«Қазағымның салт-дәстүрлері» (14)

«ҚАЗАҒЫМНЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ» (14)

 

«ТІЛАШАР»

Сайтымның осы тақырыпты бөлімінің бүгінгі парағында халқымыздың жас балаларға қатысты ерекше мән берілетін дәстүр-ғұрыптарының бірі  — «Тілашар» туралы танымдық мақала мен оның қазіргі кезде қалай атқарылып жатқаны туралы той бейнетүсірілімдері беріліп отыр. Танысыңдар!

 

«ТІЛАШАР» дәстүрі туралы

Мақала ғаламтордағы осы тақырыптағы жарияланымдардан жинақталып реттеліп жазылды.

 

 

«ТІЛАШАР» - қазақ халқының ежелден үзілмей келе жатқан, атқарылуы міндет саналатын тағы бір тойы, ағайын-туғанмен бөлісетін қуанышы. Оның мазмұндылығы және өткізілуі ғұрпы заманның әр уақытына сай өзгеріп те келеді. Бүгінгі күндерде де оның бұрынғымен ұштасып, қайта жаңғырып жатқаны байқалады. ...

 

Қазақ халқы табиғатынан сөзге шешен, сөз құдыретін ерекше қастерлейтін болғандықтан, бұрындардан әр ата-ана баласының тілінің ерте шығып, жылдам және таза сөйлеп кетуін, оның шешендікке жақын болуын тілейтін. Сондықтан, бала тілі икемге келе бастағаннан, ата-анасы, алдындағы үлкендері алдымен оған дыбыстарды, жеке сөздерді қайталатып, одан ары сөйлесіп, әңгіме айтып, сөз тіркестерін үйретуге көшетін. Өлеңдер айтып, әдемі ән әуендерін құлағына сіңіретін. Бала алғаш «тас» деген сөзді айтқанда, «еңбегі» қатты, енді еш қауіп жоқ, «тілі шықты» деп қуанған. Соған ырымдалып осы кезден «тілашар тойы» жасала бастайды. Сонымен бірге, егер сәбидің тілі 3 жасқа дейін шықпай жатса, оның тілін сындыру үшін де тілеу малы сойып, «тілашар» мерекесі өткізілетін болған.

 

Той дастарханына негізінен, ағайын-туғандар, сыйлас азаматтар, көрші-қолаңдар жиналады. Оған сыйлы, аузы дуалы, ұшқыр тілді шешен қариялар арнайы шақырылады. Біріне қойдың сыбағалы басы ұсынылып, балаға бата сұралады. Ол сәбиге: «тілің тез шықсын» деп бастың тілін, «шешен бол» деп таңдайын, «көреген бол» деп көзін жегізетін. «Сөз тыңда, айтқанды құлағыңа құйып алатын құйма құлақ бол» деп құлақтан да дәм татқызады. Сонымен бірге, тазаланған қойдың ішегімен қылқындырғандай болып, «баланы буындыру» рәсімі жасалады. «Сөйлейсің бе?» деп үш рет сұрақ қойып, шешесі мен баладан «сөйлейміз» деген уәде алады. Тілашар тойына жиналғандар балаға арнап шашу шашады. Отырыстан кейін «Жәнібектей көсем бол, Жиреншедей шешен бол, сандуғаштай сайрап кет, бүлдіршіннің тілі тез ашылсын» деген тілектер айтып тарқасады.

 

Осы жерде әңгімемізді, бұрынғы мақалалардағы әдетпен тағы да Зейнеп апамыздың (Ахметова) «Тілашар» дәстүрі туралы айтқандарын бергенді жөн санадым:

«Тілашар» дәстүрін айтпас бұрын бір нәрсеге кішкене тоқталайын. Кеңес өкіметі заманында арнайы құжаттарда, оқулықтарда, алқалы жиындарда биік мінбелерден: «Қазан төңкерісіне дейін қазақтардың 98 пайызы – сауатсыз, қараңғы болған. Тек төңкерістен соң көзі ашылып, әріп таныды», – деп көпе-көрнеу бүкіл бір халықты кемсіту, жала жабу үдірісі үзбей жүріп тұрды. Сыңаржақ саясат қазақ халқының қомақты бөлігінің мұсылманша сауаты болғанын, араб әрпімен оқып-жаза алатынын көргісі де, естігісі де келмеді. Ең сорақысы, «сауатсыз едік», «қараңғы едік», «оқымаған надан едік» дегенді өз ұлтымыздың өкілдеріне айтқызып, санасына сіңірді. Егер бұлай болса, көне дәуірден бері тамыры үзілмей келе жатқан «Тілашар» дәстүрі қайдан шыққан? «Тілашар» дегеніміз баланың ұстаз алдын алғаш көруіне (мейлі, ол қожа, молда болсын, мұғалім болсын) арналған ізгі ниет, бата-тілек емес пе?! Ертеде алалы жылқы, ақтылы қой айдаған ірі байлар балаларын Бұхара, Самарқанд, Қазан, Түркістан, Орынбор секілді қалаларға үлкен медреселерден білім алуға жіберген. Ауқатты адамдардың көбі ауылында бала оқытатын қожа молдаларды ұстаған. Баласын алысқа жіберуге шамасы келмейтін қоңыртөбел шаруасы барлар мен саптыаяқтық айраны бар кедейдің өзі баласын ауыл арасындағы молдаларға апарған екен. «Тілашар» дәстүрі сол кезде жасалған. Оқуға баратын баланы жуындырып, тырнақ-шашын алып, әркім жағдайына қарай балаға жаңа киім кигізіп, қолдағы барымен дастарқан жасап, үлкендерден бата алған.

Таудай болсын талабың,

Ашылсын тілің, қарағым.

Оқу сіңіп санаңа,

Жарқырай берсін қабағың.

Мақтанышы бола біл.

Ата менен анаңның! – деген секілді тілегі тұнық, ақ ниеттен шыққан батаны естіген баланың рухы көтеріліп, оқуға талпынған.

Ата-аналары баласын молдаға жетелеп апарып: «Молдеке, сүйегі – біздікі, еті – сіздікі. Осы балаға қара танытып, тілін ашып беріңіз», – деп тапсырады екен. Әрине, ол заманның оқуы мен бүгінгі дәуірдің сабағын да, ұстазын да салыстыруға болмайды. Алайда мұсылманша әріп танып, оқу-жазуға көзіқарақты болғандардан қазақтың небір ғұлама ғалымдары, классик ақын-жазушылары шықты емес пе?!..»

 

Иә, одан ары, өткен ғасырдың ортасына қарай бұл дәстүр жас ұрпақтың сауатын мектептерде ашуымен байланыстырылды. Мектепке бару — бала өміріндегі есте қаларлық ең елеулі кезең болып саналғандықтан, оның білімге деген ынтасын, қызығушылығын арттыру мақсатында «Тілашарды» атқару баланың сол мектепке баруымен орайластыратын болды. Соған орай, баланы әке-шешесі оқуға апаруға дайындайды. Оған жаңа киімдер кигізіп, оқу-жабдықтарын алып береді. Қолдағы барымен шағын той өткізеді. Қонаққа келген жақын–туыс адамдар тойға арнап шашу шашады, жаңа киіміне байғазы, көрімдіктер ұсынады. Ата–анасына «құтты болсын» айтып, балаға «үлкен азамат бол», «ғалым бол» деген сияқты баталар береді, сәт-сапар тілейді. Сондай ізгі тілектер естіген бала өзінің өскендігін сезінеді, оқуға құмарлығы артады.

Ал, ауқатты ата-аналар тілашар тойын мейрамханаларда өткізетін болып жүр. Оған асабаны жалдайды, алдын-ала той жүргізудің сценариі жасалып келісіледі. Сол арқылы тойларды ұлттық мазмұндағы көріністерді ұйымдастыра алатын арнайы орталықтар көмегіне жүгінеді. Мысалы, соңғы кездерде той залына ұл баланы таққа отырғызып, көтеріп кіргізу, ал қыз балаларды «гүл қауызынан шығару» сияқты көріністер сәнге айналып келеді. Тойға шақырылған қонақтар баланы құттықтап, сый–тартуларын береді. Тойдағы қадырлы, сыйлы үлкендердің бірі бата жасайды. Ары қарай басқа да тойлардағы сияқты тілектер айтылады, ән шырқалып, би биленеді, ойындар ойналады. Тойдың өткізілуі бейнетаспаға түсіріліп, келешекке естелік ретінде сақталады.

Кейбір ата-аналар баласының «тілашарын» мектепте әріптерді толық танып біліп, кітаптарды еркін оқи бастағанда «әліппе тойы» деп те атап өткізіп жатады.

 

Қалай болғанда да нақ осы «тілашар» тойының атқарылуы «дарақылық», бәсекелестік тұрғыдағы дүркіреп өтетін кезекті бас қосу емес, керісінше, өз мазмұнына сай басқаларға, әсіресе біліммен сусындауға қадам басқан бүлдіршін балаларға ұлағаттылық, өнегелік мақсатта естерінде қалатындай өмірінің ерекше сәті болғаны жөн деп санаймыз.

 

 

«Тілашар» тойының бейнежазбаларынан

 

 

* * *

 

 

* * *

 

 

* * *

 

 

 

 

Автор публикации

не в сети 3 недели

admin

0
Комментарии: 2Публикации: 104Регистрация: 11-07-2018
Обновлено: 30.08.2019 — 06:19

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *