«Қазағымның салт-дәстүрлері» (3)

 

«ҚАЗАҒЫМНЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ» (3)

 

Құрметті оқырмандар!

Сайтымның жаңадан басталған осы ТАРАУЫНДА тақырыбына сай әр мазмұндағы танымдық жазбалар беріліп тұратыны және оларды алдағы өмірге келер жас СӘБИДІҢ қуаныштарына байланысты аталып өтетін сәттері мен дәстүрлерінен бастап, ары қарай рет-ретімен, әр форматтағы жазбалар түрімен жалғастырылып отырылатыны айтылған болатын.

Осыған орай, бүгінгі парақта «аяғы ауыр», жүкті келіндер — болашақ аналардың нәрестелерін дүниеге әкелер алдында атап өтілетін жоралғылары туралы, атап айтқанда, алғашқы тойы саналатын - «ҚҰРСАҚ ТОЙЫ» туралы жазбалар беріліп отыр. Танысыңдар, біліңдер!

Келесі жолдары «ҚАЛЖА БЕРУ», «КІНДІК ШЕШЕЛЕР» туралы әңгіме болады. Тосыңдар!

 

 

Ұмыт болған дәстүрлер: құрсақ шашу, ұрын бару

Хабар TANYM

18 тамыз 2018 ж.

 

 

 

Құрсақ той

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған

 

«Құрсақ той, Құрсақ шашу — ұлттық салт-дәстүр. „Құрсақ шашу“ немесе „құрсақ тойы“ — аяғы ауыр әйелге қатысты ертеден келе жатқан дәстүр. Түрлі салт-дәстүрлерді білетін ақ жаулықты аналарымыздың айтар өсиеті мол. Келін үйге түскеннен соң, ененің одан күтетін үміті зор. Сондықтан, аяғының ауырлағанын байқаған өнегелі ене құрсақ шашу деген кішігірім той думан ұйымдастырады. Оның мақсаты – қуанышты атап өту және жүкті әйелдің күтіміне аса назар аудару. Бұл, біріншіден,ертеңгі күні дүниеге келер нәрестенің алғашқы тойы болса, екінші жағынан аяғы ауыр ананың да қамын ойлап, соған жағдай жасаудың амалы. Думанды дастарқан жайылып, үлкен әйелдер жағы жас келінге батасын береді, ал құрбылары, абысындары білгенін айтып, ақыл-кеңес беріп, келіннің көңілін аулайды. Бойына бала бітісімен-ақ кейбір ананың асқа тәбеті шаппай, жерік болады. Оны „итжерік“ деп атайды. Тәбеті шабатын тамағын тауып беру де ененің мойнында. Өйткені ертеңгі күні жерігі қанбаса, баланың толыққанды болып жетілуі екіталай. Егер жерігі қанбай жүрсе, кейін баланың аузынан сілекейі аға беретін болады деген ырым да бар. Сондықтан тойға келген әйелдер келінге арнап әр түрлі тағам әкеліп, дәм тигізеді. Жерік кезде жеген аста да көп мән бар. Тіпті баланың болашақта кім болатындығын соған қарап болжауға болатындығы ғылыми түрде дәлелденіп те отыр. Мысалы, анасы көкөніске жерік болса, бала ширақ, елгезек, өмірге құштар болады екен. Кесек көмірге жерік болса, бала болбыр, өмірге икемсіз болмақ. Ал, тек біреудің үйінің тамағын жегісі келіп тұрса, бала келешекте үйде тұрмайтын, үнемі түздің тірлігін тындыратын болып өседі екен...

Жерік ананың қалауын тауып тойдырған адам сауапқа қалады деген де ырым бар. Сондықтан тойға келгендер аяғы ауыр әйелдің көңілін табуға тырысады. Бұл не жерін білмей әр нәрсеге аңсары ауған болашақ анаға көп көмек. „Жерік асын жеген жетілер, жерік асын жемеген кетілер“ деп те жатады халқымыз. Осылайша жерік астың әрбірі ана мен баланың қажеттілігін өтейді.»

 

 

Құрсақ той

« ummet.kz» рухани-ағарту порталы.

14 сәуір 2017 ж.

 

Жас келіннің аяғы ауыр екені белгілі болған соң, оның абысын-ажындары, енелері әйелдерді шақырып, құрсақ тойын (кей жерде «құрсақ шашу» дейді) жасап, оның аман-сау аяқ-қолын бауырына алуына (яғни босануына) тілеу білдіріп шашу шашып, дастарқанды түрлі дәмге толтырып, сауық жасайды.

Ғұрып бойынша бойына бала біткен келіншекті «күмәнді», «аяғы ауыр», «ішінде көжесі бар» деп тұспалдап айтады. Бұл сөздің мәнісі жас келін қысылып, ұялмасын, тіл-көздің сұғынан сақтасын деген ойдан шыққан. Жас келін бала біткен соң бойына ас бітпей құса береді. Әлдеқандай тағамға көңілі шабады. Мұны «жерік» болды дейді.

«Бәйбіше келді алаңдап,

Жас бөріше жалаңдап,

Жерігі қанбай сандалды». (Алпамыс)

 

Мұндай жұрт, үй іші жерік әйелдің көңілі қалаған асын табуға тырысады. Жерігі қанбаған әйел басы айналып, ауыра береді. Мұндайды «ит жерік» дейді. Қалаған асын тауып жерігі қанған әйелдің құмары тарқап, ерекше сезімге бөленіп, денсаулығы жақсара бастайды. «Жерік асын жегендей қуанды» деген сөз осыдан шыққан. Жеріктікті басудың тек анаға ғана емес, іштегі сәбидің денсаулығына да зор әсері бар. Бала ернінің қоянжырық болып тууын анасының анасының жерігі қанбағаннан деп жору халық арасында жиі айтылады. Жас келіншектің екіқабат кезінде оған ерекше күтім, назар аударылады, үлгі-өнеге көрсетіледі. Ол ауыр жұмыс істемейді, түнде суға бармайды, шошытпайды, ренжітпейді, тіпті өкпелетпейді де. «Көз тиеді» деп далаға да көп шығармайды. Дәмді, жеңіл тамақтар жасап береді. «Мезгілінде тумайды» деп түйе етін жегізбейді, «нәресте кіндігіне оратылып қалады» деп арқан аттатпайды. Түнде далаға жалғыз шығармайды. Дәсүр бойынша жас келін босанғаннан кейін оның анасы әдейі келіп, қызының жанында болып, қуанышқа ортақтасуы қажет. Бұл – ананың басты парыздарының бірі.

«Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет ғұрыптары»
https://ummet.kz/makalalar/348-dastur-danalygy/5716-rsa-toj-2.html

Құрсақ той қандай той?

Сен қазақсың!

Зейнеп Ахметова,

«Күретамыр» кітабынан

 

"Ұрпақ қамын ойлаған көргенді ене арнайы дастарқан жайып, ауылдағы әйелдерді дәстүрлі қонаққа шақырады. Шақырылған әйелдер құр қол келмейді, әрқайсысы өз үйлерінен әртүрлі тағам әкеледі. Ондағы мақсат – келіннің жерік асын табуға жәрдемдесу. Құрсақ шашудың негізгі мәні де, мақсаты да осында жатыр. Өйткені бойына алғаш бала біткен тәжірибесіз жас келіншек бұрын-сонды өзінде болмаған сезім түйсіктерді басынан кешеді. Көңілінің неменеге соғып тұрғанын, тәбетінің қандай асқа ауатынын дөп басып айта алмай, не екенін анық түсінбей аласұрып қиналады. Осы бір аса жауапты кезеңде ақыл-кеңес айтып, жерігін табуға көмектесіп, мейірім таныту сауабы мол қасиетті іс саналады.

Құрсақ тойда жас келін әлгі әйелдер әкелген тағамның бірін сүйсініп жесе, оны әзірлеп әкелуші, мәртебесі асып-ақ қалады екен. Содан келіннің жерігі қанғанша сол дәмді ас иесі жасап беріп, қамқор болады. Алда-жалда бір реттік құрсақ шашу кезінде келіннің аңсары табылмаған жағдайда бәрібір іздеуді тоқтатпайды. Қалайда ретін келтіруге әрекет етіледі. Бұған тек әйелдер ғана емес, келіншектің қайнылары, күйеуінің құрбы-құрдас, дос-жарандары да қолғабыс етеді. Жабайы аңның, құстың еті, балық секілді әуес дәмдерді тауып әкеліп, жәрдем жасайды. Осы жерде айта кететін бір тыйым аяғы ауыр әйелдің жұбайы аң атпайды, тұзақ құрмайды, қармақ салмайды, яғни жандыға әдейілеп зиянын тигізбейді. Іштегі балаға кесір болады дейді.

Жерік ас кейде тосын, күтпеген нәрсе болуы мүмкін. Ол болашақ ананың өз қалауына, өз таңдауына байланысты емес, еркінен тыс болатын құпия құбылыс. Күні бүгінге дейін сақталған ел ішіндегі аңыз-әңгіме, жыр-дастандарда жолбарыстың жүрегіне, қабыланның, аюдың, ұлардың, сұңқардың етіне жерік болған аналардан туған балалар кейін ержүрек батыр, ақылгөй дана болғандығы жайлы айтылады. Мысалы, әруақты батыр Жалаңтөс бабамыздың анасы, Ақтұмар жарықтық, көкжал қасқырдың төс етіне жерік болған дейді. Сол секілді Шапырашты батырдың анасы Жұпар шешеміз де арланның бауырын шикідей жеп, жерігін қандырған екен деп аңыз етеді. Әрине, аңыз тарих, дәлел емес, алайда аңыздың ішінде шындық жатады.

Сонымен құрсақ шашу болашақ ана мен өмірге келер нәрестенің қамын ерте ойлаған тілегі тұнық, ниеті ақ, мазмұны терең, салиқалы дәстүр. Сан ғасырлар бойы сыннан өткен, ел өміріне өнеге болып керегіне жараған ұлағатты рухани мұра. Аналарымыз басынан өткізген жөн-жоба.

Алайда біреуі байлықпен үдеп, біреуі жоқшылықтан жүдеп, теңсіздік тереңдеп бара жатқан заманда қалталылар ақша шашып, «айға түкіріп» көңіл көтерудің тағы бір түрін шығарыпты. Үлкен мейрамханаға жүздеп қонақ шақырып, атақты-атақсыз, «жұлдыз» әншілерді тұмсығынан тізе кезекке қойып, тамақ пен ішімдікке үстелді майыстыра сықап, өңештері талғанша тост сөйлеп, аяғы талып, тізесі бүгілгенше секілдеп билеп, «құрсақ тойын» жасайтын болыпты. Аты бар да, заты жоқ даңғазаның құрсақ шашуға не қатысы бар екенін ұқсам не дейсіз? Жаман дерт қашанда жұқпалы, күні ертең жаппай үрдіске айналып кетпесіне кім кепіл? Ол да мүмкін."

 

 

«ҚҰРСАҚ ШАШУ»

ӘН

Ақ үміттің алауы жағылғанда ,

Пәк сәбидің иісін сағынғанда .

Көп тойлардың бастауы «Құрсақ шашу»

Бақ батамен ағайын ағылғанда.

 

Қайырмасы:

Алға сенім , арман мол тіршілікте

Бақыт алға жетелер түсінікте.

Перзентіңмен жалғасар бар ғұмырың ,

Өмір атты сөйлемде болмас нүкте .

 

Ертеңіңе аяулы мақсат құру ,

Жақсылыққа жадырап мойын бұру .

«Құрсақ шашу» -береке ,өмір мәні ,

Көптің көркем пейілін аңсап тұру .

 

 

Құрсақ шашу салты

ONTUSTIK TV / Оңтүстік телеарнасы

10 тамыз 2015 ж

.

 

 

Құрсақ шашу дәстүрі. Құрсақ тойдың мәні қандай?

Хабар SHOW — Шоу, телехикаялар және бағдарламалар

10 қазан 2017 ж.

 

 

Ырым. Жүктілік. Құрсақ шашу. Тыйымдар

ДИНАРА ЖАНАТ.
19 қыркүйек 2017 ж.

 

Құрметті оқырман! Және де халқымның қуаныш — тойларын, думандық мерекелік шараларды атқарып жүрген ӨНЕРПАЗ ЖАНДАР!

Осы сайтымда жеке БӨЛІМ болып ашылған «TOЙ–BAZAR. KZ» АЛАҢЫ, оның мазмұны мен мақсаты туралы дайындалған төмендегі таныстыру-жарнамалық бейнежазбамен танысыңдар! Егер қызықтырса, осы САЙТЫМ мен АЛАҢЫНА жазылыңдар!

 

Автор публикации

не в сети 4 недели

admin

0
Комментарии: 2Публикации: 104Регистрация: 11-07-2018
Обновлено: 15.07.2019 — 16:28

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *