«ҚАЗАҒЫМНЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ» (6)
КІНДІК ШЕШЕ ДЕГЕН КІМ?
Бүгінгі әңгіме тақырыбы - қазақ салты бойынша жаңа өмірге келген жас нәрестенің кіндігін кесу мәртебесіне ие болып. одан ары оның екінші анасы ретінде ерекше құрметтелетін кіндік шешелер туралы. Солар жөнінде жинақталған мақалалар мен бейнежазбалар беріліп отыр. Танысыңдар!
Кіндік шеше
Уикипедия — ашық энциклопедиясындағы осы мәліметпен мына сілтеме бойынша таныса аласыңдар: https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%9A%D1%96%D0%BD%D0%B4%D1%96%D0%BA_%D1%88%D0%B5%D1%88%D0%B5
Кіндік кесер дәстүрі
«Кемпірлер кіндік кесе бастады». («Жас алаш» газеті).
Ел ішінде «кіндік шешесі» немесе нәресте туған сәтте оның кіндігін кесетін әйелдер дайын тұрады. Кейде олардың «жол менікі» деп таласатын кездері де болады. Кіндік кесу – мәртебелі, абыройлы іс. Байыпты әжелердің шешімімен кіндік кескен әйелге «кіндік кесер» кәдесі беріледі. Бұл да жолы бөлек кәде. Кейін де «кіндік шеше» деп аталатын әлгі әйел сол баланың анасы есепті құрметке ие болады. Кіндік баласын оның өз анасынан кем санамауы керек. «Кіндік шеше» кейін келіп бала үйінен өз қалауын да ала алады.
Баланың кіндігі түскеннен кейін де жасалатын халықтық ырымдар көп. «Елдің қорғаны болсын» деп ер баланың кіндігін атшаптырым жерге апарып көмеді. «Қыз отбасының тірегі болсын» деп от орнына немесе табалдырыққа көмеді.
Этнограф З.Ахметова:«Бұл күнде қыздарымыздың белдері ашық-шашық жүреді. Бүйректеріне суық тиетінін, бүйректің суықты бірден қабылдайтын өте нәзік әрі сезімтал мүше екенін білмейді. Кіндікті көрсетіп жүргенді сән көріп жүрген қаракөз қыздарымыз жетерлік. Ал біздің қазақ кіндікті өте қасиетті деп санаған. Бұрын ұл баланың жолдасын алты қырды асырып, ал кіндігін табалдырықтың астына көмген. Әжелеріміздің «табалдырықты баспа» дейтіндері сондықтан. Ұл – шаңырақтың иесі, елін-жерін қорғайтын ертеңгі азамат, болашақ жауынгер әрі түздің адамы.
Ал қыз баланың жолдасын да, кіндігін де оттың басына көмген. Олай болатыны, ол – қай жерге бармасын, қазан-ошаққа ие болар болашақ келін, ұрпақ өрбітетін болашақ ана. «Оттың басына түкірме» дейтін тыйымның мәні осында жатыр. Жетпіс жыл бойы біздің кіндігімізді кім кеспеді, түскен кіндіктің қайда тасталғаны да бізге белгісіз. Күл-қоқысқа лақтырылып, ит пен мысық жегендіктен де, бірімізді біріміз тыңдамай, сөзімізді көтере алмай, итше ырылдасып жататынымыз осыдан болуы да мүмкін ғой… Кім біледі… Былай қарасаң, кіндік – соншама қадірлеп әрі дәстүрлеп көметіндей емес, тырнақтай тері. Бірақ ата-бабаларымыз кіндікке соншама мән беріп, қасиетін бағалағандықтан да жаужүрек ұлдары, үлкеннің алдынан кесіп өтпеген ибалы келіндері болды. Ата-бабамыздан бізге осыншама кең-байтақ жер қалуының бір сыры осында жатса керек. «Кіндік қаны тамған жер» деп те айтып жатамыз… Қалай десек те, бұл негізсіз емес.
Бұл күндері, Құдайға тәубе, баланың кіндігі түспей жатып үйге шығарып жібереді. Белгілі себептермен перзентханада ұзағырақ жатып қалса, кіндікті сұрап алып, адам аяғы баспайтын ағаштың түбіне көміп тастайтын отбасылар қатары көбейіп келеді. Бір өкіндіретін жайт – дұрыстап түсіндірілмейтіндіктен, белін жалаңаштап, кіндікті көрсетіп жүретін қыздарымыздың қатары көбейгендігі. Бұл қыздарымыз өз денсаулықтарына үлкен зиян келтіріп жүргенін білмейді, жете түсінгісі де келмейді. Бұрындары жігіттерге қыздардың қолынан ұстау арман болса, бұл күнде керісінше, құпия қалмай бара жатыр. «Қытығы кетеді» деп ұяттың жоғалатынын ескеріп, қолын беріп амандаспаған қазақтың қылықты қызы бүгінде кіндік көрсетіп жүруге ұялмайтын болды. Бұған қазақ қызының ұяты деп қана емес, бүкіл бір ұлттың болашағы деп қарайтын кез келді. Ұлттық намысты, қазақ қызының санасын оятатын кез жетті…», -деген екен.
Қазақ кіндік шешеге ерекше құрметпен қараған. Әдетте «кіндік шеше» деп нәресте шыр етіп дүниеге келгеннен кейін кіндігін кесетін әйелді айтады. Бұл қызметті көбіне ауылдың тәжірибелі әйелдерінің бірі жасайды. Ол қазақ салты бойынша баланың екінші анасы есептеліп, құрметтеледі. Сәбидің ата-анасы кіндік шешеге көйлек-көншегін сыйлап, жолдық береді.
Кіндік шешенің атқаратын міндеті:
Бірінші: Жүкті болған әйелді күту
Кіндік кесуге байланысты салт – дәстүрлер: Екі жас үйленіп жатқан кезден кіндік шеше болуды қалап алатын әйелдер болады. Ол үшін алдымен екі жасты арнайы қонаққа шақырып, өз дастарханынан дәм тарттырады. Осыдан кейін екі үй арасында да қарым – қатынас жиілеп, жарастық орнайды. Жүкті әйелді күтімге алады.
Екінші: Босану кезінде басы- қасында болу
Толғақ мерзімі жақындағанда жеке үй дайындалады. От жағып, су жылытылады. Үйдің іші – сырты дүние мүлкі мұнтаздай тазаланады. Осы істердің, басы–қасында кіндік шеше ұйтқы болып жүреді. Жүкті әйелді толғақ үстінде кіндік шеше демеп тұрады және олай – бұлай жүруіне де рұқсат етіледі.
Үшінші: Кіндігін кесу
Кіндікті ақбалтамен кесіп, таза жіппен байлап, түбіне күл сепкен. Ақ балтаны өзге нәрсеге пайдаланбай, сақтап қойған. Ер баланың кіндігін ырымдап «үй күшік болмасын» деп қырдан асырып лақтырған. Ал қыз баланың кіндігін «үйдің құты болсын» деген оймен от басы, ошақ түбіне көмеді. Оқымысты болсын деп кітаптың, ат құлағында ойнасын деп аттың жалына байлайды.
Төртінші: Балаға қамқорлық жасау
Дүниеге келген сәбиді емізбестен бұрын таза суға малынған қасқырдың жүнімен ауыздандырған. Бала ер жетіп ел қатарына қосылғанша кіндік шеше өз назарынан тыс қалдырмай әрдайым қамқор болып жүрген.
dasturkb.kz
Кіндік шешеңіздің кім екенін білесіз бе?

Бәлкім, айтқан да шығарсыз. Содан соң «ақырзаманның баласы ғой» деп өз-өзіңізді алдаусыратқан да шығарсыз. Бірақ осы күнгі балалардың бойынан жеті атасында жоқ түрлі әдет-дағдының шығып жатқанын байқамауыңыз мүмкін емес. Бір сәт осының сырына үңіліп көрдіңіз бе?
Бүгіндері баланы құрсаққа біткеннен бастап тәрбиелеу керек дейтін тәмсіл жиі айтылады. Бойына бала біткен әйел ішіндегі тіршілік иесімен сөйлесіп, оған мейірім мен махаббатқа толы сөздерін арнап, сырласып, жақсылыққа үндеуі керек екен. Қым-қуыт тірлікте олай бола ма, жоқ па, ол арасын айырып айта алмаймыз. Дегенмен біздің жұрт бала дүниеге келгеннен оның өмір жолының даңғыл болуына, жақсыларға ұқсап өсуіне, жамандықтан бойын аулақ ұстауына бағыт-бағдар берген. Сондай дәстүрдің бірі «кіндік шеше» ұғымы еді. Ауылдағы беделді, өскен, өнген, бір әулеттің шырағын жағып, мәуелі бәйтерекке айналдырып отырған аналарымызға жаңа туған шақалақтың кіндігін кестіріп, сол кісінің жақсылығы жұғысты болсын деп ырымдап жататын.
Кіндік шеше – баланың екінші анасы іспеттес болады. Нәресте дүниеге келгенде ең алдымен осы кіндік шешесін көреді. Анасына ұл не қыз босанғанын сүйіншілеп айтатын да осы кісі. Жаңа босанған келіншектің есін жиып, өз-өзіне келгеніне дейін шақалақты кіндік шешесі бағуға көмектеседі. Содан бастап баланы бесікке салып, тұсауын кестіріп, сүндетке отырғызып, мектепке барып, оны бітіріп, азамат болып, отбасын құрған секілді барлық қызықшылығында кіндік шеше осы отбасының, баласының қасынан табылып, құрақ ұшып қызмет қылады. Баланың өмірде жолын тауып, қалыптасуына қал-қадірі жеткенше қолғабыс етеді.
Қазақы ырымда баланың мінезі кіндік шешесіне тартады дейтін де ұғым бар. Сондықтан бұл рөлді атқаратын адамға біздің жұрт аса ыждағаттылықпен, ұқыптылықпен қарап, таңдау жасаған. Қараша үйде бақан ұстап босану тоқтағаннан бері кіндік шеше ұғымы да үзіле бастады деген ойдамыз. Өйткені бұрын перзентханаға бөгде адамды кіргізбейтін. Баланың кіндігін босандырып алған дәрігер немесе акушер кеседі. Ал сіз ол адамның мінезі қандай екенін қайдан білесіз?
Ойымыз осылай өрілгенде, баланың бойындағы түрлі мінез бен әдеттің қайдан бастау алатынын аңғаратын сияқтымыз. Яғни кіндік шеше дәстүрі тоқтап, баланың кіндігін бейтаныс адам кескен соң, оның мінезі де соған ұқсап кетеді деуге толық негіз бар. Оның бойында жеті атасында жоқ дағдылар пайда болады. Ғасырлар бойына жалғасқан ғұрыптың жоғалуымен, біз бала тәрбиесінің тұнық бастауынан айырылып қалғандаймыз. Әйтпесе кіндік шеше ұғымына аса үлкен құрметпен қарап, осы жолды қастерлеп ұстанған ата-бабаларымыз ақымақ емес қой. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегенімізбен, бұл – заман өзгерсе де тозбайтын, ғасырлар аунап түссе де ескірмейтін есті ұғым деп білеміз. Себебі бала тәрбиесіне қатысты қаншама уақыттан бері қалыптасқан дүниенің өзгеруі екіталай.
Кіндік шеше ұғымын әр қазаққа тәптіштеп түсіндіріп отырудың өзі ұят шығар. Енді не істемек керек? Осы күні бұрынғыдай перзентхананың есігі жабық емес. Ана босанарында енесін, әпкесін, құрбысын кіргізіп, оның өміріндегі ең маңызды сәтінде қасында болып көмектесуіне, толғағының жеңіл өтіп, дүниеге ұрпақ әкелуіне қолғабыс ететін көмекші адамды алып кіруіне рұқсат. Кейде мұндай көмекшілікке жұбайлары да барып жатады. Қазақы ұғымда өте ерсі, біздің санамызға сыймайтын нәрсе болса да, ондай жағдайлардың барын жасырып қайтеміз? Міне, жаңа босанатын ана мұндай кезде баланың кіндік шешесін көмекке шақырып, өзімен бірге алып кіруі керек. Баланың кіндігін әркім кеспей, өзі білетін, танитын, сенетін, сондай болсын дейтін кісі кесуі қажет. Біз бұл арада дәрігерлердің жұмысына, ол кісілердің мінез-құлқына күмән келтірейік, сенбестік танытайық деген ниетте емеспіз. Бабалардан қалған дәстүрді жалғап, бала тәрбиесінің бастауындағы салт қазақ ортасына қайта оралса деген ниетпен ғана айтып отырмыз. Әйтпесе, өзіміз де кіндік шешеміздің нақты кім екенін білмейтін ұрпақтың санатындағы адамбыз ғой...
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан», ҚЫЗЫЛОРДА
Кіндік шешенің міндеті қандай?
/Әжемнің әңгімесі/АСЫЛ АРНА
Кіндік шеше
30 маусым 2016 ж
.