«Қазағымның салт-дәстүрлері» (16)

«ҚАЗАҒЫМНЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ» (16)

БАТА ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

 

БАТА БЕРУ дәстүрі — халқымыздың тағылымы мол салт-дәстүрлерінің ең қастерлісі, рухани темірқазығы, ажырамас бөлігі және ұлтының, ұрпағының жарқын келешегі үшін жүрекжарды ізгі тілектерін жеткізудегі алтын көпірі.

Шынында да ол туралы бәріміз жақсы білеміз бе?..

Соған орай, сайтымның бүгінгі парағында тақырыптық танымдық мақала мен оның мазмұнын толықтыратын бейнежазбалар, «Ақ бата» атты ән ұсынылып отыр.

Танысыңдар!

 

 

Алдымен, әдеттегідей әсем ән тыңдап алайық!

 

«АҚ БАТА» әні

Ән авторы мен орындаушысы — Мұратхан Егін­баев

Сөзі — Құттыбек Баяндиндікі.

Әннің сөзі мен нотасын сайтымның мына парағынан көруге болады болады: http://bit.ly/2lSfL0L

 

 

Бата беру дәстүрі туралы

С.Серпербаев

Мақала баспасөздегі, ғаламтордағы осы тақырыптағы жарияланымдардан жинақталып реттеліп жазылды.

 

Бата, бата беру — қазақ халқының ежелден келе жатқан тәрбиелік мәні жоғары, тамаша дәстүрлерінің бірі. Бата деген сөзді арабтың «фатеке» деген атауының қазақша айтылуы деп саналады. «Фатеке» сөзінің түпкі мағынасы – алғыс айту, адал ниетті жақсы тілек білдіру.

 

 

Шығыс халықтарында кең тараған бата беру дәстүрі, қазақ халқының да тамыры тереңде жатқан, тарихымен тағдырлас, ғасырлар көшінде бірге жасасып, өмірінің, тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлшегіне айналған, елдің тұрмыс салтында айқын із қалдырған тәлім-тәрбиелік тағылымы мол мәдени байлығы, рухани қазынасы, тамаша мұрасы деп білеміз. Баталарды — халқымыздың ақыл елегінен, өмірі сынағынан өткізіліп тексерілген, тарихи санасының даналық қорытындысы, адамгершіліктің, ұлттық құндылықтарының ережелік қағидасы деуге келеді.

Сондықтан да бүткіл өткен тарихы мен тыныс-тіршілігінде сөз құдіретін, қасиеті мен қадірін жете түсінген қазақ халқы батаның адам өміріне, санасына әсер ететін зор күші бар деп санаған. Шынайы жүректен шыққан батаны алу — әркімнің алдағы өмірге деген мақсат-мұратын айқындайды; келешекке даңғыл жол ашады; қуаныштарды жалғастырады; іс-әрекеттеріне күш-қуат береді; қысылғанда бойға демеу, медет болады; тұрмыста жамандықтан сақтап, бәле–жаладан қорғайды деген сенімге ие болған. Батаның қабыл болатынына күмән келтірмей, оларды әрдайым жақсылыққа қабылдап, өмірінде қуаныштар, молшылық болады деп ырымдайды.

“Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді” деген мақалымызға сай, оның халқымыздың рухани өмірінде тұтастық пен бірлікті, адами қасиеттерді сақтаудағы орны зор. Тарихи салт-дәстүрі, танымдық көзқарастары, адами қасиеттері, отбасы жарастығы, әдепті ұрпақ тәрбиесі сияқты мағыналы көріністер тапқан баталар жүйесі этикалық, эстетикалық, педагогикалық тұрғыда ұлттық тәрбиенің бастау бұлағы бола алады. Ақ батаның негізінде қазақ халқының сыйластық, кішіпейілділік қасиеттері, ізгі ықыластары мен тілектестігі жатады. Олар қандай жағдайда және кімдерге арналмасын, адамдарды имандылыққа, мейірімділікке, ынтымаққа ұйытады; ел арасындағы береке-бірлікті нығайтады; кейінгі ұрпақты әділеттікке, жақсылыққа сенуге, салиқалыққа, әдепті болып өсуге баулиды, отансүйгіштікке тәрбиелейді.

Діни жағынан келгенде, бата намаздың соңында қол жайып, жаратқаннан жақсылықтарды жалбарынып сұрау сипатында айтылатын дұға. Қазақ салт-дәстүрлерінің басым бөлігі Ислам дінінен бастау алып, қанымызға сіңгендіктен баталарының айтылуы да сол дұғаның үлгісінде қалыптасып, моральдық-этикалық сипатқа ие болған. Дана ата-бабаларымыздың қасиетті өсиеттері, ұйқасты, ырғақты болып келетін баталары ел аузында сақталып жинақталып, ой елегінен өтіп қазақ фольклорының жеке бір шағын жанрына айналған.

 

* * *

Қазақ халқында бата берудің өзіндік орны мен жолы, жөні бар. Әркім қандай да бір іске кіріспес үшін, Алладан ризашылық тілеп, үлкендерден бата сұраған. Батаны кез-келген адам бере бермейді. Ол құрмет — көпті көрген, сыйлы ел ағаларының, игі жақсыларының, қадірлі қариялардың, атақты батырлардың, дуалы ауызды билердің, шешендердің үлесіне тиген. Ертеректе ондай адамдарды алыстан болса да алдырып жатса, бүгіндері той-қуаныштарға арнайы шақырады. Кей жағдайларда бата беруі ортадағы «жолы үлкен» саналатын адамға, құрметті қонақтарға ұсынылып жатады. «Ерлер отырғанда әйел бата бермейді» делінсе де, ардақты әжелеріміз бен сыйлы аналарымыздың да бата беретін кездері жиі болып тұрады. Ал өзің бата беру үшін абыройлы, салиқалы да парасатты, басқаларға үлгілі өмір сүруің керек. Қадырлы саналатын «пәленшенің батасын алған» деген сөз кімге болса да үлкен абырой әкелген.

Мұнымен қатар, батаның айтылатын-айтылмайтын жерлері, қисынды қолдануы, өзіндік ерекшеліктері болады. Қазақ қоғамында батаның мазмұны берілу мақсатына қарай тілек пен дұғаны, алғыс пен қарғысты, ризашылық пен ренішті де қамтып жатады. Солардың мәнін терең білу, беру тәсілдерін жақсы меңгеру, мәтінінің мағыналы, көркем, ұзынды не қысқалы болуы, батагөйлердің ақыл — ой, парасатының деңгейіне, шешендік өнеріне, сөз байлығына тікелей байланысты.

Сондықтан да, бата берушілер оны сұраушы адамдарға шын көңілімен, адал ниетімен, үлкен ықыласпен, жүрекжарды тілектерімен барынша мазмұнды беруге тырысқан. Соған қарап жиналғандар да оның пейілін сезінеді, батагөйлік дәрежесі мен оған лайықтығын бағалайды. Бұл жерде мүмкін болар сөз қорының жетімсіздігі, немқұрайдылық, жасандылық бірден байқалып, бата берушінің беделін, абыройын түсіріп те жатады. Міне, осы тұрғыдан келгенде, ел арасында көпшіліктің ниет еткен қимылдарының іске асуына рухани демеу болып, жақсыларын қолдап, жамандарының алдын алуға мақсатталған тәрбиелік ақыл-кеңестерін бере алатын, іздегенде табылатын батагөй қариялар баршылық. Оларды өз ортасы жақсы біледі, сыйлайды, құрмет тұтады, қызметіне жүгінеді.

Солай десек те, өкінішке орай, бата бере білмейтін үлкендеріміз де жетіп артылады. Оны тойларда, отырыс-жиындарда, қонақи дастарханда жиі байқап отыратынымыз жалған емес. Әр қазақ той жасағанда, қонақтар шақырғанда үлкендердің батасын алсам деген ниетті мақсат етеді, алғы кезекке қояды. Сондай уақытта ортадағы жасы егделеу тартқандарға бата беру жолы ұсынылғанда бере алмайтынын айтып, тартынып жатады. Кейбірі қарияларымыз, « ...ал не айтайын, бақытты болыңдар» деген сыңайдағы екі-үш ауыз сөзбен ғана қысқа қайырып, «құтылдым» деп ойлайды. Біреулері берілер батаның мән-мазмұнына үңілмей, жаттап алған бір сарынды сылдыр сөздерді сыдыртып айтып шығады. Сол кезде дастархан иелері ниет еткен баталы сөздерді ести алмай көңілдері құлазытып жатса, қалғандары сол адамға деген көзқарасы өзгеріп қалады.

 

Әрине, бата беретіндердің барлығы ақын, шешен бола бермейді. Солай дегенмен, әрбір жасы үлкен адамның бата беру құрметіне ие болуы мүмкін болатындықтан, қажет болады-ау деген баталар топтамасын біліп алғаны жөн. Реті келгенде соларды отырыстың тақырыбына қарай мән-мағынасын келтіріп, шынайы жүрегінен шыққандай жеткізе алса, аузына қарап, алақан жайып тұрған қауымның ықыласына ие болар еді.

Қазіргі кезде көпшілікке бата берудегі орын алып отырған үлкен кемшілік — оны берушілердің «бата» мен «тілек» сөздерінің ұғымдарын жете түсінбей жататындағы. Олардың өзара мағынасын айыра алмай шатастырып, жай тілек сөздерімен алмастырып батаның қадірін кетіріп, жатуы. Тіпті сол тілектің өзін тостқа айналдырып жіберетін үлкендерге де куә болып қаламыз.

Осыдан барып, қазіргі жастарымыз берілетін батаға немқұрайды қарап, назарларын бөлмей, дастарханнан құр бетін сипап тұрып кетіп жатады. Нәтижесінде, қажет етілгенде олардың да тілек айтудағы шорқақтығын. жаттанды сөздерге бейімделгенін байқаймыз. Егер ұлағатты ақыл айтар қазыналы делінетін қарттарымыздың өзі бата-тілектердің жөн-жосығын білмей жатса, оларға не кінә?

 

* * *

Сонда алдындағы үлкендерінен үлгі алуы тиіс кейінгі жас ұрпақты бабаларымыздың бата беру салтын білуге, сақтауға және оңды қолдануға қалай тәрбиелейміз?

Біздің ойымызша, елімізде жүріп жатқан «рухани жаңғыру» үрдісі аясында, кейінгі ұрпаққа ұлтымыздың салт-дәстүрлерін барынша дәріптеп, жан-жақты жандандырып, оның ішінде саналы сөз айта білу, бата бере білу қасиетін сіңіруге қажетті тәрбиелік-насихат жұмыстарын күшейту керек. Бұл орайда, соған өнегелік істерімен үлгі болуы тиіс, бүгінгі «ата сақалы» шыққан үлкендерімізбен егде жасқа таяған ел ағаларының өздері «бетбұрыс» жасағандары дұрыс болар еді. Оған «Атаңнан бота қалғанша бата қалсын. Бота бір жылдық, бата мың жылдық азық» деген халық нақылын негізге алу керек. Даналық, шешендік қасиеті табиғатынан молынан табылатын, жаралғанынан қанына барынша дарыған халқымыздың қай азаматы үшін болса да, бұл іс көп қиыншылық туғызбауы тиіс, тек ниет пен ынтасы керек. Жасы қырықтың қырқасынан асып, елуге еңкейгендер бабаларымыздан жеткен баталарды біліп–үйренуге шын ықыласымен мойнын бұрса болды. Бүгінгі таңда оған жағдайлар бар, қажетті дүниелер жеткілікті. Баспалардан баталар, олардың әр мазмұндағы мәтіндері жинақталған кітапшалар шығарылып жатады. Тақырыпты мақалаларды баспасөзден, телехабарламалардан, ғаламтор жүйесіндегі жазбалардан кеңінен табуға болады. Соңғы жылдары бата беру дәстүрімізді барынша насихаттау мақсатында еліміздің кейбір өңірлерінде, мәселен, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында «Батагөйлер байқауы» аталатын ұтымды шаралар ұйымдастырылып жүр. Ондай үрдісті басқа жерлерде де үлгілік ету, қолдап жалғастырып әкету, ниет етілсе еш қиындық туғызбауы тиіс.

Осы орайда, оқып отырған мақалаңыз да, және сайтымдағы «Қазағымның салт-дәстүрлері» атты тақырыпты бөлімі, сөз етіп отырған маңызды ортақ іске ат салысу, аз да болса себі тиер мақсаттан туындаған дүние.

 

* * *

Соған орай, мақаламыз ары қарай бата мен тілек ұғымына. баталар түрлеріне танымдық түсініктер берумен жалғасады.

Бүгіндері көпшілігіміздің бәтуалы бата мен ізгілікті тілектің аражігін ажырата алмай шатастырып, орындарын ауыстырып айтып жүргеніміз шындық екені айтылды. Олай болса, сол айырмашылықтар туралы.

Ең алдымен, жоғарыда сөз етілгендей, ақ батаны екінің бірі емес, тек батагөй саналған адамдар береді. Батаның мазмұны тереңдеу, көлемі недәуір үлкен, құрылымы күрделі болып келеді. Мәтіндері ұйқасты, ырғақты болады, сондықтан оны мүмкіндігіше өлеңдетіп оқиды. Әрине, тақпақтап та, қара сөзбен де жеткізуге болады. Олар «А, құдайым оңдасын, Қыдыр бабам қолдасын», « Сұрасаң бата берейін...,», – деген сияқты кіріспе сөздермен бастау алып, ары қарай мазмұнды, ізгілікті ниетпен жалғасады. Аяқталғанда қауымның «Әумин!», «Айтқаныңыз келсін!» деген ықылас сөздерімен қошаметтеледі.

Ал тілек сөздер қысқа, 2-4 жолдан құралған қара сөзден, «Халқыңа қалаулы бол, Еліңе елеулі бол» «Жорытқанда жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын!» «Асың, асың, асыңа, Береке берсін басыңа!» деген сияқты қасаң тіркестерден құралады, не шағын тақпақтан тұрады. Тілекті кез келген адам оң ниетін атқарылып жатқан іспен тікелей үйлестіріп, жиі қолданылатын үстідегі сияқты сөздермен, не өзі құрастырып айта алады. Ақ тілекті қабылдаушы адам да «Айтқаныңыз келсін», «Аузыңа май...», «Құдайдың құлағына шалынсын», дегендей дағдылы сөздермен жауап қайтарып, рахметін айтады.

Ал қазақ баталарының түрлеріне келсек, олар тақырыптық мазмұндарына қарай сан қилы, әр алуан болып келеді. Тек олардың қай түрі қандай жағдайда қолданылатынын түсіне білу керек. Мағыналық жағынан ақ (оң), теріс (қарғыс) және серттесу (баталасу) баталары болып үш түрге бөлінеді:

Ақ бата –түрлі ортада жəне нақты жағдайға қарай ақтарыла айтылатын жүрекжарды ізгі тілек, алғыс; ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан өсиетнама. Негізгі мақсаты – ниеттес адамдардың, ағайын-туыстардың бір-біріне деген ыстық ықыласын, мейірім-сүйіспеншілігін білдіру, өзара ынтымағын, береке–бірліктерін нығайту.

Теріс бата - қазақ қоғамында қарғыстың қатты, жазаның өте ауыр түрі саналып, оның әсері өте күшті деп есептелген. Батаны беруші қолдарын теріс жайып тұрып айтады. Мұндай бата отбасын, ата-тегін, ел-жұртын көпшілік алдында ұятқа қалдырып, масқаралаған; ұлттық дәстүрді өрескел бұзып, ата салтын аттаған; дінін, тілін, Отанын сатқан; жауыздық, ауыр қылмыс, кешірілмес күнә жасағандарға берілген. Теріс батаға ұшырағандардың өмірі қаратаңбалы саналып, ел-жұрты олардан теріс айналған. Рас, бұл шара өте сирек қолданылады, негізінен бұрындары болған. Қазақ үлкендері қаншама ашуланып, қорланып, намыстанса да, теріс бата беруге асықпаған. Мұндай бата беру орын алған жағдайда, кейіннен оны қайтарып алу үшін алқалы жұртты жинап, кінәліге жаратушыдан жалбарынуына мүмкіндік жасалынған, тиісті рәсімдері атқарылған.

Сондықтан да, әр қазақ жұртының қарғысына ілігіп, теріс бата алудан сақтанып, бойын жаман қылықтардан аулақ ұстаған.

 

Серттесу батасы (Баталасу) – ежелде елдер мен қоғамдағы бір топтар арасындағы серт пен уәде берісуді қажет етілетін маңызды үлкен шараларда, елшілік келісімдерде ел басшыларының (хан, билер, батырлар) алдында келісуші жақтардың қол берісуымен атқарылатын болған. Қазақтың тұрмыстық өмірінде ол «балаларды атастыру», құдалық сияқты салттық шараларда жасалатын ғұрып болған. Бұл баталарды бұзу үлкен кінә саналған.

 

* * *

Қазақ баталары айтылу мерзімі, кімдерге берілетіні және мағыналық жағынан тіпті ерекшеленеді. Оларды тізбектеп шығудың өзі үлкен шаруа, төменде солардың бастылары ғана көрсетіледі.

Ас батасы

Бұл баталардың ішіндегі ең негізгісі, маңыздысы және жиі қолданылатыны, қалғандарының берілуі рәсімі осы батадан бастау алады. Қазақ ұғымында ас-тағам, дастархан қасиетті саналғандықтан оған үлкен мән беріледі. Ас батасы — дастарқан батасы деп те айтылады. Сондықтан оған кеңірек тоқталайық.

Бата — қуаныш иелеріне; небір жиын- тойларда; жақсылықтарға ниет етушілер ортасында жайылған ақ дастархан басында беріледі. Оны дастарқан басындағы жасы үлкен, құрметті, не кәделі сыбаға тартылған адам жасайды Әдетте, бата берушінің алдына арнайы сойылған малдың басы тартылады. Ол қолын жайып мазмұнды батасын жасайды. Батада үй иесінің тілек-ниет еткен істерінің оңды болуына, отбасының амандық-саулығына, ортадағы береке-бірлікке, ел тиыштығына арналған жақсы, ізгі тілектер қамтылады. Бастан өзі ауыз тиген соң, жүйелі сөздермен атап отырып, алдымен бастың оң жақ құлағын кесіп алып балалардың ең кішісіне, қалған жерлерінен отырғандарға дәм үлестіреді. Бата ас табағын жинап алар алдында да беріліп жатады, оны «ас қайыру» дейді.

Бата айтылғанда дастарқан басындағылардың бәрі қолдарын жайып, бата тілекке қосылады. Ол кезде жастар жағының түрегеліп тұрғандары жөн саналады.

Дастархан, қуаныш иелері «бата қабыл болсын» деген ырыммен бата берген қарияларға міндетті түрде алғыс білдіріп, шама-шарқыларына қарай сый-сияпаттарын жасайды, той сарқытын салып береді.

Ас-нəзір (аруақтарға арналған) батасы

Кейде дастарқан батасында үй иелерінің ниетіне сай, әулеттің қайтыс болған адамдарына «аруақтар риза болсын» деген мағынадағы тілектер қосылады. Ал негізі, белгілі бір себептермен аруақтарды еске алып, бата аталуы үшін арнайы бір уақыт белгіленеді. Мал сойылып, дастархан жайылады. Құран оқылып, марқұмдардың аты аталып бата беріледі. ...

Қарияларға берілетін бата

Кей кездері ақ сақалды аталар мен ақ самайлы əжейлердің өздері аузы дуалы, батагөй жандарды арнайы шақырып алып, берген баталарын рухани азық етіп, көңілдерін көтеріп отыратын болған.

Сəбилерге берілетін бата

Өмірге келген жас нәрестенің есейгенінше отбасында атқарылатын ұлттық дәстүр-ғұрыптардың мазмұнына қарай беріліп отырылатын баталар.

Алғыс бата –азаматтарының халқы үшін жасаған аса игілікті істері, ерліктіктері, ерен еңбектері үшін ел ағаларының арнайы беретін ризалық батасы, ыстық ықыласы.

Сапар (жорық) баталары.

Бұрындары ер азаматтарының майдандық жорықтарға, соғысқа аттанарда елге жеңіспен аман-есен оралсын деген ниет-наныммен берілетін баталар. Сол сияқты, отбасының балалары басқа да бір қиын сапарға, алыс жолға аттанғанда ақ жол, сəттілік тіленетін бата.

 

Бұл тізімді, ары қарай ел мен жерге, шаңыраққа, балаларға, ұл мен қызға, дос-құрдастарға, шекпенділерге, игі бастамаларға, мерекелі күндерде, «үйлену» тойларында берілетін баталар;, «Ықылас батасы», «Сақтық батасы», «Соғым батасы», «Наурыз батасы», «Ораза айт батасы», «Жарапазан батасы» және т.с.с. әр тақырыптағыларымен жалғастыра беруге болады.

Баталардың тақырыптық мәтіндеріне келсек, бәрін бір мақалада жариялау мүмкін емес екені түсінікті. Қажет етушілер оларды баспалық дүниелерден еш қиналмай таба алады.

Мен, өз тарапымнан, алдағы уақыттарда осы сайтым мүмкіншілігін пайдалана отырып, онда баталар тақырыбындағы жеке бөлім ашып оқырмандар назарына ұсынуды, насихаттауды қолға алсам деген ой-ниетім бар. Бұйырсын делік!

* * *

Осы бейнежазбадан біршама баталар тыңдай аласыңдар!

 

 

* * *

Әңгіме түйініне келсек, бүгіндері өнегелі елдік болмысын қайта жаңғырту мен түлетуді мақсат еткен қазақ халқының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасудағы тағылымы мол салт-дәстүрлерінің ең қастерлісі, рухани темірқазығы, ажырамас бөлігі; ұлтының жарқын келешегі үшін жүрекжарды ізгі, тілектерін жеткізудегі алтын көпірі; ұрпағын жамандықтан тыйып, тек жақсылықтарға бағыттайтын бата беру дәстүрі өз баға жетпес қүндылығын ешқашан жоғалтпасы анық.

 

 

Бата беруді білеміз бе?

 

 

 

Автор публикации

не в сети 2 месяца

admin

0
Комментарии: 2Публикации: 104Регистрация: 11-07-2018
Обновлено: 18.09.2019 — 07:08

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *