«Қазағымның салт-дәстүрлері» (23)

«ҚАЗАҒЫМНЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ» (23)

«Қыз ұзату». «Қыз алып қашу».

Бүгінгі парақта қазақ халқының балаларды үйлендірудегі осы көрсетілген САЛТТАРДЫҢ, солармен бірге үзілмей өткізіліп жататын көптеген ҒҰРЫПТАРДЫҢ бұрындарғы дәстүрлік тұрғыда және қазіргі замануи жағдайда атқарылуы туралы танымдық мақалалар мен бейнежазбалар беріліп отыр. Танысыңдар!

 

КІРІСПЕ ОРНЫНА

Алдымен әдеттегідей тақырыптық әсем ән тыңдап алыңдар:

"Қыз ұзату жыры"

Орындаушы: Жазира Байырбекова

ҚЫЗ ҰЗАТУ

Қазақ халқының ғасырлар бойғы тарихында ежелден қалыптасып, ата-бабаларымыздан күні бүгінгі ұрпақтарына мән-мағынасын, тәрбиелік құндылықтарын еш жоғалтпай жеткен дәстүрінің бірегейі – «Қыз ұзату».

Қыз ұзату арқылы оған дейін бір-бірінен алшақтау жатқан екі рулық елдің арасында туыстық пен ағайындық қарым-қатынас орнығады, арасындағы береке-бірліктің, ынтымақтың нығаюына сеп болады; отбасыларының «өрістері кеңейеді».

Осы бөлімнің өткен парақтарында айтылғандай, бұрындары, қалыптасқан дәстүр-ғұрыптық ережелерге сай екі жақ отбасыларының өзара «құда болу» келісімінен кейін, күйеу болар жігіт қалыңдығына «ұрын барып» жақын танысып, өзара сөз байласатын, «құда түсу» салты атқарылатын. Міне, содан кейін барып, екі жақ алда болар тойлардың қамына кірісетін.

Қалыңдық жағының ата-анасы үшін, аялап-мәпелеп өсірген қыздарының теңі табылып, құтты орнына қонғаны үлкен қуаныш болғандықтан, олар “қыз ұзату» салтын атқарады және оның тойын жасайды. Бұл үлкен міндет те болып саналған. Сондықтан, олар осы тойды салтанатты және ел есінде қалардай өткізу үшін барлық мүмкіншіліктерін салып, тырысып бағатын. Ал жастар үшін:

Қыз ұзату – үйленуге шешім қабылдаған екі жастың жаңа отау құруға, алдағы бірге сүрер өмірге бастар алғашқы қадамы

* * *

Егер күйеу жігіт бұрын қайын жұртына «ұрын» бармаған болса, той басталардан біраз уақыт бұрын «қыз қашар» аталатын («түндік жабар» деп те аталады) дәстүрлік шағын той ұйымдастырылған. Бұған қыз жеңгелері мен жастар қатынасады.

Сол күні кеште жастарды оңаша отауда кездестіріп, “қалыңдық ойнау рәсімі атқарылатын. Оның өзі қыз жеңгелері жасайтын бірнеше кәделік ғұрыптардан тұрады.

Осы үйге қалыңдықты алып келген кезде есік алдында бір кемпір «өліп жатады», тағы біреуі үйде төсек қасында «көлденең» жатады.(Бұл ғұрыптың жасалуының басқа да нұсқалары болады). Оларға «кемпір өлді» мен «ит ырылдатар» делінетін кәделер беріліп шығарылады.

Содан кейін, қыздың бір жеңгесі қалып, екі жастың алғашқы «тәндері жанасуына» жеңгетайлық қызмет жасайды. Ол да күйеуден «қол ұстатар», «шаш сипатар», «қыз құшақтар», «көрпе қимылдатар» сияқты жасап кəделерін алып, жастарды таң атқанша жеке қалдырады. Ертеңінде келіп күйеу жігіттен жай-жапсарды сұрайды. Бәрі «дұрыс» делінсе, ол қыз үйіне қуанышты хабарды жеткізіп сүйінші сұрайды.

* * *

Сол сияқты, ұзатылар алдында қыз қасына жеңгесі , сіңлілерін ертіп, өзінің ағайын-туыстарын аралап «қоштасып» шығатын. Барған үйлерде қызға ерекше құрмет көрсетіліп, кәделi ас тартылады, бата беріледі. Үй иелері мүмкіндіктеріне қарай қыз жасауына қажетті заттар мен бұйымдар, киім-кешек тарту етеді. Ойын-думан ұйымдастырылады. Бұл дәстүр «қыз танысу» деп аталған.

* * *

«Қыз ұзату» тойы басталардан біраз бұрын, одан кейін ұзатылар қалыңдықты алып кету үшін бір топ достарымен күйеу жігіт те келеді. Кей жерлерде оларды ұл шешесі бастап баратын. Ауылға жақындағанда достарының біразы ертерек барып, күйеу жігіттің келгендігін хабарлайды. Оларды қыздың туыстары, қыз-келіншектер алдынан шығып күтіп алады. Қонақтар арнап тігілген оңаша отауға орналастырады, «кереге керер» жоралғысы жасалады.

 

 

Келген қонақтарға ет асылып, дастарқан жайылады. Келген күйеу жағы құдалық ғұрыптарға сай қыздың ата-анасына той малын береді, басқа да сый-сияпаттарын жасайды. Одан кейін әңгіме-сауық құрылып, ән айтылады, өзара айтысады, әзіл-қалжыңдар, ойындар болады. Осы түні салттық дәстүр бойынша қонақтарды ұйықтатпаған, ал ұйықтап кеткендерінің киімін тігіп тастап, айып төлететін қалжыңдық ойын болған. Ол «киім тігу» деп аталған. Бұл салт қазір де бар, оны ебін тауып, құдалардың дастарқан басында, демалып отырған сәттерінде де жасай береді.

* * *

Өзара көңілдері жарасып құдалар жайғасқаннан кейін, келесі күндері ұзату тойы басталады. Оны қыз жағы, жоғарыда айтылғандай, дәулетіне, жағдайына қарай ел есінде қалатындай барынша салтанатты, қызықты өткізуге тырысады және барлық қазақы дәстүрлік-кәделік ғұрыптарды сақтайды. Бұл жолы олар құдаларына киіт кигізеді. Күйеу балаға да «қапқа салар» деп аталатын сыйлықтар тарту етіледі.

Ауқатты адамдардың тойына жиналған қауымның қарасы мол болады. Оған ертерек, алдын-ала хабарланған алыс-жақындағы туыстары жиналады. Олардың санына, туыстық дәрежелеріне қарай жеке қонақ үйлер тігіледі. Қонақтарды күту, үйлерді дайындау мен безендіру ас-тағамдары дайындау жұмыстарына жақын туыстары, көрші-қолаңдары барынша көмектеседі. Той дастарқаны тағамдары мейлінше әртүрлі, мол және дәмді болып дайындалады. Олар сыбағаланып қонақтарға тартылады, дастарқан басында қонақтар жастарға арналған ізгі тілектерін айтады, әңгіме-дүкен құрады. Ауыл жанында ат бәйгесі ұйымдастырылып, ұлттық ойындар өткізіледі. Кешкісін үйленетін жастардың отауының қасына қалыңдықтың бірге өскен құрбы-достары жиналып, онымен қоштасудың бас қосуы болады. Осы кезде жар-жар айтылады, алтыбақан теуіп, «ақсүйек» сияқты ойындар ойнап, жастар таң ата тарасады.

* * *

Бұрындары осы күндері жастардың некесiн қию ғұрпы атқарылатын. Оған туыстары қатысады, арнайы шақырылған молда оны сол кездегі діни тәртіппен өткізеді. Ыдысқа су құйылып, оған тұз, қант, сақина салынады. Үйленуші жастардың бір-біріне жар болуға жеке-жеке ризашылықтары сұралып, олар келісімдері ретінде ыдыстағы судан ішетін. Неке суынан жиналғандар да ішеді, олар куәлікке тартылады. Осы сәтке арнайы сойылған малдың еті асылады, бәрі одан дәм татады. Той иелері «неке қиған» молдаға, оған куәлік етілген адамға сый-сыяпаттарын береді. Неке суын ішкеннен кейін қалыңдық күйеуіне біржолата қосылды деп саналады.

Осыдан кейін жастар өздеріне арнайы тігілген отауға шақырылып, «енді жеке үй болдыңдар, бірге басталған алғашқы қадамдарың құтты болсын, бақытты болыңдар» деген мағынада тілектер айтылып, бата беріледі. Бұл жерде күйеу жағы сыйлық береді. Бұл кәде «шатыр байғазы» деп аталған.

* * *

Екі жастың үйлену кезінде ата-аналары оларға отау тігіп жеке шығарады — «шаңырағын көтереді»

«Шаңырақ көтеру» — жаңа үйленген екі жасқа арналған отаудың (киіз үйдің) алғашқы рет шаңырағын көтеру салты.

 

Жастарға жеке отау көтеру ата-аналарының ауқаттылығына, жағдайлық мүмкіндіктері байланысты болған және ерекше салтанатпен атқарылатын. Əдетте, жас отаудың шаңырағын көтеруге үлкен құрметтің, сыйластықтың белгісі ретінде, сол ауылға күйеу болып келетін елге сыйлы, жасы үлкен, балалы-шағалы адам таңдалады. Бұл жерде қазақ халқының күйеулерді ерекше сыйлайтын адами қасиеті және жас күйеудің де осы жездесіндей елге, қайын жұртына «сыйлы болсын, оның жолын беріп, көп балалы болсын» деген үлкен мəнді ырымы жатыр.

Шаңырақты тұрғызуға биіктеу болып келетін тегіс жер таңдалады. Отау тым үлкен болса, шаңырағы аттың үстінде тұрып көтеріледі. Тігілген ақ отауға ең алдымен қалыңдықты, одан соң күйеу баланы кіргізеді. Отауды көтерген адамға еңбегі үшін ат не түйе жетектетеді. Бұл сыйлықтың соншама бағалы болуы, оның сол үйдегі өз қыздарына, жиендеріне баратынын білгендіктен болады.

* * *

Отау тігілгеннен кейін тағы бір салттық ғұрып атқарылады. Осы кезге «құдай жолына» деп арнайы сойылған малдың еті асылып, жайылған дастарқанға ұсынылады. Ас үстінде әйелдердің бірі асылған қойдың омыртқасын алып күйеу жігітке ұсынады. Ол сүйекке тiс тигізбей таза мүжуі тиіс болған. Осылайша “келiншегiң сұлу, ұқыпты болады” деп ырымдалады. Содан кейін, ол сүйекті жібек не шәйi орамалға түйіп шаңырақтан сыртқа дәл атып шығаруы керек. Дұрыс лақтырылса, алдағы болар жиендеріміз «мерген болады» екен риза болып жатады. Орамалды сүйек берген әйелдің өзі алады. Мұны ғұрыпты “мойын тастар» деп атайды.

* * *

Қыз ұзатылар уақытқа жақын туыстары, көрші–қолаңдары жиналады. Олар қыз үйінде дайын түрған астан дәм татып, “дастарқан дидарласу” жасайды. Кей кездерде, осы сәтте оларға қыздың жасауын көрсетеді. Содан кейін қалыңдыққа сәукеле кигізіледі.

Қалыңдыққа сəукеле кигізу — қыз ұзатудағы ерекше салтанатпен атқарылатын дәстүрлік салт.

Сәукеле — ұзатылар қыз киетін кәделі бас киім.

Ол — қымбат маталармен қапталып, асыл тастар тізбегімен әрленеді, алтын жіппен әшекейленеді, моншақтар тағылып, түрлі-түсті қымбат жіптермен тігіледі, Жоғарғы жағына үкі тағылады. Сондықтан да, ол аса қымбат, көздің жауын алатын, келіншекті ерекше ажарлы көрсететін әсем бұйым болған. Ол ұзатылар қыз отбасының байлығы мен ауқаттылығын паш етіп тұрады. Ол қарапайым адамдарға қолжетімсіз болып жататын.

Екінші жағынан — дайындалу шеберлігімен, әсем безендірілуімен, әдемілік сипатымен қазақ халқының қол өнерінің аса бір озық үлгісі, ел мәдениетінің жоғары дәрежелігін айқындайтын этнографиялық мүлік болып табылады.

Қалыңдықтың сәукеле киюі, оның естен кетпес балалық шағының соңғы қимас кезеңі, ал жұбайлық жаңа өмірінің ең алғашқы ыстық сәті деуге болады. Оның да өз жөн-жоралғылары бар. Бұл салтанатқа құдалардың екі жағы, жиналған қауым түгел қатысып тамашалайды. Солардың көзінше анасы қызының киіп жүрген үкілі тақиясын, тағып жүрген орамалын шештіріп, орнына сәукеле кигізеді. Осы кезде келген құда-құдағилар көрімдік атайды, байғазы береді. Шашу шашылып, бата айтылады. Келіншек оны құдалар кеткенше киіп отырады.

* * *

Бұрындары кыз ұзату салтының тағы бір ажырамас бөлігі – «сыңсу айту» болатын.

Сыңсу айту - ұзатылар қыздың туған жерімен, ел-жұртымен ән айтып қоштасуы ғұрпы.

Сыңсу әніформалық жағынан қазақ халқының тұрмыс-салт жырларына жатады. Сөзі мен әуені әуезі мұңлы, құрылымы 7, 8, 11 буынды болып келеді. Оның өлеңін ақындар немесе қыздардың өздері шығаратын.

Сыңсу әні қалыңдық ұзатылар алдында туыстарын аралағанда да айтылатын. Ал ұзатылатын күні қыздарын әке-шешесі, туыстары осы әнмен шығарып салуы бұлжымас дәстүрлік салт болатын. Қыздың «сыңсумен» ұзатылуы ұлттық тәрбиенің тамаша үлгісі, сол арқылы қыз өзінің артта қалып бара жатқан қызықты да бақытты балалық шағына, өзі мәпеленіп өскен үйіне, ел-жұртына деген қимастық көңілін білдіреді.

Кезінде «Сыңсу» әнінің өзінің бірнеше үлгілері болған екен, көпшілігі қазір ұмыт болған. олардың бірі – «аушадияр». Тәлім-тәрбиелік мәні бар сөздерге толы, қызға үлгілі келін, аяулы ана болатынын ұғындыратын санамақ түрінде айтылған жыр-өлең болған. Оны орындаушы әр санды тілектерге орайластырып жырлайтын.

* * *

Ұзатылатын қызды дәстүр бойын­ша таңғы мезгілде жөнелтетін. Оның алдында сыңсудан басқа «Ау жар» әні де айтылады. Кей жағдайларда «Ау жарды» қыздың сыңсуымен, тойда айтылатын «жар-жармен» шатастырып жатады.

«Ау жар» - қыз ұзату тойы аяқталып, қыз аттанар кезде айтылатын

жыр, өлең түрі.

Оны қалыңдықпен бірге киіз үйдің ішіндегі әйелдер, көбінесе жеңгелер қимастық пен қуаныштық көңілмен қоштасу сипатында жылап тұрып айтады, оған сыртта тұрған ауылдың жігіттері мен қыздары да қосылады. Кейде ол дос-жаранның «ақ жол» тілейтін ниеттерін білдіретін айтыс түрінде де әндетіледі. «Ау жардың» әні жағымды, әдемі болады да, «ау-жар», «ай-ау», «бике-ау», «үкі-ау» деген сөздермен ойнақыланып айтылады.

* * *

Осы кезде жасы үлкен әйелдердің бірі дастарқандағы тағамдарды шүберекке орайды да, қыздың басынан айналдырып алып қалады. Оны қалыңдық кеткеннен кейін жейдi. Бұл қызбен бiрге «үйдiң құты кетпесiн» деген ырымға саналады.

Сол сияқты, көш қозғалғанда, күйеу жігіт сәл кідіріңкіреп, ата үйінің босағасына бір шапан іліп кетеді. Бұл «Мен де осы үйдің бір баласымын, бұл жақтан еш қол үзбеймін» деген уәдені білдіреді. Оны сол жердегі біреу кәделік сый ретінде алады. Мұны «босағаға ілу» немесе «су шапан» деп атайды.

* * *

Қыз ауылынан шығатын топты, әдетте, қыздың шешесі бастап жүреді. Олар жайлы ғып дайындалған көлікке отырады. Ауқаттылар қыздарын арба үстіне қайыңнан өріліп орнатылған ақ отауға жайғастырады. Қыздың жасауы «шаңырақ-түйеге» тиеліп, жетектеледі. Ұзатылған қызға артына қарауға болмайды. Осыны «қыз көші» деп айтады.

 

 

Ұзатылып шығып кеткен жас келіннің жолында тағы бір кәделік ғұрып атқарылып жататын. Қалыңдың көшінен хабардар болып отырған жол бойындағы ауыл жастары, қыз-келіншектері, оларды айран, қымыз сияқты сусындармен, бауырсақ — құрттарымен тосып тұрады. Оларды ұсынып, көшке «ақ жол», «сәт сапар» тілейді, жастарға баталарын береді. Сол ауылдағы жақын жекжаттары жүк тиелген түйеге «ақтық» байлайды. Соған орай бұл ғұрып, «түйемұрындық» аталған. Өз кезегінде, керуендегілер «осындай қуаныш жұғысты болсын» деген ырыммен тосқан адамдарға кәделік сыйларын береді.

Осылайша «қыз көші» бар салтанатымен жігіттің ауылына жақындайды. Осы сәттен бастап, «қыз көші» - «келіншек көші», ал ұзатылып келе жатқан қыз  — “келiн” болып аталады. Күйеу жолдастарының бiрi жiгiттiң ата-анасынан «сүйiншi сұрауға» ауылға оза шауып кетеді.

Осы кезден ары қарай «қыз ұзату» салты, жігіт жағының атқарар екі жастың «үйлену» — «келін түсіру» тойына жалғасады...

* * *

 

«ҚЫЗ ҰЗАТУДЫҢ» ЗАМАНУИ АТҚАРЫЛУЫ ТУРАЛЫ

Қазақтың «қыз ұзату» салты мен тойы қазіргі заманда да кеңінен атқарылады. Әрине, ол бұрындарғыдан әлдеқайда өзгергені, өзгеше сипатта өткізіліп жатқаны түсінікті. Бірақ оның ғасырлар бойы қалыптасқан тәрбиелік мәні, ұлттық сипаты, терең мазмұндылығы еш жойылған жоқ. Тек, бұрындары олармен бірге атқарылып жататын неше түрлі ғұрыптарының (өткен мақалаларда және жоғарыда айтылған) біразы заман ағымдарына сай ұмытылып қалып жатты, қалғандары замануи талғам-талаптарға орайластырылып жаңаша бейнеде көрініс табу да.

Бүгіндері де әр ата-ана қыздарын жаңа жұртына лайықты дәрежеде шығарып салуды парыз санайды. Ұзату тойларын қаржылық жағдайларына қарай және өздерінің қалауы-шешімдеріне сай үйлерінде, шағын кафелерде атқарады. Кей жағдайда, екі жақ құдалар тойларды өзара келісімдерімен бірігіп те өткізіп жатады. Соған қарай шақырылатын қонақтар қауымы анықталады.

Ал ауқаттылар тойларын үлкен мейрамханаларда «дүркіретіп» өткізетін болып жүр. Ол үшін арнайы той дайындаушы, залды безендіруші орталықтары қызметіне жүгінеді Тойды арнайы тапсырыс алған асаба не бірнеше асабалар жүргізеді, Елге жақсы танымал өнер адамдары арнайы шақырылады.

Тойларда атқарылуы жөн саналатын салттық ғұрыптар той иелерінің тапсырыс-қелісіміне, орталықтардың ұсынуына және сол той өткізілетін орындарға қарай ыңғайлыстырады. Бүгінгі таңдағы солардың бастылары:

  • Үлкен мейрамханаларда қонақтар жайғасқан соң, 1-2 жеңгесімен қалыңдық залға шақырылады. Оларды тойға қызмет етуші бір топ қыздар қошаметпен қарсы алады. Сол сияқты, 1-2 досымен күйеу жігіт келіп, қалыңдығына гүл шоғын тапсырады. (Кей кездерде олардың неке куәлігі тапсырылады, бірақ ол негізінде алдағы үйлену тойларында өткізіледі). Содан кейін әдемі әндер қолдауымен олар салтанатты түрде төрге келіп жайғасады.
  • Той басталады, ол, әдеттегідей, басқа да тойлардағыдай өткізіледі. Тілектер айтылады, ән салынып, би биленеді. Ойындар болады, кейбір асабалар оларды ұзату тойы мазмұнына сай жасауға тырысады.
  • Тойдың шарықтар кезеңі — той соңындағы қызды шығарып салу рәсімін атқару саналады. Сағат тілі түнгі 12 таяғанда екі жас ортаға шығарылады. Қыздың ата-анасы, туған-туыстары келіп қыздарымен «қоштасады». Жастар есікке дейін жайылған ақ төсеніш үстімен «Ақ келін» сияқты әдемі әндермен шығарып салынады, аяқтарының астына раушан гүлінің жапырақшалары шашылады. Қыздың артына қарамауы тиіс саналады. Ары қарай оның келіндік өмірі басталады...

* * *

Енді, қазіргі кездегі қыз ұзату тойын өткізуге байланысты ел аузында жүрген, баспасөздерде жазылып жататын сын-пікірлік әңгімелерге тоқтала кетейін:

  1. Кей тойларда қызды әкесі қолтықтап әкеліп, күйеу балаға өзі «өткізіп» беретін болып жүр. Бұл енді қазақтың дәстүріне де, ұлттық ұғымына сай келмейтін дүние. Ол міндетті ықылым заманнан қыз жеңгелері атқарады. Бұл жерде сол дәстүрден ауытқымаған дұрыс.
  2. Ұзату тойында қыз бен жігітті төрге орналастыруды жөн санамайтындар да бар екен. Олар әлі үйлену тойлары өтпеген, жеке отауларына енбеген екі жастың, ең құрығанда осы тойдан шығарылып салынғанша, қазақи әдептілікті, қыз ұяңдылығын сақтап, бұл жолы өз туыстарының, әйтпесе құрбы-құрдастарының ортасында отырғандары дұрыс деседі.
  3. Қалыңдықты жаңа ортасына түн ішінде мейрамхана қабырғасынан аттандырмай, қазақ салты бойынша ертеңінде таң ата өз үйлері қабырғасынан, отбасы, ағайын-туғандары арасынан шығарып салу керек деген оңды санауға лайық пікірлер де бар.
  4. Қазіргі тойларда қыздың сыңсу айту ғұрпын атқару ұмытылған жағдайда қалған. Алайда, бұл күндергі той соңындағы жастарды шығарып салу рәсімі, сол кезде айтылып жүрген әндер де мазмұндылығы жағынан сол сыңсуға сәйкес келеді. Тек оларды асабаның өзі не әншілер орындайтыны белгілі. Ендігі, алдағы жылдарды осы әндерді сыңсу айту әуезіне келтіріп, сөздерінде бүгінгі ыңғайға реттеп, оны қыздың өзі де, шығарып салушылардың бәрі де қосылып айтатын нұсқаға келтіріп жатса, өте оңды болар еді. Сонда терең мазмұнды, тәрбиелік мәні үлкен, терең ғибратты көрініс ретінде, осы бір әдемі ұлттық салтымыз замануи тұрғыда жаңаланып, қайта жаңғырар еді.
  5. Енді бір жазбаларда гүл жапырақшаларын шашуды қош көрмейді. Тазалықты, адалдықты білдіретін, «ақ жол» сипатындағы мата үстіне тірі гүлді үзіп, аяқ астына лақтыруды ерсілік санайды.

Не дегенде де, бабалардан жеткен дәстүрлік салттарды түрін жаңалап өзгертсек те, тәрбиелік құндылықтарын жоғалтпай, ұлттық болмысынан ажыратпай сақтау мен қолдану қазіргі де, келесі де ұрпақтың азаматтық парызы.

* * *

Осы жерде бүгінгі таңда атқарылып жатқан қыз ұзату тойларының көрінісі ретінде ғаламтордан алынған бейнежазбаларды тамашалауға және онда айтылған әсем әндерді тыңдауға болады:

 

 

 

 

ҚЫЗ АЛЫП ҚАШУ

 

Халқымыздың дәстүрінде бұрындары екі жастың құда түсіп барып қосылуы тәртібімен бірге, жігіттің қызды алып қашып кетіп үйленетін ғұрып та болған. Ол өз заманында қоғамдағы қажеттілікке орай пайда болған үрдіс ретінде әр түрлі сипатта орын алып жататын. Мысалдары төмендегідей:

  • Жас жігіт пен «басы бос» бойжеткен қыз көңілдері жарасып үйленуге келіскенде, алайда оған ата-аналарының қарсы болатынын білетін болса, қыз «қашып кететін» болған.

Сол сияқты, келісілген қалың малын түгел төлеуге жағдайы жетпегенде, жігіт өзіне айттырылған қалыңдығын да «алып қашып» жататын.

Бұлар керемет қылмыс болып саналмаған, екі жағдайда да дала заңы талабына сай қалыңмал, ат-шапан айып төлеп барып, жігіт алып қашқан қызына үйленіп жатады.

  • Кей жағдайда, айттырылған, тіпті некеленіп қойылған қыздың өзі күйеу болар жігітті өзіне тең санамай, менсінбей, басқа бір жігітпен қашып кетуі де болып жатады. Бұл кезде бұрын айттырған жігіт пен алып қашушы арасында дау пайда болатыны түсінікті. Ол дау, біреудің қалыңдығын алып қашқан жігіт жағы, қызға төленіп қойған қалың малын толық қайтарып, оның үстіне қосымша, тағы бір қалыңмал мөлшеріне дейін айып төлеуімен шешілетін. Немесе, оның орнына жігітке қалың малсыз басқа қыз тауып береді. Дау шиелінескен жағдайда, оны басқа рулардан таңдалған ара билер араласып, шешіп беретін.

Егер, осындай жағдайда қызды алып қашушы айыбын өтеуге қарсылық жасап, бас тартып жатса; немесе өтеуін тым кешіктірсе; не тығылып, табылмай жатса, билер оның ағайын-туғандарынан мол көлемде құн төлетуге, малдарын барымталауға, өзін өлім жазасын кесуге дейін үкім шығаруға құқықты болған.

  • Егер жігіт біреудің қызын немесе некелі әйелін еш келісімсіз алып қашқанда, не оларды зорлаған жағдайда, оның арты еларалық үлкен дауға айналған. Бұл кездерде де билер араласып, ондайларға өлім жазасын шығару мүмкіндігі болған. Егер айыптаушылар сол қызға, әйелге үйленетін болса ғана, үлкен құн төлеп барып құтылатын.

* * *

Енді кейінгі дәуірге келсек, кешегі кеңестік кезеңде де, қазіргі қоғамымызда да қыз алып қашу заңдылықпен белгіленген қылмыс болып табылады. Соған қарамастан, өткен ғасыр ортасында ол дәстүрлі салттық мәнін жоғалтып, қазақ халқында бұрын болмаған, қыздың өзінің келісімінсіз зорлықпен әкету жағдайлары белең алып кеткенін білеміз. Жігіттердің өздері бұрын танымайтын, «алғашқы кездескен» қыздарды «басып әкетуі», қылмыстың «адамды ұрлау» саналатын ауыр түріне ауысып жатты. Керек десе, бұл жағдай жігіттің достары, ата-аналары, туған-туыстарының араласуымен болатындықтан, әкелген қызды үйде күшпен тығып ұстап отыруы, соттық айыптаудың үлкен жазалық түрлері қолданылатын, алдын-ала дайындалып, топтық түрде жасалған қылмыс түріне айналды.

Ал сол кезде, күшпен әкелінген қызымызды үйден шығармай, басына күшпен орамал жабуы, «кемпірлеріміздің» табалдырыққа көлденең жатып алуы, қазекемнің үлкенді сыйлау делінетін асыл қасиетін, басқаларға мазақ қылатындай, жабайылық дәрежеге жеткізді. ...

 

Тек соңғы жылдары ғана үйленудің бұл жолы саябырсыды, тоқтады деуге келетін сияқты. Себебі, қыздың күйеуге қашып кетуіне немесе оны алып қашуға негіз болып келген, олардың отбасыларының материалдық жағдайы қажеттіліктен шегерілді. Алдыңғы кезекке екі жастың үйленудегі өзара жарастық көңіл-ниетттілігі, шешім қабылдаудағы еркіндіктері шықты. Ал бүгінгі жас ұрпақ санасында, мұндай жағдайлар «өткеннің қалдығы», «жабайылықтың» көрінісі ретінде қалыптасуда.

Сондықтан да, қазағымыздың осы «қыз алып қашу» делінетін ғұрпын, ұлттық дәстүр статусы санатынан шығарып, оны тарих қойнауына еш қиналмастан тастап, «мұрағатына» өткізетін уақыт келді деп санаймыз.

Солай десек те, еліміздің кей өңірінде қыздарды «басып әкету» жағдайлары әлі де кездесіп жатқанын естіп-біліп жатамыз. Мұндай әрекеттердің енді қылмыс екенін бүгінгі қауым анық ұғынуы керек. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінде, 4 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалайтын «адам ұрлау» делінетін 125-бабы бар. Қыз алып қашу — «алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен» жасалған факті ретінде, осы баптың 2-бөлігінің «а» тармағы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Оған қызды ұрлауға белсене қатысқандар да тартылуы әбден мүмкін.

* * *

Сонымен бірге, дін өкілдері де қызды алып қашу, шариғат жағынан да дұрыс емес екендігін айтады. Онда әр адамның бостандығы мен құқығына қол сұғуға қатаң тиым салынғаны белгілі. Ал неке мәселесінде негізгі шешімді қыздың өзі қабылдайтыны көрсетілген. Оның қыз еркінсіз, зорлық- зомбылықпен шешілуі, адамның ар-намысын аяқ асты ету және күнәлі іс саналады.

* * *

Мақала соңында айтылатыны, бүгіндері әркім құқықтық елде өмір сүріп жатқанымызды, мұндай теріс әрекеттер үшін қылмыстық жазаның бар екенін білуіміз керек. Ал балалардың жар таңдауында олардың өзара сүйіспеншілігі мен адами сыйластықтарын, ортақ жауапкершіліктерін негіз ете отырып, сол мақсатта жан-жақты қолдау жасалғаны қажет-ақ.

* * *

Төменде қыз алып қашуға байланысты айтылғандарды біршама толықтыратын шағын бейне жазбалар беріліп отыр.

 

Сөздің шыны керек: қыз алып қашу — қылмыс!

 

* * *

Қыз алып қашу: қылмыс әлде дәстүр?

Azattyq TV

 

 

Автор публикации

не в сети 1 месяц

admin

0
Комментарии: 2Публикации: 104Регистрация: 11-07-2018
Обновлено: 12.11.2019 — 12:48

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *