«Қазағымның салт-дәстүрлері» (19)

«ҚАЗАҒЫМНЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ» (19)

«ЖАР ТАҢДАУ»

Сайтымның осы тақырыпты бөлімінде, ары қарай, қазақ халқының өз балаларын үйлендіруге орайластырылған және ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық және замануи тұрғыдағы салт–дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы танымдық жазбалар беріліп отыратындығы айтылған еді.

Міне, солардың алғашқылары ретінде «ЖАР ТАҢДАУ» деген ортақ тақырыппен, «ЖАР ТАҢДАУДЫҢ АЛҒЫШАРТТАРЫ» туралы және «АТАСТЫРУ» мен «ҚЫЗ КӨРУ» делінетін ғұрыптары жөніндегі мақала-жазбаларды беріп отырмын. Танысыңдар!

 

ЖАР ТАҢДАУДЫҢ АЛҒЫШАРТТАРЫ

Қазақ халқы өтпелі заманның қай кездерінде болмасын, өз ұлы-қыздарының болашақ жарын таңдауға, табуға және үлгілі отбастарын құруға ерекше мән берген. «Ұлын ұяға, қызын қияға қондыру» деген даналықты, отбасылық құндылықты мақсат еткен бабаларымыз, баларының жарын таңдауға аса ыждағаттықпен, жауапкершілікпен қараған.

 

Картинки по запросу жар таңдау

 

Өткен ғасырларда балаларға жар таңдауды, негізінен ата-аналары өз міндеттеріне алған. Себебі, көшпелі елдің тыныс-тіршілігінің ахуалына, талабына сай, оларды ертерек үйлендіруге тырысқан. Қыз баланы «балиғатқа толды» деп, 13 жасынан, ал ұл баланы «ер жетті» деп 14-15 жасынан үйлендіре бастайтын. Шамасы келгендер «Отау иесі» болдыңдар деп, оларды жеке бөліп шығарады. Жастар неғұрлым ерте үйленсе, олардың бойына теріс, жағымсыз қылықтар сіңіп үлгірмейтінін, дендері сау, мықты болып, ұрпағы да көбірек болатынын өмір тәжрибесі дәлелдеген. Діни тұрғыдан да, жастар пендешілік теріс істерден бойларын аулақ ұстайды, күнәһарлыққа бармайды деп саналған.

Сол ықылым заманнан ата-бабаларымыз балаларына қалыңдықты іздестіруді қолға алғанда, ең алдымен, құда болар жұрттың қай елдің, қай рудың адамдары екенін жақсылап анықтап алады. Ондағы басты мақсат – екі арада жеті аталық туыстық болмауы. Қаны жақын, әулеттес, рулас қыз бен жігіттің өзара үйленуіне, некеге тұруына болмайтынын ақылмен танып, терең ұғынған дана бабаларымыз, кейінгі ұрпаққа одан сақ болуды қатты тапсырып отырған. Қан тазалығын сақтамаудің салдарынан өте сорақы қылықтардың, өкінішті жағдайлардың көп болатыны туралы көне шежірелер, аңыздық әңгімелерден бастап, күні бүгінге дейін үзбей жазылып-айтылып келеді. Соған орай, бұл ғұрыптың қатаң сақталуы қажеттігін, олай болмаған жағдайда орын алар келеңсіз дүниелердің себептері мен салдарын көзі ашық әр қазақ түсінеді, біледі деп санаймыз.

Жалпы табиғатынан ағайын-туғанға мейірімді қазақ халқы, нақ осы салттың сақталуына келгенде ерекше қаталдық көрсетіп келген. Егер бір рудың (әулеттің) екі жасы ата-ананың, туыстарының айтқанына көнбей, үйленіп жатқандай болса, оларды елден қуып аластатынын, тіпті оларды өлімдік жазаға қиятынын да тарихтан, әдеби шығармашылықтардан білеміз. Сондықтан да, «Жеті атаға толмай қыз алыспау» салты — қазақ халқының ұзақ ғасырлар бойғы өз тіршілігі тәжрибесінен жинақтап, өмір заңдылығына, қатаң құқықтық заң-ережеге айналдырған, ұрпақтарының құлағына сіңіріп кеткен ерекше рухани асыл мұрасы саналады.

Мәселен, ұлтымыздың осы дәстүрінің болашақ ұрпақтары қанының тазалығы мен денінің саулығын сақтаудың кепілді әрі ең сенімді жолы екенін, бүгіндері әлемдік медицина мен генетика (тектану) ғалымдары мойындап және дәлелдеп те отыр. Бұл шара физологиялық және психологиялық ауытқуды және ауруды тудыратын генетикалық өзгерістердің алдын алу сақтық міндетін атқаратын көрінеді. Адам ағзасындағы гендік өзгерістер (мутациялар) туыс аралық, қандас некелер арасында жиі көріністер табады екен. Сондықтан да, халқымыздың ертеден түсініп, берік ұстанып келе жатқан жеті атаға дейін қыз алыспау ұлттық тәжірибесі, дәстүрі бүткіл адамзаттың үлкен құндылығы деп бағаланады, басқа өркениетті елдерге үлгілік етеді. Себебі, жер бетінде нақ осындай керемет салт-дәстүрі бар елдер некен-саяқ.

Сол сияқты, қазақтың өз ұрпағына жеті атасын танытып отыру дәстүрінің аса зор тәрбиелік те мәні бар. (Олар алдағы уақыттарда болар жеке бір үлкен әңгіменің тақырыбы).

Халқымыздың балаларын үйлендіру салт-дәстүрлерінде, ерекше көңіл болатын тағы бір мәселесі — келешек келіндерінің шыққан жері мен тегі. Әр ата-ана өз жағдай-мүмкіндіктеріне қарай баласына көргенді, өнегелі, текті жердің қызын айттыруды мақсат еткен. Мақсат қыз таңдау болса да, оның өзінен бұрын, болашақ құдаларының тыныс-тіршілігіне; балаларына берген тәрбиесіне; қыз баласының сұлулығы мен сымбаттылығынан бұрын, ақыл-парасатына, әдептілігі мен көргенділігіне; тұрмыстағы іскерлігіне және үй шаруасына бейімділігіне баса назар аударған. Елге сыйлы, өнегелі отбасынан тәрбиелі бала шығады деп есептеген. «Көргенді жерден қыз алсаң, керегең кеңейеді, текті ұрпақтан қыз алсаң тұқымың асылданады», «Көріп алған көріктіден көрмей алған текті артық», «Тектен нәр алған тозбайды» деп келетін халқымыздың көптеген ұлағатты нақыл сөздері, сондай өмір тәжрибесінен туындаған.

Сонымен, бұрындары ұл балаға өз жарын таңдауда ата-анасының рөлі үлкен болған, шешуші сөз бен нақты кесім жасау, солардың еншісін де қалған. Қазіргі кездерге келсек, әрине басқа дүние, басқа әлем, басқа талаптар мен талғамдар. Өздеріне жар таңдау мәселесінде жастардың, әр қыз-жігіттің еркіндіктері басым, қазір де оларда бұндай маңызды шешімді қабылдау, өз құқығымызда деген түсінік қалыптасқан. Үйленгісі келетін жастардың өзара танысу мүмкіндіктері мен жолдары да өте мол. Олар, дәстүрлі «айттырудан» бастап, бүгіндергі интернет арқылы «онлайн» танысуға дейінгі әрқилы жолдармен мүмкін болып келеді. Бұл тақырыпқа, қаншама телебағдарламалар мен «танысу» сайттары, баспасөздегі хабарламалық парақтар арналған.

Алайда, көп жағдайда, жастарымыз сондай «еркіндікті» арқа етіп, жеңіл сезімге сүйеніп, жиі жаңылысып және опық жеп жататындары да жасырын емес. Асығыс әрекеттерге барып, орны толмас өкінішті жағдайларға ұрынады. Солардың басты айғағы — қазіргі қазақ қоғамында жас үйленгендердің тез ажырасуының тым белең алып жатқандығы, басқа елдермен салыстырғандағы үлестік көрсеткішінің өте жоғары болуы.

Сондықтан да, жастарымыз өзіне адал жар, сенімді болар өмірлік серігін таңдағанда, халқымыздың ғасырлар болы жинақтаған қыз баланың қандай болуы керектігі туралы дәстүрлі талғамы мен өлшеміне. рухани құндылықтарына сүйенуі, өзара қойылар талаптардан хабардар болғаны, оларды біліп қаперлерінде ұстауы басты қағидатқа айналуы тиіс деп саналады. Осы мақсатта өз ата-анасының, әулеті үлкендерінің ақыл-кеңесіне, ұсыныстарына ден қоюы аса қажет етіледі. Аға-әпкенің, жеңгелерінің тәжірибелік пікірлеріне мен дос-жарандарының шынайы көмегіне жүгіну де оңды болады.

Сонымен бірге, бұл күндері осы мазмұндағы ақыл-кеңестік мағлұматтарды, жазбаларды қазіргі ақпараттық кеңістігінде баспа беттерінен де, ғаламтордан да кеңінен табуға болады. Олардың авторлары өздерінің өмірлік тәжрибесінен түйген, басқа да байқалған жайттарды талдап жинақтап, жариялап жатады. Олардан да көптеген құнды, тағылымдық дүниелерді табуға, тануға болады, өз қажеттігіне жаратуға болады.

Сондай дүниелерге қызығушылық болса, мысал ретінде, мына сілтемелер арқылы біраз мақалалармен танысуға ұсыныс етіледі:

Және де, төмендегі бейне және аудио жазбаларды да көріп-тыңдағандарың жөн болады.

* * *

ӘЖЕМНІҢ ӘҢГІМЕСІ. ЖАР ТАҢДАУ

Асыл арна ТВ онлайн

* * *

ЖАРДЫ ҚАЛАЙ ТАҢДАЙМЫЗ?

Омар ЖӘЛЕЛ

«Өнегелі отбасы» бағдарламасы

* * *

Жоғарыда айтылғандай, халқымыздың балаларын үйлендіріп, жеке бөлек отау құруына орайластырған, ғасырлар бойы қалыптасқан өнегелік ұлттық салт-дәстүрлері, рәсімдік әдет-ғұрыптары молынан табылады. Әрине, «Дәстүрдің тозығы да болады» делінгендей, олардың бірсыпырасы өмір-тұрмыс ағымына, талаптарына қарай ескіріп, көмескіленіп қалып та жатты. Ал, көпшілігі мәнін өзгертпей және барынша жаңашаланып ұрпақтан-ұрпаққа күні бүгінге дейін желісі үзілмей жалғасып келеді.

Сондықтан да, мен де сайтымның мүмкіншілігіне қарай, көпшілік оқырмандарға осы тақырыптағы және танымдық тұрғыдағы жазбалар топтамасымен бөлісуді бастап отырмын.

 

АТАСТЫРУ

 

«Атастыру — қазақ халқының дәстүрлі ғұрыптық салты, қыз бен жігіт ата-аналарының өз балаларын бір-біріне үйлендіру жайында ақ ниет, жарқын үмітпен күні бұрын уәделесуі, жігіт атын қызға, қыз атын жігітке естіртуі».

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан.

 

Картинки по запросу қонақ болу

 

Жоғарыда айтылғандай, өмірлік-тұрмыстық себептерден туындайтын қажеттіліктерге байланысты, қазақ отбасындағы әр ата-ана баласы өмірге келісімен-ақ, оның болашақ өмірлік серігін, алдағы болар туыс-құдаларын өздері іздестіре бастайтын. «Тең теңімен, ...» дегендей, олар әлеуметтік деңгейде өздеріне қатарлас, өзара сыйластықтағы отбасыларымен келешекте балаларын бір-біріне үйлендіру, «өскенде бірге отбасын құрсын» деген мазмұндағы ғұрыптарды сақтай отырып, келіссөздік әңгімелер өткізе бастайды. Нәтижесінде, егер қыздың ата-анасы ұл жағындағылардың тілегін қабылдап, өскенде қызын беруге келіссе, қыз бен жігіт атастырылған болып саналады. Міне, қазақ халқының ежелден келе жатқан осы алдын-ала құдаласу дәстүрі — «Атастыру» деп аталады

Бұл орайда, халқымыз бұрындары «бізде ұл, сіздерде қыз бола қалса» деп, тіпті туылмаған балаларын да атастыра берген. Ондай ниет, өте сыйлы достық қатынастағы, бір-бірімен жақсы таныс-біліс адамдар арасында туындайды. Егер әйелдері бір мезгілде аяғы ауырлап, қатар құрсақ көтеріп жүрген болса, олар іштегі балаларын өскенде үйлендірейік деп алдын-ала уәделесетін болған. Содан бастап, олар бір-бірімен «Бел құда» немесе «Құрсақ» құда болып саналады. Олар уақыты келгенде балаларды үйлендіретін. Егер, екеуі бірдей ұл не қыз болса, онда олар өсе келе туыс-достай болып кетуі тиіс болған. Егер, сондай ниеттес адамдар балаларын бесікте жатқан кезінде атастырса, олар «Бесік құдалар» деп айтылады.

Осындай салт-дәстүрмен үйленген жастар отбасының іргесі мықты болып, ажырасу деген өте сирек кездесетін. Себебі, бұрыннан сыйласып жүрген ата-аналары енді құдандас болғандықтан және уәделеріне сай өзара кикілжіңге, араздыққа жол бермейді. Балалары да соны сезініп, болашақ жарының ата-аналары туралы тек жақсы, мақтау сөздер естіп өседі. Сөйтіп оларға деген сыйластық ертеден қалыптасады.

«Атастыру» деген сөздің түпкі мағынасы «байлау» дегеннен шығады деп айтылады. Ерте кезеңдегі ел тіршілігінде бұл ғұрып, тек екі жасты ғана емес, бүткіл екі руды, екі елді бір-біріне байлау деген мағынада қолданған. Оған басшылық дәрежедегі сол елдің үлкендері, ауыл ақсақалдары куә етілетін. Сондықтан да «Атастыру» салты ауызша атқарылғанымен, ол дала заңдылығымен байланыстырылған, өзіндік бұзылмас шарт-ережелері болған.

«Атастыру» деген сөздің түпкі мағынасы «байлау» дегеннен шығады деп айтылады. Ерте кезеңдегі ел тіршілігінде бұл ғұрып, тек екі жасты ғана емес, бүткіл екі руды, екі елді бір-біріне байлау деген мағынада қолданған. Оған басшылық дәрежедегі сол елдің үлкендері, ауыл ақсақалдары куә етілетін. Сондықтан да «Атастыру» салты ауызша атқарылғанымен, ол дала заңдылығымен байланыстырылған, өзіндік шарт-ережелері қалыптасқан.

Ең алдымен, атастырылған балалардың өскенде уйленуі міндетті болып саналған. Сол келісім шарт-талабына сәйкес атастыру уәдесі, ары қарай «қалың малды» алдын ала төлеу, «құда түсу» салттарымен жалғасады.

Ал, содан кейінгі мерзімде жігіт жағы атастыру келісімін бұзып, басқа біреудің қызына құда түспек болса, олар қыз жағына мал түрінде айыппұл төлейді, бүкіл киітті қайтарады. Әйтпесе, алғашқы құда түскен қалыңдықты алып, оны «бәйбіше» атандырып барып қана, екіншісіне үйленуге міндетті болатын.

Қазірге келсек, жаңа дәуір талаптарына сай, «қазакемнің» бұл ғұрпы қажетсіздіктен тарихтың «мұрағатына» толығымен еніп кеткен сияқты. Болса да некен-саяқ. Ол заңды да және түсінікті. Рас, соңғы жылдары баспасөз беттерінде «Атастыру» салтын жаңғырту керек пе?» деген мазмұндағы мақалалар жарияланып жатыр. Сол тұрғыда, егер бір жекелеген отбасылар бұл дәстүрді қолдануға жүгініп жатса, еш сөкет етілмейді. Алайда, көпшілік пікірі, оны қоғам деңгейінде қайта бір жаңғыртудың, өмірде қолданудың еш қажеттілігі жоқ және мүмкін де емес дегенге келіп саяды.

Қалай болса да, «Атастыру» дәстүрінің ұзақ ұасырлар ата-бабаларымыздың қолданысында және ерекше тәрбиелік мәнге ие болғандықтан, халқымыздың ағайыншылдық, құда-жекжаттық сыйластықты барынша қадірлейтін асыл қасиеттерін толығымен айқындағандықтан, ұрпақтар жадында еш жоғалған емес, ұзаққа ұмытылмайды да.

 

Қыз көру

 

Картинки по запросу қыз көру

 

Қазақ халқының балаларын үйлендіру салт-ғұрпында, егер ол бір қызға атастырылмаған не айттырылмаған болса, онда оған болашақ қалыңдықты іздестіріп, таңдап-тауып алатын да жолы болған. Бұл істе балаға тек ата-аналары ғана емес, басқа ағайын-туыстары, әсіресе, жеңгелері мен жезделері барынша көмектеседі. Олар жақын-алыс ауылдардан сұрастырып, «пәленше жерде жақсы қыз бар» дегенді естісе, сол бойжеткен туралы қажетті мәліметтер алады. Әрине, “көріп алған келін көрім болады” дегендей, алғашқысында, қызды көруге жасырын түрде, «жан-жаққа білдірмей, ешкімді шулатпай» сол ауылдарға барып көріп қайтатын. Әдейіленіп, үзбей өткізіліп тұратын той-томалақтарға, ойын-сауықтарға, өлім-жітімдік шараларға қатысады, қыз үйіңде ұлкендері жоқ кезде «құдайы қонақ», жолаушы ретінде барады. Ондай қызды көруге бойдақ жігіттің өзі де ынтызар болып, себебін тауып сол ауылға қатынайды. Бұл жағынан реті келмей жатса, теңін іздеу мақсатында достарымен қыздары бар басқа да ауылдарды аралайды.

Солардың бірінде, жігіттің көзі қыздардың біріне түсіп, көңілі ауғандай болса, көп ұзамай сол қыз ауылына арнайы дайындықпен баруға ниет етіледі. Ата-анасымен ақылдасып, келісімдерін алғаннан кейін жанына жақын дос-жарандарын, өнерлі сал-сері жігіттерді ертіп қыз ауылына жол тартады. Олардың арасында қызды сынап бағалай алатын кеңесшілер де болады.

Олардың сондай мақсатпен сапар шегіп келуін, қыз ауылы да жақсы түсінген. «Қызды кім көрмейді, қымызды кім ішпейді» дегендей, олар тарапынан еш наразылық болмайды, керісінше қыз іздеген жігіттерді салтанатпен қарсы алады. Мал сойып, құрмет көрсетеді. «Қыз көретін жігітті біз де көрелік" дегендей, сол ауылдың жұрты, әсіресе, жастары мен қыз-қырқындары келген жігіттерді сынап көру үшін ойын-сауық ұйымдастырады. Өнерлерін байқату үшін екі жақтың жастары ән салып, күй тартады; «қонақ кәдесі» жасалынып, «ауылдың алты ауызы» айтылады. Көбінесе, қыз жігіттер өзара айтысқа түсетін.

 

Похожее изображение

 

Нәтижесінде, келгендер «көздеген» қыздың бойындағы өнерді, мінез-құлқын, сөз саптауын, жүріс-тұрысын байқап, оның ой-танымы, өмірге көзқарасы, тұрмысқа ептілігі, ортадағы мәдениеті туралы пікір қалыптастырады. Одан ары, қажеттілігіне қарай, жастардың оңаша қалып, жақын танысуларына, өзара сөйлесулеріне жағдай жасалынады. Бұл орайда, «Алтыбақан» «Ақсүйек» сияқты ұлттық ойындарды ұйымдастырады, басқа да дәстүрлі танысу ғұрыптарын өткізеді. Міне, қазақтың осы дәстүрі «Қыз көру» деп аталады.

Одан ары, жастардың көңілі жарасып, өзара ұнатысып қалса және де үлкендер жағынан наразылықтар, қарсылық болмаса, олар уәде байласады. Оның соңы «айттыру», «құда түсу» сияқты дәстүрлік ғұрыптардың атқарылуына, «үйлену тойына» жалғасып та кетуі мүмкін болады.

Әрине, «Қыз көру» сапары әрдайым сәтті бола бермейді. Қыздың ата-анасы, туыс-туғандары келген адамдарды қош көрмей, «жылы қабақ» танытпауы, тіпті қыздарын үйінен шығармай қоюы да болып жатады. Жастардың өздері де бір-бірін ұнатпай қалуы да жиі кездеседі. Әрине, онымен өмір тоқтамайды, «қыз көру» сапары да жалғастырыла береді. Жігіттерге (қыздарға да) түбінде өз жарын табудың бір сәттілігі түседі ...

 

 

Автор публикации

не в сети 3 недели

admin

0
Комментарии: 2Публикации: 101Регистрация: 11-07-2018
Обновлено: 20.10.2019 — 10:05

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *