«Қазағымның салт-дәстүрлері». (13)

«ҚАЗАҒЫМНЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ» (13)

«БӘСІРЕ БЕРУ». «АШАМАЙҒА МІНГІЗУ». «ҚҰЛАҚ ТЕСУ»

Құрметті оқырмандар!

Өмірге келген нәрестелер сәл өсіп, сәбиліктен балалық шаққа өтер кездерінде, оған дейін құлын-тайдай тебісіп бірге ойнап жүрген құралпас ұлдар мен қыздар, жыныстық жағынан жіктеліп, бір-бірінен бөліне бастайды. Міне, осы кезеңде бала өсіру мен тәрбиелеуге қатысты ұлтымызда қалыптасқан біраз салттық дәстүрлер атқарылатын болған. Мәселен, ұлдарға айдар қойылып, сүндетке отырғызылады, «Ашамайға мінгізіледі», ал қыз балаларға өзіндік киімдері кигізіледі, тұлым қойылып, құлақтарын тесу рәсімдері өткізілетін...

Осыған орай, бүгінгі парақта жоғарыдағы тақырыптағы дәстүрлік рәсімдер туралы ғаламтордағы жарияланымдардан жинақталып реттелген танымдық жазбалар беріліп отыр. Танысыңдар!

 

«Бәсіре беру»

 

 

«Бәсіре» деп туған-туыстардың дүниеге келген сәбидің шілдеханасына, не қырқынан шығаруға, не «сүндет тойына» келгенде; немесе алғаш рет босағасын аттаған жиеніне нағашы жұртының құлын – тай атағанын айтады. Егер де баланың бәсіреге аталған тайы болмай қалған жағдайда, өз атасы немесе әкесі тай сатып алып беретін болған.

«Бәсіре» алу – жас баланың көңілін өсіріп, ынталандырып тәрбиелеудің бір жолы. Ол баланың мақтаныш сезімін, мерейін көтереді, сана-сезімін өсіріп, өмірге бейімдейді.

 

 

«Ашамайға мінгізу»

 

 

Бұрындары қазақ отбасыларында ұлдарының алғаш рет атқа жеке мінгізу рәсімін ерекше атап өтетін болған. Мұны «Ашамайға мінгізу» немесе «Ашамай тойы», бір өңірлерде «Ат мінгізу тойы деп атаған. Бұл салт негізінен жоғарыда айтылған, бәсіреге берілген тайға отырғызу арқылы атқарылады.

 

Баланы ашамайға мінгізу дәстүрі, оның атқа отыра білу, қолқанат болу, баланың мықты, табанды болып өсуіне сипатталған «ат жалын тартты» дегенді, яғни оның өмірінің есеюге бағытталған жаңа кезеңі басталғандығын, азаматтықтың бастамасын білдіреді.

Ашамай дегеніміз арнайы ағаштан жасалынған ердің қарапайым түрі. Оны шеберлерге, ұсталарға арнайы тапсырыспен жасататын. Жас баланың буыны мен бойы ер-тұрманды атты игере алмайтындықтан, ол үзеңгісіз болады, ал кеңдігі баланың ауына лайық болады. Алды-артында ер-тоқымдағыдай сүйеніші мен үстінде жұмсақ көпшігі болады.

 

Баланы «Ашамайға мінгізу» рәсіміне ағайын-туғандар, ауыл адамдары жиналады. Үйретілген, мінуге жарап тұрған бәсіре тайға ашамай ерттелінеді. Егер бәсіре тай кейбір себептермен мінуге жарамаса, онда жуас, жүрісі жайлы басқа тай-кұнан таңдалады. Баланы атқа мінгізу құрметі шабандоз, желтақым жігіттерге жүктеледі. Баланы салтанатты түрде атқа мінгізіп, аяғын ісикішекке сұғып, белін айналдыра жұқа көрпешемен орап, қолтырмаш ағаштармен денесін ауыртпайтындай ғып байлайды.

Содан соң, ат үстіндегі бала алақанын жайып, ауылдың батагөй ақсақалдарынан бата сұрайды. Бұрындары төмендегідей өлең түрінде баталар берген екен.

Ал, ақ тілек, ақ тілек,
Атқа тоқым сал білек,
Атқа да жақсы шаба біл,
Жасыңнан малды баға біл,
Өнеге, өнер таба біл,
Аймағыңа жаға біл,
Атқа міндің, ақжол болсын.

немесе:

Асқар-асқар таудан өт,
Ағыны қатты судан өт.
Ит тұмсығы батпайтын,
Іргесі биік нудан өт.
Айдын-шалқар көлден өтіп,
Жеті қылым елден өт.
Құс қанатын талдырған,
Қу мекиен шөлден өт!
Жолсыз жерде жол баста,
Жаугерлік болса қол баста.
Сәйгүлігің сай болсын,
Тілегім осы әу баста

Әмин, аллаху әкпар!

Бата берілген соң, баланың қолдарына аттың тізгінін, қамшы ұстатады. Аналар шашу шашып, «Мықтап тарт, ашамайдың қолтырмайын, Жас бала жол үстінде болдырмасын» дегендей тілектер айтады. Аттың жал-құйрығына, баланың шапанына не баскиіміне шоқтап үкі тағады. Үкі қазақ ырымында «жын-шайтаннан қорғайды» деп саналады. Баланың әке-шешесі ашамайға мінгізген жігітке, бата берген ақсақалға сыйлықтарын береді.

Одан ары баланы атқа мінгізген жігіт тізгінді балаға ұстатып, аттың басын жетектеп көрші-колаңға барады, ауылды аралатады. Есігінің алдына келген балаға үй адамдары шашу шашып көрімдіктерін береді, киіміне әртүрлі әшекейлерін тағады. Көп ұзамай бала ашамайды тастап, ер-тоқымға мінген. Үзеңгіге аяғы жетпесе таралғыға салады.

 

Бұл рәсім қазақтың әр отбасында ерекше оқиға, үлкен қуаныш ретінде саналғандықтан, ашамайға мінгізу тойын өткізіледі. Баланың әке-шешесі қолында бар малын сойып, шама-шарқыларынша Ауқаттылар үлкен той жасап ат шаптырған, көкпар тартқызған. Басқалары жақын ағайын-туыстарыена, көршілеріне қолдағы бар ұсақ малын сойып, қуаныш ырымын жасаған.

 

Соңғы жартығасырлық мерзімде бұл салт-дәстүр ұмытылып, атқарылуы жойылып кеткендей жағдайда еді. Дегенмен де, соңғы уақыта бұл рәсімнің замануи жаңашылдық тұрғыда жаңғырылуы, әсіресе мейрамханалық тойларда қайта енгізіле басталғаны байқалады...

 

 

Ашамайға мінгізу салты

Оңтүстік телеарнасы, 28 қараша 2015 жыл.

 

 

 

«Ашамайға мінгізу», «Қамшы ілу», «Енші беру»

дәстүрлерінің жөн-жоралғысы

Хабар SHOW. 7 ақпан 2018 жыл.

 

 

 

Қыз баланың құлағын тесу

 

 

Құлағында сыңғырлаған сырғалары бар қазақ қыздары ерекше сұлу, әдемі көрінетіні бұрындардан белгілі. Сол жөнінде қаншама өлеңдер шығарылып, ән шырқалған. Сондықтан да халқымыз қыз тəрбиесінде оның құлағын тесіп, сырға салынуна ерекше мән беріп келеді. Сол тұрғыдан алғанда, құлақ тесу – ежелден үзілмей жалғасып келе жатқан, ұлттық дәстүрге айналған әдемі ғұрыптарының бірі.

Жалпы, қыз баласы ес білгеннен бастап, өз табиғатына сай жылтырауық заттарға, жарқылдаған әдемі киімдерге қызығып өсетіні белгілі. Сондықтан да алдыңғы әпкелері мен оның құрбыларының, қыз-келіншектердің құлағындағы сыңғырлаған сырғалары да оған ерекше қызықтырушылық туғызатыны түсінікті. Содан да болар, қыз бала өзінің де құлағы тесіліп, сырға тағылуын арман етеді, ол сәтті ерекше толқыныспен тосады. Құлағын тесетін күнді тек қыз баланың өзі ғана емес, бала өміріндегі айтулы күн болғандықтан, оның атқарылуына әке-шешесі де үлкен мән беріп, есте қалатындай қуанышпен өткізілуін өздеріне міндет етеді. Ұл баланы сүндетке отырғызып, ашамайға мінгізгені сияқты, қыздың құлағын тесу – парыз саналған. Жағдайы барлар бұл қуанышқа ақтарыла той жасайтын. Басқалар да осы рәсімді жақын, туыс-таныс ауыл әйелдерін жинап, қуанышпен атқаратын. Қыз балаға қос етек көйлек, кестелі камзол кигізеді, шашын өріп, басына үкілі тақия кигізеді. Құлақты тесу құрметі араларынан сыйлы, қолы жеңіл саналған әйелге беріледі.

Қыздың құлағын қазақ үшін қасиетті сан саналатын жеті жасынан бастап тескен дұрыс саналады. Немесе, жас қыздың бәлиғатқа толғаны болып есептелетін 9 жасты таңдайды.

 

Бұрындардан құлақты тесу негізінен екі түрлі әдіспен атқарылып келген.

Біріншісі – тарымен тесу. Бұл жерде құлақтың майлылығының екі жағына екі тарыны дәл келтіріп қойып, бармақтар арасына салып жайлап уқалайды. Шеміршегі қатпаған ет пен теріні екі түйір тары лезде тесіп шығады. Құлақтан қан да шықпайды.

Екіншісінде күміс инемен теседі. Әбден тазаланған оның ұшы отқа қыздырылып, салқындаған кезде бала сезбей қалатындай шапшаңдықпен тесіледі.

Тесілген құлақтарға сырға бірден салынбайды. Алдымен иттің жүнінен ширатылған жіпті есіп өткізетін, себебі оның құлақты іріңдетпейтін, ісірмейтін қасиеті бар екені белгілі болған. Немесе жіңішке жібек жіп не күміс сым да өткізіп қояды. Құлақ екі-үш күннің ішінде жазылып шыға келеді. Құлақтағы жіпті 10 шақты күн бойы айналдырып қозғалтып отырады. Соған үйренген құлақ, алдағы тағылатын күміс, алтын және қарапайым сырғаларға да тез бейімделеді.

Тесілген орын бітеліп қалмайтындай болған кезде, құлаққа күмістен соғылған жеңіл сырға тағылады. Себебі, күмістің өте таза әрі емдік қасиеті мол болғандықтан, баланың құлағы асқынып кетпейді, ауырмайды да,

Ал, бүгінгі күндері құлақты тесу тіпті оңай шаруа. Оны арнайы аппаратпен -»пистолет" құралғысымен əп-сəтте және жеңіл теседі. Онымен сырғаны да бірден құлаққа іліп қоюға болады.

 

Солай делінсе де, негізі, қыз баланың құлағы тек сәндік, әдемілік үшін ғана тесілмейді. Құлақ тесуде ұлттық тəрбиенің үлкен мәні бар. Ол қыз баланың келешекте келін және ана болуға дайындаудың алғашқы баспалдағы деп саналады. Бұған дейін тұлымшағы желбіреп қуыршақ ойнап келген кішкентай қыздың мінез-құлқы, құлағы тесілгеннен кейін өзгере бастайды. Осыдан бастап оған анасы, жеңгелері «сен енді сырғалы қыз болдың, есейдің, бой жетіп қалдың» дегендей әңгімелер айтып, оны болашақ ересек өмірге дайындай бастайды. Қыз баланы үйдің шаруасына араластырып, келешекке өзіне қажет болатын істерге – ас жасауға, дастарқан мәзірін білуге, іс тігуге, кесте тоқып, ою ою сияқты өнерлерді игеруге бейімдейді.

 

Жалпы жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру, оның ішінде қыз баланың тәрбиесі туралы бүгіндері ұлағатты ақыл-кеңестерімен дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, салт-дәстүрлеріміздің өнегелі жақтарының барынша сақталуын, замануи тұрғыда ұтымды пайдалануын талмай насихаттап келе жатқан аяулы Зейнеп Ахметова анамыз сырға тағу дәстүріне қатысты былай дейді:

«Қыз баланың құлағын тесіп, сырға тағудың үлкен тәрбиелік мәні бар. Қазіргі ата-аналар оны жай нәрсе көреді. Әлі есі толық кірмеген екі-үш жасар қыздың құлағын тесіп жатады. Құлақ тесу ұл баланы сүндеттегенмен бірдей. Өйткені, сүндеттеген кезде баланың бойында бірден өзгеріс пайда болады. Оған дейін де оны аталары «сен жігіт боласың» деп құлағына құйып, психологиялық тұрғыда дайындайды. Сол сияқты алты-жеті жасқа дейін қуыршақпен ойнап, секеңдеп жүрген қызға да анасы «сен сырғалы қыз боласың, енді кесте тігіп, ою оясың» деп құлағына құяды. Сөйтіп, әйелдер жиналып «құлақ тесер» тойын жасайды. Осылайша, қыздың бойында үлкен өзгеріс пайда болады. Сыңғыр-сыңғыр еткен, шашбау мен сырға қыз баланың жүрісін ретке келтіріп отырған. Қалай болса солай жүретін қыздардың сырға, шашбауы салдыр-сұлдыр етіп, ретсіз дыбыс шығарады. Ал кербезденіп, сызылып басқан қыздың жүрісінен керемет сазды әуен естіледі. Сырғаның тәрбиелік мәні Кеңес өкіметі кезінде жойылды. Оны ескіліктің қалдығы деп білді. Мектепке сырға тағуды тәрбиесіздік көріп, ондай қыздарды пионерге өтпейсің деп қорқытты. Тіпті, студент кезімізде де сырға тақпадық, комсомолға жат қылық саналды. Оны тек сахнадағы әртістер сәндік үшін тағады деп ойладық.


«Қызға қырық үйден тыйым» жасау дегеніміздің өзі осы сырға салудан басталады. Басына үкілі тақия, комзол кигізіп, сырға тағып, «міне, енді қыз болдың» деп барлығы соған назар аударады. «Қырық үйден тыю» қызды отырса опақ, тұрса сопақ жасау емес қой. Ол қырық үйден бір өнеге көру, қала берсе қара күңнен бір өнеге көру дегенді меңзейді. Бұл да тәрбиенің бір өзегі болған.

Қазір байлығын көрсету үшін бе, екі жасар қыздың құлағын тесіп, тіпті қымбат, гауһар тасты сырғаны тағып қояды. Бұл баланың балалығын ұрлау болып табылмай ма? Керісінше, 7-ге келген кезінде қызды дайындап, барып сырға тақса, бұл рәсімнің де қыз үшін маңызы зор болады. ...»

 

 

«Ана мен бала». Қыз баланың құлағын қанша жаста тескен дұрыс?

Баланы жазалауға бола ма?

Сейсенбі, 17 Қазан 2017 жыл

 

Источник: https://khabar.kz/kk/m-ra-at-ana-bala/item/93617-ana-men-bala-yz-balany-la-yn-ansha-zhasta-tesken-d-rys-balany-zhazalau-a-bola-ma

 

Құлақ тесу.

27 сәуір 2016 жыл.

 

 

 

Автор публикации

не в сети 3 дня

admin

0
Комментарии: 2Публикации: 100Регистрация: 11-07-2018
Обновлено: 27.08.2019 — 09:00

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *