«Қазағымның салт-дәстүрлері» (24)

«ҚАЗАҒЫМНЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ» (24)

ҮЙЛЕНУ ТОЙЫ

Бұл жолғы парақта қазақ халқының той-мерекелік шараларының ішіндегі ең маңыздысы, ең салттанаттысы, шоқтығы биік бірегейі саналатын «ҮЙЛЕНУ ТОЙЫ» және олармен бірге атқарылатын САЛТТЫҚ ҒҰРЫПТАР туралы танымдық және бейнелік жазбалар беріліп отыр.

Сонымен бірге, бүгінгі таңда сол тойларға дайындалудың алғашқы сәтінен бастап, толық өткеріп шыққанға дейін қажетті деп саналатын шаралар тізбектеп беріліп отыр. Және де үйлену тойларын өткізудегі оғаш саналатын әдеттер мен көріністер туралы да айтылады.

Олардан той өткізуге ниеттенген адамдар өздеріне ескеретіндей және көмек болатындай біршама пайдалы кеңестер ала алады. Танысыңдар!

 

КІРІСПЕ ОРНЫНА

Алдымен әдеттегідей тақырыптық әсем ән тыңдап алыңдар. Оған қазақтың тойларының «гимні» «Той жыры» таңдалды

«Той жыры»

Орындаушы: Дос-Мұқасан

әні: Д.Сүлеевтікі; сөзі: Х.Сыдықовтікі

Махаббаттың құдірет күші әлдилеп,

Екі жастың табыстырған жүрегін.
Жастық жалын, асыл арман, ақ ниет,
Бақыт сыйлап ұсыныпты гүлдерін.
Қайырмасы:
Той үстінде тәтті күндер, тәтті күндер,
Жас жұбайлар шат күліңдер, шат күліңдер.
Ән салайық, би билейік, би билейік,
Шарықтасын шаттық үндер, шаттық үндер.
Бірге аттанып болашаққа, өмірге,
Тікті бүгін ортамызға отауын.
Қуаныш пен бақыт орнап көңілге,
Тойламаққа келді бүгін көп қауым.
Қайырмасы.
Жас шаңырақ болсын бақыт бесігі,
Жас жұбайлар, құтты болсын тойларың
Кең ашылсын болашақтың есігі,
Орындалсын арман, тілек, ойларың.
Қайырмасы.
Той үстінде тәтті күндер, тәтті күндер,
Жас жұбайлар шат күліңдер, шат күліңдер.
Ән салайық, би билейік, би билейік,
Шарықтасын шаттық үндер, шаттық үндер.

ҮЙЛЕНУ ТОЙЫ

Бұл тақырыптағы әңгімені сәл алыстан бастасақ, жаратылыс күшімен жер бетінде тіршілік иесі ретінде адам баласының пайда болған сәтінен бастап, оның ерлері мен әйелдері бір-бірімен жұп болу табысуы, бірге ғұмыр сүріп ұрпақ жалғастыруы табиғи құбылыс және өмір заңдылығы болып қалыптасқан. Соған орай, адамдардың отбасын құруы — әр мемлекеттің, қандай да болсын қоғамның негізі болып табылады. Қазағым оны «Отан отбасынан басталады» деген.

Қазақ халқының әр отбасы үшін, ата-аналар үшін, ер жеткен ұлдары мен бойжеткен қыздарының өз теңін тауып үйленуі, жеке үй болуы, әрқашанда ең басты арман-тілектерінің орындалғаны ретінде қабылданады. Үлкен қуанышқа бөленген олар, ары қарай, өздерінің ата-аналық парызы саналатын балаларының үйлену тойын атқару қамына кіріседі. Оны сән-салтанатпен думандатып, жастардың естерінде қаларлықтай сәнді мереке ретінде өткізуге барынша тырысып бағады.

Үйлену тойы — көңіл-ниеттері жарасып некелескен екі жастың жаңа отау құруына байланысты жігіттің жағында ұйымдастырылатын тойдуман.

Мұны келін түсіру тойы деп те атайды.

Үйлену тойы — қазақ халқының ықылым заманнан қалыптасқан барлық той-мерекелік салт-дәстүрлерінің ішіндегі ең маңыздысы, ең салттанаттысы, шоқтығы ерекшеленіп тұрған бірегейі. Осы тойлар арқылы қазақтың ұлттық болмысын, небір асыл қасиеттерін, сан-алуан дәстүрлік әдет-ғұрыптарының терең тәрбиелік мәнділігін барынша тануға болады. Әрине, олар атқарылуы жағынан замандар ағымына қарай, оның кезеңдері талаптарына сай өзгеріліп жатса да, ұрпақтың жарқын болашағына бағытталған, мән-мағыналық қағидалары сақталған берік өмір салтына айналған.

Енді соларды, соңғы екі ғасырға орайластырып сөз етейік.

* * *

Бұрындарғы дәстүрлі қазақ қоғамында, қалыңдық елінде өзіне тән салт-ғұрыптарымен өткізілген қыз ұзату салтанаты, арасы көп үзілмей ұл жағындағы олардың үйлену тойына жалғасып жатады. Оған барлық ағайын-туғандар, бүткіл ауыл болып дайындалған.

... Өткен мақалада айтылғандай, «қыз көші» деп басталған, одан ары «келін көшіне» айналған керуен жігіт еліне жақындайды. Сол кезде күйеу бала жанындағы достары ауылдарына ертерек жетіп, тосушылардан сүйiншi сұрайды. Жiгiттiң жеңгелерi, тағы біраз қыз–келіншектер жасаулы көштің, құдалар тобының алдынан шығып қарсы алады, шашу шашады... Көш бастаған түйенің бұйдасынан алып ауылға жетектеп әкелген әйел, “мұрындық апа” атанып, тиісті сый-сияпатын алады.

* * *

Жас келінді аттан түсіріп, оның бетіне өздерімен алып келген шымылдықты жабады. Олар ауылға жаяулатып келеді. Келінді беті шымылдықпен бүркемеленген күйде қайын атасының үйіне кіргізеді. Ол жерде, келіннің «мінезі жұмсақ, көңілі ақ болсын» деген ниетпен алдын-ала аяқ астына ақ киіз төселіп қойылатын. Келін үлкен шаңырақтың босағасын оң аяғымен аттап кіріп, атасы мен жиналғандарға үш рет тізе бүгіп, иіліп сәлем береді. Үлкен үйдің құрметіне деп, қалыңдық атасының иығына шапан жабады. Оған атасы: “Көп жаса қарағым, бақытты бол!” деп рақмет айтып батасын бередi.

 

Сонан кейін, ошақтағы отқа май құю рәсімі жүргізіледі. “Жаңа түскен келініміздің мінезі жұмсақ, биязы болсын” деген ырыммен, оны от басына төселген тулаққа отырғызады. Ол қолына әйелдердің біреуі берген ыдыстағы майды “От Ана, Май Ана, шапағатыңмен жарылқай көр”- деп отқа тамызады. Алақанын от жалынына қыздырып, бетін сипайды маңдайына тигiзедi.

Бұл дәстүрдің шығуын ерте замандармен байланыстырады. Мұндағы «От-Ана» — қазақтардың мифологиялық кейіпкері, ал «Май-Анамыз» — жақсылық жаршысы, аспан шамшырағы, Күн бейнелі Ұмай Анамыз. Осындай рәсім күйеу жігітке де жасалады.

* * *

Бұл кездері ауыл адамдары жүкті түсіріп, қалыңдық жағынан әкелінген ақ отауды “қара шаңырақ” - әке үйінің оң жағына тігеді. Жас отау шаңырағын көтеру құрметіне балалы-шағалы, елге аса сыйлы ана ие болады. Отау дайын болған соң, үлкен үйдегі жас келінді алдыртады. Оны кiргiзерде енесi шашу шашып, алдын-ала төсекке құрылып қойған шымылдық iшiне кіргізіп отырғызады, бата береді. Көршiлес адамдар келiп, шашу шашады, ізгі тілектерін айтып құттықтайды. Өз кезегінде, олар «қыз ұзатылу тойы» дастарқанынан сарқыт ретінде «келін көшімен» бірге келген дәмнен ауыз тиедi. Ол келiннiң дастарқанының алғашқы ақ дәмi саналған және де жаңа түскен келiндi жаңа ортаға қабылдау рәсімін атқарған. Келінді қарсы алған жас келіншектерге әртүрлі сыйлықтар үлестіреді.

Осы уақыттарда «үлкен үйдегі» қонақтарға тартылған астан, жастарға делініп үлпершек, төс салынған сыбаға табақ келіп жетеді. Ол “үбірлі-шүбірлі бол, қайын жұртыңа тастай батып, судай сің” деген ниетті білдіреді. Жас келін тағамды сәлем етіп қабылдайды, өзі ауыз тиіп, жанындағыларға да дәм татқызады.

* * *

Тамақ ішіліп болған соң, жиналған қауым алдында “Беташар” салты атқарылатын. Оған дейін шымылдық ішінде отырған келінді басына орамал жауып, екі абысыны ел алдына алып шығады. Және де «малды болсын» деген ырыммен, мал терісінің үстінде келінді екі жағынан қолтықтап сүйеп ұстап тұрады. Беташарды алдын ала келісілген суырып салма ақын жігіттердің бірі айтады.

Беташар – жаңа түскен қалыңдықты қайын жұртымен таныстыру, оған ақыл-кеңестер айту жыры.

«Беташардың» сөздері екі бөлімнен құрылып жырланады. Басындағысында, келінге келген жеріндегі қайын атасы мен енесінен бастап, жақын туыстарының бәрін ағайындық жағын, адами қасиеттерін ақындық әдемі сөздермен, әзіл-қалжыңдарын да араластыра отырып жеке-жеке таныстырады. Ол кезде келін әрқайсысына иіліп сәлем беріп тұрады.

Сәлем алған әр адам, жас келінге беретін сый-сыяпатын атайды. Ауқаттылары көрімдік ретінде жас келіннің еншісіне деп, мал не құнды заттар, бұйымдар атайды. Бұл жерде жаңа үйленген жастардың «малды болып», «тезірек аяқтарына тұрсын», «ел қатарлы үй болсын» деген мақсат-ниет жатады.

«Беташардың» келесі жартысы “Айт, келін” деп басталады. Онда жас келінге «келіндік әдептерді сақта, елге өнегелі бол, үлкен мен кішіні сыйла, еріншек болма» деген мағынадағы ақыл-кеңестер, ғибрат өсиеттер айтылады.

Ақын жігіт «беташар» айтып болған соң, қолындағы үкілеген домбырамен, не ақтық байлаған қамшымен шымылдығын көтеріп келіннің «бетін ашады». Әйелдер шашу шашады, келінді демеп тұрған жеңгелеріне «келін көрімдігі» беріледі. Беташар айтқан ақын жігітке ат мінгізіп, шапан жабады. Ол, “келіннің бетін кім ашса — сол ыстық” дегендей, той иелерімен сыйласып, жақын туысындай болып араласып кетеді.

Осы уақыттарда үйлену тойының тағы бір жауапты, ең маңызды кезеңі – қыз бен жігіттің некесін қию өткізіледі. (Ол жөнінде өткен мақалада айтылған болатын).

Беташардан соң бүкіл ауыл жастары жиналып, түнімен ойын-сауық құрады. Үлкендер отырған үйде ақындар айтысып, жыр-термелер айтылады, әңгіме-дүкен құрылады

* * *

Ертеңіне келін түсіру тойы өткізіледі. Ол “той бастар” жырымен басталады.

«Той бастар» – қазақтың қыз ұзату, үйлену, тағы басқа да тойларында, қуаныштық бас қосуларында айтылатын тұрмыс-салттық өлең-жыры.

«Той бастар» өлеңінің кұрылымы, көбінесе қара өлең түрінде, жыр үлгісінде болады. Мазмұны той иелерін кұттықтау, жастарға ізгі тілек, ақыл-кеңес айтуға саяды. Мәтіндері жаттанды да болады, ойдан суырып шығарып та айтыла береді. Оны жеке адамға да айтқызады, жиналғандар бірігіп те жырлайды.

Егер жігіт жағы ауқатты адамдар болса, онда той үлкен салтанатпен, қазақтың бар салт-ғұрыптарымен өткізіледі. Барынша думандатылып, өнер жарысына, ән-күйлерге толы болады, ұлттық той ойындары жүргізіледі. Оған қатысушыларға қомақты сый-сияпаттар таратылады.

Той соңына қарай қалыңдықтың басындағы сәукелесі алынып, жаулық тартылады, екі бұрымының ұшы біріктіріліп шолпы тағылады. Бұл жаңа түскен келіннің жарымен бірге жаңа өмірге аяқ басқаны, оның күйеуі бар әйелдер қатарына қосылғандығы болып есептеледі

Той аяқталғаннан кейін, құда мен құдағиларға киіт кигізіп, ат мінгізеді, ауылдарына үлкен сый-сияпаттармен, құрметпен шығарып салынады.

* * *

Қазіргі кезде де, отбасын құрған екі жастың үйлену тойы, өздері үшін де, олардың ата-анасы мен жақын туыстарына да ерекше күтілетін мерекелік күн. Той туралы әңгіме басталысымен, барлығы оның дайындығына жұмыла кіріседі. Жастар тойының жоғарғы деңгейде ұйымдастырылып, ерекше сән-салтанатпен, көңілді өткеніне, оған қатысқан қонақтардың ризашылығына ие болуға барынша тырысып бағады.

Бұл тойларда да, қазақтың бұрыннан қалыптасқан әдемі салттық ғұрыптары (жоғарыда айтылған) атқарылады, Әрине, олар бүгінгі өмір талаптарына, көпшіліктің талғамына және уақыт мүмкіндіктеріне сай, жаңа мазмұнымен, жаңарған заманауи сипаттағы әдемі көріністермен, ойын-сауық түрлерімен ерекшеленеді.

Ал олардың өткізілу тәртібін, оқырмандарға бұл мақалада сараптап талдаудың, тәптіштеп айтудың қажеті жоқ деп санадым. Өйткені, әрбір «иісі қазақ» мұндай тойлардың тұрақты қатысушысы, өздері де талайларын атқарғаны анық.

Солай десем де, түсіріліп ғаламторға шығарылған үйлену тойлары бейнежазбаларының шағын бірін назарға ұсынып отырмын. Тамашалаңдар!

* * *

Үйлену тойы

«Шуақ» ән-би тобы

Мерей Бактыгали

* * *

Ал ары қарайғы әңгіме, сол тойларға дайындалу жайына, оның алғашқы сәтінен бастап, толық өткеріп шыққанға дейін қажетті шараларды тізбелеп көрсетуге арналады. Одан той өткізуге ниеттенген адамдар өздеріне біршама көмек болатындай, дайындыққа қажетті дүниелерді ескеретіндей кеңестер ала алады.

 

 

ҮЙЛЕНУ ТОЙЫНЫҢ ДАЙЫНДЫҚ ШАРАЛАРЫ

 

Сонымен балалар үйленетін болды! Енді оның дайындық шараларына кірісеміз. Сонда неден бастауымыз, қандай жұмыстар атқарылуы, кімдерден қандай көмек керек? Олай болса, төмендегі жазбаларға назар аударыңдар!

* * *

  • Тойға дайындалу және оны өткізу жоспарын жасау.

Ең алдымен, отбасы мүшелерімен кеңінен ақылдаса отырып, тойға дайындалуға байланысты атқарылар шаралар ауқымын жоспар түрінде (жазбаша түрде) белгілеп алған жөн. Олардың әрқайсысының орындалу мерзімін, онымен кімдер айналысатынынын айқындап көрсетіңіз. Сонда олар ертеректен жауапкершілігін сезініп, тыңғылықты атқаруға тырысады.

Жоспардың ең басты бөлімі — тойға қажетті заттардың мен оны атқаруға қажет етілетін қызмет түрлерін тізімдік түрде анықтау керек. Сонда ғана, тойдың басынан аяғына дейін қажет етілетін қаржылық шығындардың толық есебін (сметасын) дайындау мүмкін болады. Сонан кейін барып оларды өз қаржылық қорыңызбен, «қалтаңызбен» салыстырасыз, сәйкестіресіз. Егер қаржыңыздың жетімсіз болғанын байқасаңыз, оны толықтыру жолдарын іздейсіз (қарызға іздеу, несие алу сияқты).

  • Қонақтар санын анықтау.

Тойға шақырылатын қонақтар санын анықтап алған дұрыс. Себебі, одан кейін атқарылатын дайындық жұмыстарының оңды болуы соған байланысты. Олардың жалпы тізімін жасағаннан кейін, оны құдалар жағы, туыстар, дос-жарандар, көршілер, қызметтестер, жігіт пен қалыңдықтың достары делінетіндей топтарға бөліп қойған дұрыс. Сонда шақыру билеттерін дайындау, кейін қонақтарды столдарға ретімен отырғызу, «тойбастар» тарату сияқты шаруаларды жасағанда өте қолайлы болады. Адамдардың жалпы санын мейрамханадағы орындардан 10 пайыздай артық жасап, оларды қосымша тізім ретінде белгілеп қойып жатады. Өйткені, тәжрибе көрсеткендей шақырылғандардың біразы әртүрлі себептермен келмеуі әбден мүмкін. Қонақтардың столдарға орналасу тізімі жасалып, той күні ілініп қойылады.

  • Той күнін және уақытын белгілеу.

Той өткізетін күнді анықтау, ең алдымен оны дайындауға қажет етілетін уақытқа байланысты болады. Оны келін жақтағы құдалармен де ақылдасады. Өткізілетін жыл айын таңдағанда, көбінесе, жаз бен күз мезгілдері дұрыс саналады. Ал қаңтар мен мамыр айларынан «қазекең» мен орыстардың ырымына сай қашқақтайды.

Апта күнін анықтаған да шақырылатын қонақтарға ыңғайлығы ескеріледі. Ол негізінен демалыс күндеріне, жұма күнінің кешіне белгіленеді. Кейде, амалсыздан жұмыс күндерінде де өткізуге тура келеді. Басталу сағаты да кешкі мерзімге белгіленеді, ал демалыс күндері, ыңғайы келіп жатса түс ауа да бастай береді.

  • Той өткізетін орынды анықтау.

Бұл күндері қала да, ауылда болсын, тойлардың бәрі мейрамханада өтеді. Соған орай, тойға дайындық мейрамхана іздеуден басталады. Оны 2-3 ай бұрын бастайды, себебі қазіргі уақытта тойды белгілеген күнге бос мейрамхананы табу оңайға түспейді. Оны біраз іздеп, тер төгуге тура келеді. Рас, бұл күндері оларды ғаламтордағы хабарламалардан жедел тауып алып, онлайн түрде алдын-ала байланысуға болады. Содан кейін, ол жерге арнайы барып, барлық мәселелер толық келісіледі.

Әрине, той өтетін орынды нақты таңдау - шақырылатын қонақтардың санына және той иелерінің қаржылық «қалтасына» тікелей байланысты.

  • Тойдың ас мәзірін анықтау.

Бұл той дайындығының ең басты жұмысы. Бұрындары ол той иелерінің отбасына, жақын туыстарына түсетін салмақ, үлкен жауапкершілік және қиындығы мен ауыртпашылығы мол жұмыс болатын. Қазір ол таңдалған мейрамхана арқылы толығымен атқарылады. Тек, жан-жақты ойластыра отырып, ас мәзіріне тапсырыс берсе болғаны. Рас, кейде асқа жұмсалатын қаржы көлемін жеңілдету мақсатында, мейрамханамен келісіп тағамдар дайындалатын мал етін, бақшалық өнімдерді, жеміс-жидектерді, тәттілерді, сусындарды, арақ-шараптарды сырттан әкеліп жатады. Тойға дайындалатын тортты да қай жерге тапсырыс беретіні және әкелуі есте болуы керек.

  • Асабаны, той жүргізушілерді анықтау.

Әр тойдың көңілді, қызықты және ұйымшылдықпен өтуі, оның жүргізушісі – асабаға байланысты болады. Оның шешендігі мен тапқырлығы, әзіл-қалжыңдарға толы сөз байлығы, тәжірибесі мен біліктілігі, адами мәдениеттілігі – әдемі өтер, жағымды әсер етер, ұзаққа есте қалар тойдың басты кепілі.

Бұл ретте, той иелері, ең алдымен, өздері жақсы білетін, таныс не бұрындары байқап ұнатып жүрген асабаларға қолқа салады. Ал қаржылық жағдайы көтеріп жатса , елге жақсы танымал, «мықтыларының» арасынан іздеп-тауып жалдайды, кейде олар бірнешеу болып та жатады. Әншілер мен бишілерді таңдау да сол сиқты.

Соңғы жылдары әр жерлерде, әсіресе, қалаларда тойларды дайындау мен өткізуге байланысты барлық шараларды кешенді түрде атқарумен айналысатын арнайы той орталықтары көптеп құрылуда. Соларға тапсырыс беру арқылы, «бір терезеден» асабаны да, әнші-бишілерді де, шоу көріністерін жасаушыларды да анықтап келісуге болады. Бұл жерде де, тек «қалта» көтерсе болды.

  • Тойды өткізу тәртібі (сценариі) туралы.

Той өткізудің ұтымды тәртібін жасау, оның ойлағандай жақсы өткізудің кепілі. Сондықтан да, оны жасауға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Оның мәнді де қызықты болуы, жаңа айтылғандай, той асабасына, оның біліктілігі мен шеберлігіне байланысты. Алайда, той иелері көбіне бұл жұмыстағы еркіндікті, «тізгінді» сол асабаларға толығымен беріп қояды. Содан барып бір өңірдегі тойлар бір-бірімен ұқсас, бірсарынды, жаттанды жолмен өткізіліп жатады.

Сондықтан да, той өткізудің мазмұндық тәртібімен (сценариі), ойындар мен шоу бағдарламар түрлерін, олардың реттілігін той иелері өздері алдын — ала танысып барып, келіскен дұрыс болады. Бұл жерде той қонақтарының жалпы құрамы ерекшеліктеріне қарай, солардың көңілінен шығатындай мәдениетті, іш пыстырмайтындай көңілді, еш дарақылыққа жол берілмей өтетіне көздері жетуі керек. Оларға қонақтарды да қызықтыра белсене тартатындай, жаңа нұсқаларын ұсынып, тың ойлармен толықтыруға мән берген жөн.

  • Той киімдерін дайындау.

Жұбайлық өмiрлерiндегі алғашқы және бiр-ақ рет болатын үйлену тойында екі жастың, әсіресе қалыңдықтың барынша әдемі киінгісі келетiнi әбден түсінікті. Қалыңдықтың киген көйлегiне тойға қатысушылардың бәрінің назар аударатыны да белгілі. Соған орай, жастардың тойға киетін киімдерін аса ыждағаттылықпен дүкен — базарлардан, арнайы салондардан іздейді. Кей жағдайларда, олардан жалға алып та киіп жатады. Не арнайы тапсырыс беріп тіктіреді.

  • Шақыру билеттерін дайындап тарату.

Қазіргі кезде шақыру билеттерін неше түрлі формаларда дайындауға болады. Оларды сататын арнайы сауда нүктелері, полиграфиялық орындар да жеткілікті. Оларды дайындап алғаннан кейін, шақырылатын қонақтарға ертерек тарата берген жөн. Сонда олар той күніне келу үшін басқа шаруаларын реттей бастайды.

  • Тойхана ішін безендіру.

Бұрындары той өтетін орынды сәндеумен білгендеріне, талғамына, мүмкіншілігіне қарай той өткізушілері өздері айналысатын. Қазір залды шарлар мен гүлдерден әдемілеп безендірумен, тақырыптық баннер-плакаттармен, стендттік көрнектілерімен әсемдеп жабдықтаумен шұғылданатын арнаулы орындар көмегіне жүгінуге болады.

  • Той өткізілуін естелікке бейнелеу.

Бұл жұмыс тойға дайындалудың тағы бір маңызды бір бөлігі ретінде қарастырылады. Бұрындары тойға тек фотоға түсірушілерді шақыртып жатса, соңғы жылдары оның өткізілу барысын бейнетаспаларға түсіріп, артынан естелік бейнеальбом жасатуға тапсырыс берілетін болды. Соған орай, шебер операторлар мен фотоға түсірушілерді де алдын-ала анықтап, олармен келісіп қойған дұрыс. Немесе, ол міндетті той орталықтары қызметіне енгізіп қоюға да болады.

  • Некеге тұру мәселесі.

Бұл мәселені үйленетін жастар, ата-аналары өз қалауларына қарай шешеді. Оны той өткізуге араластырмай, ертерек АҚАТ мекемесінде тіркеліп, жеке өздері атап жатады. Бұрындары неке қию рәсімі сол мекеме қызметкерінің қатысуымен той үстінде (әсіресе, ауылдық жерлерде) атқарылып жататын, тіпті болмаса неке куәліктерін әкеп тапсыратын. Бүгіндері оны дәл той өтетін күні Неке Сарайында (бар болса) атқаруға ыңғайлайды. Солай болған жағдайда, некеге тұру өтінішін ертерек беріп, нақты күнін келісуге тура келеді. Некеге тұруға куәгерлік ететін жігіт пен қыздың достары да ертерек ескертіліп қояды. Неке қиылғанда екі жастың бір-біріне тағатын жүзіктері де дайын болуы керек.

Сол сияқты, ресми тұрғыда АХАТ бөлімінде тіркелумен қатар, некені діни жолмен мешіттерге барып қидыру да кең өріс алып келеді.

  • Сұлулық салондарын таңдау.

Әр қалыңдық тойға жақсы киініп барумен бірге, ол жерде әдемі, сұлу болып көрінуге тырысады. Ол үшін щебер мамандар көмегіне жүгінеді, не арнайы сұлулық салонында болып түр-әлпетін әрлетеді. Макияждар жасатады, шаштарын, кірпіктерін әсемдейді, тырнақтарын боятады. Ең бастысы, оларға баратын нақты уақытын ертерек келісіп қою керек.

  • Той серуені, оған көліктер дайындау.

Бүгінгі күндері үйлену тойларын автокөліктерсіз елестету мүмкін емес. Үйленген жастар мен оның достарының қаланың, не өңірдің көрікті жерлері мен саябақтарын аралап, ескерткіштерге барып тағзым етуі, суретке түсулері қалыпты дәстүрге айналған. Ол үшін жақын туыстардың, достарының дұрыс автомашиналары жинақталады. Сонымен бірге, бұл күндері сәнді безендірілген лимузиндерден бастап қымбат маркалы көліктерді жалға беретін арнайы автомекемелерге де тапсырыс беруге болады. Жастар автосеруенге шыққанда, оларға берілетін жеңіл тағамдар мен сусындарды ойластырып қоюға тура келеді.

Сонымен бірге, той иелері мен оны дайындаушыларға, шаруашылық жұмыстарына қажетті және той кезіндегі «кезекшілік» көліктер де нақты белгіленгені дұрыс болады.

— «Тойбастар» және басқа той сыйлықтарын дайындау.

Қазақтың кез келген тойының шарықтау кезеңі мен басты кәделі ғұрпы – «тойбастар» тарату. Онсыз той тарқамайды, оны ырым етіп алуға той көпшілігі тосып отырады, оны алушылар тойбастар құндылығына назар аударады. Сондықтан да, той иелері оған енгізілетін заттарды — көйлектік маталар, жейделер, шағын сувенирлердің тізімін жасап, қажетті көлемде ертерек сатып алып жатады. Және де олар реттеліп, қазіргі кезде неше түрлі үлгілерде жасалған «қоржыншаларға» бөлініп салынып қойылса, той кезінде оларды еш қарбалассыз таратуға болады.

Тура сол сияқты, тойда өткізілетін ойындарға қатысушыларға таратылатын сыйлық заттардың да ерте дайындалып ретттеліп қойылғаны жақсы.

  • Той қонақтарын күтіп алу.

Той күні құдаларды және басқа қонақтарды қарсы алуға да дұрыс көңіл бөлінгені жөн. Сондықтан, отбасы мүшелерінен, жақын туыс жастардан қонақтарды қарсы алатын, орналастыратын, сыртқы киімдерін ілуге қабылдайтын және тойдағы тағы басқа да қажетті қызметтерді көрсететін адамдарды ойластырып қою керек.\

  • Тойға қажетті басқа да заттарды дайындау

Тойды өткізу барысында ұсақ –түйек саналса да, қажеттілігі болып қалатын басқа да заттарды ортақ тізімге енгізіп, түгендеп дайындап қойған дұрыс. Мысалы, қалыңдық гүлі, ине-жіп, шүберектік маталар, артық ақша, т.с. сияқты дүниелер...

Мына төмендегі бейнежазба осы айтылғандарды біршама толықтырады:

Үйлену тойы

Телеканал Алматы

 

* * *

Сонымен той өтті. Ол қалай болды, қонақтар риза болды ма, қай жерде ақаулық орын алды? Бұл тойдан кейінгі үйдегі бас қосу отырысының әңгімесі.

Ал мен, ары қарай бүгінгі таңда еліміздің әр өңірінде өткізіліп жатқан үйлену тойларына байланысты ел арасындағы әңгімелерде айтылатын, баспасөздегі мақалалардан, ғаламтордағы жазбалардан байқаған және өзімнің де айтар біраз сын-пікірлік, ұсыныстық жайттармен бөлісе кетейін:

  1. Қазақтың тойларын өткізуде әрдайым орын алып жататын ысырапшылдық, даңғойлық туралы. Ол бұрындардан үнемі айтылып та, жазылып та келе жатқан, алайда, шешімі табылмаған «сақалды» сұраққа айналды. Көбіміз оны қазақтың қанына біткен дарқандығына, қонақжайлығына немесе «барымыз тойға шашылсын» деген жалған намысшылдыққа байланыстырамыз. Шындығында, қазіргі той атқару біреулер үшін бәсекелік, бәйгелік сипаттағы өздерінің байлығын, астамшылығын көрсетудің ыңғайлы сәті болса, қарапайым көпшілікке басқаларға «ұятта қалмас» үшін қарызданып-тыраштанып жасалатын, «артын ашатын» мереке екені жасырын емес.

Иә, Оны барлығымыз жақсы білеміз. Түсінеміз, алайда...?. Мүмкін, көрші өзбек елінде қолға алынған, той өткізудегі артықшылықтарды заңдылықпен шектеу нәтижелігін байқауымыз керек шығар?

Түптеп келгенде, бұл мәселе той иелерінің өз міндеті, шешімдері болатындықтан, әзірге өздерінің ырқында қалып жатады.

  1. Тойға қонақтардың кешігіп келуі әдеті. Бұл қазір қалаға да, ауылға да тән жағдайға айналған. Байқасақ, барлық тойларда шақыру билетінде көрсетілген уақытпен жастардың тойдағы орындарына жайғасу арасы 2,5 сағатқа дейін созылады екен. Енді мұны халқымыздың қасиетіне телуге еш болмайды. Бұрындары халқымыз алыс қашықтықтан артынып-тартынып, ат сабылтып шақырылған тойларға ертерек келіп жайғасып жататын. Ал бүгін бұл жаман әдет, «қазекемнің» өздері де мойындайтын, басқа халықтар күлкіге айналдырған ауруға шалдыққаны шындық.
  2. «Беташар» салты туралы. Қазақтың бұл әдемі салты, өткен ғасырдың ортасынан тойдың «өзінің» беташар сәті, яғни той басталысымен екі жасты ортаға шақырып жасалатын «жаңаша әдетке» айналған еді. Енді байқасақ, оның мүлдем теріс екендігін көреміз. Бұрындарғы дәстүр бойынша, жоғарыдағы мақалада айтылғандай, әкелінген қалыңдық ешкімге көрінбей жеке отаудағы шымылдық астында, беті орамалмен жабулы отырып, той тарқарда ғана «ашылатын». Ал бүгін ше? Бүгін келіннің жаңа үйге келіп енгеннен, той өткенге дейін қаншама уақыт өтіп жатады. Сол мерзімде емін-еркін, көпшілік ортада «тайраңдап» жүрген баламыздың бетін кешіктіріп ашқанда не мән, не сән қалды? Сондықтан «Беташар» ғұрпы сол ата-енесінің «үлкен» үйіне келін болып түскен алғашқы сәтте атқарылуы тиіс! Сонда оны той тәртібіне енгізуге қажет болмайды. Рас, соңғы уақыттарда әр жерлерде оның солай қолға алынып, қайтадан «жаңаша ескі» әдет болып жатқаны байқалады. Сондықтан ол барынша қолдау тауып, барлық жерде жалғасуы тиіс деп санаймыз.
  1. Той күнгі автосеруен жөнінде. Жастардың қымбат автокөліктерге мініп той алдында серуен жасауын халқымыз қолдамайды ғана емес, жалпы наразылық ретінде айтады. Ол ешқандай тәрбиелік мәні жоқ, астамшылықтың, дарақылықтың, жөнсіз ақша шашудың айқын көрінісі болса, екінші жағынан қауыпсыздық жағынан да еш қажетсіз дүние. Осындай кездерде орын алып жатқан өрескелдіктерді. қайғылы жайттарды біліп-көріп жатқандықтан оны қолданыстан шегеріп тастаған жөн болады.

Ал оған жұмсалған қаржыны үнемшілдікпен басқа қажетті дүниелерге жұмсалғаны, немесе игі шараларға айналдырғанын дұрыс саналады. Оған үлгілік мысалдар бар. Мәселен, соңғы кездерде баспасөз беттерінен кей өңірлерде жас жұбайлардың той серуенiне жұмсалатын қаржыға балалар үйлеріне барып, тәрбиеленушiлерiне тегін дастарқан жайғанын, тұрмысы төмен жандарға тегiн тамақ таратқанын біліп жатырмыз. Міне осындай шаралар атқарылуы, өте құптарлық дүние!

  1. Той асабалары қызметіне байланысты. Соңғы жылдарға дейін той жүргізушілердің шеберлігіне, жеке басы мәдениеттілігіне байланысты сын, теріс пікірлер айту жиірек кездесетін. Ол сондай өнерлі жандардың аз, санаулы болғанына да байланысты туындаған шығар. Ал қазір асабалыққа білікті де өнерлі азаматтардың араласуына байланысты, бұл мәселе күн тәртібінен шығып қалды деуге болады. Асабалық еңбектеріне төленетін ақылары мол болатындықтан, оған арнайы дайындықтан өтіп, кәсіби түрғыда айналысып жатқандары да қаншама. Бірақ, бұл жерде олардың еңбегінің қаржылық құны жөнсіз жоғары болып жататыны алдыдан шыға бермесе болды.
  2. Тойда торт жегізу туралы. Барлық тойларда белең алған, жас жұбайлардың бір-біріне және ата-аналарына торт асатуын, жағымсыз көрініс санайтындар да бар. Олар күйеу жігіттің қолына пышақ алып торт кесуі, әсіресе, сол кезде залда жарықтың сөнуі, «шырағың сөнбесін» деп тілек ететін қазаққа тым ерсі қылық екенін алға тартады.

Шындығында да, мен де өз тарапымнан, ол қимылдардың орнына, қалыңдықтың өзі ғана жаңа ата-енелеріне «алғашқы ұсынған дәмі» ретінде, ақ (сүт, қымыз, шұбат) және бауырсақ-шелпек, құрт ұсынып жатса, ұлттық мәнді, тәрбиелігі терең, әдемілігі жағынан әлдеқайда жақсы көрініс болар еді деп ойлаймын.

  1. Қалыңдықтың гүл лақтыруы. Бұл жерде де көпшіліктің пікірі, сырттан келіп еніп, той кезінде атқарылып жататын қалыңдықтың басқа «бойдақ» қыздарға гүл лақтыру ғұрпын да ерсілік дегенге саяды.

Бұл жерде менің өзімнің тағы да бір ұсынысымды айтайын! Гүл лақтырғанның орнына, жас келін өзінің «артында қалып жатқан» сіңлілеріне, жақын құрбыларына «жолымды берсін» деген ырыммен шағын сыйлықтар ұсынып жатса, ол әлдеқайда жақсы көрініс және ұлттық мазмұнда болар еді.

Әрине, қазақ тойларын мәнді де мазмұнды өткізуге байланысты әр мазмұндағы басқа да пікірлер жеткілікті екені түсінікті және бола да береді.

* * *

Мақала соңында: Сайтымның осы бөлімінде беріліп келген тақырыптық мақалалар желісінде қазағымыздың балаларды үйлендірудегі ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлік салттарының барлығы дерлік және оларда атқарылатын ғұрып-ырымдардың басым көпшілігі танымдық тұрғыда әңгіме етілді деуге болады.

Иә, сонау «қыз іздеу, қалыңдық таңдаудан» басталып, «үйлену тойымен» аяқталған жас отау көтерілді. Үйге келін кірді. Отбасында жаңа бір тұрмыстық жағдай орнықты. Енді ары қарай қалай болуы керек? Келіндік қандай әдептер бар, оның жаңа отбасындағы тіршілігі, жүріс-тұрысына қандай талаптар қойылады?

Келесі жолы солар жөнінде әңгіме жасап көреміз, яғни, осы бөлімнің мақалалары ары қарай жалғасатын болады.

 

Автор публикации

не в сети 1 месяц

admin

0
Комментарии: 2Публикации: 104Регистрация: 11-07-2018
Обновлено: 18.11.2019 — 09:17

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *