ТОЙЛАР туралы ОЙЛАР
«ТОЙ – ТӘРБИЕ ОРНЫ»
Кіріспе ретінде
С.Серпербаев
Құрметті оқырмандар!
Осы сайтымда біраздан бері «ҚАЗАҒЫМНЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ» деген бөлім ашылып, онда біраз жазбалар-мақалалар жарияланып жатқанын байқаған боларсыздар. Сонымен қатар, «TOЙ–BAZAR.KZ» деген АЛАҢ да ашылып, оның «ТОЙ – ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ» атты тарауының алғашқы парағында ұлттық салт-дәстүріміздің ең қадірлісі де маңыздысы саналатын «ТОЙ» деген ұғымның энциклопедиялық түсініктемесі және анықтамалық сипаттағы бірнеше мақалалар берілген болатын. (Сілтемесі: http://bit.ly/2KoN7z0)
Қазақтың тойы – ұлттық тәрбиенің құралы, өнеріміздің, қуаныш пен шаттықтың қайнаған ортасы болуымен қатар, ел мәдениетінің, әдет-ғұрпымыз мен салт-дәстүрімізді насихатталу деңгейінің айқын көрінісі табатын алаң. Сондықтан да қазіргі халқымыздың тарихи және рухани санасын жаңғырту үрдістері атқарылуы кезеңінде, қазақ тойының өткізілуі — мән-мазмұны жағынан барынша жаңашалануы қажет етілетіні түсінікті де айқын жайт.
Рас, бұл еліміздің баспасөздері беттерінде, радио мен теледидарда әрдайым жиі көтеріліп жүрген тақырып. Ол жерден ауылдық жерлердегі ардақты ақсақалдардан бастап, халқымызға жақсы танымал ғалымдары, ақын-жазушылары, журналистері, басқа да өнер адамдарының айтқан ой-пікірлерін, ұсыныстық дүниелерін көптеп кездестіруге болады. Мәселе маңыздылығы тұрғысында мемлекеттік деңгейге дейін жетіп, ел қайраткелерін, басшыларын да толғандыра бастағанын байқаймыз. Оның дәйекті мысалы — осыдан бір жыл бұрын қазіргі ел ПРЕЗИДЕНТІ, ол кездегі Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ еліміздегі той өткізудің форматын жаңарту туралы пікірталастарды қолдайтындығы, орын алып отырған даңғазалық пен ысырапшылдықтан арылу қажеттігі туралы әлеуметтік желілерде жарияланған пікірі. Содан бастап той өткізу дәстүрін жаңаша замануи түрге айналдыру, мәдениеттік ролін көтеру, халық көңілінен шығатын түсінікті жүйеге түсіру туралы пікірлер білдіру жаңа серпінге ие бола бастады.
Яғни, осы мәселені талқылау аумағын барынша кеңейтіп, қазақ тойының қоғам дамуының бүгінгі кезеңіндегі өткізілу сипаты мен тәрбиелік мәні туралы салихалы сөз қозғау, ұлттық саясаттағы алатын орны мен ел мәдениетін арттырудағы ролін анықтау, солар жөніндегі халықтың ой-пікірлерін кеңінен көрсете білу — өмір сұранысы екені айқындалып тұр ...
Осыған орай, мен де сайтым бетінде той тақырыбын қолға алғандықтан, осы үрдістің, қазіргі той өткізу мәдениеті туралы мәйекті әңгімелердің ортасында болуымды жөн санадым. Соған орай, сол баспасөз беттерінде, ғаламтор жүйесінде назарға іліккен осы мазмұндағы мақалалар жинақталып сұрыпталып, сайт парақтарында назарларыңызға ұсынылып отырылатын болады. Танысып отырыңдар, әңгімені бірге жүргізейік! Солар жөніндегі өз пікір-ұсыныстарыңды мақала ретінде ұсыныңдар, комменттер беріңдер!
Солардың алғашқылары ретінде, жоғарыда айтылған Қ. ТОҚАЕВ мырзаның ой-ұсыныстарына орай пікірлер айтылған жазбаларды беруден бастап отырмын. Қабыл алыңдар!
Алдымен әсем әнді тыңдап алыңдар!
Қазақтың тойы бітпесін
Әні — Әлішер КӘРІМОВТІКІ
Сөзі — Ясира ЗАҚАНҚЫЗЫНІКІ
Той өткізу үрдісінде түйткілді тұстар көп
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан», 18 Қыркүйек 2018 ж.
Таяуда Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев twitter-дегі парақшасында еліміздегі той өткізудің форматын жаңарту туралы пікірталастарды қолдайтындығын, қазіргі қазақ тойында қалыптасқан қасаң көзқарасты өзгертіп, көзбояушылық, даңғазалық, ысырапшылдықтан арылу қажеттігін айтты. Сенат спикері бұл ретте бауырлас өзбек, түрік, түрікмен халықтары сияқты ұлттық дәстүрге қарай ойысудың жөн екенін жеткізді.
Шын мәнінде қазақстандықтардың қазіргі той өткізу мәдениеті туралы мәйекті әңгіменің қозғалатын уақыты әбден жетті. Өйткені ертеден еншілес дәстүрімізден тамыр үзбейтініміз қандай ақиқат болса, жақын-жуықтың басы қосылатын қуаныштан тыс қалмауға тырысатынымыз да сондай анық. Яғни, бізге бүгінгі керегі – той иелерінің тым мақтангөйлікке мойын бұрмай, адал ниет, ақ көңілмен дастарқан жаюы дер едік.
Қардың көбесі сөгіліп, қара жердің беті көрінгеннен қарашаның қара суығы түскенге шейін қазақтың қара шаңырағында шаттықтың үні естіліп, той маусымы жанданып сала береді. Наурызда басталатын науқан маусымда түрленіп, шілдеде ширап, тамызда сиреп, қыркүйек пен қазан айында біртіндеп түйінделетіні белгілі. Бұл қыстыгүні бет ашылмайды, шашу шашылмайды деген сөз емес. Тек қонақ шақыруға қолайсыздау уақыт болған соң, көпшілігі жаз уақытын күтеді. Бұл алыс-жақын ағайын қуанышқа төрт көзі түгел келіп қатыссын дегені болар.
Жадыраған жаз маусымы кіре бастағанда аспабын арқалаған асабалардың да қатары қалыңдай түседі. Сапасы мен бағасы сай келмей жататындары да жетерлік. Жаттанды бағдарламаға жаттығып алғандар да, тапқыр әзілмен тамсандыра білетін тамаша тамадалар да бар. Мемлекеттік қызметтен гөрі мейрамхана жағалаған асабалардың айлық табысы айтарлықтай ауқымды. Себебі аптаның аяғы жақындағанда біреудің қызы ұзатылып, біреудің келін түсірген қуанышы болып жатады. Жараған аттай жарыса шауып, қызмет етіп жүрген асабалар кішігірім кештің өзінен де орташа айлық көлеміндей қаражат алады.
Жалпы, той алдында асабамен жеке жолығып, келетін қонақтары, туған жер, ауыл-аймақ жөнінде мәлімет беріп өткені артықтық етпейді. Қазіргі кездегі асабалардың көңілден шығуы білім-білігіне байланысты. Аузынан мақал-мәтел, қара өлең, жыраулар сөзі төгіліп тұрған жас жігіттер бар. Көңілден шықпайтындары жеңіл әзілден арыла алмай жүргендер деуге болады.
Қазіргі тойларда «шоумендер» көбейіп кеткені де рас. Киім киісі, шаш үлгісі де табиғатымызға тән емес. Үмбетбай Уайдиннің «Той – тәрбие орны» дейтін сөзі бар. Яғни тойда тәрбиелік мәні бар мәтіндер көбірек айтылып, ата-ананың орны деген ұлы ұғымдарды ұмытпау керек.
Осы ретте жүйелі сөздің жүйрігі ретінде сұранысқа ие асабалардың бірі, белгілі айтыскер Асхат Қылышбекті әңгімеге тартып, той тізгінін ұстағандардың аяқ алысы жайлы пікірін білген едік.
«Бұрын асаба болатын кісі ретінде той болатын әулетті жақынырақ танитын, сол аймақтағы азаматты алдыратын еді ғой. Қазір асабаларды бір облыстан бір облысқа алдыртады. Ол облыстың менталитетін, тұрмыс-тіршілігін өмірі көрмеген асаба болуы да мүмкін. Астананың тұрғыны Атыраудың тойын басқарып жатады. Екеуі екі өңір болғандықтан айырмашылығы айтарлықтай көп. Кейде қымбатқа жалдаған асабасы той иелерінің көңілінен шықпай жатады. Оның бірден-бір себебі той ұйымдастыру агенттіктерінің көптеп ашылуы. Алматының өзінде 360-қа жуық орталық бар деп естідім. Қазір көпшілігі уақыт шығындамай бәріне бір жерден тапсырыс бергісі келеді. Той жасағысы келген жандар осындай орталықтарға барып, өзіне ұнаған асабаны таңдайды. Той иесі асабаны көрмеуі де мүмкін. Тек агенттіктегі азаматтардың ұсынуына құлақ қояды. Олар жарнама жасауды қатыратыны соншалық, ұсынған тамаданың тек сәтті шыққан тойларын көрсетіп, той иесіне өткізіп жіберуі де мүмкін. Үміт артқан асабасы көңілінен шықпай қалса ең бірінші опық жейтін той иелері. Сондықтан да асаба таңдағанда барынша мұқият болған абзал», дейді ол.
Тойдың ішкі аурасына үңіліп, бүгінгі думанды бұрынғы, тіпті 90-жылдардағы тойлармен салыстырсақ, арасы жер мен көктей. Ол кездегі тойлар қара шаңырақта немесе аулаға құрылған брезент шатырда өтетін. Тоқырау кезінде той жасаса да пейілдері ала-бөтен сол тойларды кәдуілгідей сағынасың. Қолындағы барымен қонақ күткен қолы ашық қазақтың шүкіршілігі шүбәсіз еді. Қазіргідей уақыты шектеулі, бір-бірімен орынсыз бақталас емес. Сол кездегі меймандар да шынайы тойдың шырайын кіргізіп, той тойлау үшін ғана келетін-ді. Ал қазір аумағы атшаптырым тойханалар салынды, сыйымдылығы 1500-ге дейінгі мейрамханалар бар, дастарқанға құстың сүтінен басқаның бәрі қойылады. Тіпті күллі қауым алдында көлікпен кіретін сарайлар да бар. Бұл бұл ма, тікұшақ қонатын алаңқайы бар мейрамханалар салынып жатыр. Сондықтан әлбетте бұрынғы мен қазіргі тойларды салыстыруға келмейді.
«Той десе қу бас домалайды». Қазақтың шаттықтан шаршағанын көрген жоқпыз. Қалай десек те, алыс-берісі, барыс-келісі үзілмеген, жыл он екі ай той жасайтын халықпыз. Осындай кең пейіл, керемет дархан болмыстың арқасында мейрамханалардың да мерейі асып, табысы артып, кәсібі ілгерілеуде. Айталық Астана қаласындағы мейрамханалардың бірінің әкімшісі Ақназар Дінмұхамедті сөзге тартқанымызда, ол жаз бен күз өнер өкілдерінің табыс табатын мезгілі екенін жеткізді. «Бірі ән айтып, бірі би билеп, бірі той жүргізіп өзінің ризығын теріп жүр. Толассыз тойлардың арқасында мейрамханалардың басым бөлігі осы уақытта бос емес. Қыста той азайғанымен, кішігірім залдарда шағын отырыстар өтіп жатады», дейді мейрамхана әкімшісі.
Міне, осы орайда қазіргі қазақ тойына мәдениет, тәртіп, қанағат сияқты ұғымдарды орнықтыру ауадай қажет. Себебі асабасы мәдениетті болса тойда арзан әзілдер айтылмайды, анайы ойындар ойналмайды. Ақ кимешекті әжелерді кекетіп, ақ сақалды аталарды мұқатып, бала-шағасының алдында беталды қылжақтамайды. Тойшыл қауымға сөзін өткізіп, ықыласқа кенелу үшін сайқымазақтың кейпіне енбейді. Біреудің басына, біреудің шашына тиіспейді. Мәдениетті асабаның мәртебесі қашанда жоғары. Екіншіден, тәртіп. Бұл ең әуелі тойға шақырылған қонақтарға қажет. Қонақтардың тәртіпсіздігі тойға келу уақытынан басталады. Сағат күндізгі екіге шақырған тойға – бесте, беске шақырған тойға кешке баратынымыз соның бір дәлелі. Сонымен бірге үлкендер тілек айтып, бата беріп жатқанда жастар жағы өзімен-өзі шулап тост көтеріп, бокал соғыстырып жатады. Бір жақыны ақтарылып, ақжарма лебізін білдіріп жатқанда қатарласып кейбір аға-жеңгелеріміз үй іші, ауыл арасындағы әңгімелерін тауыса алмай әлек...
«Тойға шақырмасаң ренжімеуі мүмкін, бірақ тойға шақырып алып сөз бермей кетсең қатты өкпелейді» дейтін асабалардың әзілі бар. Сондықтан көңілдерін жықпай сөз тізгінін ұстатқанмен, микрофонды қайта алудың өзі кейде мұңға айналатыны бар. Айтып жатқанын ешкім елемесе сөзі жетім екенін масаң мейман да ескермейді. Ортаға шыққан отыз адам бір сәт отырған меймандардың қас-қабағына қарағаны да абзал. Яғни тойдың жүйелі өтуі үшін қонақтар қауымы тәртіпке бағынуы шарт.
P.S: Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, сүндет той деп сүрініп, шілдехана деп шауып жүрген, атамыздың алпыс жасы, енеміздің елу жасы деп ентігіп жүретін той иелері қанағат деген қасиетті ұғымды қаперінен шығармаса, қазақы қазынамыздың берекесі кетпей, берері көп, беделі биік болары даусыз. Қалталы қауымнан қалыс қалмаймын деп қаншама қазақтың қарызға батып той жасағанын да байқап жүрміз. Елге күлкі, жұртқа мазақ болмайын деп жалғыз атын сойып, жүген жетектеп қалғандар да жетерлік. «Біреу тоңып, біреу тойып секіретінін» естен шығармау керек. Әңгіменің ауаны бұрынғы тойларға бұрыла қалса, «қазір адам басқа, заман басқа» деп орта жолдан бұра тартатындар да бар. Өз қолың өз аузыңа жетпей жатып, жақсы көріну үшін банкке қарызға батқанша, бір күндік мерекені тойлаймын деп, мың күндік берекеден айырылғанша әркім көрпесіне қарай көсілсе дейсің. Барымен базар қылып, шынайы көңіліңмен бір кесе шәй ұсынсаң да, мейманыңның мерейі тасымай ма?! Өмір дейтін өзенді қанағат қайығымен жүзіп өткенге не жетсін, шіркін?!.
«Басқа проблема жоқ па?» Тоқаевтың тойға қатысты ұсынысы кімге жақпай қалды?
Нұргүл Абай.
Sputnik Қазақстан, 4 Қазан 2018 ж.
Белгілі депутаттар мен мәдениет саласының өкілдері Қасым-Жомарт Тоқаевтың тойды жаңа форматта өткізу туралы ұсынысына қатысты ой-пікірлерін білдірді
XXI ғасыр. Іші-сырты жылтыраған зәулім сарай. Ыстығы мен суығы да, ішері мен тіске басары да табылатын аста-төк дастарқан. Даңғырлаған музыка. Ащы судың буымен алқына-жұлқына билеген кәрі мен жас. Көзбояушылық, бос сөз, жөнсіз мақтау. Өкінішке қарай, бүгінгі қазақ тойының сиқы осы.
Соңғы он-он бес жылда қазақтың тойы тәрбиелік мәнінен айырылып, бақталастық пен бәсекелестіктің, ысырапшылдық пен астамшылықтың алаңына айналды. Бүгінде көрпесіне қарай емес, жұрттың сөзіне қарай көсіліп жүрген қазақтар шамасы жетсін-жетпесін, кредитке белшеден батып, дүбірлетіп той жасайды. Қазақ тойындағы ысырапшылдық – қоғамда бұрыннан қызу талқыға түсіп жүрген өзекті әрі жауыр болған тақырып. Талайдан бері сөз болып жүрген мәселеге сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та қосылды. Сенат спикері тойдағы астамшылық пен бейбастықты тоқтатып, бауырлас өзбек, түрік, түрікмендерден үлгі алуға шақырған еді. Sputnik Қазақстан тілшісі депутаттар мен асаба-әншілерден мемлекет қайраткерінің ұсынысына қалай қарайтынын сұрап көрді.
«БАҚ-та үйлену және басқа да тойларды жаңа үлгіде өткізуге қатысты пікірталастарды қолдаймын. Көзбояушылық, даңғазалық, ысырапшылдыққа жол бермей, бауырлас өзбек, түрік, түрікмен xалықтары сияқты ұлттық дәстүрге баса мән беруіміз қажет», — деп жазған еді Тоқаев твиттердегі парақшасында.
Аста-төк ысырапшылдық қазақ қоғамында баяғыдан сөз болып жүргеніне қарамастан, билік басындағы ағаларымыз енді ғана қосылып жатыр. «Ештен кеш жақсы» демекші, оған да шүкір. Тоқаевтың той форматын өзгертуге қатысты ұсынысы әлеуметтік желілерде бірден қызу талқыға түсті. Дені мемлекет қайраткерінің бір ауыз пікіріне риза болып, қолдап жатыр.
«Бізді қырғыздармен салыстыруға болмайды»
Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл да жоғары палата төрағасының ұсынысын толық қолдайтынын білдірді. Айтуынша, мол дастарқан жайып, мықты асаба жалдаумен екі жас бақытты болып кетпейді. Сондықтан, әркім «көрпесіне қарай көсілгені» жөн деп санайды.
«Тоқаевтың айтқанын қолдау керек. Себебі, қазіргі таңда Тәжікстанның өзінде мемлекет басшысы тойға қанша адам қатысу керек, дастарқанның шығыны қанша болуы керектігін нақтылап белгілеп берді. Неліктен? Бір адамның қолы жетіп жатады, енді бірінікі жетпей жатады. Тек қана мол дастарқан жайып, жақсы асаба жалдап, сол арада тілек тілеумен екі жас бақытты болмайды. Сол еңбек пен тәрбиенің қайдан келгенін жастарға түсіндіруіміз керек деп ойлаймын», — деді депутат.
Осы тұста, халық қалаулысы жаназадағы ысырапшылдық мәселесін де қозғады.
«Өлім барды шашады, жоқтың артын ашады» дейді халқымыз. Қара жамылып, қиналып жатқан кезде «сен мына малды союың керек, дастарқан осындай болуы керек» деген мүлде дұрыс емес. Әркімнің шама-шарқына қарай жасалғаны абзал. Сондықтан да той үшін кредит алып, даурықпа, даңғой, даңғазалыққа, ысырапқа барғаннан гөрі, керісінше ұлтымыздың құндылығын, ысыраптың обал екендігін ұғынып, сауапты іс жасағанымыз әлдеқайда дұрыс деп ойлаймын. Осы жағынан келгенде, Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың көкейіндегі ойын айтты", — дейді Смағұл.
Жуырда бауырлас қырғыз елінің депутаты мемлекеттің ақшасына жасалатын тойларға бес жыл мораторий жариялауды ұсынған еді. Бақытбек Смағұлдан «Қазақстан да осы мәселені қарастырғаны дұрыс шығар, қалай ойлайсыз?» деп сұрап едік.
«Бұл ойланатын жағдай, бірақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтып отырғаны да үлкен ой салатын дүние. Депутаттар мұны қарастырады деп айта алмаймын, бірақ ойлану керек екен», — деп қысқа қайырды мәжілісмен.
Смағұлдың әріптесі Азат Перуашев болса, ысырапшылдыққа тосқауыл қою бүгіннің емес, болашақтың еншісіндегі мәселе дейді.
«Бұл өте күрделі мәселе. Себебі біз баласының қуанышын ағайын-туысқандармен бөліскісі келетін ата-анаға „қатты тойламаңдар, қонақ шақырмаңдар, туыстарды жинамаңдар“ деп шек қоя алмаймыз. Қазақпыз ғой, әрқайсысымызда құда-құдағи, жекжат-жұрағат бар. Дәстүрді заңмен өзгерте алмаймыз, халық бұл жолға саналы түрде келуі керек. Әйтпесе, қазір заңмен тыйым салсақ, ертең, меніңше, адамдар бәрібір өз дегенін жасай береді. Сондықтан біз заң қабылдасақ та, менің оған үлкен күмәнім бар, оны жан-жақты, дұрыстап талқылауымыз керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы азаматтық көзқарасын енді ғана білдіріп отыр. Ол кісі енді дамыған, қаншама жыл сыртқы істер министрі болды, көпті көрген, талай ұлттың салт-дәстүрін біледі. Ал біздің халқымыз әлі оған жетуі керек. Егер адамдар өз санасымен бұл жолға келсе, онда ол кез келген заңнан тиімді болады», — дейді халық қалаулысы.
Екінші жағынан, депутаттың айтуынша, қазір заман да өзгеріп бара жатыр.
«Жақында Алматыға бардым. Балалармен Көктөбедегі „Абай“ деген мейрамханаға кіріп, террасаға шығып, суретке түсейік десек, бос емес екен. Не болды десек, тойға дайындалып жатыр. Сонда 30 шақты адамға ғана дастарқан жайылған. Той дастарқаны дегенде, мен таңғалдым. Сөйтсем, өзіміздің қазақтың жастары. Еуропада оқыған екен, ата-анасына тойды Еуропаның дәстүрімен тек қана жақын ағайын-туыстарды шақырып, өткізейік деген. Мұндай да үрдіс қазір пайда болды. Шымкентте тағы бір жақсы үрдіс басталды. Ол жақтағы жастар ата-анасы жинаған ақшаға той жасамай, жетім балалардың үйлеріне барып, оларға мейрам ұйымдастырады екен. Сондықтан уақыт өте біз осыған келеміз деп ойлаймын», — деді ол.
Ал жаназа, ас беру секілді қайғымен байланысты жайылатын дастарқанға шектеу қойған дұрыс деп санайды.
Десе де, Перуашев мырза үшін қазақтың тойынан асқан той жоқ екен.
«Ең көп қуанатын, қуанышымен барлығымен бөлісетін қазақтар ғой. Мен тіпті түрік ішіндегі қазақ тойын қалаймын», — деп ағынан жарылды депутат.
Ал мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан тойдағы астамшылықты тоқтатудың жолын ойластыру керек екенін айта келе, «мұны өзі шектеу мүмкін бе?» деп екі ойда қалды.
«Тоқаевтың сөзінде ақиқат бар, ысырапшылдықты тоқтату керек. Сөзінің жаны бар. Шынында да, шамадан тыс кредит алып, соңғы ақшасын бала-шағасының аузынан жырып, соны тойға ысырап қылуға мен де қарсымын. Оны қалай тоқтату керектігін ойлану керек», — деді ол.
Ал мемлекеттік деңгейде өтетін тойларға мораторий жариялауға қалай қарайсыз дегенімізде: «Бізді қырғыздармен салыстыруға болмайды», — деп қысқа қайырды.
Ұлы Абайдың өзі бес дұшпанның қатарына кіргізген «бекер мал шашпақ» – мәдениет саласының өкілдерін де алаңдататын өзекті мәселе. Театр және кино режиссері, кинодраматург, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов тойдағы аста-төк ысырапты көріп, кейде шошынып кететінін де жасырмады.
«Соңғы 20-25 жылдан бері біздің болмысымызда, сана-сезімімізде, мәдениетімізде той жасау дәстүрі өзгерді. Шоу-бизнес той бизнес болып кетті. Осы той бизнесте кімдер тойға келеді, кім не киініп келеді, кім не алып келеді, кім кіммен сөйлеседі, кім кімнің жанына отырады — қып-қызыл бәсекеге айналды. Бұл ендігі 5-10 жылда кете қоятын дерт емес. Ол үшін сана өзгеру керек. Сана өзгеру үшін бір ұрпақ өзгеруі керек.
10-15 жылда арыла алмайтын дерт болды. Кейде бір жағынан тойлап жүргенге де шүкір дейсіз. Бірақ, асып-төгіліп жатқан ас, дастарқанға қойылған тамақтың 80-85 пайызы желінбей қалады. Ысырап. Адам басына неше түрлі ой келеді, осыған қарап, кейде қайырымдылық қорын құрса, сол қор тойдан қалған тамақты мұқтаж адамдарға, тіпті, жатақханада жатқан студенттерге таратса ғой деп ойлайсыз. Өйткені, ысырапты көріп, шошынасың. Баяғыда, Хайнань қаласына барған кезде дәмхананың төбесінен бір жазу байқадым. Ұлымнан аудармасын сұрап едім, „алған асыңызды бірақ жеп қойыңыз, асты тастаудан артық күнә жоқ“ деп жазылып тұр екен. Міне, осыны түсіну керек», — дейді әртіс.
«Әртістер тойдың арқасында күн көріп отыр»
Қазақ тойының форматын өзгерту, ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол бермеу – той арқылы нәпақасын тауып жүрген әншілер мен асабалардың қалтасын жұқартуы әбден мүмкін.
«Әзіл әлемі» театрының әртісі, белгілі асаба Қайрат Әділгерей де шоу-бизнес жұлдыздарының тойдың арқасында күн көріп отырғанын жасырмады.
«Тойдың арқасында қаншама адам жан бағып отыр – даяшылар, аспазшылар, фотографтар. Әр адам өзінің көрпесіне қарай көсілуі керек қой. Кредит алып, ұлан-асыр той жасап жатқандарды ешкім күштеп мәжбүрлеп жатқан жоқ. Бұл әр адамның өзінің қабылдап отырған шешімі. Тойдың арқасында әртістер күн көріп отыр. Қазақ той жасаса, қашанда асаба, әншіге жүгінеді, сондықтан бұл қанда бар қасиет. Той, былайша айтқанда, бір отбасының халықтың алдында есеп беруі ғой», — дейді әртіс.
Осы орайда Әділгерей 4-5 әнін айтып, асабадан да артық «гонорар» алатын той әншілеріне ренішін білдірді.
«Менің гонорарым орташа есеппен 2000 доллар. Біз „гонорар“ мөлшерін әр адамның жағдайына қарай келісеміз, қатып қалған ештеңе жоқ. Мәселен, кейбір әншілер асабадан көп алады. Төрт-бес әнін айтып, 4-5 мың долларда қағып алады. Ал асаба тойда бастан-аяғына дейін болып, бес сағаттық қызметі үшін әншілерден едәуір аз алады», — дейді ол.
Әділгерей елімізде той бизнесінің белең алып кеткеніне қынжылды.
«Өнер үшін, сахна үшін жақсы ән шығарып, халық үшін жұмыс істеп жатқан ешкім жоқ. Қазір бәрі тойдың музыкасы, той әншілері. Мәселен, осыдан он жыл бұрын әртістер тойға баруға ұялатын. Қазір керісінше, тойға шықпаған әнші ұялуы керек дейді. Біздің әншілердің деңгейі тойдан аспай қалған. Бір хит шығарсам, сосын тойға шықсам, болды деп отыра береді. Одан әрі өсу, даму, білімін жетілдіру деген жоқ. Көпке топырақ шашудан аулақпын, әрине, бірақ, өкінішке қарай, кәсіби музыканттар өте аз», — дейді ол.
Десе де сенат спикерінің той-томалаққа қатысты пікірі әртіске ұнамай қалған да сияқты.
«Той туралы әңгіме қозғап жатыр, мемлекетте басқа да проблема көп қой. Әлеуметтік нысандар, зейнетақы, мүгедектер, газ, ауған ардагерлерінің мәселесі дегендей. Ал біз болсақ, сол тойды талқылап жүр. Осымен-ақ қандай деңгейге түсіп кеткенімізді білуге болады. Ол кісінің уайымын түсініп отырмын. Егер де қатты жаны ашыса, банктердегі пайыздарды төмендетсін. Сонда кредит алған халық оны тойдан кейін еш қиналмай, өтей салады», — деген ұсынысын жеткізді Қайрат Әділгерей.
«Өзін тек тойға дайындап жүрген әншілерге – бұл соққы»
Ал мемлекеттік қызметке кіргелі көп көрінбей жүрген әнші Досымжан Таңатаров Тоқаевтың ұсынысын қос қолдап қолдап отыр.
«Елдік, ұлттық мүдде тұрған жерде, ешқандай нәрсе кедергі жасамайды. Осы жағынан келгенде, өте жақсы пікір көтерілді. Қолдап жатқан қаншама азаматтар бар. Қазақ халқы ақкөңіл, өмірге риясыз қарайтын елміз, ақкөңілдігіміз өзімізге зиянын тигізіп жатады кейде. Әсіресе, кейінгі кезде мазақ тойға айналып кетіп жатқан сияқтымыз», —дейді ол.
Таңатаров өнер әлемінде жүрген кейбір әріптестеріне той форматының өзгеруі соққы болып тиетінін жасырмады.
«Өзін тек тоймен байланыстырып жүрген, тек той-думанға дайындап қойған өнерпаздар үшін, әрине, кішкене соққы болатыны белгілі. Ерте ме, кеш пе осылай болуы керек. Өнерпаздардың міндеті – тек той-жиында ән шырқау емес, елдің мәдениетін көрсетіп, жоқтығын жоқтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын дүниелерін де айту. Қымбат бағасымен елді ауыртпалыққа түсіріп жүрген өнерпаздар тәубесіне түседі деген ойдамын. Уақыт көрсетеді», — деді әнші.
Ол тойда тұрпайы дүниелер өте көп екенін, қазақы салт-дәстүрден ажырап кеткенін айтып қынжылды.
«Кейбір тойлар болады белгілі бір жанрда өтетін. Мәселен, қонаққа барсаң, біздің тойдың жанры, стилі үнді салт-дәстүрімен байланысты дейді. Келін мен үйленіп жатқан жігіттен бастап, құда-құдағидың бәрі үнді киімін киіп алып жүреді. Өзінің салт-дәстүрің, ұлттық киімің тұрған кезде, неге өзгеге қызығамыз? Осындай дүниелер көп. Сосын үлкен кісілерді мазақ қылатын, оларды билетіп қоятын кездер болады. Ішкен адам қайбір өзіне есеп бере алады. Ішімдіктің күшімен мазақ болады. Кешігіп келу деген тағы бар. Тараз, Қызылорда, Шымкент, Атырау, Ақтау қалаларында алтыға шақырылған қонақтар түнгі сағат тоғызда жиналады. Мен осыны мүлде түсінбеймін. Әрине, кешікпейтін қазақ жоқ шығар (күлді). Бірақ әр нәрсенің өз шегі бар», — дейді әнші.
https://sputniknews.kz/culture/20181004/7467460/toqaev-toi-deputat.html
Той жасау парызба, әлде қарыз ба
"Өз ойым" атты телебағдарламасының бұл 1 сағаттық тақырыптық хабарын асықпай, жайласып отырып, бірақ аяғына дейін көргенің дұрыс болады