«Қазағымның салт-дәстүрлері» (10)

«ҚАЗАҒЫМНЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ» (10)

«СҮЙІНДІРУ». «БАЛАНЫ БЕСІККЕ САЛУ»

 

Бұл жолы сайтымның кешегі парағында әңгіме болған «СӘБИДІ ҚЫРҚЫНАН ШЫҒАРУ" рәсімінен кейін, іле-шала атқарылатын «БАЛАНЫ БЕСІККЕ САЛУ» салты туралы танымдық және оның да қазіргі уақытта қалай өткізіліп жатқандығы туралы жазбалар беріліп отыр. Танысыңдар!

 

 

Алдымен, әдеттегідей әсем ән тыңдап алайық!

«Бесік жыры»

Мейрамбек БЕСБАЕВ

 

 

 

«Сүйіндіру» дәстүрі

«Сүйіндіру» деп тұрмысқа шыққан қызы босанғаннан кейін, оған анасының арнайы баруы салтын айтады. Ежелден қалыптасқан жоралғы бойынша, бұл оның міндетті парызы болып саналады. Құда-құдағиының қуанышына ортақтасады, нәрестеге деп арнайы әкелген жасау-бұйымдарын, сәлем-сауқатын ұсынады. Өз қызының қасында біраз болып, оған рухани күш береді, жас сәбиді күтуін түсіндіреді, бала тәрбиесі жөніндегі ақылдарын айтады.

Сондықтан да мұны қызын қияға қондырға әрбір қазақ әйелі білуге және орындауға міндетті.

 

27 Шілде 2015 жыл.

 

«БАЛАНЫ БЕСІККЕ САЛУ»

Ел болам десең, бесігіңді түзе! (М. Әуезов)

besik.kz сайтынан алынған мақалалар топтамасы

* * *

Бесік той салты

Туған-туыстары жиылып, нәрестені бесікке салу дәстүрін өткізеді. «Бесік алып бару» — қазақтың бір жерге келін болып түскен қызы тұңғышын босанғанда орындалатын дәстүрі. Бесіктің жасауын қыздың анасы даярлайды. Оған қоса киетін, зергерлік бұйымдармен дастарқанға қойылатын тәттілерін салып алып барады. Алып барған китінің ішіне тоғыз түрлі заттар салады. Тоғызға бағалы киімнен бастап, ұсақ заттар да кіреді.

Тойға жиналған қонақтар асқа отырып, шүйіркелесе әңгімелесіп, құдағилармен танысады. Шай ішіліп, әңгімелер айтылады. Сонан соң «бесікке салу» басталады. Құдағилары алып келген бесікті ашпас бұрын, сол үйдің басқа келіндері көрімдік сұрайды. Бесікті ашатын әйел көрімдігін береді. Жөргектен шығарып, иткөйлек кигізетін сәбиді бесікке әйелдердің ішінен жас жағынан болсын, мінез-құлық, іс-әрекет жағынан болсын парасатты, бойы таза, инабатты, жөн білетін, ел-жұртқа сыйлы, балалы-шағалы болған бәйбішелердің бірі салады.

Баланы бесікке саларда бесікті аластау ырымы жасалады. Бұл отқа табыну дәуірінен қалған ырым. Баланы бесікке саларда бесікті саларда қарт аналардың біреуі шымшыуырды отқа қыздырып, сонымен бесіктің басын, арқалығын қарып кертеді. От пен оның исінен жын-шайтан, дерт-дербезе қашады мыс деп есептеген.

Жаңа бесікке нәрестені бөлмес бұрын, бесікке салушы бесіктің жабдықтарын орындарына қойып, шашу ретінде алып келген шайлық тәттілері мен ұсақ, ақшалай сыйлықтарын араластырып, бесіктің түбек байлайтын тесігінен өткізіп, қолын тосқан әйелдерге «тыштыма» деп, үлестіріп береді. Жаңа бесікке олар байғазыларын береді. Әкелінген бесікке көріп отырғандар баға беріп, бесік әкелушілерге киіт беріледі. Құдағилар білезік пен жүзіктерін бір-біріне сыйлайды. Бесік жыры әндері айтылып, би биленіп, көңіл көтереді.

 

* * *

Бесік пен шаңырақ — киелі ұғым

Зейнеп АХМЕТОВА:
…Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Бұл үшеуі қашанда бірімен бірі байланысып, ұштасып жатады. Осынау қасиетті үш затты қатты тозып, тым ескірген кезде де аяқтың астына тастамай, өртеп жіберетін болған әрі күлін де аяқасты қылмай, көміп тастаған.

Неге? Өйткені кез келген үй табалдырықтан басталады, отыңның басы сол табалдырықтан бастау алады. Бесікпен сенің ұрпағың, әулетің өседі.

Бесік — киелі мүлік. Біз өмірге жаңа келген баланы періштеге балаймыз. Дүниеге жаңа келген бала періштедей пәк, таза. Сәби мен періштенің аты қатар аталады, сондықтан да бесікті қазақ таза ұстаған. Бесіктің бірде-бір затын кірлетпейді. Шаңырақпен еңсең биіктейді, түтінің шығады. Кей өңірде тым ескірген шаңырақтан ләйлекке (айст) арнап ұя жасайды. Бабаларымыз осылайша бір кездері түтіні шыққан шаңырақты да ендігі жерде балапанын өрбітетін құстың мекеніне, ұясына айналдыра білген. Шаңырақты қиратып кететіндер де болған, «шаңырағын ортасына түсірді, бесігін бұзды» деп жатады. Бұл — дұшпанның ісі. Бұрындары адамдар сырттан келгенге «ауылда осынша шаңырақ, осынша түтін бар» деп таныстырып жатушы еді. Түтіні шықпаған, ешкімі қалмаған үйді «оты өшті» деп жатады. Немесе қайсыбір асып-тасып тұрғандарға «Әй, шаңыраққа қара!» деп жатамыз. «Түтінің түзу ұшсын», «шаңырағың биік болсын» деп бір-біріне жүрекжарды тілегін айтатын да біздің дана халық. Бүгінде осындай әдемі де астарлы сөздерді «жанұя» деген мағынасыз сөздің басып жатқаны өкінішті-ақ.

БЕСІКТІ КІМ ӘКЕЛГЕН?


Біздің қазақта бесік әкелудеген бар. Бұл салт, әсіресе, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жақсы сақталған. Тіпті бұл — Кеңес өкіметі кезінде де осы аталған өңірлерде маңызын жоймай сақталған салт. Бесікті баланың нағашы әжесі әкеледі. Келін босанғаннан кейін өзін-өзі сыйлайтын кез келген ана міндетті түрде құдаларына құтты болсын айтып, қызының қал-жағдайын білуге келеді. Бұл — ана үшін парыз. Өйткені жатжұрттық болған перзентің «Ана» атанып жатыр. Ана болудың қандай екенін жүрегінен жұлып қызын ұзатқан әр ана жақсы біледі. Демек, қызының жағдайын білуге, құда-құдағиына құтты болсын айтып баруға әрбір қазақ әйелі міндетті.

Қазақтың жаңа түскен келіні басына ақ орамал салмаған. Олар әдетте көйлегінің түсіне орайластырып түрлі-түсті орамал таққан. Алғашқы перзенті туып, тұңғышын өмірге келтіріп, «ана» деген атқа ие болған кезде қыздың анасы ақ орамалын әдейі арнап алып келген. Тіліміздегі «ақ жаулықты ана» деген тіркес осыдан пайда болған. Жатжұрттық қыз өмірге сәби әкеліп, өзі ана атанғандықтан да басына салынған ақ орамалды «ананың ақ жаулығы, ақ орамалы» деп қасиеттейді.

 

БАЛА ӘСЕМДІККЕ БЕСІКТЕ ЖАТҚАН КЕЗДЕН БАСТАП ҮЙРЕНУІ КЕРЕК


Бесік әкелудің
өзі керемет бір сән-салтанат десек те болады. Келіннің төркіні «іздеушісі, сұраушысы бар екен» дегізіп, бір топ болып келетін болған және де жай келмей, баланың бесік жабдығын түгелімен, түбек-шүмегіне дейін жасап әкелген. Бесіктің жабдықтарын барынша әдемілеп жасаған. Түбегі мен шүмегінен басқа, қолтық жастық, тізе жастық дегені болады және олар ешқашан сүреңсіз сұр түсті маталардан тігілмеген. Кішкентай көрпешелері де мүмкіндігінше ашық түсті маталардан тігіледі. Бесіктің басына үкі тағады. Өйткені бала әсемдікке, әдемілікке бесікте жатқан кезден бастап үйренуі керек. Бала бесікте көп жатады. Бесік — баланың жылы ұясы. Баланың нағашы жұрты бесікпен бірге, немерелі болып жатқан құда-құдағиға да сый-сияпатын ала келеді. Қызы мен күйеу баласын да құр қалдырмайды. Әрине, мұның бәрі әркімнің қал-қадерінше жасалады, шелектік айраны бар қоңырқай тұрмыстылар өз шама-шарқынша дегендей… яғни белгілі бір тәртібі, қатып қалған қағидасы жоқ, әркім өз шамасына қарай атқаратын болған. Тұрмысы барлар баланың киім-кешегін, жөргегін салатын арнайы кішкентай сандыққа дейін жасап әкелген екен. Сәбилі болып жатқан қызының нәрестесіне бесік әкелу — қыз төркінінің, әсіресе, анасының парызы. Қазірдің өзінде бесік әкеліп жатқан, тіпті болмағанда баланың арнайы төсегі (манеж), арбасы, үстелі дегендей, балаға қажет жабдықты әкеліп жатқан аналар баршылық. Бұл — бір жағынан, құда-жекжат арасындағы үлкен сыйластық. «Бие құлындамаса, ат болады, ағайын-туыс алысып-беріспесе, жат болады» дегендей, бұл — екі жаққа дәнекер ғана. Әйтпесе ешкім алғаннан — бай, бергеннен — кедей болмайды. Бесік әкелу құда-құдағи арасындағы көңіл сыйлау болса, екіншіден, жас босанған келіннің көңілі көтеріліп, сағынышы басылады әрі енесіне айта алмағанын анасымен бөліседі, көңілі өседі. Өйткені әр адамға өз анасынан жақын адам жоқ. Ал келіннің жүзі жарқын, көңілі тоқ болса, баланың да денсаулығы мықты болмақ…

Әңгімелескен Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ

 

* * *

Бесіктің жасау-жабдықтары

Бесіктің жабдықтары ши, жөргек, құс төсек, жастық, көрпе, жаялық, кепіл, таңғыш және жапқыштан тұрады.

1. Ши. Бесік жабдықтарының үстінен ұзына бойы жайылатын тоқылған ши төсеніш. Түбек бекітілетін тұсы ойық болады.

Бесіктің жабдықтары2. Жөргек (қаузау). Шидің үстінен төселетін, түбек тұсы ойық келген, жұқа киіз немесе арасына мақта, жүн салынып сырылған көрпеше.

3. Құс төсек. Түбек тұсында дөңгелек ойығы бар, жөргектің үстінен төселетін, арасына құс мамығы салынып, қабылған жұмсақ төсеніш.

4. Жастық. Бесік енімен бірдей етіп жасалады. Арасына құс мамығы толтырылады.

5. Көрпе. Жұқа матадан тігілгені – жаздық көрпе, арасына мақта, түйе жүні салынып, қабылғаны – қыстық көрпе.

6. Жаялық. Сәбидің денесін орайтын жұмсақ шүберек.

7. Кепіл. Түбек ойығын төңіректеп төселетін, сәбидің жалаңаш тәнін қажамас үшін жамбас тұсына, тізесіне қоюға арналған кішкене жұмсақ жастықшалар.

8. Тартпа бау (қолбау, тізе бау). Оны таңғыш деп те атай береді. Ұштары бесіктің екі жанындағы сабау ағаштарға таңылады, біреуі бөленген сәбидің көкірек тұсынан, келесісі тізеліктің үстінен түседі. Ол биязы жүннен тоқылады немесе екі-үш қабат матадан сырып, кеуде, тізеден оралатын тұстары жалпақтау етіп жасалады. Тартпаның екі ұшы арқалыққа байланады.

9. Бесік жапқыш (жабу). Бесіктің көлеміне сай, жұқа матадан кестеленіп тігіледі. Бөленген сәбиді маса мен шыбыннан, желден, күн көзінен, суықтан қорғайды.

Бесіктің жасауын қыздың анасы даярлайды.

Бесік керту

Бесік керту — отпен аластау ғұрыптарының түрі. Бесік керту баланы бесікке алғаш бөлердің алдында атқарылады. Сондай-ақ бала ұйықтамай, тынышсыздана беретін болса да бесік керту ғұрпы жасалынады. Әдетте бұл ғұрыпты баланың әжесі қыздырылған темірмен бесіктің бала жатар тұсын, арқалығын және басын қари отырып: «Алас, алас, а, құдайым, тіл-көзден сақтай гөр! Тфә, тфә» — деген аластау, қорғау магиясында қолданылатын сөздерді айтады. Мұнысы бесіктегі балаға жын-шайтан жоламасын дегенді ырымдағаны.

Сондай-ақ бесікті отпен аластаудың төмендегідей бесікті сырықтау деп аталатын түрі бар. Күндіз болсын, түнде болсын бесікке баланы саларда, металл немесе қыш ыдысқа салынған адыраспан, aршa, қаражусан т.б. хош иісті өсімдіктердің бірін түтетіп, қас күштерді қуып, бесікті тазалайды. Кейде сіріңке шағып, отпен аластап, зиянкестерден қорғану шараларын жасайды. Аластау кезінде, ыдысты немесе тұтанған отты бесіктің бас-аяғын тегіс айналдыра:

besiktoiАлас, алас, баладан алас
Бәледен қалас,
Иесі келді, пәлесі көш!
Бәле-жаладан сақта,
Көзі қызыл болмасын,
Көті қызыл болмасын
— деген сөздер айтылады.

Немесе:
Алас, алас, алас!
Әр пәлеңнен қалас!
Көзі жаманның көзінен алас!
Тілі жаманның тілінен алас!

Уы жаманның уынан алас!
Қырық қабырғасынан алас,
Отыз омыртқасынан алас!
Алас, алас, алас!
Қыла гөр алла мың пәлеңнен қалас!

Сондай-ақ:
Алас, алас, аласы
Келді міне, баласы.
Көш, көш бәлесі
Келді міне иесі.
деп бесікті аластап шығып, онан соң барып баланы бөлеуге кіріседі. Баланы тіл-көз тиюден сақтандыру мақсатында темір мен оттың қорғаушы күші бар деген ежелгі ұғымға байланысты бесікті, шүмекті қыздырылған қысөашпен қарып зиянкес күштерден аластайды. Сондай- ақ отқа «сырық тұз» қыздырылып, бесікті осы тұзбен ысқылайды.

Бала бесікте жатқанда шошымау үшін жастығының астына нан, сарымойын пышақ жастайды, бесік басына үкі, қасқырдың тұяғын қадайды. Балаға тұмар тағады. Бала шоши берсе, ішінде суы баржа ыдысты баланың басынан жоғары ұстап, суға балқыған қорғасын құйып жібереді. Бұл ырымды қорықтық деп атайды. Ыдыстың түбіндегі қорғасынның сұлбасы бір жануарға, затқа ұқсас болып тұнады. Хайуандарға ұқсаса, содан шошынғандыгын анықтап, ем-дем жасайды. Кейде сәбидің маңдайына қазанның түбінен алып, қара күйе жағып та қояды.

Бесікте жатқан баланы емізудің де өзіндік әдістері бар. Мойны бір жағына қисық болмасын деп, баланы екі жағы нан кезек-кезек емізеді; бесіктің арқалығына қолтығын сүйеп, тізерлеп отырып емізеді; баланы қараңғыда емізбейді, емізер алдында шам жағуы шарт.

 

* * *

Ананың әлдиі

Мамық төсек салайын,
Құшағыма алайын.
Қозым менің ұйықтасын,
Арқасынан қағайын.

1454Бөпем менің қалғыды,
Тербетті оны ән-жыры.
Бота, қозы, құлыншақ —
Ұйықтап қалды барлығы.

Ай арбамен жетіпті,
Күн ұйқыға кетіпті.
Жұлдыз кіріп кетер деп,
Қақпаларын бекітті.

Ормандар да қалғыды,
Қорғандар да қалғыды.
Сен де ұйықтап қала ғой,
Анасының жан нұры!

Күнім ұйықтап қалыпты,
Анасы әнге салыпты.
Ол түсінде ғажайып
Ертек-елге барыпты,
Алтын алқа тағыпты.

 

* * *

Бесік жыры

Сөзі: Қ. Сарин
Әні: А. Бексұлтан

 

Тәй-тәй басып бөпешім, жүргенің қандай
Қөз қуаныш көкешім, күлгенің балдай.
Аспандағы ай-күнді, аламын дейсің,
Асқар таудай айбынды, боламын дейсің.

Қайырмасы:

Әлди әлди, ақ бөпем,
Сендей сәби жоқ, көкем,
Анам әкем дейсің бе,
Тілің тәтті екен.

Әлди әлди, ақ еркем,
Бой жетерсің сен, ертең,
Мақтанышы еліңнің,
Өзің бол еркем.

Баурап тәтті қылығың, ән салды жаным
Менің мөлдір тұнығым, кәусәр бұлағым.
Жайнап өскен жан гүлім, сенсің-ау жаным
Қадамыңа ақ нұры, жаусын алланың.

Қайырмасы.

 

 

БАЛАНЫ БЕСІККЕ БӨЛЕУ ЗИЯН БА?

Алтынай Сағымбай. ktk.kz сайтынан

 

Ежелден қазақ баласы бесікте өскен. Ал бүгінгі таңда бесік қолданыстан шығып барады. Оған түрлі заманауи құрылғылар түрткі болды десек те болады. Бірақ, бұдан бөлек бесіктің сәби денсаулығына зияны көбірек айтылуда. Әжелеріміз пайдасын алға тартса, медицина зиянын жоққа шығармайды.

Ғылыми зерттеулерге сүйене отырып бесіктің пайдасына тоқаталып кетсек:

1. Қол-аяғын ербеңдетіп бос жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды. Ұйқысы қанбаған баланың зердесі толық жетілмейді.

2. Баланың мазасыздығы ананың психикасына әсер етеді. Бұндай жайсыздық сүт арқылы сәбиге беріледі. Сондықтан бесікке жатпаған бала болашақта сабырсыздау болады.

3. Баланы бесiктен шешкен кезде сәби керiлiп-созылып,рахаттанады. Денесінің әртүрлі күйде болуы оған демалыс сыйлайды.

4. Сәбидің тұлабойы таза болып, тазалыққа бойы үйренеді.

5. Бесіктегі баланың денесіне дымқыл, сыз дарымайды. Құрғақ болады. Ол мықты денсаулық кепілі. Әрі қол-аяғы сыптай болып өседі.

6. Бесік белгілі бір ырғақпен тербетіледі. Баланың жүйкесі бір жүйе, тәртіпке түседі.

7. Бесіктегі балаға ана әлдиі әбден сіңеді. Қайырымды мінез қалыптасады. Бесік жырын тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды.

8. Бесік сәбиді сырттан келетін кері энергия немесе тiл-көзден сақтайды.

Қазақ бесікті қатты қадірлейтіндігі соншалықты, атасы жатқан бесікке бала, немере, шөбере, шөпшек, тіпті туажатына дейін бөлейді.

 

70 жастан асқан Хадиша әжейдің балалары, немерелері барлығы текемет төселген бесікке жатқан. Болашақта шөберелеріне де осы игі дәстүрді жалғастыру ниетте. Қазақтың салт-дәстүрін киелі деп сақтаған ақ жаулықты ана қасиетті бесік балаға тазалық пен денсаулық сыйлайды деуде. Ал, оның қолданыстан шығып кетуі ата-бабамыздың аманатын сақтамағанымызбен тең деп өкініш білдірді.

 

 

Бұл тұста ақ халаттылар былай дейді: — Бесікке бөлеген баланың денесі демалмайды, тіпті, бала денсаулығына қауіп төндіреді деп тұжырымдауда.

Балалар медбикесі Жанар Сабирова бесікке бөлеу гигиенаның сақталмауына әкеліп соғады дейді. — Бесікке жатқызғанда көбіне кіші дәрет жайылып жатады. Сондықтан гигиенаның көзі болмауы кері әсер береді. Айналып келгенде әңгіме мынаған келіп соғады. Қазақ халқы бұрынғы заманда бесікті өте жақсы, дұрыс деп ойлаған. Өйткені бұрынғы кезде көшіп-қону жағынан ыңғайлы болғандықтан.

Ал педиатр маман Гүлнар Қуанышбекқызы бесіктің мынадай үш түрлі зияның жіпке тізіп берді. Біріншіден, оранып жатқан сәби көп терлейді. Ал көп терлеген бала рахит ауруына шалдығуы ықтимал. Екіншіден, бесікке жатқан баланың қан айналымы дұрыс болмағандықтан басы үлкейіп, аяғының ұршығы шығып кетеді. Қазір дисплазия ауруына шалдыққандар жетерлік. Демек, бесікке таңылған баланың жамбас буыны ішіндегі сүйек дұрыс жетілмейді деген сөз.

Үшіншіден, бесікке бөлеген баланы тербету арқылы біз оны талдырып тастап жүрміз. Баланы былай қойып, ересек адамның аяқ-қолын байлап, тербетсеңіз басы айналып, талып қалар еді.

 

Төрт баланың анасы Назгүл дәрігерлер пікіріне қосылмайтын болып шықты. Ол бесік балалардың тыныш ұйқы кепілі екенің тілге тиек етті.

— Менің төрт балам бар. Төртеуі де бесікте жатқан. Бірақ ұзақ уақыт емес. Бөпем бесікке салғаннан-ақ, терең ұйықыға батып, рахаттанып жатқанын көрдім. Менің ойымша, бесіктің іші — ананың құрсағына ұқсас. Дүниеге жаңадан келген сәби жылы, қараңғы, әрі тар бесікте тербеліп, өзін анасының ішінде жатқандай сезініп, тыныш ұйықтайды. Сіздер бөпелерінізді машинаға отырғызғанда, немесе тамақтануға арналған арнайы орындыққа отырғызғанда қауіпсіздік белбеулерін кигізетін боларсыз. Бесік те сол автокресло сияқты, сәби оның ішінде жатқанда қаупсіздікте болғанын білуі қажет. Сонда ғана, шошымай, тыныш жата алады.

Екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған 29 жасар Әлия болса, пікірі Назгүлге қарама-қайшы.

 — Мен үш баламды да бесікке бөлемегенмін. Себебі, біздің қазақ әлі күнге ескіліктің қалдығын қолданып, өз нәрестелеріне қиянат жасап келеді. Меніңше, ешбір адам баласы кіп-кішкентай қорғансыз сәбиге қиянат жасауға хақысы жоқ. Сондықтан да, балаларымды ағашқа матап тастауға, яғни бесікке бөлеуге қарсымын.

Әр жанұя өзінің қалыптасып қалған әдетімен ертеден сақталған бесігіне бөлегеніне ешкім де тыйым сала алмайды. Өйткені бұл «бесік жыры» әлі де талқылана бермек.

Ғалымдар бүге-шүгесіне дейін толық зерттемейінше, біз, қазақ, бөпемізді бесікке бөлей бермекпіз. Бастысы, баланың денсаулығы! Әзірше бесікке бөленіп өскен баланың денсаулығына зиян келіп жатыр деген ресми тұжырым жасамайынша, қазақ бесігін тербете бермек. Тербететін ана мен тербелетін бала бола берсін демекпіз.
https://www.ktk.kz/kz/blog/article/2018/04/17/93893/

Бесікке салу салты

Бесікке салу рәсімінің қазіргі уақытта тойларда қалай атқарылуы жөніндегі

бірін-бірі толықтыратын 2 бейнежаба ұсынылады:

* * *

Бесікке салу рәсімі. Қазақи Салт-дәстүр

Центр организации мероприятий Той Астана

 


Опубликовано: 10 апр. 2018 г.

* * *

Бесікке салу

Event agency Red Day, 13 Сәуір 2017 жыл.

 

 

Автор публикации

не в сети 4 недели

admin

0
Комментарии: 2Публикации: 104Регистрация: 11-07-2018
Обновлено: 02.08.2019 — 13:27

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *