тәрбие алмаған баланың дұрыс өсіп-жетілуі сондай қиын. Отбасылық, ағайындық, туыстық қарым-қатынастарды үйрететін,қазақ шаңырағына ғана тән, жазылмаған қағидалар – әдептілікке тәрбиелеудің үлкен мектебі.

Әйел–табиғатынан адалдыққа, кірпияздыққа бейім және мейірімнің бұлағы. Ол – осындай ізгі қасиеттерімен тектіліктің, ізгіліктің үлгісі, сондықтан әйелдерге қойылатын талап қашан да жоғары. «Алып анадан, арғымақ биеден туады» дейді халқымыз. Бала тәрбиесіндегі әкенің орнын төмендетуден аулақпын, дегенмен жасөспірімнің өсіп-қалыптасуында ананың атқаратын міндеті – қисапсыз. Тіпті әкесінің кемшіліктерін де балаларына білдірмей, оны мінсіз тұлға етіп, жаманын жасырып, жақсысын асырып көрсету арқылы тамаша ұрпақ тәрбиелеген қазақтың айтулы аналарының парасаттылығына тәнті боласың.

Аналарынан үйреген өнегені өз балаларына, немерелеріне үйретіп, дәстүрді сабақтастыру арқылы алтын көпір болу – ұрпағының келешегін ойлайтын әрбір қазақ әйелінің міндеті. Көкірек көзі ашық, парасат-пайымы терең, ақылдың кені аналарымыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған, «айналайынымен» санамызға сіңген, биязы да жұмсақ үнімен жүрегімізге орныққан ақыл-кеңестері өмір қиындықтарынан сүріндірмей, бізді тек алға жетеледі. «Көретін – қызығым, жейтін – жемісім, атар таңым – сендер», – деген ананың үкілі үмітін арқалаған перзенттің бөтен ойы, жаман пиғылы болуы мүмкін емес… «Ел сендерге қарап, бізге баға береді», – деу арқылы иығымызға үлкен жауапкершілік артып, сенімді ақтауға ұмтылдырды.

«Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деп қазақ текке айтпайды, өйткені бүгінгі – ару, ертеңгі – ана. Әйел-ана – жақсы болса, бір әулеттің шамшырағы, жаман болса қасіреті. Ағайынның арасын жақындатып, ерінің мерейін үстем етіп жүретін әйелдің ұялтпайтын ұрпақ тәрбиелейтіні де шүбәсіз.

Қазақтың ұлттық тәрбиесінің айнасындай халықтық педагогика мұралары – тұнып тұрған даналық пен ақылдың кені. Ақылгөй абыз бабаларымыз көз көріп, көңіл қаныққан өмір сабақтарын екі ауыз сөздің аясына сыйғызып, түйінді оймен қалдырып кеткен. Тек соны көретін қырағы көз, ұғатын сарабдал сана болса болғаны. Ата-бабаларымыздан бастау алып, сан ғасырлар бойы адамгершілік пен ізгілікті дәріптеген қазақтың ұлттық дәстүрлері келешек ұрпақ үшін де рухани азық болып қала берері хақ. Себебі шынайы шындық пен иманға негізделген құндылықтар еш уақытта құнын жоймай, жасампаз бола береді. Ол үшін рухани бұлақтың бітеліп қалуына жол бермей, «қолымызды мезгілінен кеш сермемей», ұрпақтарымызды сол «бұлақ суынан» қанып ішуге жағдай жасауымыз керек.

Отбасы - бақыт мекені Тәрбие сағаты

ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Нұртаза ТОЙШИЕВ, исламтанушы

haqjoly.kz. 22.06.2020

Отбасы — мемлекеттің іргетасы. Отбасы – адам баласының өсіп — өнер, қанат жайып түлеп ұшатын алтын ұясы. Адамзат өміріндегі мейірімділік пен адалдық, адамгершілік пен тектілік секілді асыл қасиеттерді бойына жинайтын жандар, оны ұрпақ санасында қалыптастыратын ардақты әкелер мен аяулы аналар. Сынақ үшін берілген қысқа ғұмырда жанұяларымызды құрметтеуге, сыйлауға, өнегелі етуге тиіспіз. Өзіңді өмірге келтірген, тіршілігіңе нәр берген ата — анаңның алдында адамның парыз — міндеті өлшеусіз. Міне, сол ата-анаға сенің отбасыңның жарасым тауып отырғанын көргеннен артық бақыт жоқ. Ананың ақ сүтін, әкеңнің адал күшін ақтау — өз болашағыңда сақтау деген сөз. Отбасы шаттығын қалыптастырудың бір тетігі де осында жатыр.

Отбасылық құндылықтар дегеніміз бір-бірін сүйіп қосылған жанұялардың отбасын сақтау үшін қолданатын ежелден келе жатқан салт-дәстүрі. Әрбір отбасының өз құндылықтары болады. Ол құндылықтар ежелден бері келе жатқан немесе жаңадан шығарылған құндылықтар болуы мүмкін. Бұдан басқа адамдар отбасылық құндылықтарды басты үш топқа бөледі. Олар дәстүрлі, қазіргі, тәрбиелі отбасылық құндылықтар деп аталады.

Дәстүрлі отбасылық құндылықтар дегеніміз қарт адамдардың жас отбасыға берген ақыл-кеңестері. Қазіргі таңдағы жас отбасылардың ажырасу статистикасы өскеніне байланысты жас отбасыларға олардың дәстүрлі отбасылық құндылықтары туралы теледидардан, ғаламтордан көруге болады. Әр отбасыда бұл құндылықтар әртүрлі. Бірақ олардың ұқсас жақтары да бар. Мысалы, кез-келген отбасыда дінді сақтау, некені бұзбау, ұрпақ жалғастыру, баларды тәрбиелеу деген дәстүрлі отбасылық құндылықтар ортақ болады.

Қазіргі таңдағы отбасылар бұрынғы салт-дәстүрді ұстануда. Бірақ сол ұстанымның өзгеруіне байланысты олар әр отбасыда әртүрлі. Ол ұстанымның өзгеру себептері заманның өзгеруіне байланысты. Себебі әр замандағы адам әртүрлі. Мысалы, бұрынғы замандағы отбасы құндылықтарымен қазір өмір сүру мүмкін емес. Бұрын адамдар әйелдеріне орамалды сыйға тартса, қазіргі жас отбасылар бір-біріне гүл немесе көйлек сыйлайды. Сонымен қатар қазіргі отбасылық құндылықтарға махаббат, сенім, түсіністік және т.б жатады.

Отбасылардың басты мақсаты бақытты ғұмыр кешу. Адамдар некеге тұрғанда көптеген жанжалдарды бастарынан өткереді. Бірақ олар өз қателерін кешіріп, қайта бірге болады. Оларды біріктіретін құндылық тәрбиелік отбасылық құндылықтардың бірі болып табылады

Асыл дінімізде Аллаға бойұсынуға шақыра отырып, ата-анаға қарайласуды міндеттейді. Ата — анаға не істесең, алдыңа сол қайтады. Дүние кезек. Сен өмір бойы жас болып тұрмайсың, сен ата — анаңды сыйлайсың, сенің балаларың да сен қартайғанда өзіңді аялап күтіп, бағып қағатын болады. Ата — ана отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Дәстүрлі қазақ отбасында ата — ананың қадірі ерекше әспеттелген. Жас жұбайлар отбасылық сынақтардың кейбіріне төтеп бере алмай, бала болашағынан бұрын жеке бас тыныштығын бірінші кезекке қойып жатады. Осыдан келіп тастанды бала мен әкесі тірі жетімдер қатары артады. Негізі бала үшін әкенің орны бөлек. Әке деген сөзді айтқанда өзіне пана болар, қиындыққа қалдырмас, арманына қол созғанда ақ батасын беріп ақ жол тілейтін адамның болғанын бала жүрегі аңсайды. Әке — әркімнің сүйенер тіреуі.

Ол өзінің болашағы балалары үшін алаңдап ойланып, жауапкершілік жүгін арқалайтын тұлға. Алла елшісі с.ғ.с ер адамды өз отбасының жауапкері ретінде, әрі сол үшін сұралатындығын ескерткен. Халқымызда әкені асқар тауға теңеп, темірқазығы мықты тұлғаны елестеткен. Ендеше, әрбір әке отбасына қорған болар тау тұлғалы кемеңгер болып ұрпағына пана болуды мақсат еткенде отбасы жарасым табады. Сонымен қатар, әр адам көзін ашып дүниеге келгенде мейірімді, жүрегі жылы жанды көреді. Ол — анамыз. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бауырына басып, біз үшін жанұшыра шырылдайтын да – ана. Ана – бұл жел жағымызға пана, біріміз үшін дара, дана тұлға. Балаға анадан артық, анадан қымбат жан жоқ. Әрбір ана отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбиінің жыламауын тілейді. Әсіресе, қазақ әйелі – бар мұратын отбасының игілігіне арнаған, бар тілегін перзентінің жолына байлаған әлемдегі ең мейірімді ана, ұлттың ұйытқысы, ұрпақтың анасы. Ата — ана баласының ер жетіп, адам болуын қалайды. Біз үшін олардың орны бөлек екені ақиқат. Сөзімізді қорыта келе ғасырдан ғасырға, жылдан жылға дәстүр болып жалғасын тауып келе жатқан отбасы құндылықтарының мәнін кетірмей, керісінше өркендеп, алға басуына септігімізді тигізейік. Отбасылық құндылықтарды қастерлеп, оларға кір келтірмей жүру — барша халықтың басты парызы.

Отбасы — адамзаттың алтын діңгегі іспеттес, оның ұрпаққа деген ықпалын өмірдегі ешбір күшпен салыстыруға болмас. Жастарды ұлттық нышандағы құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Отбасы — жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарды, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңіретін де отбасы. Осы негізде отбасынан жалғасын табатын құндылықтар негіздерін ұмыт қалдырмай, жаңғыра түсейік, рухани болмысымызды жоғалтпайық!


ҒАШЫҚТЫҚ ХИКАЯЛАРЫ


Осы тараудың алғашқы жазбасы ретінде сайтымның мұрағат қорында болған, белгілі жазушы Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫның төмендегі әңгіме-хикаясын ұсынып отырмын.

МАХАББАТ ДЕГЕН НЕМЕНЕ?

Дүрілдеп өтіп жатқан тойдан ақырын сытылып, сыртқа шығып кеттім. Дүбірлеген зал іші қапырық, у да шу музыка, кезек-кезек топ-тобымен шығып жаттанды сөздерді сағызша созып сөйлеушілер – ығыр ғып жіберді.

Шөп біткен қурайланып, шілденің піскен шағы. Мейрамхананың алдында ары-бері жүргіштеп, тау жақтан ескен самалға кеудемді тостым. Арырақтағы ағаштар саясына қарай бара жатқанымда:

– Аға, ағатай! — деген дауысты естіп, тұрып қалдым. Қасыма жазғы шифон жеңсіз көйлек киген толықша әйел ентіге келіп:

– Аға, мені танымадыңыз ба? – деді бірден.

–Қарағым, шырамытатын сияқтымын.

Үңіле қарадым, шамның күңгірт жарығынан дөңгелек жүзді, шашын түйген бұл пысық жанды қайдан көрдім?

–Аға, ағатай. Ұмытып қалғансыз ба? Баяғы Қопа станциясындағы тәттіңіз ше?

Сылқ-сылқ күліп жібергенде есіме сап ете түсті.

–Иә… иә… Айсұлу.

–Дәл өзімін. Бағана тойда сіз сөйлегенде жүрегім тарсылдап кетті. Түк өзгермеген, әсіресе дауысыңыз… – деп бетімнен шөп еткізіп сүйіп алды. Сыңғыр-сыңғыр күлкісі-ай, дәл баяғыдай.

–Қарағым-ай! Тәттім менің… Айсұлу анық сенбісің? Одан бері қаншама уақыт өтті десеңші?..

–Тура отыз жыл өтті ғой. Онда мен он тоғызда, сіз отыз сегізде болатынсыз. Менен екі есе үлкен едіңіз. Ағажан, сізге сәлем берейін деп әдейі байқатпай шығып кеттім, күйеуім анда, әлі күнге дейін қызғаншақ. Аға, сіз екеуміздің суретіміз бар менде. Альбомымда жапсырылып тұр. Есіңізде ме, орыс фототілшіңіз келіп, қырманда түсіріп, шығарып беріп еді ғой.

–Қазір қайдасың, қарағым?

–Мектеп директорымын, мен мұғаліммін ғой. Аға, қайтайын, күйеуім алақтап іздеп жатқан болар. Қызғаншақ тіпті.

–Мә – визиткамды ала ғой. Хабарлас.

Ол бетімнен тағы сүйіп алды да, екі қолымен қапсыра құшақтап: –Тәттім менің! – деп сыңқ-сыңқ күліп, жүгіре басып кетіп қалды. Қалың ағаш көлеңкесінде состиып тұрып қалдым.

«Тәттім менің!»… Айсұлу! Қайран, «Тәттім менің?!».

* * *

Онда мен газеттің білдей редакторымын. Аудандық партия комитетінің бірінші секретары шақырып алып, зіркілдей зілдене тапсырма берді. Қалың түкті қабағы ашылмайтын, ақ кірген шашын артқа қайырып тарап қоятын жуан қара кісі көзілдірігін бір киіп, бір шешіп сұстана:

–Анау астық қабылдау пунктінде ұрлық-қарлық көп дейді. Егін орағы күйіп тұр. Он бес күн сонда өкіл болып барасың. Бір дән шашылмауы керек, партиблетпен жауап бересің. Түсіндің бе? – деді алдында жауынгердей сымдай тартылып тұрған маған.

–Түсіндім, Болат Ақжанович!

–Бүгін бар қане!

Қопа станциясында үлкен элеватор бар, ауданның бүкіл орып жатқан егінінің астығын осында тасиды.

Аспан айналып жерге түсердей лапылдаған шілденің аптабында амал жоқ, жүз шақырымнан артық жол жүріп Қопа станциясына жеттім-ау. Бұл ара – тоғыз жолдың торабы, гүжілдеп, ысқырып-пысқырып поездар өтеді, қара жолдың шаңын бұрқыратып нән-нән машиналардың бірі келіп, бірі кетіп жатады.

Астық қабылдау пункті – элеватор, автобазасы, үш бастырмалы қырман, төрт автотаразы, жатақхана, асханасы бар үлкен мекеме. Осының бәрінің директоры бұрыннан танитын жасы келген буырыл мұртты жамағайын ағайым мені көріп қуанып қалды.

–Болат Ақжанович айтты сен өкіл болып келеді деп. Биыл егіннің тұнып бітік шыққаны-ай! Бес жыл бұрын жеті миллион пұт жинап едік, биыл аудан он миллионға жетейін деп тұр. Жүр саған бөлек жай тыныш жерден дайындап қойдым, – деп бурыл мұртын сипап жатын орнымды көрсетті. – Бұл аудан, облыс басшылары келсе тынығатын жер еді, сенен інім несін аяйын, өзің демал, ішінде бәрі бар. Тамағыңды осында әкеп беретін болады – деп бастық ағам шаруасына асықты.

Поезд жолдың астыңғы беті жусанды сағымы буған дала, ары қарай жел суырған, күн шыжғырған сексеуілді құмды өңір. Ал, тау жақ беті түгел егістік, қазір сары алтындай толқып, шалқып ұшы-қиырына көз жетпейді. Тың көтеру деген Хрущевтің ұранымен бұрын мал жайылымы болып келген алып алқапқа соқа түсіріп, айдап тастапты. Төрт-бес жылда ғана бір өнім береді, ал қалған уақытта аңызаққа күйіп, қу сабағы сорайып, комбаин түсіруге де жарамай қалады.

Биыл егін ырғын, елдің бәрі көңілді, алашапқын. Жуынып, шайынып болып, далаға шығайын дегенімде есік тықылдады.

–Кіріңіз!

–Сәлеметсіз бе, ағай! – деп жасы қырықтаан асқан кең-мол жеңіл көйлек киген толық әйел мен оның артына жасырына үлбіреген қыз кіріп келді.

–Мә-ә, ағай деппін ғой, менен де кіші жап-жас екенсіз ғой. Сізге түскі ас әкелдім. Мен осында аспазбын, әрі таразыда істеймін. Осында тұрамыз. Үлгере алмай жатсам мына қызым Айсұлу әкеп беріп тұрады, — деп әйел стол үстіне ақ ормамал жайып, тамақтарын қоя бастады.

–Атым Назымбек, отыз сегіздемін – дедім жас дегеніне намыстанып.

–Нәке, асыңыз тәтті болсын! Егер бірдеңелер керек болып жатса ертерек айтып қойыңыз, бәрін әзірлеп береміз – деп толық әйел қызын ертіп шығып кетті.

Астық қабылдау пункітін түс ауа аралап шықтым. Егін басынан тізіліп нән-нән машиналар келіп, қырманға қорабындағы астықты сауылдатып төгіп, қайта қара жолды шаңдатып сары жалданған егін алқабына тартады.

Қырманда тау-тау үйілген қызыл бидай. Арпа ертерек орылып, тазартылып, қамбаға құйылып алыныпты.

Большие запасы зерна в России вызовут снижение цены на пшеницу | ROSNG.ru

Бәрін аралап, аяңдап оралғанымша кеш болды. Даладағы душқа түсіп келе жатынжайыма кірсем бағанағы шешесінің артына жасырынған еліктің құралайындай қыз күтіп тұр.

–Аға, тамақ әкелдім – деді көзін жарқ еткізе бір қарап.

–Айсұлу, қазір киінейін, — деп жалаңаш кейіпімнен қысылып, төр бөлмемнен жейде, сымымды киіп шықтым.

–Мұнда тым ыстық екен, — дедім.

–Шілде кірді ғой, бүгін 41 градус болып тұр.

–Дала жанып тұр, бәсе! Қалай шыдайсыңдар?

–Күніне екі-үш мәрте суға түсіп аламыз, тіпті үйреніп кеттік, осы жерде туып-өстік…

–Мен ана тауда, салқын самал төскейде туған жанмын. Айсұлу не істейсің мұнда?

–Таразшымын. Келіп көресіз бе? – деп тәтті жымиды.

–Ертең барамын. Айтпақшы мынау менің кітабым – деп сиырдың тіліндей жұп-жұқа жаңа шыққан әңгімелер жинағымды бердім.

–Ой, рахмет ағай. Сіздің әнеукүнгі газетке шыққан «Қос ғашық» деген әңгімеңізді оқығам. Тек бітпей қалған секілді, соңында не болатыны түсініксіз қалыпты.

–Әдейі солай істедім. Оқырман да ойлануы керек.

–Жақсы ағай, — деп ыдыс-аяғын жинастырып, берген кітабымды алып, қыз шығып кетті. Электр жарығын жақпай кешкі қараңғылықта біраз отырып, далаға шықтым.

Егінші қауым түні бойы да тыным таппайды, қаздай тізіліп бес-алты комбаин шамдарын жағып алып, теңізде жүзген қайықтай алыста егін орып жүр. Гүж-гүж еткен ауыр, үлкен машиналар легі де тоқтар емес. Бүкіл станция, элеватор, астық қабылдайтын жердің бәрі самаладай жап-жарық.

Төменгі құм өңірінен ыстық леп соғады, дала әлі лапылдап тұр.

Қайта бөлмеме кіріп салқындатқыш кондицонерді қосып, телевизор көріп жатып, ұйықтап кетіппін.

Ертесіне сергек тұрдым да, егін басына тарттым. Бұл «Жартасты» совхозында өмірі шықпаған астық ырғын өсіп, төрт бөлімшесін аралап шыққанша аптап күйіп тұрған күн де батыс иекті түгел қызыл жалындатып, саңы әзер семді.

Іңірде станцияға келіп, суға түсіп салқындап шыққанмын.

–Бүгін қырғыз артистері келіпті, қазір концерт қоймақшы, соған жүр, қарағым, — деп пункт бастығы арнайы шақырды. Дала қосында сүргіленген сәкілерге отырып, біразы қара жерге малдас құрып, даладағы сахнадан концерт көрдік.

Айсұлу шешесі, өзінен айнымайтын сіңлісі үшеуі келіп, бір бүйірдегі жерге жайғасты. Өздері кішкентай орындықтарын ала келіпті.

Комбаиншы, шофер, қырманшы қыз-келіншектер топ тобымен келді. Жігіттер дабырласып темекісін тартып тұрса, орамалдарын шешіп, шаштарын тарап сәндене қалған бойжеткендер сылқ-сылқ күлісіп, бір-біріне тығыла түсіп, жан-жақтарына ұрлана көз салады. Ауыл шаруашылығы институтының студенттері лаборант қырманшы болып бөлек жатақханаларда жатады, күндіз күнге тотыққан жүздерін орамалдарымен тұмшалай байлап алған олар құлпырып кетіпті.

Алдыңғы қатардағы екі арқалы орындыққа бурыл мұрт пункт бастығы екеуміз жайғастық.

Шіркін, даладағы шырқалған әндер қандай? Әсіресе гармонын кере тартып қырғыздың жаныңды үзілдіріп, тебірентіп, телегей-теңіз сезімге шым батырып әкететін әндері қандай десеңізші! Сыңқ-сыңқ етіп қара қомуузын тартып-тартып келіп, жапан түзді жаңғырта айтқан сазды әуенді бірінен кейін бірі төкпелеп, ынтықтыра айтып, әп-сәтте баурап алды. Жиналған жұрт дымдарын шығармай тыңдап, әр әншіге дүрілдете қол соқты.

Концерт біткенде бурыл мұртты бастық сахнаға шығып, рахметін айтып:

–Енді жазушы, ауданымыздың өкілі Назымбек Қалиевке сөз береміз, —

дегені:

–Алатаудың күнгей теріскейін тел емген түйенің қос өркешіндей қазақ-қырғыз ешқашан еншісі бөлінбеген бауырлармыз. Манастай алып батыр ұрпағы өнерпаздарының шырқаған әндері бойымды балқытып, шымырлатып, жанымды жадыратты. Өнерлеріңіз өрге жүзсін! Өмірде де, өнерде де биіктен көріне беріңіздер, — дегенімде бәрі тік тұрып, қол соқты. Анадай жерде шам жарығына жанары жарқылдап, аппақ тістерін көрсете күліп Айсұлу шешесі екеуі алақандарын аямай шапалақтап тұрғанын көзім шалды.

Студент қыздар да кете қоймай шоғырланып, маған тақап:

–Жазушы ағай, кітабыңызды бересіз бе?

–Не жөнінде жазасыз?

–Махаббат туралы жазғаныңыз бар ма? – деп сұрақтарды төпелеп қоя жөнелді.

–Бұл Назымбек Қалиев деген ағаларың өте мықты жазушы. Біздегі кітапханаға кеше кітабын беріп қойған, содан алып оқыңдар. Бүгін таң қараңғысынан кейін сонау Буырлы, Жартастыға дейін аралап жаңа ғана келді. Ағаларың осында болады ғой. Қазір демалсын, — деп бурыл мұрт бастық мені қоршай алып, сыңғырлаған қыздардың арасынан суырып алып шықты.

Шешесінің қолтығында анандай жерде Айсұлу артына маған бұрылып қарай-қарай кетіп бара жатты.

Райсполкомның іркілдеген сары орыс төрағасы келіп, онымен бірге ауданды аралап екі-үш күн жүріп қайттық.

Сол күні буырыл мұрт бастық үйіне шақырды. Қасқаланған қойдың басын тартты, райсполком төрағасы арақтан тартынбайды, құдық секілді қанша ішсе де мас болмай, быршып терлеп, қызара бөртіп отыра беретін дөңбектей ірі жан. Оны шығарып салған соң, бас инженер арық көзілдірікті бұжыр бет қатпа қара кісі қонаққа шақырып тұр.

–Аға, әуре болмаңызшы. Мен кешке қағаз жазатын едім.

–Дәстүр солай қарағым. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал келіп сәлем береді» деген қазақпыз.

–Ықылас-пейіліңізге рахмет, аға, — деп әзер сұранып қалдым.

Буырыл мұрт бастық ағам бөлмеме келіп:

–Қарағым, күнде қолға түсе бермейтін аудан басшысының бірісің. Бірі ғана емес бірегей жазушысың. Осындағы белсенді аға-інілерің кезекпен төрлерін көрсетіп, қонақ қылмақ еді. Бармаймын депсің ғой.

–Сіздерге рахмет. Маған асхананың дәмді асынан артық ештеңе керегі жоқ. Интернат, әскер, студент кезіміздегі көпшілік тамағын сағынамын шынымды айтсам. Түнге қарай жазуым бар, айып етпеңіздер, — деп жұқалап айтып түсіндірдім-ау.

Қырманды аралап үстіне қызыл жалау ілген үйдегі таразы тұрған жерге Айсұлуды әдейі іздеп бардым. Басына жеңіл орамал тағып алған қыз таразыда тұрған машинадағы астықты есептеп, дәптеріне тәптіштеп жазып жатыр.

–Ағажан, көрінбей кеттіңіз ғой, — деді көзіне түсіріле байланған орамалын шешіп алып.

–Ауданның егіншілерін аралап қайттық.

–Қайдам, студент қыздарды концерттен кейін сықылықтатып мәз қылып, көп тұрып алдыңыз ғой. Олар бірінен кейін бірі сізді сыртыңыздан сұрай беретін болды. Кітапханадан кітабыңызды алып, жапатармағай оқып жатыр.

–Саған жеке бердім ғой.

–Оқыдым. Сол түні-ақ оқып тастадым.

–Қалай екен?..

–Қыздарға, жалпы әйелге өте қатал қарайды екенсіз. Оларды аямай, кілең бір жаман жүректі, бұзылғандарын кейіпкер етіп алып, сүмірейтіп жібересіз. Сонша неге жек көресіз?

–А, солай ма? Жоқ, жақсы көремін.

–Ана студент қыздарды ма? Солардың жатын жайына барып, қай бойжеткенді таңдадыңыз?

–Айсұлужан, сен қызғанып тұрсың ғой. Менің міндетім ғой, аралап көру, тексеру. Осы арада сенен әдемі, сенен көркем қыз жоқ.

–Шын айтасыз ба?

–Шын сөзім. Міне, әдейі сені іздеп келдім.

Аядай ғана таразышылардың бөлмесінде екеуміз ғана. Әйнектенген терезе аржағында таразыға машиналардың бірі келіп, бірі кетіп жатыр. Бұның өкпелегені қандай әдемі. Кәмпитке ренжіген сәбидей қабағы ашылмаған қыз күліп жіберді.

-Айсұлу, тергеп жантерімді шығардың ғой.

–Мә, алыңыз Назымбек ағай, – деп сөмкесінен беторамал шығарып ұсынды. Борша-борша қапырықтан терлеп, әтір иісі бұрқыраған орамалымен сүртіне бастадым.

–Бері еңкейші қарағым, — деп бетінен шөп еткізіп сүйіп алдым.

–Не үшін ағай? – деп қызара жөнелген қыз жанарын жарқ еткізді.

–Орамалың үшін… Ал, мынау сені қызғанғаның үшін – деп екінші бетінен және сүйдім.

–Назымбек ағай, Сіз де сондай ма едіңіз?

–Қандай?

–Осындай. Мына отыз студент қыздардың қаншасын сүйдіңіз өстіп?

–Өй, қой жаным. Ешқайсысына тіпті жолағам жоқ, қарағым.

–Қайдам, ағай. Ақын-жазушылар сондай жеңілтек деп жатады ғой.

–Тек саған ғана еркелегім, әзілдесіп, сөйлескім келіп тұрады.

–Сіз ізім-қайым көрінбей кеткеніңізге орай ойлағаным ғой.

–Мына орамалды кірлетіп тастадым, өзім тершең едім, мына шаң-топырақта тіпті шыдар емеспін. Поездардың, шойын жолдың иісі қандай.

–Менің туып-өскен жерім осы станция. Бәріне үйренгеміз ағай, мән бермейміз.

–Біздің ауыл таудың саясында, бұлақтың жағасында көкорай шалғын, бау-бақшалы рахатстан жеріненмін.

–Әркімнің туған жері – ұжымақ емес пе ағай…

–Айсұлу шешен сөйлейді екенсің.

–Мен болашақ филологпын ғой, ЖенПИ-дің екінші курсын бітірдім.

–Әп, бәсе? Сенімен жақсылап әңгімелесуім керек екен.

–Кешкі асты апарамын Сізге.

–Күтемін.

–Мені ме, асты ма?

Екеуміз де рахаттана күліп жібердік.

–Сені тәттім деймін енді. Күтемін тәттімді.

Ол шешіп тастаған орамалын басына қайта тақты да:

–Беторамалды беріп кетіңіз. Жуып апарып берейін, — дегенде қос білегінен ұстай алып, өзіме тартып, маңдайынан иіскелей сүйдім.

–Назымбек аға, машина кеп қалды. Ұят болар! – деді қымсына қысыла.

–Әлемдегі ең ғажап сұлу қыз сенсің Айсұлу! – дедім кетіп бара жатып. Күлімсіреп, орамалын жөндеп, оң қолын көтере жақсы деп қоштасып қала берді.

Шам жақпай қаракөлеңкеде отырғам. Қызыл іңірде ол өзі ас алып келді.

–Ағажан, келіңіз, тамақты суытпай ішіп алыңыз, — деп столды жасай бастады. Шолақ жең мойны ашық, жаздық гүлді-гүлді көйлек киіпті. Орнымнан лып түрегеп, қызды қапсыра құшақтап, ернінен сүйдім. Жаңа ғана шомылса керек шашының суы кеппепті, денесі сап-салқын, өзіме тартып мойнынан, дымқыл шашын иіскеп, қайта ерніне қадалдым. Мың-миллион қиял-сезімдерім атойлап көтеріліп, құштарлық атты ләззат буы басымды айналдырып, қолым қыздың ашық омырауына сүңгіп кетіп, екі топ-томпақ төңкерілген кеседей төсін аямай аймалай бастады.

Не деген шетсіз-шексіз шалқар іңкәр сезім, тәтті дәурен құлындай шауып, қыз көзін жұмып, ырқыма көніп, жандүниесі қорғасындай балқып, шалқып, құшағымнан құлап түсердей ынтық әуезбен сүйсіне әзер-әзер үн шығарып, болып-толып тұр.

Дәл біздің мекеніміздің жанынан гүр-гүр етіп мотоцикл тоқтады. Қыз селк етіп, есін жиып, құшағымнан сытылып шығып, шашын жөндеп:

–Е-е, анау тағы кепті ғой! – деді.

–Кім? Кімді айтасың?

–Мына көрші Рославль ауылынан. Механик. Оның әкесімен менің папам әскерде бірге болған дос, жегжат. Менің сыртымнан құда болайық деп баяғыда-ақ келіскен ғой. Қызғаншақ әбден. Кеттім ағай, мына сыртпен көрінбей үйге барайын.

Үш аяқты «Урал» мотоциклінен түсіп, басындағы шлемін шешіп, үсті-басын қаққыштап жатқан жігіт сұлбасын терезеден байқап қалдым. Толықша тапал жігіт мотоцикл қорабынан бір заттарды алып, сүртіп, тазалап, мықшыңдай көтеріп тыпылдай басып ұзай берді. Жаз дидарлы жаңағы қызды мына бір жанға қимай, қызғаныш оты тұтанып, терезеге телміріп тұрып қалдым.

Жарты сағат өтер-өтпесте мотоциклін тырылдатып тапал жігіт кетіп қалды. Ол ұзағаннан кейін барып, дастарханға жақындадым.

* * *

Таңғы асты алып келген шешесі:

–Бүгін кешке біздің үйде қонақ болыңыз. Үндік сойдыртып жатырмын, кеше жекжатымыз Раславльдан қымыз беріп жіберіпті. Әнеукүнгі қырғыз концерті тамаша болды, ә? Оларға керемет сөз айттыңыз.

–Қырғыз әндерін өте жақсы көремін. Әжем қырғыз еді, ылғи ыңылдап жүретін. Әуезді ғой олардың әндері.

–Рас па? Мен де қырғыз қызымын ғой. Мына Тоқмақта ән салып жүрген жерімнен Айсұлудың әкесі алып қашып кетті емес пе?!

–Апырай-ә? Солай ма?

–Кешке ұмытпасам бір-екі ән айтып берермін. Айсұлу қызым өлең жазады, Сізге көрсетуге ұялады.

–Оқып көрейін, маған берсінші.

–Сіз ешкімдікіне қонаққа бармаймын депсіз. Бірақ бүгін біздікін екеліңіз, дәм татыңыз.

–Қырғызша ән айтып берсеңіздер барамын.

–Айтамыз. Келесіз ғой?

–Барамын.

Кешке сол үйдің төрінде отырдым. Айсұлудың әкесі шомбал қарасұр кісі моторист, бүкіл осындағы техниканың жүріп-тұруына жауапты жанның бірі, үндік қуырдақпен шәй келгенде жұмысына шақырып кетті.

–Анда сыбағаңыз пісіп жатыр. Асықпай соны жеп қайтарсыз, — деді

кетерінде. – Үлгерсем келермін.

Бұрыш-бұрыштағы екі желдеткіш зыр айналғанымен лапылдаған ыстық табы кетер емес. Есік алдындағы тапшанға шығып, құрақ көрпенің үстіне жантайдым. Айсұлу қос жастық әкеп берді.

–Мамаңды шақыршы, қашан ән айтасыңдар?

Айсұлу жүгіре басып шешесін ертіп келді.

–Тамақты көріп жатырмын, пісіп те қалыпты, — деп қолын орамалға сүрте-мүрте келіп, тапшан түбінде тұрып түсіндіре бастады.

–Біздің үй станцияның шетінде, дөңесте салынған. Отағасы көп сөзге жоқ жаңа көрдіңіз ғой. Құдайдың берген үш қыз, үш ұлымыз бар. Мынау тұңғышымыз Айсұлу, одан кейінгі мына сары қыз Таңсұлу, тоғызыншыны бітіріп отыр. Жарас деген баламыз бесінші сыныпта оқып жүр. Қане бәрің келіңдер, мұнда.

–Өзіңіздің қанша балаңыз бар – деп сұрап қалды.

–Бір ұл, бір қыз өсіріп отырмыз.

Шешесі ескі қол сөмкесіндей ғана кішкентай қара гармонды қолына алды, кекілі желбіреген бала барабанын әкелді. Қара гармон құйқылжып, кере тартқанда тіпті жүрегіңді суырып алардай әуендер аспандағы жыпырлаған жұлдыздарға ілініп, тамылжып, аптаптан дамылдап жатқан кең дала төсінде шарықтап ап жөнелді. Қара гармонды ары-бері аударып, төңкеріп, бунақ-бунақ ән қайырмаларын төгіп-төгіп жіберді де шырқай жөнелді. Қазақтың нәрлі, шерлі халық әндерінен попуриді айтқанда бал қосқан бапты қымызды ішкендей аяқ-қолымды жинап, еңсемді көтеріп, ынтыға тыңдап отырдым.

Айсұлу шешесінің артына тығыла, сіңлісі екеуі қосылып кеп бергенде жапан түз гүл-гүл жайнап кеткендей әсем үн ақтарыла, үздіге төгілді дерсің.

Кенет бәрі тына қалып Айсұлу аузындағы сырнайын үрлеп ойната бастады. Оған Таңсұлу қолындағы ат тұяғын тақылдатып, інісі барабанын ұрып, шешесі гармонмен қосылып қырғыз әуендерінің нақыштарын ойнай жөнелді. Алатаудың арғы-бергі, күнгей-теріскейі шырқайтын әнді үшеулеп бастап кеп кетті.

…Сағынғанда бір келерсің,

Сарғайғанда бір келерсің

Алатауды көруге…

Ән айтқанда шешесі жасарып, түрленіп, бұлттан шыққан күндей жайдарланып кетеді де, ал Айсұлу осы әнді маған арнап айтқандай екі көзі тұнықтанып, мұңдана сырын ұқтырғандай дауысы діріл қағады. Таңсұлудың тұнық үні бәрін басып тұр…

Қырғыз әндерін бірінен кейін бірін төгіп-төгіп шырқады дейсің… Мына анда-мұнда поездар боздап өтетін құла түздегі станция шетіндегі қараша үйден естілген әуен түнгі даланы елбіретіп, елжіретіп тұр. Жүрегім аударыла төңкеріліп әнге елітіп, ынтық сүйсініспен мына тымық түндегі көркемденіп кеткен Айсұлу бойжеткенге көз тігіп, ғажап үніне, сұлу сымбатына іңкәр болып тұтқындалып, тұла бойым балқып, кейде тіпті шымырлап екі құлаш жерде тұрған оны көңіл көзіммен аймалап, аялап, соншама ыстық сезіммен құштарлана жақсы көріп кеткенім-ай!..

Алқара аспанның күміс сырғасындай боз сәуле себелеген толған ай көтеріліп келеді. Көк жүзінде жымыңдаған қызыл алтын моншақ жұлдыздарға бір, мына ән әуеніне берілге шырқаған Айсұлуға бір қарап, осы керім көркем сұлулық әлеміне сұқтанамын. Бойжеткен де анда-мұнда тұп-тұнық жанарын электр жарығына жарқ еткізе маған қарағанда жүрегім шым ете түседі. Үлбіреген балғын бейне, жүзі қандай, қанат қағып сызылып шыққан дірілдеген үні қандай? Ара-арасында аузына сала салып бізге таңсық сырнайды тарта жөнелгенде алпыс екі тамырыңа ыстық сезім құйылып, ұжмақ әлеміне кіргендей рахат күй кешесің. Аптап бетін сылап қайтарып, тау жақтан үлбіреген самал желпіді.

Үшеулеп шырқап тұрса да Айсұлудың дауысы ерекше: үкілі сағым-армандарды алып қашып, қияли сезімдерге атой салдырады.

–Қой, ет әбден піскен болар. Ас дайындайын – деп шешесі екі иығындағы гармонын алып, тершіген маңдайын сүртіне бастады.

–Керемет әнші екенсіздер! – деп таңданғанымды жасыра алмай алғысымды жаудырып жатырмын.

–Қайдағы қазір өнер? Жастайымнан талай–талай әншілер байқауына қатысып, Бішкекке оқуға шақырған да болатын. Тоқмақтың жұлдызы атанып шырқап ән салып жүргенімізде осы үйдің отағасы достарымен келіп алып қашып кетті емес пе?! Алты бала өсіру де оңай емес. Осылардың басын қосып оркестр құрсам ба деген ойым бар еді, – деп шешесі салдырлап ас дайындауға кірісті. Нән табақ етке беттей алмай, ырымын жасадым. Тағы да қолқалап едім, үшеуі қосылып тамылжыта екі-үш ән айтып берді.

Қош бол қалқа көргенше,

Қайта айналып келгенше!.. — деп кетерімде айтқан әні жүрегімде тербеліп тұрып алды.

* * *

–Назымбек аға, қарамайсыз ғой бізге. Студент қыздарға асығып барасыз ба? – деді артымнан қуып жеткен Айсұлу еркелей.

–О, тәттім, жаным! Халің қалай? Кешегі айтқан әндерің көкейімде ұйып тұр.

–Аға, ертең үйдегілер Рославльге досының туған күніне кетеді. Мен бармаймын.

–Айка, онда ертең Отардағы көлге шомылып келейік. Қазір соған барып көріп, тапсырма беремін. Екеуміз ғана рахаттанып демалсақ жарай ма, тәттім?

–Жарайды, — деп қолындағы кішкентай орамалын тербете сыңқ күліп, бұрылып кетті.

***

Түске салым отыз шақырымдай жердегі Отар көлінің жағасына келіп жеттік. Машина іші қапырық. Көл жағасы салқын, тотияындай көкпеңбек боп жарқырап, самал ұрып, бойыңды сергітеді. Жағасындағы тал-теректер қалың тоғайға айналған, жапырақтары сыбырласып, біздің келгенімізге қуанғандай құстар да шулай қарсы алып пыр-пырлай ұшып қонады. Осы жердің күзетшісі мосқал сақалды орыс қонақ күтуге әбден төселіп алса керек, бөлек үй дайындап, балық аулап қойыпты. Шыныдай мөлдіреген көлдің екінші қабағы қалың қамыс құрақтарынан көрінбейді, ал төменгі жағы – жап-жасыл толқыған теңіздей жүгері алқабы.

Жұп-жұмсақ құмды жағалауда шешіне сала суға күмп секірдім.

–Айка, келші жаным.

–Ұяламын біртүрлі.

–Ешкім жоқ қой.

–Сіз ше?

–Мен екеуміз бір жан болып кеттік пе деп жүрсем…

–Ой, тәтті сөйлейсіз Назымбек аға. Қыздардың бәріне осылай дейсіз бе?

–Жоқ, жоға. Аспанда ай жалғыз, жерде мен үшін Айсұлу тәттім жалғыз. Ол ішке кіріп, бел мен кеудесін бір тартар қызыл гүлді шомылатын лыпасымен шыға келгенде бас салып құшақтай сүйіп алдым. Ешқандай бір міні жоқ құлын мүсінді, ай келбетті Айсұлу қымсына басып көлге кіріп барады. Соңынан суды шолпылдата барып, қолынан ұстадым. Ол суда жарқыраған ақ сазандай жүзіп, сүңгіп, ары-бері әппақ тәнін жарқырата аунап, рахаттана сақ-сақ күледі.

–Тәттім, сен керемет жүзеді екенсің ғой.

–Жазда жылда нағашыларыма барып, Ыстықкөл жағасында демаламыз.

–Ал мен әскерде Тынық мұхитта шомылғанмын.

Екеуміз тып-тыныш жатқан көгілдір айдын бетін айран-асырын шығарып, бір-бірімізге су шашып, ол қашып, мен қуып мәре-сәре болып, тоңғанша судан шықпадық.

Тойы болмаған қыздың хикаясы

Күзетші әйелі екеуі бөлмемізге тамақтарды әкеп, дастархан жасап қойыпты. Балық пен құс етін қуырып, қасына картоп, көк-мөкті салып пісіргендері тіл үйіреді. Ол шәй құйды, екеуміз әзілдесіп отырып ас ішкен қандай десеңші! Қол жууға далаға шығып, күзетшіге демалатынымызды ескертіп, кешкі асты сағат алтыларға дайындауды тапсырдым.

–Кепеден сірне жасап қоямын – дейді ол қауға сақалын сауып, көзі күлмең қағып. Кеше келіп тиын-тебенін беріп, келісіп кеткенім қандай жақсы болған. Көл жағасында екі үй, мынауы бөлек демалушыларға арнап салынған, ішінде бәрі бар: мұздатқыш, кондиционер, бөлме іші сап-салқын, рахат. Ішке кірсем Айсұлу дастархан жиыстырып жүр екен, белінен қапсыра құшақтап, өзіме қарай қысып, үлпілдек қаздың тамағындай омырауын құшарлана иіскеп, ып-ыстық ернінен ынтыға сүйдім. Сол бойы тік көтеріп, түпкі жатын бөлмеге алдым да жөнелдім. Бұл бөлме терезелері тұмшаланып жабылған, қаракөлеңке, қоңыр салқын. Төсекке әкеп шалқасынан жатқызып, жаңа киіп алған халатының түймелерін ағыта бастадым. Оның екі көзі тарс жұмулы. Асығыс-үсігіс барлық түймелерін ағытып, кеудесінде төңкерілген қос әппақ шыныдай төсіне ернімді төседім. Екі анары қап-қатты, біреуін алақаныммен сипалап, уқалап, екіншісін тіліммен төңірегін түгел түрткілей шүйіліп, өліп-өшіп өбіп жатырмын. Түймедей қоңырбарқыт түстенген ұшын ерніме сала ойнап, тісіммен ауыртпай тістелей бастасам:

–Аға, ағатай. Не істеп жатырсыз? Қытығым келеді – дейді қыз әлсіз үнмен. – Қойыңызшы

Қайдағы қойған, махаббат майданы жаңа басталып жатқан шақта бас баһадур қарыс жер шегіне ме? Піспеген әңгелектей топ-толық қостөбені айналып-толғанып, мытып-мытып қоямын. Қайта шиедей қызарып, алаулап тұрған ерінге желімше жабысып, сүйісе де білмейтіндігін аңғарып:

–Айка жаным, тіліңді берші – деймін үздігіп.

Ол балшырын тілін шығара бергенде шөліркеген жандай төніп түстім. Аймалап, бүкіл құлақ түбі, тамағы, көтеріліп-басылып тұрған төсінің түкпір-түкпіріне дейін құныға, қызыға сүйіп, төмендей бергенімде:

–Аға, ағатай төстен төмендемеймін деп едіңіз ғой.

–Жоқ, тиіспеймін, тек иіскеймін.

–Онда неге тартқылап жатырсыз?

Қос төсінің ұшын қайта еміп, сорып, тіліммен, тісіммен ойнай бастағанымда қыз «уһ!» деп, денесі түгел жайылып, жайланып, босап, көзі шоқтанып өзі мені сүйе бастады. Екі алақаны ып-ыстық, арқамды сипалап, шашымды тарақтап, өзіне қысып, құшып тартып барады. Кеберсіп, ісініп кеткен ерні пісіп ағып түсер бүлдіргендей толықсып, бал татиды. Дір-дір етіп, құмарта сүйіскен қалпымда бәрі-бәрі өң мен түстің арасында қиюласа кетті.

Исламда жыныстық қатынас кезінде салынатын тыйымдар - Қазақстан жаңалықтары | STAN.KZ

Арқыраған арқар алып найза шыңда күркіреп, тастан тасқа секіріп зар күйіне келіп, оған сағынып жеткен қосағына жақпар-жақпар құз жартасқа қарамай мекіреніп, мейірленіп, тасыған қуат-күшін аямай сыйлап жатты…

Жалғасы бар


БІЗ ҚАЛАЙ ТАНЫСТЫҚ және ҮЙЛЕНДІК, немесе


Осы тараудың алғашқы жазбасын, танысу мен отбасы құрылу оқиғасын баяндауды өз тарапымнан бастаған жөн болар деп санадым. Рас, біздің жағдайда басқаларды аса бір қызықтыратын, ерекшелеп айтатын жайттары жоқ деуге болады, бізде де ол жалпы көпшілікке ортақ делінетін қатардағы оқиға ретінде өткізілген. Жұбайым, өмірлік жарым СӘУЛЕЖАНДЫ бала кезден білетінмін. Ата-аналарымыз жастары жағынан қатарлас, өзара сыйластықпен араласатын отбасылар болатын және «алыстық ағайындығы» бар болатын (әкелеріміз рулық жағынан ғана бажалар болып саналды). Сәуленің отбасы, біздің мектептегі кезімізде, әкесінің қызмет бабымен облыстың басқа ауданына ауысып кеткен. Алматы қаласындағы студенттік кезімізде (араларымыз 2 курс, Сәуле Қазақ қыздар педагогикалық институтының «орыс тілі және әдебиеті» факультетінде оқыды) 1-2 рет, сәлемдескен жағдайда ғана кездесіп қалғанымыз болды. Мен институтты бітірген соң (1970 жылы) туған ауданыма келіп, Ақсу құрылыс техникумында (Алматы облысы) оқытушы болып қызмет атқара бастадым …

Содан, 1972 жылы Сәуле институтын бітіріп, мектепке жұмысқа орналасар алдында, туған ауылындағы туыстарына (менің де араласып, сыйласып жүрген отбастарына) сәлемдесуге, қонақтауға келеді. Міне, осы уақытта екеуміздің кездесіп, жақын білісуіміз басталды. Алдымен әңгімелеріміз жарасып, одан ары «сүйіспеншілік ұшқындар» пайда болып, жекелік өміріміз күрт өзгеріп жүре берді. Содан көп ұзамай, 3-4 айдың ішінде көңіл-ниеттеріміз де тоғысып, қазан айының аяғында (мереке қарсаңында) үйлену тойымыз өткізілді, ұзақ жылдарғы біріккен отбасылық өміріміз басталды және жалғасып келеді.

Тәубе, содан бергі ортақ өміріміздің қызық та қилы белестері тату-тәттілікпен, өзара түсіністікпен, үлкен сыйластықпен өткізіліп келеді. Ағайын-туыстарға, дос-жарандарға, өз ортамызға, басқаларға да үлгі боларлықтай жанұя ретінде бағаланды деп айта аламыз.

Төрт баламыз дүниеге келді (бір ұлымыз ержеткен шағында қайтыс болып кетті), олардан немерелеріміз бар.

Міне, бар болғаны осы!

Тек, бір қызықты жайт ретінде есіме түсіп отырғаны, үйленгенге дейінгі бозбалалық, жастық кездердегі «ұнатушылық, ғашықтық» қарым-қатынаста болған ару-қыздардың барлығының дерлік есімдері СӘУЛЕ болғаны. …

Ал сендер қалай табысып, қосылып едіңдер? Оны осы сайт парағында бөлісесіңдер ме? Тосайық!


БІЗ БІРГЕМІЗ!

Ән тыңдайық


Автор публикации

не в сети 2 дня

admin

0
Комментарии: 2Публикации: 113Регистрация: 11-07-2018
Обновлено: 30.11.2020 — 14:45

Один комментарий

Оставить комментарий
  1. Тоты Байкожа кызы Момбекова.

    ҚҰРМЕТТІ СӘКЕ, ОСЫ ЖАСҚА КЕЛІП, ҚОЛЫҢЫЗДАН ҚАЛАМ ТҮСПЕЙ, ХАЛҚЫҢЫЗҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУДЕН ЕШ УАҚЫТТА ЖАЛЫҚҚАН ЕМЕССІЗ ,СІЗГЕ РИЗАМЫН!!!

    АУЫРМАҢЫЗ, БЕРЕР ТӘЛІМ- ТӘРБИЕІҢІЗ, МАҒЫНАЛЫ

    ӨМІРІНІҢ ЖАЛҒАСЫН ТАБА БЕРСІН!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *