«Қазағымның салт-дәстүрлері» (25)

«ҚАЗАҒЫМНЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ» (25)

КЕЛІНДІК ӘДЕПТЕРДІ БІЛЕСІҢ БЕ?

 

Осы тақырыппен сайтымдағы қазақ халқының балаларды үйлендіруге байланысты салт-дәстүрлері туралы беріліп келген жазбалар циклі аяқталып отыр.

Бұл парақта «ЖАС КЕЛІННІҢ 5 ӘДЕБІ» делінген және «КЕЛІННІҢ СӘЛЕМ САЛУЫ», «АТ ТЕРГЕУ», «ТӨРКІНДЕУ», «ЕСІК КӨРСЕТУ» ғұрыптары туралы танымдық мақалалар және оларды толықтыратын тақырыптық бейнежазбалар беріліп отыр. Танысыңдар!

 

КІРІСПЕ ОРНЫНА

Тағы да әдеттегідей тақырыптық әсем ән тыңдап алыңдар.

«Келінге өсиет»

әні: Ә.Оспановтікі; сөзі: Ә.Рахымбековтікі

Орындаушы: Гауһар ӘЛІМБЕКОВА

Келін түсті салты ғой бұрынғының

Бiздiң үйге бiрi ендi-ай бұрымдының

Ақ ниетпен аттаған босағасы

Ағарып тұр әнекей шымылдығы.

Ақ бауырсақ шашу боп шашылғанда

Қызыл шырайлы жүзіңді жасырғанда

Қандай ғана сезімде болдың екен,

Ақ шымылдық алдыңнан ашылғанда.

Жайнап жүрсен қып-қызыл кілемдейсiң

Масатыдай құлпырып күлімдейсiң

Қарияға салем бер көңлі қалар,

Қариялар кашанғы жүрер дейсiң.

Алдыменен өзіңді енең сынар

Емендей боп ол сынға емен шыдар

Жас келінге қаттырақ қарағаны,

Ширатып бір алайын деген шығар

Ерке өскен еліңнің елігі едің

Келін бол деп жіберді-ау сені елің

Енең байғұс толқып жүр қайтсын енді,

Сен оның ең алғашқы келіні едің.

Атасын да осы елдің анасын да

Сыйлай білгін ажыратып жатасын ба

Қолдан келсе үлкеннен бата алайық

Ықыласы үлкеннің батасында.

 

КЕЛІНДІК ӘДЕПТЕРДІ БІЛЕСІҢ БЕ?

Алғысөз ретінде

Қазақ отбасыларындағы әрбір қыз бала бой жетіп, ойын түзеген соң, туған үйіне өзінің «қонақ» және «жатжұрттық» екенін, яғни, ертең басқа бір елге «келін» боп баратынын ұғынып біле бастайды. Оны ата-анасы да, үй үлкендері де тәрбиелік тұрғыда сезіндіріп, жастайынан алдағы келіндік өміріне бейімдеп үйрете бастайды, ақыл-кеңестерін аямайды. Келе-келе қыздың бойында алдағы кезеңінде өз теңін тауып жар құшу, бақытты отбасын құру, көпке сыйлы, жақсы келін атану, ана болу оның өмірлік мақсатына айналады. Ол оның ата-анасының да арманы, бауырларының да тілегі болады.

Содан кейінгі бір мезгілде сәті оңынан туып, өзін тауып-таңдаған, өзара ұнатысқан жігіттің жағы келіп ата-анасына құда түседі. Барлық жағынан жарастық табылып жатса, екі жақ балаларын үйлендіруге келісімге келеді. Қазақтың қалыптасқан салттық ғұрыптарымен «қыз ұзатылады», екі жақта да жастардың «бас қосу» тойлары атқарылады. Сөйтіп, кеше ғана еркелікпен бұлғақтап, сылаң қағып жүрген бойжеткен, басқа бір отбасының табалдырығын «оң аяғымен» аттап, бір әулетке «келін» атанады. Қыздың арманы орындалады, ата- анасының да үміті ақталады.

Келін деп бір әулеттің, бір отбасының адамдарына жасы жағынан кіші болып келетін жігіттің әйелін айтады.

Жалпы, жаңа түскен қалыңдық та, некедегі әйелдер де өз күйеулерінең жасы үлкен барлық ағайын-туыстарына келін болады. Сонымен бірге, оларға осы отбасымен араласатын басқа жасы үлкен сыйлас адамдар да, көрші-қолаңға дейін сыпайылықпен «келін» деп айта береді. Бүгінгі келін біраз уақыт өте келе, келіншек деген мәртебеге, атауға ие болады.

Сол сияқты, үйіне келін түскен отбасы үшін де, ұлдарының ер жетіп, «басына бас» қосылып, жеке отау құрғаны үлкен қуаныш болады. Жаңа түскен келін шаңырақтарына бақ, құт-береке әкеледі, әулеттің ырысы, жақсы істердің ұйытқысы болады деп сенеді. Ертең-ақ өмірге перзент келеді, немерелі болып ұрпақтар жалғасады деп үміттенеді.

Сондай үміт-сенімдердің биігінен шыға білу, жаңа түскен келіннің адами міндеті мен парызы болып табылады және үлкен жауапкершілік жүктейді. Енді оның балалық қылықтарына, қыз кезіндегі еркеліктеріне, бойжеткендік еркіндік жүріс-тұрысына бір сәтте шектеулер қойылып, өзінің жаңа үйінде қалыптасқан тәртіп-ахуалға көндігуге, «келін» делінетін әлеуметтік мәртебесіне сай міндеттерді тыңғылықты атқаруға тура келеді. Жүктелер міндеттер ауқымы жетіп артылады, ал оларды атқару, әсіресе, алғашқы кезеңде, оңай шаруа емес. Сондықтан да, халқымыз «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп айтқан.

Осы кезден бастап, сол шаңырақтағы тірліктің ауыртпашылығы, негізінен келіннің мойнына түседі, ал ол айтарлықтай еңбекқорлықты, төзімділікті, қажырлықты қажет етеді. Осындай талаптарға саналы түрде мойынсұнып, «келіні жақсы үйдің керегесі алтын» делінетін халық қағидасына сәйкес отбасының, сол елдің жақсы келіні атану өзіне байланысты болады.

 

Картинки по запросу қазақ келіндері

 

 

* * *

Сонда не істеу керек? Жақсы келін деген атқа қалай ие болуға болады?

Бұл оңай сұрақтар емес. Оның күрмеуі әр отбасы тіршілігінде әрқалайша, өзіндік жағдайлары шеңберінде шешіліп жатады. Ал қандай да болсын қоғамдастық үшін, ол ғасырлар бойы талқыланып жататын аса маңызды, «мәңгілік» мәселе. Бұл тақырыпта қаншама үлкен ғылыми еңбектерден бастап мақалалар жазылмады; отбасылық өмірде орын алып жататын көріністер қаншама әдеби шығармашылықтарда бейнеленбеді? Мәселен, бір ғана ене мен келіннің өзара адами және отбасылық қатынастарын сөз ету неге тұрады?..

Сондықтан да, бұл тақырыпты бір-екі мақалада толығымен ашып беру, ортақ бір уәж айту мүмкін еместігі бәрімізге аян. Алайда, қазақтың салт дәстурлері туралы осы сайтымда әңгіме басталып, жүргізіліп келе жатқандықтан, келіндер тақырыбын, оның салттық тұрғыдағы әдептерін сөз етуден айналып кету дұрыс болмайтын болды.

Соған орай, осы тақырып ауқымында қалың қауым ортасында сөз етілетін тәрбиелік мәні бар тағылымдық айтуларды, әр дерекөздерден оқып — тоқыған, күнделікті тіршіліктен көріп түйсінген дүниелерді ретке келтіріп, көпшілікке, жас ұрпаққа аз да болса тигізер пайдасы болар деген ниетпен, мүмкіндігімше тұжырымдап, «ЖАС КЕЛІННІҢ 5 ӘДЕБІ» деген ортақ тақырыппен және де келіндер тірлігімен байланыстырылатын салттық ғұрыптар жөніндегі танымдық жазбаларды сайт оқырмандарына ұсынып отырмын. Олардың құндылығын, қажеттілігін, қаншалықты пайдалы болатынын өздеріңіз бағалай жатарсыздар.

 

«Жас келіннің 5 әдебі»

Әдептер дегеніміз, қоғамдағы адамдардың мінез-құлқына қойылатын этикалық талаптардың жиынтық атауы және халықтың әдет-ғұрпында қалыптасқан этикалық тәртіп.

Бұл жерде жас келіндерге айтылатын ақыл-кеңестер мен қойылатын талаптардың ең басты өзегі — өз жарының, ата-енесінің көңілінен шығу; қайын жұрттағы тума-туыстармен жақсы тіл табысып, тату-тәтті қатынаста болу; олардың ортақ жарасымдылығына ұйытқы болу білу және де өзінің адами жақсы қасиеттерімен солардың ортақ сыйластығына, ыстық ықыласына ие болу болып табылады. Бұл әр келін үшін абыройлы һәм жауапты міндет делінеді. Сондай талаптардың биігінен көріне білуге септік болатын келіндік әдептердің негізгілерін талдап-саралағанда, олар төмендегідей алты топқа жинақталды.

  1. Күйеуін сыйлап құрметтеу.

Бұл жерде, ең алдымен, жас жұбайлардың арасындағы терең махаббаттық сезім, жарға деген адалдық пен өзара адами сыйластық факторлары алға шығады. Тек, солардың негізінде ғана, өзіндік әртүрлі мінез қылықтары бар, жаңадан қосылған ерлі-зайыптылар тұрмыста да тезірек өзара түсіністік тауып, діңгегі мықты отбасын құрады.

Келін болған соң, күйеуінің адами болмысын, білімділігі, ой-өрісі деңгейі мен мәдениеттілігін, мінез-құлқының ерекшеліктерін, тұрмыстағы талабы мен талғамын, денсаулығы жағдайын, жақсы мен жаман әдет-дағдыларын тезірек және тереңірек бойлап түсіне білгені жөн. Сонда барып, ары қарайғы бірлескен өмірде оның «жақсы жақтарын» қолдап, дамытуға күш қоса алады. Ал байқалған «кемшіліктеріне», артық-кем істеріне кешіріммен қарай отырып, олардың теріс әсерін барынша жеңілдетуге, бойынан аластатуға айтарлықтай іс-қимылдар жасауға тура келеді.

Сол сияқты, келін болып түсісімен, күйеуінің туыстарымен де, достарымен де тез араласып кетіп, сыйластықта болуға тырысу керек. Жарын жақсы көрген әйел, оның жақындарын да жақсы сыйлауы тиіс. Сондай болған жағдайда, бұл, ең алдымен күйеуін қуантады, қалыңдығына деген ризашылығын арттырады.

Ең бастысы, үйде де, түзде де, әр ортада күйеуге деген сыйластықтың үлгісін көрсете білген жөн. Сырттың көзінше жөнсіз ашуланудан, дауыс көтеріп қатты сөйлеуден, екеуара қатынастық жайын талқылауға салудан бойды мұлдем аулақ ұстау керек. Сол сияқты, бас қосу отырыстарда әйелдің жөнсіз ыржыңдап күлу, «шошаңдап» жүріп-тұру сияқты ерсі қылықтары, кез-келген еркектің «жынына», намысына тиетінін жақсы білген жөн. Ал «ажырасам», «кетем» деген сөздер ешқашанда айтылмауы тиіс. Әрине, «ыдыс сыңғырламай» тұрмайды, алайда, үйде, тұрмыстық өмірде болып қалатын келеңсіздік жағдайлар, өзара түсініспеушіліктер, оңаша жағдайда шешілетін тек екеуінің ішкі мәселелері.

Күйеуінің таза жүруін, киген киімдерінің ұқыпты, ретті, сәнді болуын қадағалау мен қамтамасыз ету де әрбір әйелдің жұбайлық міндеті. Әсіресе, оның тамағының тоқ болуына сай айтылатын «Күйеуіңнің жүрегіне жол табу, оның асқазанынан басталады» деген нақыл сөз – өмір шындығы!

  1. Келіннің ізеттілігі, мәдениеттілігі

Жаңа түскен келінге отбасындағылар мен әулеттің үлкені-кішісі, келімді-кетулі сырт көздер де сынай қарайтыны түсінікті жайт. Оның жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөздерінен, көпшілік ортасында өзін дұрыс ұстай білуінен, «келіннің аяғынан» дегендей, оның адамгершілік тұрғыдағы, жастайынан алған тәлім-тәрбиесінің ұнамдылық жақтары мен кемшін тұстары бойынан айқын көрініп тұрады. Соны жете түсініп, олардың көңілінен шығатындай, ризашылығына ие болатындай әдепті де әдемі қылықтарымен ерекшелене білу, әр келін үшін аса маңызды да қажетті қасиет.

Отбасындағылардың, туыстарының үлкенді-кішілерінің тілін тауып, байыптылықпен әңгіме жарастыра білетін, олардың көңіліне кірбің түсірмей, жарасымды қылықтарымен ерекшелетін келін, өзі де сол ортада үлкен сыйласымға ие болады. «Осы үйдің келіні жақсы екен» деген сөз есту, тек өзіне емес, бүткіл отбасына мақтаныш, зор мәртебе екенін жақсы сезіне біліп, соған барлық жағынан лайықты екенін әрдайым көрсетуге тура келеді.

Тағы бір ерекшелеп айтатын жайт, жас келіннің ұлтымыздың тәлім-тәрбиелік салт-дәстүрлерінен, халықтық әдет-ғұрыптардан, оның ішінде туыстық атаулар мен арақатынастық мазмұнынан, отбасына қатысты ырым-тыйымдардан терең хабардар болып, олардың тәрбиелік қағидаттарын жақсы ұғынуы; оларға мойынсұнып, іс-қимылын, мінез-құлықтарын шектеулер шеңберінде ұстай білуі; талап-шарттарын орындауда үлгілік дәрежеде болуы – тұрмыстық өмірінде аса қажеттілік дүние екені.

Мысал ретінде, қазақ халқының салттық әдемі ғұрыптарының бірі «келіннің сәлем салуын» айтуға болады. Ол жөнінде және тағы 2-3 ғұрып туралы танымдық жазбаларды жеке ерекшелеп бөліп, төменде беріп отырмын.

Келін бала өзіне байланысты болатын ырым-тыйымдарды сақтайды. Мыналар солардың біразы: Жас келін үлкендер отырған үйге кірмейді, олардың әңгімесіне араласпайды; Үлкендердің төріне шықпайды, ата-енесінің төсегіне отырмайды; Ата-енесінің, қонақтардың көзінше күйеуімен ұрыспайды, әзілдесіп ойнамайды және баласын да ұрсып-ұрмайды; Жұрттың көзінше жалаң басын, кеудесін, балтырын көрсетіп жүрмейді және омырауын ашып, бала емізбейді; т.с.с.

  1. Келіннің үй шаруасына икемділігі.

Бұл — әрбір қазақ қызының жастайынан үйреніп-меңгеріп бойына жинақтайтын, өзінің ғұмыры бойына аса қажет етілетін шеберлік қасиет. Үй іші шаруашылығында болып жататын алуан түрлі жұмыстардағы әйел адамның пысықтығы мен ширақтығы; ұқыптылығы мен тиянақтылығы; жинақылығы мен тазалығы, сол отбасындағы берекеліктің басты кепілі және басқаларға, өзінен кейінгілерге үлгілік түрде бағаланатын қасиет. Келіннің қанағатшыл, үнемшіл болуы да, қолында барын ұқыптап ұстай алуы да отбасындағы басқалардың көңілінен шығады.

Қазіргі заманда кімнің болса да, оның ішінде келіндердің де сыртта атқаратын жұмыстары, қызметі болады. Солай делінсе де, халқымызда қалыптасқан тәртіпке сай үйдегі жұмыстың ауыртпашылығы келінге тиесілі. Соған орай, заманауи келін бесаспап болуы, бәріне үлгеруі тиіс. Келін үйдегілердің бәрінен ерте тұрып, кеш жатады. Әрине, бұл жерде оған көп нәрсені жүре-келе үйренуге тура келеді. Бастысы – өзінің ниеті. Ол енесінен, инабатты саналатын абысындарынан, өздері ортасындағы үлгі етілетін келіншектерден үй шаруасын жүргізудің қыр-сырларын, тағы басқа да жақсыларын зердеге тоқып, өнеге тұтып үйренудің үлкен пайдасы болады. Олар келінді еңбекқорлыққа баулиды, шеберлігін шыңдайды, тәжірибесін молайтады, ал табиғатынан пысық қыз кез келген шаруаны тез меңгеріп, дөңгелетіп әкетіп жатады.

Солардың ішінде тазалық мәселесі алдыңғы кезекте тұрады. Келін үшін, әрқашан да үйі ішінің жинақы, ыдыс-аяқтың таза, төсек–орынның жинаулы, кірлердің жуулы тұруы, өзіне абырой әкелетін міндетті жұмыс. Олай болмаса, сырттың сөзі, ең алдымен, келінге тиеді, теріс пікірлер айтылады, сынның астында қалады. Жалпы, жаңа түскен келін туралы дұрыс та, теріс те сөздер ел арасында тез тарайды. «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» делінеді.

Үй шаруасымен жүріп, әйел адам өзіне де көңіл бөлуді ұмытпауы тиіс. Келін баланың өзінің тазалығына, сырт бейнесіне, киім сәніне немқұрайлы, салғырт қарауы еш жараспайды, кері жағдайда ол оның мәдениетінің төмендігі ретінде бағалануы мүмкін.

  1. Келіннің қонақжайлығы.

Қазақ халқының ерекше қонақжайлық қасиеттері әр келіннің бойынан табылып жатса, ол оның ақжарқындығының белгісі. Кім де болса үйге келген адамдарды, қонақтарды, ағайын-туыстарды әрдайым жылы шыраймен, жайдары көңілмен қарсы алу, құрмет етіп сыйластық көрсету – келіннің көргендігінің, мәдениеттілігінің белгісі.

Соған орай, қонақ күтудің ұлттық дәстүрлі жоралғыларына сай, ас мәзірінің көп түрлерін, қонақтарға берілетін сыбағалық тағамдарды біліп дайындау, дастархан жасаудың қыр-сырын молынан меңгеру, кімге болса да үлкен өнер саналады. Келіннің қолынан татқан ас, ішкен шай, кімге болса да тіпті дәмді көрінетіні есте болуы тиіс. Егер мұндай жөн білгіштік, ептілік, шеберлік келіннің тарапынан көрініп жатса, ол ағайын-туыстарынан, дос-жарандарынан, көпшілік ортадан лайықты оңды бағасын алады, құрметке ие болады. Қажеттілік болған жағдайда, оның көмегіне жүгініп, ризашылықтарын білдіреді, сый-сияпаттарын тартып жатады

  1. Келіннің ата-енеге сыйластығы.

Негізі, бұл келіндік қасиет алдыңғы кезекте айтылуы тиіс еді. Бірақ менің өзіндік пікірім бойынша, жоғарыда айтылған талаптарды меңгере алған, яғни өз күйеуіне-енесінің баласына адал болып, оны құрметтей білген; әдепті де ізеттілігімен ерекшеленген, халқымыздың отбасылық әдет-ғұрыптарын сақтай білген және үй тұрмысындағы жұмыстарды толығымен иіріп әкеткен жас келін, енесімен екі ортадағы оңды орнауы тиіс қарым-қатынастың алғышарттарының басым көпшілігін былай-ақ шешіп тастайды. Сондай қасиеттердің келінінің бойынан табылуы, ененің оған деген ризашылық сезімін қалыптастырады, сыйластығын арттырады.

Тек қана, бұл жерде келіннің ата-енесін құрметтеуінде еш жасандысыз шынайы ниеті керек. Күнделікті өмірде олардың қас-қабағына қарап, ашық жүрегімен жылы сөз айтып, көңілін аулай білген, өзінің туған әке-шешесіне дегендей мейірімді ықыласты, қамқорлық мен жанашырлықты сездіре білген, жақсылықтар мен азды-көпті сый-құрмет жасап отырған жас келіннің алдағы өмірде ұтары мол болады.

Мінсіз ешкім болмайды. Мүмкін болып жататын істегі қателіктерді, кемшін тұстарды, сәл де болса өрескілдік қимыл-қылықтарды тез түзетуге тырысу керек. Әсіресе, үй ішінде дауыс көтеріп, ұрыс шығару, «ыдыс-аяқты» салдырлатып жату, еш абырой әкелмейді, керісінше олар отбасында алдағы үлкен келеңсіздіктердің орын алуына әкеп соқтыруы мүмкін.

Тіпті, ата-енесі жағынан да кейбір тұрмыстық дүниелерде қажетсіз наразылықтары байқалып жатса, орынсыз кінәлаушылыққа барып, тіпті әділетсіздіктерге бой алдырса да, келіні ешқашан қарсы сөздерге, ерсілік қимылдарға жеткізбей барынша сабырлық жасағаны дұрыс. Ибалылық көрсетіп кешірімшіл болса, мейірімділікпен «үндемей құтылып» жатса, бір-екі реттен кейін отбасында ондай жағдайлардың қайталанбауына сеп болады. Ақылды, көрегенді ене өз артық кеткендерін тез ұғынып, жіберген кемшілігін түзей алады, келінінің де балалығын кешіре біледі. Сондықтан да, ене мен келіннің бір-бірімен тез түсінісіп, жақсы сыйласып, шаңырақтың шайқалмауын ойлауы – отбасындағы басты қағида болып саналады.

Көп өмірлік нәрселер де ененің ақыл-кеңестеріне жүгініп, құлақ асып, айтқандары іске асып жатса, онда оған келінді өз қызындай жақсы көру, ал келінге оны туған анасындай сыйлау дәрежесіне қол жетеді. Мұндай жағдай, өз кезегінде күйеуінің әйеліне деген құрметін, сыйластығын барынша арттырады. Осылайша отбасында жарасымды береке-бірлікті ахуал орнайды, үлкен-кішілерге үлгі болады.

Олардан өз балалары да тәрбиелік мәні зор, тағылым алады. Солайша бүгінгі жас жұбайлар, өздерінің болашақ қарттық өмірінің жарқын болуына негіз қалайды. Қазағымыздың «атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген сөз осыған мақсатталған. Міне, осы нақыл сөз, айтылған әңгімеміздің негізгі өзегі.

Келіннің сәлем салуы

Қыз баласы мен келінді тәрбиелеу жөніндегі ықылым заманнан бері келе жатқан қазақтың салттық ғұрыптарының ішінде ерекшеленіп тұратыны — келіннің сәлем салуы.

Келіннің сәлем салуы – жас келіндердің ата-енесіне, үлкендерге иіліп сәлем беруі, амандасуы, ізеттілік және құрмет көрсету дәстүрі

Бұл дәстүр — ұлттық құндылығымыз. Ол қазақ елінің біртұтастығын, биік мәдениетін, адами болмысын, тағылымды тәрбиелік мәнін өзгеге де, өзіне де барынша таныта білетін тарихи әдет-ғұрыптарының бірі.

Сол арқылы, қазақ халқы белгілі бір әулеттегі жарасымды сыйластық ортаны орнықтыруға, туыстық қатынастарды нығайтуға ниеттенген; ұрпағын әрдайым үлкенге тағзым, кішіге ілтипат көрсетуге баулыған; олардың бойына мейірімділік, бауырмалдылық, ізеттілік сынды асыл қасиеттерді сіңіруге мақсатталған.

Бұл дәстүрдің түпкі мәні мен басты мақсаты — үлкендерге деген құрмет. Сондықтан да, келін сәлем салу арқылы ата-енесіне, өзі жаңа түскен отбасының мүшелеріне, сол әулеттің үлкендеріне деген құрметін, ізет-ниетін білдіреді. Осы ғұрыптық ісі-қимылы арқылы өзінің инабаттылығы мен әдептілігін байқатады, туған отбасында алған тәрбиесінің дәрежесін көрсетеді. Егер ол, бұрын мұндай салтты көрмей-білмей өскен қыз болса және жаңа үйінде оның орындалуы талап етіліп жатса, көндігуіне, үйренуіне тура келеді.

* * *

Халқымызда сәлем салу салтының 3 түрі кездеседі.

  • Келіннің өз ата-енесімен, күйеуінің жақын туыстарымен амандасуы түрғысында атқарылады;
  • Белгілі бір той-қуаныштық шараларда, құдайы тамақ берілгенде, қонақтық отырыстарда үлкен ас еті желініп болып, ас қайырудың алдында, үйдің келіндерінің бірі келіп сәлемдік тағзым етіп табақты алып кетеді;
  • Біраз әйелдер қауымы арнайы жиылып, жаңадан келін түскен үйге барып, оның қолынан шай ішуге ниеттенеді Сондай кездерде жас келін қолындағы шайлы кесені ерекше нәзіктікпен, әдемілікпен, барынша сыпайылықпен ұсынатын. Оны отырғандар сәлем беруі деп қабылдайды., Ары қарай ризашылықтарын білдіріп алғыстарын айтады.

Келіннің сәлем салуы, оның қалыңдық ретінде алғаш босағаны аттап, өзіне «Беташар» жасалған кездегі көпшілікке сәлем салған кезден басталады. Содан ары, ол осы салтты дағдыға айналдыруға міндетті болған. Әрбір күннің таңатысында, өзіне міндетті саналатын күнделікті үй тірлігі жұмыстарына кіріспес бұрын, басында тартқан орамалы бар келін ата-енесіне тізе бүгіп, ыждаһаттылықпен сәлем салады.

Сәлем, сонымен бірге, ата-енесі алыс сапардан келгенде, үйге келген қонақтарға, туыстарының үлкендерімен кездескен сәттерде, басқа да жөн саналатын жағдайларда салынып жатады. Келіннің сәлеміне ие болған адамдар, «Өркенің өссін!», «Бақытты бол, балам!», «Көп жаса, қарағым» делінетіндей жақсы тілектер айтып, ризашылығын білдіреді. Туыстығы жақын қарт адамдар келіннің маңдайынан иіскеп, ізгілігін танытады, баталық сөздерін айтады.

Келіндер сәлемді ата-баба салтымен салады, бірақ ол орындалу тәсілі жағынан әр өңірде әрқалай орындалады. Мысалы, батыс жақтың келіндері қолын оң тізесінің үстіне қойып, сәл бүгіліп, иіліп сәлем салады. Ал оңтүстік өңірлерде ол дәстүр, «тәжім жасау» мағынасында және түрінде өтеді. Ол кезде сәлем беруші екі қолын кеудесіне айқастырып, иіледі.

Бұл жердегі әрі маңыздысы, сәлем салу қалай орындалса да, келіндердің шынайылығы, шын көңіл-ниеті.

 

Картинки по запросу сәлем беру салты

 

* * *

Қазақ салтында келіндерді сәлем салу салтынан босататын жағдайлар да ескерілген. Мәселен, күйеуі қайтыс болған келіндер оның жылын бергенше сол міндеттен босатылады. Оның өзі, «Келіннің басы төмен иілмесін! Беті ашық болсын! Қызымыздай бола берсін!» деп жанашырлық ниеттен туындайды. Бұл да қазақ халқының мәдениетінің биіктігінің, тәлім-тәрбиесінің тереңдігінің көрнекі үлгісі

Сол сияқты, екіқабат әйелге де сәлем салмауына рұқсат етілген. Ол бір жағынан аяғы ауыр келіннің ел көзінен сырт, еркін жүруіне мүмкіндік жасауды және оның жөнсіз иіле бермеуіне, ыңғайсыз жағдайға қалдырмауды ойлағандықтан шыққан. Екіншіден, бұл кезде келінді келешек ана ретінде құрметтей бастайды. Алайда, кейбір айтушылар жүкті әйелдерге де сәлем салу міндет екенін алдыға тартып қояды.

* * *

Қазіргі уақытқа келсек, сәлем салу салты еліміздің көптеген аймақтарында, мәселен, солтүстік, орталық, шығыс өңірлерде сирек кездеседі, тіпті мүлдем жоқ деуге болады. Олар тек үйлену тойларындағы «беташар» салтын атқарғанда ғана жасалынады.

Оны, негізінен, қазақылықтың мұрты бұзылмаған оңтүстік өңірінің халқы міндет ретінде берік ұстанады және батыс, Маңғыстау жағы елінде кеңінен көрініс табуда.

Егер елімізді тұтастай алып, сәлем салу дәстүрін атқару туралы нақтырақ айтсақ, шын мәнінде ол әр отбасында қалыптасқан өз ахуалына сай және оның үлкендерінің қалауына қарай шешіледі. Бұл жерде басқалардың араласуы, талап етушілігі жөн саналмайды.

Солай делінсе де, айтылатын бір жайт, еліміздің бүгінгі жұртшылығы арасында нақ осы «сәлем салу» салтын «ескіліктің қалдығы», «мүлдем қажеті жоқ», «тезірек ұмытыла берсін» деп санаушылардың көп еместігі. Осы ұлттық дәстүріміздің ерекше әдемілігі мен керемет құндылығын, жоғары тәрбиелік мәнін көпшілік жақсы түсінеді, мойындайды. Мәселен, қай өңірде болсын, орта буын азаматтары мен қарттары, өздеріне әйелдер мен келіндер жағынан сәлем алуды бой тартпайтыны, оны өздеріне мәртебе санайтыны және қолдайтыны анық мәселе. Олай болса, бұл дәстүрдің жойылып кетпей, қайтадан жаңғыруы, тамырының терең жайылуы үшін басты қажет шаруа — салттың түпкі тәрбиелік мән-мағынасын, озық үлгілерін бүгінгі жас буынға, өскелең ұрпаққа барынша түсінікті етіп насихаттау.

Ал ол бір керемет қиын жұмыс емес, оның заңдылық тұрғыда шешілуі еш қажет етілмейді, ерекше бір жағдайлар жасауды талап етпейді, ал оған қажетті мүмкіншілер жетіп артылады. Тек қана, оны жаппай қолдау мен қолдануда халқымыздың бойында бар енжарлық пен немқұрайлықтың басым түсіп, кедергі ететіні ғана. Соларды ысырып тастап, қауым боп жаппай қолға алынса, қалың жұрттың оған оңды бетбұрыс жасайтыны мүмкін дүние. Ең алдымен, барша ата-ана, енелер болып бүгінгі қыздарымыз — ертеңгі келіндерге салттың қажеттілігін санасына сіңіріп, өнегелік, үлгілік дүниелерді көрсете отырып, сәлем салуларын міндеттей бастау қажет деп пайымдауға болады.

 

* * *

Әр өңірдің сәлем салу үрдісін білесіз бе?

Телеканал Астана / Astana TV

 

* * *

«АТ ТЕРГЕУ»

Қазақ салтында әйелдерге, әсіресе жаңа түскен келінге күйеуінің, үлкенді-кішілі туыстарының есімдерін тура атауы əбестік саналып, ол тəрбиесіздікке, анайылыққа баланған. Сондықтан да келін солардың бәріне өзінше ат қоятын болған. Бұл дәстүрді «Ат тергеу» деп атаған және ол келіндердің міндеттік әдебіне жатқызған.

Ол шын мәнінде тәрбиелік мәні зор әдептілікті, сыйластық пен құрметті айқындап тұратын ғұрып болып табылады. Ал адамарға ұнамды, жарасымды ат қоя білу, өнерлікке, білгірлікке саналған. Соған қарап, қайын жұрты жас келіндерінің ақыл-ойы зеректігін, тапқырлығын, инабаттылығын байымдаған. Оны білетін келін де бұл талапқа үлкен мән беріп, туыстармен жақын таныса келе, олардың жас мөлшеріне, білімділігіне, беделіне, мінез-құлықтары мен сыртқы түр-тұрпаты, жүріс-тұрыстары ерекшеліктеріне орайластырып жарасымды ат таңдауға тырысатын. Олар жанамалық түрде астарлау сипатына ие болып жатады. Мысалы, теріп алынған мына біраз ғана атауларды солардың үлгісі ретінде байқауға болады: «Би ата», «ісмер əже», «емші апа», «мырза аға», «ақ жеңеше», «ұста аға», «ерке төре», «тентек бала», «тетелес», «сылқым қыз», «кенжетай», т.с.с...

Сол сияқты, тəрбиелі, ибалы келіндер, өз күйеуінің де атын атамай, оны құрметтеп, «сіз» деп, балаларының ортасында «əкесі» (қазіргі «папасы» деген сияқты), басқаларға біздің «отағасы», «қожайыны» немесе атын түрлендіріп «Бәкесі, Сәкесі» деп отыратын. Сол сияқты, күйеуінің құрдастарына да, жақын достарына да атаулар табатын. Жеңгелері жағы қайныларына әзілдік тұрғыдағы аттар да қоя беретін.

Жас келіндердің адамдар атын тергеуі, біріншіден, оны əдептілікке, адамгершілікке, өнегелікке, мәдениеттілікке дағдыландырса, екінші жағынан сол адамдардың өзіне деген сыйластығын, жанашырлығын, сүйіспеншілігін арттырады. Нәтижесінде, қоғамдық. үлкен ортада, оның ақыл-ойлылығы, біліктілігі айқындалып, беделін көтеруге, танымал болуына, сыйластығын кеңейтуге сеп болады.

Қазіргі уақытта бұл дәстүр өзінің бастапқы мәнісін жоғалтқандай күйде, қолдануы жоқтың қасы деуге болады. Ал оның бүгінгі рухани жаңғыру кезеңіндегі ахуалға сай ұлттық тәрбие жұмыстарында, әсіресе жастар үшін қажеттілігі үлкен өнегелік дүние болар еді. Біздің ойымызша, егер бұл дәстүрдің насихатталуы белсенді болып, үлгілік көріністері молынан орын тауып жатса, оны жаңғырту, жаңаша түрлендіру еш қиындық туғызбас еді.

 

* * *

Ат тергеу дәстүрі

Таңшолпан бағдарламасы

* * *

Ат тергеу салты

ONTUSTIK TV / Оңтүстік телеарнасы

* * *

Төркіндеу

Келін болып келген қыз, етек-жеңін жинап жаңа жеріне, қайын жұртына, ел ортасына үйреніп, сіңісе бастайды, олардың өз баласына айналады. Бұйырып жатса сәбилі болып, ана атанады. Содан кейін барып қазақ халқының салт-дәстүрі бойынша «Төркіндеу» деп аталатын міндетті жоралғы жасалады. «Төркін» деп, әйелдердің туған жұртын айтады.

«Төркіндеу» — жас келіннің ұзатылып келгеннен кейінгі төркін жұртына алғаш рет арнайы баруы

Бұл қайын-жұртының келініне деген ықыластығын, сыйластығын айқындайтын және құдалар арасындағы ағайындық қарым-қатынасты одан ары нығайтатын маңызы ерекше дәстүр.

«Төркіндеу» тек әйелдерге ғана арналған ғұрып. Ол — қыз баланың ата-ана алдындағы парызы саналған және үйленгеніне бір жыл өткеннен кейін ғана барып қайтуға рұқсат етілетін. Егер одан ерте барып қойса, ол жаман ырымға баланған. Тек, өлім-жітім, той-томалақ, ас беру болған жағдайларда ғана барып келуі мүмкін болған.

Бұл шектеудің терең тәрбиелік мағынасы терең. Өйткені, келін бала осы мерзімде «жаңа жерге бауыр бассын, отбасына үйренсін» және үйден ерте шығып жатқандай болса, ол «төсегінен суып қалады», жарына деген сүйспеншілігі кемиді деп ырымдалған. «Жаман қыз төркіншіл, жаман күйеу қайыншыл» делінеді. Және де, бұйырып жатса, осы уақытта келін сәбилі болады, яғни өз еліне «ыстық» болатын тұңғыш жиенін ала барады. Сонымен бірге, жас жұбайлар қастарына қайынсіңілі-қайныларын да ертіп алатын. Және де төркіндеткен қыз жөн-жоралғыларымен келеді, әулеттің үлкен-кішісіне сый-сияпаттарын келеді, ал күйеу бала, жағдайы болса, ат жетектей келетін. Сонда қыздың өз еліне сапарлауы мағыналы, жарасты болады.

Ел жағы төркіндеп келгендерге ерекше құрмет көрсетеді. Әке-шешесі ұзатылған қызының алғашқы төркіндеуін қуанышқа санап, ақ сары бас қой сойып, ағайын-туыыстарға, көрші-қолаңға кішігірім той жасайтын. Оларға арналған дәстүрлік тұрғыдағы төс, асық жілік тартылады. Өз кезегінде, қыздың туған-туыстары да оларды қонаққа шақырып, арнайы дастарқан жаяды, Құрмет-қошамет көрсетіп, қалаған заттарын тарту етеді.

Ата-анасы балаларының қайтарында олардың сұраған бұйымтайын беруі – міндетті шарт болған. Және де жағдайларына қарай қомақты сый-сияпаттар жасап шығарып салады.

* * *

«Төркіндеу» салты

"Сарқылмас қазына "

ONTUSTIK TV / Оңтүстік телеарнасы

 

* * *

ЕСІК КӨРСЕТУ

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Есік көрсету, есік ашар — жаңа түскен келінді күйеу жігіттің туған-туысқандары мен дос-жарандарының өз үйлерімен таныстыру мақсатымен қонаққа шақыру рәсімі.

Келін келген жеріндегі үлкен-кіші, ағайын жұртымен осылайша жақындасып, араласа бастайды. Осы рәсім арқылы келіннің үлкен кісілерді, кімнің кім екенін танып-біліп, оларға құрмет көрсетуіне жол ашылады. Есік көрсету рәсімі арқылы келіннің елмен таныс-білістігі артады, туыстарының жай-жапсарын толық ұғады. Кіммен қалай қарым-қатынас жасау керектігінің жөн-жосығын аңғарады.

Есік ашқан келінді ақ басты аталар, ақ жаулықты аналар құрметтеп сыйлайды, сынай қарап тағылымды тәрбие береді, өмірдегі берекеге шақырады. Есік ашарға шақырылған келін құр қол бармайды, өз тойына келген жасаудан көйлек-көншек ала барады. Үлкендерді сыйлап алдынан өтпей, албаты сөйлемей әдептілік танытады, сыпайылық, сылықтық көрсетіп, жақсы жағымды келін екенін көрсетуге тырысады.

 

 

Құрметті оқырман!

Осы мақаламен сайтымда ашылған «Қазағымның салт-дәстүрлері» деген тақырыптағы бөлімінің тағы бір үлкен (2-ші) тарауын аяқтап отырмын. Оларда қазақ халқының өз балаларын үйлендіруге байланысты ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі ғұрыптары кеңінен сөз етіліп, танымдық жазбалар берілді. Осылармен танысқан барлық оқырмандарыма ризашылығымды білдіремін!

Бұйырса, таяу мерзімде оларды тағы да реттеп, әлі де толықтырып электрондық кітап ретінде дайындайтын боламын.

Үлкен ізетпен Серікбек ағаларың Серпербаев

 

 

 

Автор публикации

не в сети 1 день

admin

0
Комментарии: 2Публикации: 93Регистрация: 11-07-2018
Обновлено: 22.11.2019 — 17:26

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *