«Қазағымның салт-дәстүрлері» (8)

«ҚАЗАҒЫМНЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ» (8)

 

«ШІЛДЕХАНА» мен «ҚАЛЖА» туралы

 

Сайтымның осы тақырыппен басталған тарауы парақтарын, бұл жолы қазағымыздың ұлттық салттарының ішіндегі терең мәнді, салтанатты түрде аталатын «ШІЛДЕХАНА» тойы мен «ҚАЛЖАЛАУ» дәстүрі туралы танымдық жазбалар жалғастырып отыр. Танысыңдар!

 

Шілдехана

 

Шілдехана туралы «Уикипедия — ашық энциклопедиясында» мәлімет былай деп беріледі:

«Шілдехана, шілделік, шілде күзет – өмірге келген нәрестенің құрметіне жасалатын той. Мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқы адам өмірге келгеннен кейін, жақындарына сүйінші сұрап жаушы жібереді. Сүйінші хабарды жеткізгендер ұл туса – “ат ұстар” немесе “жылқышы”, қыз туса – “көйлек тігер”, “қырық жеті” немесе “сауыншы туды” деп хабарлаған. Одан кейін туған-туыстар, көршілер және алыс-жақын ағайындар шілдеханаға жиналады да “бауы берік болсын” деп тілек айтып, шашу шашып келеді. Шілдехана мәні алғаш нәрестені жын-періден қорғап, “күзету” деген сенімге саяды. Сондықтан оны “Шілде күзет” деп те атайды. Бұл ғұрыптың түпкі мәні бала мен ананы тіл-көзден сақтау, жын-шайтандардан қорғау дегеннен туындаған. “Шіллә” (“чілле”) парсы “қырық” деген мағына береді. Дәстүрлі қазақ қоғамында бала үшін туылғаннан 40 күнге дейін қауіпті кезең саналған, оған дейін нәрестеге көп адамды жолатпай, бала мен анасын жақсылап күткен (қ. Қырқынан шығару). Әсіресе, жас нәресте жатқан үйде үш (кейде 40 күнге дейін) күні бойы шам жағылып, “күзетілген”. Кейіннен шілдехана ұлттық ойын-сауық кешіне айналған.»

 

Шілдехана тойы

 

Ата-бабаларымыз ертеден «Бала өміріңнің жалғасы» деген қағида негізінде, артына із қалдырар балалары болуына барынша ниеттенген, олардың тәрбиесіне және де перзенттің шыр етіп өмірге келуі сәтінен бастап оның амандығын-саулығын тілеу мақсатындағы әдет-ғұрыптарға, әр мазмұндағы қуаныштарын атап өту мерекелік шараларына қатты көңіл бөлген.

Қазақ халқының ерекше мән беріп, міндетті түрде аталып, барынша тойланып өткізетіні — «Шілдехана». Шілдехана - нәрестенің дүниеге келу құрметіне арналған той, сәби өміріндегі алғашқы жасалатын ойын–сауық кеші. Осындай ғасырлардан келе жатқан жақсы дәстүр күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпай, жаңашаланып жалғасып келеді.

Дүниеге перзенттің келуі тек әулеттің ғана емес, ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-қолаң болып келетін үлкен қауымның қуанышы болып саналады. Өмірге сәби келгеннен әулеттің үлкендері туыс-жақындарға сүйінші айттырады. Бұрындары сүйінші сұраушылар «Кім туды?» деген сұрақтарға, нәрестенің ұл не қыз екенін тұспал сөздермен жеткізетін. Сүйіншіге ең жақын адамдары мал атап немесе ақшалай-заттай сый беріп, оларды бос қайтармайды. Үлкендері сәбидің амандығын, ғұмырлы, бақытты болуын тілеп, бата жасайды.

Олар қуанышты отбасына келіп, «Бауы берік болсын!» деген ниет- тілектерін, жылы лебіздерін білдіріп құттықтайды, шашу шашады.

Перзентханадан келген күні, анадан шыққан баланы «тазарту» мақсатында, оны «шілде суына» түсіреді. Баланы шомылдыру отбасының қалауымен құрметті, беделді саналатын үлкен апалардың немесе көп балалы аналардың біріне ұсынылады. Немесе ол міндетті «Кіндік шеше де» атқара алады. «Шілде суына» сақина-білезік сияқты бұйымдар мен әшекейлер, ақша-тиындар салынады, баланы суға түсіріп болған соң олар келіндерге бөліп беріледі. Бала шомылдырылған ыдыс «итаяқ» деп аталынады. «Итаяққа салынды ма?» деген сөз содан қалған. «Шілде суын» балаға жара шықса жағу үшін деп, шағын ыдысқа құйып сақтап та қояды.

Бұдан кейін, ана мен баланың перзентханадан шыққан кейінгі 1-2 күн ішінде шілдехана жасалады. Олар «шілдехана», «шілде күзет», «шілдехана күзет» деген тұрғыда өткізіледі. Ол үшін арнайы дайындық жасалып, қонақтар күтіліп, тойға арналған мал сойылады, кең дастархан жайылады. «Шілдеханаға» шақырумен де, шақырусыз да бара береді.

Қонақтар жиналып, арнайы пісірілген ет дайын болап дастарханға әкеліннен кейін, ортадағы үлкен ақсақал оның ішіндегі мойын омыртқасын алып, жас нәрестенің анасына береді. Ол мойынға пышақ тигізбестен етін жеуі керек. Одан соң мойынды әйелдерге береді. Осылайша мойын-омыртқа әбден тазаланғаннан кейін, «баланың мойны берік болсын» деген ырым-ниетпен үйдің биік жеріне ілініп қойылады.

Одан ары, тойға жиналғандар сәбиге ізгі тілектерін білдірісіп, анасын ардақтап сыйлықтарын береді. Яғни жаңа туған нәрестенің алғаш еститіні болсын деген ниетпен, әндер айтылып, домбыра тартылады. Жастар жағы ойын-сауық ұйымдастырып, көңіл көтереді.

Шілдехана салт-дәстүріне байланысты белгілі жазушы, «ел анасы» атанған, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова былай дейді:

«Түйе мінген қазақ төрт ауыз өлең біледі» дейтін халқымыз туыла салған баланың құлағына ән-жыр сіңіреді. Ән айтқан жерде жаман ой болмайды, тек жақсы көңіл-күй, жақсы тілек, таза ниет қана болады. Себебі, шілдехана жәй тойлау емес! Оны «Жын-шайтан жоламасын» деп өткізеді, қазіргі тілмен айтқанда, жаман энергияны сәбидің тап-таза, періште денесіне жолатпау.

Осы жерде жаңа туған сәбидің «жолдасы» туралы айтпай кетуге болмайды. Бұрын әжелер баланың «жолдасын» алып жуып, орап оны аяқ баспайтын, ит-құс ала алмайтын жерге қастерлеп көмген. Егер «жолдасы» далаға тасталса, әйел ауруға ұшырайды деген сенім бар. Сол сияқты әйел ылғи қыз туа берсе, онда туып жатқан баланың «жолдасын» алып, босанған әйелдің басынан айналдыратын да ырым бар. Сонда келесі бала ұл болып туады деген сенім болған.

Шілдехана тойы басталғанда жиналған жұрт:

Сәби келді өмірге, Сәби келді!

Бір күй кернеп, шалқытты ән іргемді.

Анасы аман босанды, қалжа жесін,

Ат ұстайтын азамат бар үйде енді, – деп ақ тілек, адал ниеттерін жеткізеді.

Өлең жолдарында келтірілгендей, шілдехана тойы кезінде келінге арнап қалжа сойылады.

(Төменде Зейнеп Ахметовамен осы тақырыпта өткізілген әңгіменің бейнежазбасын тамашалай аласыздар!)

Баспасөздерде жазылған мақалалардан жинақталып дайындалған.

С.Серпербаев

 

Қазақтың шілдехана күзету дәстүрі

Табысбек Шариғат

«Қазақтың асыл салт-санасы» жинағынан.

 

Бала дүниеге келген күні ақшамнан, яғни, анасы толғатып жатқан кезде толғағы жеңіл болсын деген ырыммен өтелетін жарыс қазанның соңынан іле ـ шала шілдехана думаны басталады. Келесі күнге дейін ауылда шілдехана күзетіп, ауыл өнерпаздары, дүниеге келген баланың кіндік шешесі, жақын ـ жанашыр, туысـтуғандары, көрші-қолаңдар бала туған отбасына «Баланың бауы берік болсын» айтып, амандық тілеп шілдехана тілеуіне қатынасады.

Қазақ дағысында әйелдің жүкті кезінен бастап, босанған әйелге сойып беріп сорпалап, шілдехана тойына жиналғандарға «қатындардың қалжасы ортақ» деп, құрметтеп асып беруге арнайы бір мал дайындап, мұны қалжалық мал деп атайды.

Қазақ қалжалық малды арнаулы өлшеммен дайындайды: қалжаға іріқара, ешкі түліктері сойылмайды. Түсі ақсарбас, күйлі, еркек (құнан, дөнен) қой әзірленеді. Семіз еркек қойдың, соның ішінде күйлі құнан, дөнен қойдың еті мен сорпасы өте қуатты, нәрлі болатындықтан, босанған ананың әлـқуатын толықтап, тезірек сергуіне пайдасы зор болады. Бұл талғам қазақтың асـтағам даярлау даналығын танытады. Ал, қалжалық малдың түсінің ақсарбас болуы – қазақтың өзіндік танымـсенімінен туындаған.

Қазақ халқы қуанышқа, жақсы тілеу, тойـтомалақтарға ақсарбас мал (қой) дайындайды. Қара түсті, әсіресе, шымқай қара қой, ешкіні қуанышты ырымға соймайды, ондай малды көбінесе, қаралы өлімـжітім, тасаттық беруге істетеді.

«Шілдехана тойында жаңа босанған әйел үшін қалжаға сойылған малдың еті ортаға келгенде жөн білетін бір әйел омыртқаны қолына алып, оның етінен әйелдердің бәріне ауыз тыйгізіп, әбден мүжіп, мойын сүйекті тобылғыға тізіп, үй ішіндегі биік жерге іліп қояды. Мұнысы баланың мойыны тез бекісін деген ырымды меңзейді.

Шілдехана күзетінде домбыра шертіліп, айтыс оздырылып, әнـжыр, қиссаـдастан, тақпақ, жүмбақ, жаңылтпаш айтылып, күндіз ат ойындары, түнде ақсүйек, жасырынбақ, алтыбақан қатарлы тұрмысـсалттық, спорттық ойын түрлерін өткізеді. Шілдеханаға жиналған көпшілік жағымды кеңестер, жаңа туған нәрестенің болашағы туралы болжамдар айтып, дүние есігін ашқан ұрпаққа жақсылық бағыштайды. Қазақ салтында ұрпақтың дүние есігін ашуы – бала туған отбасының ғана қуанышы болып қалмастан, бүкіл ауылـаймақтың ортақ қуанышы ретінде есептеп, дүниеге келген ұрпақ жайлы: «Қызы бар үйдің құты бар», «Қыз бар жерде сыр бар», «Ұл туғанға күн туар», «Ұлы бардың туы бар», «Ұлы бардың өзі бар, қызы бардың ізі бар», «Екеуі бардың көзі бар» деп ағынан ақтарылып, баланың бақытын барлық қуаныштың биігіне қойған.

Шілдехана тойын өткізу – баланың өмір есігін ашқан балзәм сәтіне орай өткізілетін шаттық тойы болумен қатар, өзіндік киелі себептерді де қамтып жатқан. Оның бірі, дүниеге келген ұрпақты құттықтау, қарсы алу. Екіншісі, дүниеге келген ұрпаққа амандық тілеу. Шілдехана атауының түп мәні парсының чілтін (чіл – қырық, тін – тән, дене) сөзінен келіп шыққан. Қазақтар «Чіл» атауын «Шілтен» деп, оған қырық санын үстеп, «Қырық шілтен» деп атаған. Себебі, шілтеннің саны қырық болады дейді. Байрығы қазақ ұғымында шілтен атты рух (көзге көрінбейтін киелі бейне) болады, олар мазарларда, кесенелерде мекендейді. Құдайға құлшылық жасайды, мұсылман баласына медет береді, құлшылық жолға түскендерге жөн сілтеп, қиыншылыққа ұшырағандарға, мүсәпірлік жолдағы жолаушыларға қол үшін береді деп аңыз етеді. Сондықтан қазақтар айдалада жолаушы жүрген кездерінде молаларды пана тұтып, мазарларға түнеген. Қазаққа тән киелі күш сол қырық шілтеннің бірі, қыдыр ата деп қарайды.

Біздің шілдехана атауымыздағы әне сол, шілтен атауынан келген. Шілдехана күзетуді кей өңірлер «Шілделік күзету» деп те атаған. Жас босанған әйелді түн бойы жынـшайтан жағалап жүреді деп ырымдап, босанған шеше мен оның жаңа туған нәрестесін ауылдың саркідір әйелдері мен қызـкеліншектері үш күн бойы жынـжыбырдан қорғап күзеткен. Мұның астарындағы ғылымилық жас босанған шеше мен оның жаңа туған нәрестесін ұдайы неше күндей (күніـтүні) жақсы күтімдеп, денсаулығын қадағалап, зиянды жәндіктер мен қатерлі жағдайлардан қорғау мақсатын атқарған.

Жас босанған әйел мен жаңа туған жас сәбиді күн батқаннан, таң атқанша ұйықтамай күзетіп отыру барысында түнімен өлең айтылып, әнـбимен, ойынـсауықпен ортаны думандатып, босанған шешенің жан сарайын шаттыққа бөлеп, жаңа туған нәрестенің құлағына жағымды әуен, тәтті тілек, аталы борыштар мен алқаулы сөздерін ұялатқан.

Қазақ халқының салтында бала педагогикасы нәрестенің ана құрсағында жатқан кезінен ойластырылып, ғылыми жүргізіліп келген. Қазақ ұғымында, бала іште жатқанда отбасының жаңжалы мен ұрысـқағыстарын естісе, ауыраяқ ана аштық пен ашـжалаңаштықтың, қасырет пен қайғыـшердің алапатын тартқан жағдайда іштегі ұрпақ сәлемет туылмайды. Есейгенде жетелі бола алмайды деп, ал, оның оңынша, бала іштегі кезінен бастап бала тәрбиеісін жүйелі жүргізіп, екіқабат әйелді ренжітпей, көңілділікке шомылдырып, толық күтімдеп, іштегі балаға ақырын да, сазды үнмен тілдесіп, оның аманـесен өмір есігін ашуын, тамаша болашақ, жарық дүние, қормал әкеـшешесі, жанашыр туысқандары, туған ауылы құшақ жая күтіп отырғанын баяндап, іштегі баланың келешекте өте білікті, текті ұрпақ болатындығына сенім білдірсе, мұндай баптау көрген нәресте қуатты, сапалы, тез, толық жетіледі деп таныған.

Қазақтың іштегі нәресте тәрбиесін көбінесе әкеـшешесі, әжесі жүргізіп келген. Осындай ұнасымды да, ғылыми тәрбие мен балаға мейірـшапағаттың жалғасымы нәрестенің дүниеге келген құрметіне арналған шілдехана тілеуімен ұласып жатады.

Халқымыздың рухани әлемде дүниеге жаңа келген сәбиге қырық шілтеннің де ықыласын кіріктіреді. Бала дүниеге келген уақыттан бастап, қырық күнге дейін қырық шілтен сәбиді күзетіп, қорғап, қоршап пәлеـқаза, жынـшайтандардан аман сақтап жүреді деп қарайды әрі бала туғаннан қырық күн ішінде бөлекше қорғап, сыртқа шығармай, жат адамға көрсетпей, табиғаттың алуан құбылыстары мен балаға берілетін асـтағамдарда сақтықты күшті ұстайды.

Бала дүниеге келгеннен кейінгі қырық күннен соң, «Қарақұлақтанды, қатарға қосылды деп», ырым жасаған. Құттықтап, бір малын атап сойып немесе бір жілігін кәделеп асып, қырық шелпек пісіріп, көршіـқолаңдарды шақырып шай беріп, қырқынан шыққан баланың қарын шашын алған.

Баланың қарын шашын, ит жейдесін шешесі бала есейіп азамат болғанға дейін киелеп сақтап қояды.

Қазақ ұғымында адам дүниеден өткен қырық күн ішінде қырық шілтен қазалы отбасында, мазар басында болып аруақтарға сауап жолдарын жасайды деп қараған әрі әруақ шыққан отбасы мен ауылы адам пендесі дүниеден өтіп, жерленген күннен бастап, қырық күнге дейін, отбасындағы мәйт жатқан жерге қырық шырақ жағады. Әруақ аттанған отбасының шамын (отын) қырық күнге дейін өшірмей жағып, аруақтың қайтыс болғанына қырық күн толғанда мал сойып, ас дайындап, көршіـқолаң, туысـтуғандар жиналып, құран хатым оқытып, әруақтың қырқын берген.

Осындай салтـдәсүрлерге байланысты шілдехана күзету, ұзатылатын қыздың тойы (қыздың өз төркінінен аттануы өліммен бірдей делінуден) қырық күнге ұласып жататын салтанат, ырымдар болған. Мұның барлығы қазақтың өлгенге құрмет етіп, тіріні ардақтайтын асыл салты саналады.

Шілдехана тойы көлемі шағын болғанымен мәні терең, қазақтың тойـтомалақ салтында салтанатпен аталатын ұлттық богенайы бөлек, мәртебесі үстем тұрмыс ـсалттық қимылы болып табылады.

«Шілдехана, бесік той,

Тұсау кесер, сүндет той»

– деп шырқалатын «Қазақ дастүрі» әні міне, осындай мәйегі мығым ұлттық салтымызды әнـжыр әлемінде марапаттаған.

Дайындаған Ұларбек Дәлейұлы

http://old.baq.kz/kk/news/asil_kazina/kazaktin_shildehana_kuzetu_dasturi_20160811_114600

 

Қалжа – келіншектің күйеуінің мойнындағы міндет-парызы

Зейнеп АХМЕТОВА

«Қазақ үні» ұлттық порталы, 23 Қаңтар 2017 жыл.

Қалжа – келінге арнап сәби күтіп отырған шаңырақтың байлаған қойының еті екені белгілі Баланы дүниеге әкелген ана өмірінде оның мәні зор. Қазақта босанған әйелге арнайы сойылған қойдың еті біткенше келінді жеке қалжалаған. Қалжа туралы Бауыржан Момышұлының келіні не дейтінін оқып көрейік.

 

Қазақтың өте бір қасиетті ырымы – келінге қалжа жегізу.

Бұрынырақта кедейдің кедейі әйеліне қалжа жегізген. Тіпті бұған өзінің шамасы келмеген күнде ауқатты адамдар қалжасын әкеліп берген. Өйткені қалжа әкеп беру де сауабы үлкен іс болып саналған. Қалжаның күнделікті желінетін еттен айырмашылығы – ол жас босанған ана мен баланың сыбағасы. Әрі құрметті ас саналады.

Қалжа, біріншіден, дүниеге келген нәрестенің құрметіне арналса, екіншіден, жас анаға дүниеге перзент әкелгені үшін арнайы сойылатын болған. Күнде келінге сорпасын ішкізіп, етін жегізіп отырғандықтан, жас босанған ана өзінің жоғалтқан күш-қуатын осы қалжа арқылы қалпына келтіреді. Босанғаннан кейінгі күтімге қалжаның тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Қалжа жеп, жас сорпа ішкен келіншектің сүті де маңызды, құнарлы болады. Баланың тез ет алып өсуіне әсер етеді. Қазіргі жігіттерді қайдам, бұрындары жігіттердің бірі ауырлау затты көтеруге әлі келмесе немесе абайламай жығылып қалса, құрдастары келеке қылып: «Әй, немене, сенің шешең қалжа жемеген бе?» – деп қағытқан. Кей жағдайда «құдайға шүкір, біздің де шешеміз қалжа жеген» деп өзін-өзі көтермелеп, шамасы келмей жатқанын білдірмеуге тырысып баққан. Тілімізде жиі қолданылатын осы сөздің өзінде мән-мағына жатыр. Қалжаны кей өңірлерде қыздың төркіні де әкеп жатады, бірақ қалжа, негізінен, келіншектің күйеуінің мойнындағы міндет-парызы болып есептеледі…

https://qazaquni.kz/2017/01/23/63725.html

"Шілдехана" әні

Орындайтындар: Мәдина мен Әлия.

«Беймарал таланттар» мектебінің оқушылары. 2013 жыл.

 

Мойын омыртқа немесе қалжаның қасиеті

aqjolgazet.kz, 13 Маусым 2017 жыл.
Тұңғыш ұлымыз дүниеге келген соң, бір ерлік жасағандай көңіліміз тасып, баламызды бауырымызға алып, үйде мәре-сәре болып отырғанбыз. Перзентханадан шыққанымызға да бүгін бірінші күн еді. Бір кезде есіктің қоңырауы безілдеп сала берді. Жұбайым есікке қарай жүгірді. Өзінің анасы екен. Сампылдап сөйлеп кіріп келе жатыр. «Ей, неге тым-тырыссыңдар?! Балалы болған жалғыз сендер болсаңдар да. Алдымнан шықсаңдар қайтеді?!.».

Иіліп сәлем салып, жымиып амандасқан маған қолындағы үлкен дорбасын нұқып беріп: «Мә, мынаны ал! Қалжа сойып келдім. Ентігімді басқан соң етті өзім жайғаймын», – деді. Бірақ, немересін көруге әлі асықпады. Дәу сөмкені дәліздің шетіне қарай ысырып қойдым да, бөлмеме кіріп кеттім. Жаңадан босанғандықтан, ұзақ тұруға, жүруге мүмкіндігім де жоқ оның үстіне. Ас үй жақта баласы мен анасы дабырлап бірдеңе жасап жатыр әйтеуір. Тағы есіктің қоңырауы басылды. Бұл жолы «кім болды екен?» деп отыр ем, анамның сыңғырлаған даусы естілді. Көріспегелі көп болған, еріксіз қуанып бөлмемнен атып шықтым. Анам бала жататын үлкен арба сатып ала келіпті. Бір қолында шайға қажетті оны-мұны салынған сөмкесі де бар. Аналарымыз келіп бір мезетте арқа-жарқа болдық та қалдық. Анам ең жақсы көретін кенже қызының баласын көруге асығып, бірден менің соңымнан ерді. «Тфәй, жаман бала» деп айналып-толғанып жиен немересіне бәйек болып жатыр. Екі анамыз да көп балалы. Мен соған қуанып тұрмын. Әсіресе, менің анам жаңа туған сәбиге өте сергек қарайды. Оған арнайы бөлме дайындатады, жеке тазалық үшін қажетті заттарды баланың өзіне деп жаңадан арнайы алдырады. Келінін кемінде он күн орнынан тұрғызбай, жаңа сойылған қойдың етімен қалжалайды. Біздің бейқам отырған кейпімізді көріп: «Балаға ештеңе дайындамағансыңдар ма?» – деді. Мен енді алатынымызды айттым күмілжіп. «Е-е, ең бастысы қалжа ғой. Қой сойылыпты. Енді соның мойын омыртқасын ыстықтай тісіңді батырып, жақсылап жеп алсаң, тез аяққа тұрып кетесің», – деді. Баланың шаруасымен айналысып жүріп анамның сөзіне «иә, иә» деп бас шұлғып қоямын.
Бала күнімде өзім сүйек мұжығанды жақсы көретінмін. Ол кезде көбіне салалы еті мол жіліктерге қарай ұмтылушы едік қой. Кейде омыртқа бұйырып қалса, бұртиып өкпелеп қалатынмын. Жаңа анам мойын омыртқа дегенде, оның мүжілуі қиын ғой, оның үстіне осы сүйкімсіз сүйекті жаңа босанған әйел неге бөлшектемей, тұтастай жейтін болды екен деп ойлап кеткем. Анам ойымды оқып қойғандай, алдындағы әңгімені қайта жалғап: «Мойын омыртқаны бөлмей жесең баланың да мойны тез қатаяды. Әйелдің де белі тез қалпына келеді», – деді.
– «Онда апамыз мойын омыртқаны салып, етті асып та қойған шығар», – дедім. Баланы ұйықтатып, анам екеуміз қонақ бөлмеге қарай жылжыдық. Ас үй жақтан тарсылдаған балтаның даусы естілді. «Не болып қалды?» деп жүгіріп келсек, енем әлгінде ғана біз қасиеттілігін сөз етіп отырған мойын омыртқаны дәу балтамен парша-паршасын шығарып, бөліп жатыр екен. Анамның көзі шарасынан шығып: «Құдағи, не істеп жатырсыз? Алдағы қалжаға сойған қойдың мойын омыртқасы ма?!.». «Иә, сол ғой, ет асуға кеш болып кетті. Осы омыртқадан сорпа істеп берейін деп қамданып жатқанмын», – деді бейқам кейіпте. «Әр елдің салты басқа…» дегенді іштей топшылаған анам: «аа-аа» деп аңтарылып, қонақ бөлмеге кетіп қалды. Сонымен беліміз бен ұлымызды қатайтамыз деп отырған мойын омыртқам көз алдымда майдаланып, сорпаға дәм кіргізу үшін қазанда қуырылып жатты… Өзіміз оңаша қалған бір сәтте. «Апа, сіз сегіз құрсақ көтергенсіз. Мен сізді сегіз мойын омыртқа жеген шығар деп ойладым», – дедім әзілдеп. «Мойын омыртқа түгілі, арнайы қалжа да жеп көрмегенмін мен. Ал сен мойын омыртқаға қадалып алдың. Өсетін бала мойын омыртқасыз-ақ өседі. Қататын бел, мойын омыртқасыз-ақ қатады. Сенбеймін өз басым сондайға», – деді зілденіп. Енем өзі ер мінезді қатал кісі. Қанша ұмытайын десем де, мойын омыртқаның көз алдымда майдаланып кеткенін, оны бүтіндей жей алмай қалғаным есімнен кетпей қойды. Қырсыққанда, белім де қатаймай, күннен-күнге жүрісім де ауырлай бастады. Неше түрлі ем-дом жасадым. Бірі көмектеспеді. Титтей салмақ түссе болды әлі күнге ауырып, сыздап тұрады… Өзім сол мойын омыртқаны сүйкімсіз сүйек деуші едім кезінде. Енді қарашы қалай зар болғанымды. Алла адамды осылай әрбір нәрсенің қадірін білуге үйретеді екен ғой, кім білген?!
…Арада бірнеше жыл өтіп, екінші рет ана атандым. Белімнің ауырғаны одан сайын өршелене түсті. Әдеттегідей қалжаға қой сойылды. Алдында есем кеткен мойын омыртқаны бұл жолы бөлмей-жармай ыстықтай, тісімді басып тап-таза етіп мұжыдым. Сенесіздер ме, тез қатайдым, белімнің ауырғаны да басылды. Халқымызда «қырық күн қалжа» деген тіркес бекерден айтылмаса керек. Қалжаның өз қасиеті бар екен біле-білгенге. Келіннің белі қатайып, денсаулығы мықты болса, сіздің ұрпағыңыздың өскені емес пе?! Осыны ескерейікші!

 


 

Қалжалау деген не?

Қарақат Әбілдина, Гүлбағила Ыбырайымова

Хабар SHOW — Шоу, телехикаялар және бағдарламалар

3 Қазан 2017 жыл.

 

 

 

Автор публикации

не в сети 2 месяца

admin

0
Комментарии: 2Публикации: 104Регистрация: 11-07-2018
Обновлено: 31.07.2019 — 20:42

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *