«ТОЙЛАР туралы ОЙЛАР» (2)

«ТОЙЛАР туралы ОЙЛАР» (2)

«ДҰРЫС ТОЙЛАП ЖҮРМІЗ БЕ?»

 

Құрметті сайт оқырмандары!

Сайтымның кешегі парағында қазіргі кезеңдегі қазақ тойларының өткізілуі жағдайы, оның ұлттық тәрбиенің құралы ретінде ел мәдениетін жақсартудағы орны, әдет-ғұрпымыз мен салт-дәстүрімізді насихатталу деңгейі, асабалардың ролі және оның мән-мазмұны жағынан барынша жаңашалануы қажет етілетіні туралы әңгіме басталған болатын. Бүгін солардың «ізін суытпай», келесі жазбалар топтамасын ұсынып отырмын. Оған жоғарыдағы тақырыпты қойып, сол мазмұндағы біршама адамдардың пікірлері білдірілген және бірін-бірі толықтыратын мақалалар мен бейнежазбалар берілді.

Бұл ортақ маңызды мәселеден «әрбір қазақ тыс қала алмайды» деп санаймын. Танысыңдар, ой-пікірлеріңді де білдіріңдер!

 

Бүгінгі әңгімемізді мына бейнероликтен бастайық!

Бұл «қиқудың» бітетін түрі жоқ. Той мәдениеті туралы.

Аstana. tv. 13 Қаңтар 2018 ж. https://astanatv.kz/kz/news/1

 

 

Той – ұлттық идеологияның өзегі

Айнұр ТӨЛЕУ

«Астана Ақшамы», 18 Тамыз 2018 ж

 

Бір қарасаңыз, ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпы бар елміз. «Қазақ олай жасамаған», «нағыз қазақ былай етпес болар» деген пікірлерді айтарда барлығымыз жорғамыз. Бірақ қазақтың тойына бара қалсаңыз бірізділіктің жоқтығын, әркім өзіне ұнайтын әдіс-тәсілмен той өткеріп жатқанын көрер едіңіз.

 

 

Асабаңыз астам сөйлеп жүрген жоқ па?

Мұндай ретсіздік мәдениеті енді қалыптасып жатқан елдерде болады. Әйтпегенде, келіннің босағадан аттай салған кезінің өзіне арналған жөн-жоралғысы бар қазақ болғанбыз. Алайда көшпелі өркениетті аяқтап, отырықшылық өмірге толығымен қалыптасып үлгермеген ұлт мәдениетінің гармониясы хаос­қа айналып кетуі заңдылық па деп те ойлайсың. Сонымен ол неғылған хаос, неғылған ретсіздік дейсіз бе?

Ең алдымен асабалар мәдениеті мен этикасы қалыптасуы тиіс болатын. Сөз ұстаған адамды қазақ қашанда сыйлаған. Оның сөзі Тәңірдің сөзіндей қабылданатын кездер болған. Содан ба екен, асаба жолдастар той иесін, меймандарды кекетіп, келемеждеп сөйлесе, көп қазақ намыстанбайды. Ал жұртты күлдіремін, өтімді боламын деп болмашы нәрсеге сөз кенеп, жұрттың бірінің сарылығын, бірінің қаралығын айтып, ақсақ пен тоқсақты да сөзге іліп отыратын асабаларды көріп жүрміз. Той иесі ақы төлердің алдында мені һәм қонақтарымды келекеге айналдырушы болма деп ескертсе қайтеді деп ойлаймын.

Асаба жолдастар сөйлеу мәдениеті мен тіл тазалығын сақтауды да мұрат тұтпайды. Шұбарлап сөйлеу, қазақша мен орысшаның арасындағы қойырт­пақ тіл – сұранысқа ие. Тойдағы бұл жағдаятқа жалғыз асабалар ғана кінәлі емес. Сұраныс сондай. Олар соған сай нәпақа тауып жүр делік. Айтпақшы, бұл нәпақа тапқыштар мемлекетке салық төлемейді. Бір кездері әріптестерім әншілердің салық төлемей байып жатқаны туралы мәселе көтеріп еді. Аталмыш мәселе той басқаратын қауымға да қатысты.

Мұқағалидың сөзін – Абайдікі, Абайдікін Мұқағалидың сөзі деп, одан қала берді авторлардың атын атамай-ақ, өлең оқу жағдайы да асабалардың ең үлкен қателігі. Мұндай қателіктерді байқай алатын қазақ тойдан шаршап қайтары сөзсіз.

Той керек. Қалалану жағдайын басынан кешіріп отырған қазақтың жатбауыр болып кетпей, ағайын мен туыстың жақсылықта бас қоса алатын бірлігі үшін керек. Біздің бауырмалдығымыз бен көпшіл һәм ұйымшыл екенімізді айғақтайтын тойдан басқа неміз қалды?!

 

Той ма, театрландырылған көрініс пе?

«Той – қазына» деген тұжырымға барымды салып нанғым-ақ келеді.
Бірақ біздің ол қазынамыз тоналып жатыр. Әу баста той деген сөз, аты айтып тұрғандайын, жақын-жарандарыңды шақырып, бір тойдырып жіберу мағынасынан шыққан. Демек, алғашында той – ойын-сауықтық сипатта емес, Құдайға тәубе етіп, жоқ-жітікпен ағайын-туғанды тойдыру мақсатында пайда болған. Құдайы тамақ сипатына көбірек ұқсайтын еді. Кез келген дүниенің пайда болуымен қатар даму үрдісі болады. Той дами келе түрлі сипаттарға ие болды.

Бізге той өткізгенде, ұлттық сипаттан адаланып кетпеуін қадағалайтын орталық керек-ақ. Әйтпесе, қазақтың ұлттық сипаты мен болмысы кімге керек? Ең өкініштісі сол, біздің ұтылып және жаһандануға жұтылып кетуімізге қазақтың өзі үлес қосып жатыр. Өткенімізді парықтай алмайтын білімсіздігіміз түбінде өзімізді құртып тынады. Оған күнделікті өмірден көптеген мысал келтіруге болады.

Тұсаукесерді лентамен кесетін үрдіс пайда болды. Лентамен тұсау кескенше кеспей-ақ қойған дұрыс. Себебі ешкімнің ала жібін аттамасын деген алғашқы сипатынан айрылған жоралғыны жасаудың не қажеті бар?
Байқасаңыз, телеэкрандағы кинолар мен жарнамаларда таспамен тұсаукесу жағдайы көп кезігіп жүр. Ал егер соншалықты гламур қажет болса, тұсауды көк шөппен де кессе жарайды. Тоқ ішекпен тұсаукесу рәсімі экранға жарамайды десеңіз, келісіп-ақ бағайын. Бірақ, бұл жарнамаға бір қазақ бас көтеріп қарсылық танытқан жоқ.

Салтымыздың мәнін жоғалтуы – біздің ұлттығымыздың мазмұнынан да жұрнақ қана қалғанын білдіреді.
Мазмұнсыз ұлтқа айналып бара жатқанымызды той-думандардан әр сенбі-жексенбі сайын кезіктіруге болады. Беташарымыз бен сәлем салуымыздың өзі міндетті жоралғы мен салт емес, театрландырылған қойылымға айналып кеткен.
Негізі, қазақта үйлену тойы деген салт жоқ. Беташар бар. Беташарға дейінгі қызды қайын жұртына алып келуге арналған үлкен ғұрыптық кешен бар. Бұл кешен айлап, тіпті, жылдап созылатын болған.
Қазақ фольклористикасынан хабары жоқ адамның ойына келгенін жүзеге асыра беруіне кім жол берген? Жақсы. Орыстан үйреніп (үйренген былай тұрсын, озып кеттік), екі жасты төрге отырғызып той жасайтын болдық. Енді, осы той жасау дегенің қып-қызыл шығын. Сондықтан, ақшаны үнемдеу мақсатында үйлену тойы мен беташарды бірге өткізетін болдық. Қалыңдықтың әкесі мен шешесі сәлем салып тұрған қызына қарап тұра береді. Қазақ тойының бұлай өтіп жатқанына он жылдай болып қалды.
Сосын, беташарда екі жағына әдемі киінген екі қызды қоятын театрландырылған көрініс пайда болыпты. Қандай әдемі. Аппақ киінген ақ келіннің екі қапталында қып-қызыл бірдей киінген әдемі екі қыз. Үшеуі бірдей иілгенде өте әдемі көрінеді. Ал мазмұн қайда кетті? Неліктен келіннің екі жағына екі абысыны тұрған? Ол туралы ойланып жатқан ешкім жоқ. Себебі ол келін беташарда ғана сәлем салуы мүмкін. Одан кейін сәлем түгілі басына орамал тарт­са, қуанатын күйге түскенбіз.
Анығында бұрынырақ келін боп түскен кексе абысындардың жас келіннің екі қапталына тұруында үлкен мән жатыр. Олар алғаш иіліп сәлем салып тұрған келінге үйретіп, құлағына сыбырлап тұрған. «Мынау – көрші, оған ақырын ғана иілсек жарап жатыр. Ал мынау, үлкен енең болады, бұған дұрыстап иіл» деген сыңайлы сәлем салудың алғашқы әліппесін сол сәтте үйреніп тұруға тиіс болатын. Ал бойы ұзын, өзі келін болып түсіп көрмек түгілі, жақында тұрмыс құру ойында жоқ, тойбизнес арқылы ақша тауып жүрген сылқымдарды келіннің екі жағына тұрғызу да – мазмұнсыздық.

 

Той сән-салтанат қана емес

Меніңше, қазақ фольклорын жетік білетін ғалымдардың басын қосып, әр ғұрыптық кешенді талдап, жалпы халыққа мазмұндық сипатын ашуға арналған еңбек даярлайтын уақыт жетті. Бұл дүниені бүгін қолға алмасақ, жиын-тойларда жүзеге асырылатын ғұрыптық кешендердің мәнін түсінбейтін ұрпақ қалыптасады. Қалыптасып кетті де. Біздің күнделікті тұрмысымызда онсыз да қазақылықтың бірде-бір белгісі қалмаған. Киген киіміміз бен даярлайтын асымыздың өзінде ұлттық нышан жоқ. Ақпараттары мол арпалыс өмірде біз қазақ екенімізді жиынтойларда ғана еске аламыз. Демек, тым болмағанда, сол жиынның мазмұнын сақтап қалуға ат жалын тартқан азаматтар арашашы болуы керек.

Ал асаба жолдастар елдің алдына арнайы біліктілік сертификатын алып барып шығуы тиіс. Неге біз аз ғана айлық алатын мұғалімдерден біліктілік талап етеміз де, ел алдына шығып сөйлейтін асабадан талап ете алмаймыз. Асабаның қазақ мәдениетінен хабары бар ма, жөн-жоралғыларды біле ме, бүгінгі заман талабына сай ма, түрлі ситуациялық жағдайлардан шыға алу мүмкіндігі қандай? Осының барлығы тексерілуі тиіс. Той – сән-салтанат қана емес, ұлттық идео­логияның өзегі деп білемін. Сондықтан Рухани жаңғырудан оны шет қалдыруға болмайды. Алдымен той өткізу әдебіміз бен мәдениетімізді рухани жаңғыртып алайық, қалғаны өз орнына келе қалады. Асабаңыз қалай сөйлейді, сіздің тіліңіз бен мәдениетіңіз сол деңгейде.

 

 

"ТОЙ ТУРАЛЫ ОЙ"

М.ӘДІЛХАНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

«Ана тілі» газеті,

 

Қазақтың тойы – ұлттық тәрбие бесігі болған. Әдет-ғұрыптың, салт сананың, өнердің бағын ашатын бақ сынайтын кезі той үстінде өткен. Әрине, қазір емес. Бұрындары… Ал қазіргі тойлардың түр-түсі бөлек, мазмұн, маңызы да өзгеше. Жаңашаланды деп жүргендеріміз де бар. Жалықтыратын, жалпақшешейлікке, батыстық та, шығыстық та емес, әркім ойына келгенін істейтін шараға айналып бара жатыр деп жүргендеріміз де бар.

 

Уақыт – алтын

Шындығында осы тақырып та бүгінгі күні көпшілік болып ой қозғап, пікір таластыратын деңгейге келіп тұрған сияқты. Өйткені Қазақ елі атануымыз үшін емес, болуымыз үшін, ұлттық құнды­лықтарымызға бет бұруымыз «бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» ұстанымын ұғындырады емес пе?

Атақты бабаларымыз Жам­был, Кенен, Шашубай, Сүйінбай, Нұрпейістің ақын­дық, айтыскерлік өнері, Балуан Шо­лақтың, Қажы­мұқан­ның алып күш­тің иесі ретінде шыңдалу мектептері қазақ­тың ұлан-асыр тойларының төрі болғаны бар­шамызға аян. Осындай жолмен та­ныл­ған атақтылар есімін соза беруге де болады. Бірақ бүгінгі айтпағымызға ора­лайық, бүгінгі тойларымыз қалай, қай­тып, қандай үлгілі тұстарын, ұлттық үрдістерін ұстанып тұр. Әңгіме етіп кө­рейік. Бұл жерде кінәлап, ешнәрсені жоқ­­қа шығару ойымызда жоқ. Әңгіме арқауы – тойды қалай өткізгеніміз тиімді, қайтіп ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүр ерекшеліктерімізді ескеріп пай­­даға жарататын шараға айналдырамыз.

Сонымен, тойға шақырылдық дейік. Той иесінің құрметпен күтетіні алдымен, әрине, қонақтары. Бар жиған-тергенін тойға жаратуға ар­наған қазекем қонақтарынан еш­теңесін аямайды. Сол сыйлы дастар­қанға отырудың уақыты мезгілінен 2-3 сағат кешігуі әдетке айналды. Кешкі жетіге шақырса тоғызда немесе онға таман әрең жиналамыз. Сонымен кешігіп басталған той алдымен келген бірен-саран тәртіпті қонақтарды да, күте-күте екі көзі төрт болған той иелерін де шаршататыны ақиқат.

Жақында бір тойда ауылға қадірлі қартқа сөз берілді. Жастарға тілегін арнап, батасын беріп тұрып былай деді:
«Құрметтеп шақырылған соң кемпіріміз екеуміз кешкі шайымызды да ішпей, уақытында келдік. Тойды үш сағат өткенде әрең бастап отырмыз. Неге уақытында келмейміз. Мынау ұят емес пе? Тәртіпсіздік қой барып тұрған. Барын алдымызға жайып күтіп отырған той иелерінен де ұят емес пе? Үй болып жатқан жастарға үлгіміз қайсы. Уақыт – тәртіп емес пе?…»
Қарт зейінді қазып айтты. Шынында да, бүгінгі жағдайымыз осындай. Қазір қай жерде де шұбатылып тойға жиналып болмаймыз. Тойдың думанды, көңілді өтуіне де кешігудің кедергісі көп. Кеш басталған тойдың алғашқы дастарқанының өзінен тұрғанша түннің бел ортасы болады. Мезгіл ұзап өткен сайын адамның тағамға да, ойын-сауыққа да зауқы соқпайды. Сонда өзімізге де, той иесіне де жайсыз жағдайды біле-тұра неге жасаймыз.

Уақытында келмегеннен, уақытты бағаламағандықтан осылай текке шар­шаймыз. Тойға шақыру алдын ала хабар­ланатыны белгілі. Баратын бол­ғасын неге кешігеміз? Уақытқа жауап­кершілікпен қарағаннан жас та, кәрі де ұтылмаса керек. Уақытында бар­сақ үй иесі де риза. Ерте басталса, ерте аяқта­лады. Әрине, тойға сыйла­ғаннан, ұялғаннан, арадағы сыйластық, қарым-қатынасқа сызат түспесін деген ниетпен барамыз ғой.

Халқымыз ұлт болып қалып­тасқан­нан бері екі нәрсеге қатал қараған. Оның бірі – тіл болса, екіншісі әдет-ғұ­рып. Өйткені «салты мықтының – халқы мықты» дегенді де айтып кеткен көнекөз данышпан бабаларымыз.
Қай халықтың да ең қадірлі тойла­рының бірі – үйлену тойы. Ата-ана барын шашып, ағайын, жекжаттың та­тулығы мен ауыз біршілігін үлгі­лейтін үлкен жанұялық мере­кесі де осы. Ал оның қонақ күту­ді, той өткізуді жоспарлаған бағдар­ла­масының мезгілінде басталмай ырың-жырың болуының несі жақ­сы. Тойдың шаруасы әркімнің жеке ісі екені даусыз. Дегенмен, әдет-ғұрып, салт-дәстүріміздің заман өзгерісіне сай озығын үлгілеп, тозығын толықтырып, өзімізге тиімді тұстарын бірлесіп бір жеңнен қол бір жағадан бас шығарып жетілдірсек, тәрбиелік мазмұнын мұ­қият­тасақ қалыпқа түспейтін, қажеті­мізге орайласпайтын несі бар.

Асаба

Тойдың көңілді, мазмұнды өтуі асабаға тікелей байланысты. Ұш­қыр ой, ұтқыр сөз, жарасымды әзіл-қалжың, тәрбиелік мәнді айшықты әңгіме, қонақтарды жа­лықтырмайтыны белгілі. Сөздің құді­ретіне бас иіп, бүкіл ғұмырын, тарихын сөзбен жасаған, жауын да, дауын да сөзбен тоқтатқан, сөзбен шешкен халықтың ұрпағына сөз киесіне ерекше ден қоюы заңдылық. Тойдағы дастарқанның сәні де, мәні де асабаның шеберлігіне байланысты екені рас.

Атақты Досбол шешеннен«Қол бастау қиын ба, жол бастау қиын ба»деп сұрағанда: «Қол бастау қиын емес – көк найзалы ерің болса, жол бас­тау қиын емес соңыңнан ерген елің болса, бәрінен де сөз бастау қиын, тауып айтсаң мереке қылады, таппай айтсаң келеке қылады» деген екен. Тойдың көңілді, ән-күймен мазмұнды өтуі асабаға байланысты дейтініміз де осыдан. Күлдіретін де, бүлдіретін де, жылататын да, жұбататын да – тіл. Содан да қандай ортада болмасын оған жүрдім-бардым қарау тыңдаушыңды сыйламау дер едік.

Соңғы кезде той басқаратын аса­балар­дың көбі әзіл-қалжың айтуға назар аударуда. Бірақ күлкінің де реті бар.Күлдіре отырып білдіруге де, бүлдіруге де болады. Жеңіл, мазмұны мәнсіз, ырқыл-жырқыл күлкі де, езу тартып-ақ елді аузына қарататын астарында атан түйеге жүк боларлық мағынаны аңғартатын күлкі де бар.
Ұзын-сонар өңкей әзіл айта беру де отырыстың дәмін кетіріп, қонақтарды мезі ететінін көріп жүрміз. Ұтырлы, керек жерінде қысқа да нұсқа айтылған әңгіменің қандай орында да бағасы басым. Қандай да болмасын әзілдің де, әңгіменің де астарында сол күнгі той иелеріне лайық тәрбиелік мәні бар ой жатқаны жөн емес пе?

Бір үйлену тойында асаба қазақ­тың ескі жырларынан бір­шама төк­пектетті. Жырдың негізгі мазмұны қарттықтың қауқары кете бастаған­дығы, арман мұңы, сексен, тоқсанға кел­гендегі сәттерін баяндайтындай болды.
Тілек кезегі келгенде елге сыйлы бір ағамыз: «Қарағым асаба, бүгінгі той жастардың отау құру тойы. Жырыңды айтсаң жастыққа орай мазмұны барын айт. Сенің жаңағы кәріліктің мұңын тыңдатар тойың бұл емес. Бұл сексен, тоқсанның мерекесі емес» деп тұқыртып тастағаны бар.
Сөздің қадірін білетіндер қалт жібермейді. Сөз айтылған соң тың­далады да, бағаланады деп есептеуіміз керек. Көпшіліктің алдында аңдамай сөйлеп, ауырмай өлуге болмайды.
Сөзге шеберлік, суырыпса­лмалық, ұтқыр­лық асабаға жарасымды қасиет­тер. Қонақтар мен той иесінің арасын әдемі жымдастырып жарасымды үйлес­тіріп отыру асабаның шеберлігіне тән.
Сонымен асабалардың қалтасын­дағы қалжыңдары, қоржынындағы ойындары бірсарынды өрбіп, тойға жиналғандарды жалықтырып жібе­ретін тұстары аз емес. Шыны керек, соңғы кездері қазақы мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз ұмыт қалып, қазақтың тойы өзіндік мәнін де, мағынасын да жоғалтып бара жатыр деушілер аз емес.

 

Беташар

Қазіргі тойларымыздағы қа­заққа тән дәстүрден қал­ғаны – Беташар. Оның да «ойпырым-ай» дегізер тұстары жетерлік. Алдымен «Беташар» туралы ғылыми негізделген тұжырымдарға жүгініп көрейік. «Беташар» – дәстүр. Жаңа түскен келінді «Беташар» дәстүрін жасамай ешкім көре алмайды. Оны көру үшін әдемі «Беташар» жасалады. Оған тойға жиналған туыс-туғандар тегіс қатысады. Жас келіннің екі жағында екі көргенді келіндері қолтығынан ұстап тұрады. Мұнда беташар жыры айтыла отырып, келінге оның атасы, енесі, басқа да туыстары таныстырылып, келін оларға сәлем жасайды. Бет ашатын ән-жырды желдірте, көңілді көтере жыр төгуі керек. «Келін келді көріңіз, көрімдігін беріңіз»деп бастаған әнші жігіт жас келіннің аталған жақындарына лайықты әзіл-қалжыңдарын араластыра «көрімдік» сұрап, жұртты көңілді күлкіге қарқ қылады. «Беташар» тойдың басы әрі сәні, жас келіннің жаңа өмірге бет алғанын білдіретін қызықты, салтанатты, ажарлы дәстүрлердің бірі, – дейді салт-дәстүр туралы айтып, жа­зып жүрген аузы дуалылар. Ал біздегі бүгінгі жайына көз жіберіп, көңіл бөліп көрейік.
Тойханада түннің алғашқы жартысында беташар жасап жатамыз. Келінге тойға келген қонақтардың ешқандай туыстық қатынасы жоқ қонақтарға да, бесіктегі балаға дейін атын атап сәлем салдырып жатамыз.
Күндіз түскен келіннің бетін түн­нің ішінде аштыруымыз қалай, босаға аттамай, ешкім бет ашпай тұ­рып көрмеу керек деген дәстүр-салтымызды сақта­мауымызға не кедер­гі, не себеп?
Дәстүрдің өзі ұлттық ерекше­лікке негіз­делген тәртіп емес пе? Дәстүрлі ша­ралары дұрыс жасалмаса, тәрбиелік сә­нінен айырылса беташар жасап не керек.

Туыс, жекжаттың қатынасы жоқ жалпақ жұртқа сәлем жасату – беташарды бизнеске айнал­дырып жүргендердің әрекеті. Салт-дәстүрімізге қатысты ұлттық құн­ды­лық­тарымызды ақша табудың жолында құрбандыққа шала берсек бара-бара не боламыз?

Көп сөз…

Қазіргі тойларымызда тілек айту бәсекеге айналып болды. Сөйлемесек ренжитінді шығардық. Тойдың негізгі уақытының жартысынан көбін ойын-сауық, көңілді ән-жыр, биге емес, сөйлеуге жібереміз. Әрине, айтарымыз бір мазмұндағы әңгіме. Осы жерде бір айта кетеріміз, тойға 200-300 қонақ шақырылды делік. Тілек реті көбіне бес-алты адамнан бастап, он бес-жиырма адамға дейін топтап беріліп жүр. Құдаларға, туыстарға, нағашы, тағысын-тағы топтастырылып тілек кезегіне шығады. Осы жерде топтың ішінен жасы үлкен ауызы дуалылау, айтары бар бір-екеуі сөйлесе қалғандары қосылып құптап жатса нұр үстіне нұр емес пе? Көпшілікті де жалықтырмаған, шаршатпаған болар едік. Үлкендер үлгі тұтар уәжін айтқысы келетін болар, ал қазір жастарымыздың бірінен-бірі қалмай сөйлеуге ынтасы мықты. Жақында бір тойда үйленіп жатқан жастардың сыныптастары, жұмыстастары, жиырмаға жуық жасқа тілек реті жолданды. Бірінен-бірі қалмай бәрі сөйлемесі бар ма? Уақыттың басым бөлігін ойын-сауыққа, қонақтарды демалдыратын шараларға бөлсек, кәнеки. Тойдан шаршап емес, сауық-сайранға сусындап қайтар едік.

Той, үйлену тойы – жеке мереке. Оған әр түрлі адамдардың пікірі мен көзқарасын таңа беруге болмайды, қалай өткізем деу әркімнің өз шаруасы. Дегенмен, ұлттық әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрлеріміз халқымыздың тәрбиелік талай жылғы тәжіри­бесінен тұрмысқа енген. Озығын алып, тозығын тастап, өзге ұлттың қаңсығын тықпалап таңсық етпей, ұлттың өркениетке икемделген тұстарын жетілдіре пайдалансақ, сонда ғана пайдалы, рухани жағы­нан да тойдан тойып қайтатын боламыз.

Қысқасы, тойды өткізу өз қолы­мызда, өзімізге-өзіміз қожамыз. Ұлт­тық салт-дәстүрімізден ұлтшыл­дық кінәрат іздейтін заман өтті. Жеке шаруа­ның қайсы да әрқайсымыздың өз ықы­ласымыздың ерік-жігеріндегі шаруа.
Күнделікті тұрмысымыздағы осы бір қуанышты атап өтудің кем-кетік­тері қалада да, ауылда да, айыр­машылықсыз, бір-біріне ұқсап осылай өтіп жатыр.
Сонымен қорыта айтсақ, бүгінгі тойымызға қазақы өзгеріс керек. Оны ешкім жасап бермейді. Өзіміз жасауымыз керек. Ауыл болып, ағайын болып ақылдасып қолға алуымыз қажет. Бүгінгі қосыла салып айырылысып жатқан жаста­рымыздың санасына ұлттық дәс­түріміздің ұлағатты үрдістерін үйлену тойының үстінде де үлгі ете білсек, аз-аздап болса да сіңіре білсек олай болмаған болар еді.

Біздің тойларымыздың көбінде жүйелі бағдарлама жоқ сияқты. Себебі той десе қу бас домалайды деп қаржы жинап, жетпесе несие алып тойға шашыламыз. Есептеушілердің сараптауына қарағанда, біздің жан басына шаққанда банкет, мәзі­ріміз 18000 теңге мен 40000 теңгенің аралығы екен. Ал әзір­байжандықтардың бір адамға арнал­ған той мәзірі 7000 теңгенің айналасында болса, армян халқының бір адамға тойға жұмсайтын шығыны 1318 теңге. Қарап отырсақ, қазақ сияқты тойға қып-қызыл шығын шашатын ұлт жоқ. Айт­пақшы тойды дабырамен, уақыт­пен санаспай өткізуге үзілді-кесілді тыйым салған көрші елдер бар. Ал біз­дікі есепсіз ысырап, тәрбиелік мәні­не көп көңіл бөлінбейтін шараға айналып бара жатқан сияқты.

 

ТОЙ ТУРАЛЫ ОЙ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

«АР-ДАҚ» ақпараттық порталы, 16 Шілде 2019 ж.

 

ТОСУДАН ТАБАН ТОЗАДЫ

Таяуда бір танысым Алматыға барып қайтты. Құдалары той жасаған екен. Тамсанып, таңырқап келді.

-Той көргің келсе, Алматыға бар. Дәл біздікі сияқты емес, шақыру қағазында көретілген уақытынан бір минут те кешіктірмей бастайды екен, -деді ол.

Түркістан төңірегінде тойдың белгіленген уақытысынан екі-үш сағат кешіктіріліп басталатыны есіме түсті. Жаздың күні болса шыдайсыз ғой, қыстың күні қырауда табандатып, екі-үш сағат күттіріп қоятын той-тамашалардан әбден-ақ зәрезап болғанбыз. Біздің адамдар да қызық өзі, шұбалшынша шұбатылып, ырғалып-жырғалып, үздік-создық болып тойға қас қарая зорға жиналады. Жұрт қарасы көбейіп «енді басталатын шығар» деп тұрғанымызда «құдалар әлі үйлерінен шықпапты» деген «қаралы» хабар жетеді. «Қыз бергеннің назы бар» дегенің енді бұл жерде жүрмесі анық. Сонда да құдалар кешігуін қоймайды. Кейде той иелері дәл той болатын күні құда шақырады. Ана үйден мына үйге, ана мейрамханадан мына мейрамханаға құдалар жетектеп жүргенде жалпақ жұрты тойхана алдына үйіріліп тұрғаны естерінен тарс ұмытылып кетеді. «Назы бар» құдалар мына жақта той күтіп тұрғанын білсе де, арасында бірер «салмақтылары» оңайлықпен қозғалмайды. Бұл «салмақтылар» өздерінің бағасын біледі. «Оу, құда мына кісі екен ғой» деп жұртты тамсандырғысы келіп тұратын маңғаздар да бар. Солардың көңілдеріне қарайлаймыз деп, кафеден шыға алмай амалсыз бөгелетіндер де табылады.

Хош, сонымен, құдалар да ырғалдып-жырғалып жетеді. Қошеметтеп, асты-үстеріне түсіп дегендей, үкілеп төрге апарып жайғастырамыз. Олар жайғасып болмай былайғы ағайынға орындарына отыруға рұқсат жоқ. Өйткені, құдалардан ұят. «Бізді күте алмаған не деген шыдамсыз құдалар» деп ауызы батырлары санап кетуі бек мүмкін.

 

Құдаларды құтты орындарына қондырып, енді «уф!» деп жайғаса бергенде «қыдырып» кеткен жастар жағы кешігіп, қонақтарды тағы да амалсыз күттіреді. Әлден соң олар да көліктерін бақыртып-шақыртып зорға жетеді. Жол жүріп келген олар дайындалып, үсті-бастарын түзеп үлгергенше тағы да күте тұруға тура келеді.

Бұл кезде сағат түнгі 22-23-терді көрсетіп тұрады. Асаба үлгеріп қалу үшін алқынып, сценарий бойынша тойды бастап кеп жібереді. Асығыстықтың әйтеуір бір шикілігі шығады. Үлгеремін деп жүріп қолындағы «шимайына» шатасып сүрінеді. Содан барын көп дүние бүлінеді. Мұндайда өкпелегіштер көп. Біз тегі өкпелегіш халықпыз. Анаған да, мынаған да бала сияқты өкпелей саламыз. Бірінші болып сөз тимей қалса да, кешігіреңкіреп ортаға шықса та өкпелей салады. «Шапан кимедім», « тойды мен ашуым керек еді» деп ренжитіндер де табылады.

Жуырда бір туыс қызын ұзататын болып тойға шақырды. Әдетте қазақ қызды түнгі сағат 24:00-ден қалдырмай ұзатуды дәстүрге айналдырған. Сол түнгі сағат 24:00-ге дейін той рәсімінің барлығы жасалынып бітуі тиіс. Міне, асабаның асығатын тұсы осы.

Қысқа жіп күрмеуге келмейтін қыстың шолақ күндерінің бірі еді. «Той кешкі сағат 18:00-де басталады» деген шақыру алдық. «Қазақтың тойы кештетіп басталады ғой» деп әдейілеп бір сағат кешігіп бардық. Сену-сенбеу өз ырқыңызда, тойханада адам жоқ. Сарғайып тосудан басқа амал қалмады. Сағат 20:30-дан аса бірең-сараң адам төбе көрсетті. Уақыт шіркін, зуылдап өтіп барады. Асығатын адам көрсек, бұйырмасын. Мейрамхананың кіре берісінде диван бар екен. Оларға қарттар жайғасты. Біз амалсыздан далаға жылыстадық. Күн болса да құлақ-шекеден өтіп барады. Айналып келіп, кіреберісті паналадық. Аяқ талды. Ұят қалды. Ентелеп «ішке жібер» дейміз. Есік ауызындағылар қаршығадан өткен қырағы. Бір пендені ішке өткізер емес. Тапсырма аса қатаң тәрізді.

Несің айта берейін, сарсылтып барып, сағат 21-ден аса бергенде барып дастархан басына жайғасқан болдық. Келушілер жиналғанша сағат тілі 22-20-ны көрсетті.

 

Асабаның сасқан жері осы болды. Қазақ тойда сөз тимесе ауырып қалады. Бірақ, бәріне бірдей сөз қайда? Тамада жиналғандарға жұптап-жұптап сөз берді. Шіркін, біздің кей аталар мен әжейлер шеттерінен «шешен» ғой, «не дейміз енді» деп алып, ұзақ ойланып тұрғандарыңда сағат тілі 23:30-ды көрсетті. Тіпті, әншілерге кезек тимей қалды. Күйеу жігіт те әбжіл екен, сағат 23:30-ті қалай соқты, солай қызды «өңгерді» де кетті. Бақандай бес сағат бойы күткен той жалт етті де өте шықты. Бойжеткені бар ауылдың қыз кеткен соң қызығы қалмайды. Үрпиісіп тұрдық та қалдық. Қыз әкесі де аң-таң, біз де аң-таңбыз.

Адамдар өз уақыттарын неге өздері ұрлатады? Біз өзі уақыттың бағасын білеміз бе? Тойды уақтылы бастаудың тәртібін ретке келтіретін күш бар ма?

 

Сүйінші! Бар екен. Егер сіздің тойыңызға дөкейлердің бірі ат дүбірлетіп келетін болса, онда өтірік айтсам өліп кетейін, шақырылғандар екі сағат бұрын келіп, тосып отырады. Сондықтан, туыстығы, жекжаттығы бар-жоғына қарамаңыз, ләжі болса тойыңызға ауыл-аймаққа сөзі өтетін бір аузы дуалы адамды ат шаптырып болса да келтіріңіз. Сонда тойыңыз уақтылы басталады әрі шақырылған адамдар әлгі дөкей кетпей орындарынан қозғалмайды. Біздегі тойларда жарты сағаттан соң ешкімді таппай қаласыз ғой. Осы қиындықтан бір құтқарса, әлгі дөкей туысыңыз әлде танысыңыз құтқарады. .

Жасыратыны жоқ, өңіріміздің әр түкпірінде белгілі бір сағатта тойдың басталып кеткенін көрген жан жоқ. Қоғамдық ұйымдар, облыстық, қалалық ардагерлер кеңестері, жастар комитеттері, аты бар да заты жоқ толып жатқан қоғамдық ұйымдар бұл мәселеге бастарын қатырмайтын сыңайлы. Егер осы ұйымдар бірлесіп, іс-шаралар өткізсе, тойларды тиімді де тәрбиелік мәні бар деңгейде атқаруға күш салса, халықтың алдында түсінік жұмыстарын жүргізсе, әрі-беріден соң тойды белгіленген мерзімде бастап, уақтылы аяқтау керек деген ереже бекітілсе, тойшыл топ табан тоздырғанша есік алдында іркілмес еді. «Екінші Мекке» атанған қасиетті Түркістанға облыс басшысы болып Өмірзақ Шөкеев келгелі той сағат 18:00-ден кешіктірілмей басталып, 23:00-де аяқталып жатыр деген хабар жүрегімізді жадыратты. Дәл осы тәжірибені өңіріміздің басқа аудандары мен қалаларына неге ендірмеске?

«Той әркімнің жеке меншігі» дегеніңізбен, уақыт өктем. Оны тоқтата алмайсыз. Ендеше, қоғамдық ұйымдар, жергілікті билік өкілдері босқа өткен уақыттың есесін қайтарудың жолдарын іздестіргендері мақұл. «Той — Құдайдың қазынасы» дейтін халықпыз. Ал, қазақ қазынаның қадірін қашан да білген.Бұл жолғы «қазына» текке кеткен сіз бен біздің алтын уақытымыз екенін ұмытпағайсыз.

 

БІРІНЕН БІРІ ОЗАДЫ…

Қазіргі тойларда жастар «гулянка» дегенді бәсекелестікке айналдырып алды. Ұзындығы 10-12 метр «Лимузин» көліктеріне мінген жастар көшені азан-қазан етіп, басқа көліктерге жол бермейді. Әлгі «Лимузиннің» соңында біркелкі оншақты көлік шұбатылып, шұбырып жүреді.

-Бұларды тия алмай-ақ қойдық. Біріншіден, көше кептелісін тудырады. Екіншіден, көлік апатына ұрындырады. Үшіншіден, жүргіншілердің, жолаушылардың уақытын алады. Ал, оларға шара көру туралы заң әлі шыққан жоқ. Кей дөкейлердің балалары, тіпті өзімізге дүрсе қоя беріп, ұрсып, балағаттап кетеді. Бұларға қашан тыйым болады?— дейді жол-патрульдік полициясында қызмет істейтін Өскен деген танысым.

Өскеннің өкінетініндей де бар. Оның талабы орынды. Көпшілікке кедергі келтіріп, жұрттың мазасын алатын мұндай қыдыруларды тыю керек. Маңайын аза-қазан етіп, дыбыскүшейткіштерін «сигнал) барынша қосып, думандатып келе жатқан есер топтан есі бар кісі қашып құтылады. Олардың қалаларда жалғыз еместігін ескерейік. Дәстүр жалғастығына сайсақ, жол полициясы қызметкерлері жас жұбайларға құрмет көрсетулері тиіс. Сондықтан, ереже бұзғандарға ескерте алмайды. Ескертсе, еститін сөздерін біледі. Сосын аш құлақтан қаш құлақ, тыныштық іздейді. Көрмегенсіп, теріс айналады. Осыны жақсы білетін жастар ешнәрседен қымсынбайды. Зиярат ете барған жерлерінде шарап ішіп, айналаны күл-қоқысқа толтырып кететіндер қаншама.

Сорақылығы сол, қыдыруға шыққан көліктердің бір-бірімен жапа-тармағай жарысуы. Ана бір жылы қыдыруға кеткен жас жұбайлар көлігі дария ішіне құлап, тойға жиналғандар табан астында қара жамылып қалды. Осындай орны толмас өкінішке ұрынбас үшін жастардың той алдындағы серуенін қырағы қадағалау керек. Қазір олардың серуенге шықпаса көңілдері ортаяды. Оның үстіне біз бәсеке десе өлген-тірілгенімізге қарамайтын тыраш халықпыз. «Е, аналардан біздің бала кем бе?» дейміз де жастардың айтқандарын жасаймыз. Олардың өкпесінен именеміз. Ал, қыдыруға жібердік екен, жол-жөнекей бірнәрсеге ұрынып қалмаулары үшін әрі тойдан кешікпеулері үшін оларға жөн-жоба көрсетіп отыратын бір басшы қосып жіберген дұрыс.

Қазіргінің жастары шетінен «қағынған». «Лимузиннің» де ең қымбатын таңдайды. Қысқа ғана әп-әдемі көлік мінсе, қатарынан кем қалады.

Бірінен бірі озып, арқалары қозып, дабылдатып, дауылдатып жан-жағындағыларға жол бермей келе жатқан жас жұбайлар мінген керуенді биліктегілер көрмей жүр деп айта алмаймыз. Тіпті, солардың арасында биліктегілердің де ұл-қыздары болуы әбден бек мүмкін. Сондықтан, биліктегілер бұғып қалмағанда қайтеді? Әкімшіліктің тиісті басқармалары мен бөлімдері, ардагерлер кеңестері, қоғамдық ұйымдар бірлесіп, бірімен-бірі жарысып жүргендерге тыйым жасаудың жолдарын қарастырса болмас па?

 

КӨРГЕНДЕ ЖЫНЫҢ ҚОЗАДЫ

Анаған да, мынаған да еліктеп, өзгенің қоқыстары мен қаңсығын таңсық көріп, өзімізге сіңіре бергеннен ұтарымыз шамалы. Екі жастың ортада дөңгеленіп билеп жүргені бүгінде сіңісіп кеткен үйреншікті әдетке айналды. Бұрынғының, кейінгінің тойларында жас жұбайлардың осылай билеп жүргендерін үлкендер айтпайды енді. Қазір күйеу бала ортаға шығып, қалыңдығына ғашықтық сезімін әнмен жеткізетін болыпты. Тойларда үлкен-кіші отыратыны белгілі. Мұндай жасандылық бізге керек пе өзі? Қазақ жігіттері әке-шешесінің көзінше қалыңдығына қарап сөз де айта алмаушы еді ғой. Не боп барамыз,тегі?

Жә, мұны заман ыңғайына орайлас дейік. Ал, жаңа түскен жас келіннің қайын атасы мен қайын енесінің ауыздарына шаңышқымен торт асататыны тіпті ерсі. Атасының бетіне тура қарамаған қазақ келіні енді атасының ауызымен «ойнайтын» болды. Кей ақсақалдың отыз екі тісінің біреуі де жоқ болуы мүмкін. Сонда ол опырық ауызын балапанша ашып, жас келіннің шаңышқысымен торт асауы керек пе? Алайда, асабаның айтқанын істемей көр.

Қазақтың тойларында осындай ерсіліктер тым көбейіп барады. Шамдарды өшіріп қойып, ортаға үйітілген қой етін әкелу, торттардың үстіне балауыз шамдарды жағып қойып, оны үрлеп өшіру, ортаға жартылай жалаңаш қыздарды шығарып билету басқаны қайдам, қазақтарға жараспайды. Осындай ерсі қылықтарды көргенде ұлттық салт-дәстүр, әдеп-ғұрып тұрғысындағы салтанаттар көреміз деп барған көңіліңіз су сепкендей басылып қалмайды ма?

 

Ендігі әңгіме ән жайында. Бізде қазір даңғырлаған әнсымақтар көп. Жиналғандарды билетеміз деп қайдағы бір құлақ тесер әуәйі әуендерді бірінен соң бірін жарыса орындайды. Жастар жағына бұл жарасымды да шығар. Бірақ, тойға тек жастар ғана келмейді ғой. Той арасында батагөй ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер де жүреді. Олардың құлақтарына жағымды да сіңімді ескі де есті әндерді тыңдай алмай қайтасыз қазір. Тойда домбырамен күй тартқан өнерпазды да көре алмайтын дәрежеге жеттік.

 

Ойындардың да оңып тұрғандары шамалы. Қазіргі тойларда жібі түзу ойындар ойнатпайды. Сосын сұрқайланған, сұры қашқан тойлардан жерініп, той иесіне атағанынды тапсырып, тұра қашқың келеді.

Сонда да қазақ той жасаудан жалықпайдыда қорықпайды. Бесіктегі баласы күлсе де, еңбектеп жүрсе де той жасай салатын қазақ тойхана іздеп сарсылып жүр.

Кеше ауыл жақтан бір жекжат-жұрағаттар келді. Олар енді ауылды қойып, тойын үлкен қалада дүбірлетіп өткізбек. «Орталықта тұрасыңдар ғой, жақсы бір тойхана тауып бер» дейді. Табанымыздан таусылып жүріп таптық. Енді асаба мен әнші, бишілер керек. Өзің уақыт таппай мұрыныңмен шаншылып жүргенде тағы бір міндетті иыққа іліп кетті.

Айтпақшы, бүгін үйге бес шақыру қағазы келіпті.

Тойларда кездескенше, әзиз достар!

Түркістан облысы.

 

 

Тойлап жүрміз-ау, ойлап жүрміз бе?

К. БИМАҒАНБЕТОВ.

«Шарайна» Сәтпаев қалалық газеті

31 Қаңтар 2014 ж

 

Бүгінде не көп – той көп, тойхана да жеткілікті. Сол көп тойдың ең бастысы – үйлену тойы. Оның өзі қыз ұзатудан басталып, құда табақ, төсек-орын апару рәсімдеріне ұласып жатады. Кейде есікашар дегеніміз тағы бар. Сүндет той, баланың мектепке бару, оны бітіру, оқуға түсу, жұмысқа орналасу тойлары өз алдына бір салтанат. Өзінің, әйелінің, балаларының, тіпті оны айтамыз, немере, шөберенің туған күндерін тойлау керек дегендей. Бұрын оның бәрі той иелерінің өз шаңырағында өз ортасында жақын-жұрағаттарының жанында өте беретін. Қазір мұның бәрін тойханаларда өткізу сәнге айналған.

Дұрыс-ақ-ау, бар болса тойлағанға не жетсін! Қадір Мырзалиев ағамыз бұл құбылысты:

Қазақ осы құда бол деп қинайтын,

Құдаларын құдайындай сыйлайтын.

Қазақ осы дүние мен малыңды

Ағыл-тегіл шашу үшін жинайтын, деп қазақы мінезді қалай тауып айтқан!?

 

«Байға тай мінсе де жарасады» деген қазақ бүгінде қанағат, шүкірлікті қойып, күпірлікке салынып барады. Ұшақпен көкте ұшып жүріп жердегі жарлы-жақыбайларға доллар шашыпты дегенді де естідік. Бар ғой, бар болған соң пенде шіркін не істемейді. Қазақ атам: «Тоқтық не дегізбейді, аштық не жегізбейді» дегенді осындайда айтқан шығар-ау!

Әлгіндей дарақылықты көріп тұрып осы сөзімді түсінеді-ау деген етжақыныңа ерсілікті ескертер болсаңыз, ол «Байдың асын байғұс қызғанады» деген мәтелмен бетіңнен ала кетеді. Қазір ерсілікті ескерткенің – өзіңе бәле тілеп алғаның. Ондайда «Бетпақ жеңдім, байғұс көндім» дегендей, сорақылықты көрмеген болып, жауырды жаба тоқып, үнсіз қалған жөн.

Бүгінде «Кедей – байға, бай Құдайға жетем» деп сарсылған жұрт көп. Ағайыннан қарыз, банктерден несие алып, тойын тойлап, ертеңінде қу тізесін құшақтап қалғандар қаншама?! Ондайларды жалған намыстың құрбандары демеске лажың жоқ. Ал, сол намыс ұрпағына тәлім-тәрбие, білім беруде қайда қалған деп таңқаламыз кейде.

Бұрын көзбен көрмек түгіл, құлақ естімеген «лимузин» деген пәле шықты қазір. Ұзындығы вагондай мәшинеге жас жұбайлар сауыт-саймандарын салып алып, шашбауын көтеруші шабармандарымен көше аралайды. Ескерткіштердің түбіне тоқтап, шампан, шарап, арақ ішеді. Бұрын-соңды ескерткішке келіп, ондағы кейіпкерді еске алып, арақ-шарап ішкен қазақты кім көрген?

Ал, әлгі «лимузин» бастаған топ улап-шулап, сырнайлатып-кернейлетіп тура қара жолда былайғы жұртқа жол бермей, біресе оңға, біресе солға бұрылып, ирек-ирек із тастап, еркіндейді. Кейде сондай тобырдың өкілдері мәшинесінің терезесінен кеудесіне дейін денесін шығарып, ұран тастап, уралағанының да куәсі болып жүрміз. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмаған соң елірген керуен көше кезуін одан әрі емін-еркін жалғастыра береді. Ал, енді естиярлау біреу: «Балаларым, -ау, бұларың не?» деп көрсінші, әлгі топ оны жабыла сөгеді, тіпті, қол қатуы да мүмкін. Оларға «Ақыл – арзан, күлкі – қымбат». Әлгі сайқымазақ керуеннің бағасы да удай, бір қараның құны дейді білетіндер. Оны айтасыз, әлі баратын жерінің табалдырығын аттамаған кейбір келін ата-енесіне «лимузин болмаса, той жасамай-ақ қойыңдар» деп кергитін көрінеді. Үлкендер: «Қарағым-ай, көрпемізге қарай көсілейік» десе, керегесі керіліп, уығы қадалып болмаған шаңырақ көтерілмей қалады. Кесір келін алған бетінен қайтпайды. Ал, тойдың кейіпкерлері керуендетіп жүргенде тойға келушілер оларды тағатсыздана, сарғая күтіп отыратынын қайтерсің?! Есіл уақыт-ай!

 

Заманның ағымы солай ғой. Жастардың ескерткіштерге барып, тағзым етуін, әрине, құптаймыз. Бірақ, ескерткіш басына барып, шампан сындыру мәдениеттілікке жата ма? Бұл қайдан шыққан ырым? Ертеңінде әлгі ескерткіш маңындағы күл-қоқысты жинап жүрген сыпырушы әлгіндей жастарға алғыс айтпайтыны анық. Сонда жаңа ғана отау құрғалы отырған екі жастың қарғыс алғаны кімге жақсы? Бұл айтып отырғанымыз – запырандай шындық. Осы айтқандарымызды ақ пейілімен тыңдайтындар, әй, қайдам, табыла қояр ма екен?!

Бүгінде не көп – той көп. Олардың бәрі де арнайы, жалдамалы асабаларсыз өтпейді. Асабалар бірінен бірі өтеді. Шеттерінен шешен, шешен ғана емес, көшелі көсем. Әсіресе, тойшыл қауымды орынды-орынсыз шапалақ ұрғызуға келгенде алдарына жан салмайды. Қайсыбіреулері «Шапалақ-шапалақ, ұр-ұр, соқ-соқ!» деп, екпіндетіп, елеуреп кетеді. Ау, асаба ағайындар-ау, сіздер мазмұнды, тойшыл жұртқа тұщымды асыл сөз маржандарын айтып жатсаңыздар, тыңдаушы жұрт өзінен өзі риза болып, еркінен тыс қол соқпай ма? Асабалар кейде шектен шығып «Шапалақ соққандар молодес, соқпағандар алапес, олардың ұрпағынан май-май шопыр шықсын, алақандарына қотыр шықсын» деп қарғайтынын қайтерсің? Күлдірем деп бүлдіреді.

 

Бүлдіргеннің бір саласы беташарда жатыр. Біз білетін қазақ дәстүрінде келін табалдырықтан аттағаннан кейін көп ұзамай-ақ жыршы оның қадамына құттылық тілесе, үлкендер шашуын шашып, мәз-мейрам болатын. Асаба жаңа түскен жас келінге ата-енесін, ауылдың ақсақалдары мен атқамінер сыйлы адамдарын, қадірлі қайынағалары мен аяулы абысындарын таныстыратын. Ал, қазір ше? Сәлем салу әруақтардан басталып, жөргектегі шаранаға дейін жалғасады. Бірінші беташар тойханадағы екінші беташарға ұласып кетеді. Уа, тойшыл қауым-ау, бабаларымыз: «Бір тойда екі жар жоқ» дегені қайда? Бұрын келін болып түскенде айдан асып кеткенде беташар жасау, тіпті, болмаған. Оны қарияларымыз өрескел деп бағалаған. Ал, келінге жүкті қалпында беташар айту сорақы деп есептелген. Сезімі таяз жастардың ырқына көнеміз деп мұны көбіміз көрмеген боламыз. «Анада анау да сөйтті ғой» деп өз білместігімізді жуып-шаямыз. Бұл ұлттық дәстүрімізге қиянат емес пе?

 

Қиянат дегеннен шығады, бүгінде отың өшсін дегендей, жанып тұрған самаладай шамдарды сөндіріп, торт шырағын алаулатып, жалаулатып тойхана төріне әкелеміз. Енді екі жастың торт таратуы басталады. Күйеу бала енесінің, келін атасының аузына қасық толы тортты тықпалайды. «Ашынғаннан шығады ащы тілім» демекші, бұрын-соңды бұндай масқараны кім көрген?

Мұндайда көнекөз қарияларымыз: «Біреудің сасығы бізге таңсық» деп әжуалайтын. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген де өзіміздің қазекең емес пе. Жарықтығым-ай, айтудай-ақ айтып келесің-ау, бірақ, Сіздің даналығыңызды біздің шалалығымыз белден басып кетіп тұр ғой.

Асабатойдың негізгі тұлғасы дей отырып, осы жоғары талаптан шығып жүрген асабалардың есімін құрметпен атап кеткен жөн. Олар – айтыскер ақындар ұлытаулық Мұқаш Сейітқазинов, қарағандылық Тілеген Әділов. Екеуінің де сөз саптаулары ерекше. Тыңдап отырған былайғы жұрт тағы да айтса екен деп, шаттанып, шабыттанып отырады. Ондайда риза көңілмен еріктен тыс қол соғасың. Бұл қос асаба халқымызға танымал ақындардың өлеңдерін нәшіне келтіре оқып, қажетті жерінде өз жандарынан суырып салып, көңіліңнен шығады. Жақсы өлең айтып, күй тартқандарға тойшы қауымның назарын аудартып, «өнерпазға қошемет көрсетейік, ағайын» деп, байыппен байсалды ғана ұсыныс жасайды. Осы жерде бір айта кететін нәрсе – тыңдаушыларымыздың самарқаулығы. Ақынның жүрегінен ақтарылып шыққан жақұттай жырлар лайықты тыңдалмаған соң еріксізден «Қайран, өлең-ай, қор болдың-ау» дейсің қынжылып.

 

Ел іші – өнер кеніші. Алыстан арбалатып әртістер алдырғанша елдің өз ішінен, сол тойға қатысушылардың арасынан өнерпаз таңдау да асабаның шеберлігіне байланысты. «Қалауын тапса қар жанады» демекші, асаба өнерпаздарды қолқалай білсе, небір сұңғыла әншілер мен бұралған бишілер де өз ортамыздан табылады. Бірақ, оларды дүние-мүлікпен, көп сыйлықпен марапаттамай, жолын беріп, жас балаларымыздың омырауына ақша қыстырып, еліктірмесек қайтер еді? Қазақта өнерпаз қасиетті өнерін өз халқына ешқашан сатпаған ғой, ал, әлгінде айтқан қылығымыз тағы да өзгенің дәстүріне есіре еліктеу емей немене?!

 

Жаңа бір сөзімде «Өзгенің сасығы – бізге таңсық» дегенді бекерге айтқам жоқ. Бізде биге кезек беріле қалса, басқа ұлттың би ырғағына жан салып жорғалай жөнелетініміз бар. Көкейде бір сұрақ тұрады, ал, сол басқа ұлт өкілдерінің тойында қазақ әні айтылып, қазақ биі билене ме, жоқ! Сонда олар қазақ әндерін, билерін білмейді емес, біледі. Білгенде қандай! Бірақ, қазақ әндерін ілуде біреу болмаса, басқалары мойындағысы келмейді. Олардың тойлары қазақ өнерінсіз-ақ өтіп келеді. Біз басқа ұлттың бір өкілі ортамызда қазақша сөйлесе, соған марқайып, мәз-мейрам болып қаламыз. Әлем халқының тең жартысы ағылшынша сөйлейді. Құдай-ау, сонда ағылшындар мақтаныштан жарылып кетпей, қалай жүр?!

 

Құрметті оқырман, біздің әңгімеден сіз жалыққан да шығарсыз? Ұлы уақытыңызды алғаным үшін кешірім сұрай отырып, мақаланың нүктесін қояйын. Менің пікірім – мына алтын-емел тәуелсіздік заманында тойлап жүрміз-ау, ойлап жүрміз бе деген мәселеге сіз қалай қарайсыз?! Пікіріңіз болса, редакцияға хабарласуды ұмытпаңыз! Әлдеқалай сын айтсақ, шама-шарқымыз жеткенше шын айттық. Ұлттық әдет-ғұрпымызды ластамайық, кейінгі ұрпаққа тау бұлағындай таза дәстүрімізді қаз-қалпында жеткізейік. Міне, мендегі тілек осы ғана. Досқа – күлкі, дұшпанға таба болмайықшы, ағайын!

* * *

P.S. Құрметті cайт оқырманы! Осы мақалалар иелерінің пікірлері мен тілектеріне сен қалай қарайсың?

Мәселе жөнінде ой-пікірлерің болса, осы сайтым бетінде де жалғастырып көрейік!

 

 

Ал, шаршасаңдар ән тыңдай қойыңдар!

«Қазақтың тойы бітпесін»

Әні мен сөзі — И.Ауғантайдікі

Орындаушылар — Расл мен Адок

 

 

 

Автор публикации

не в сети 2 месяца

admin

0
Комментарии: 2Публикации: 104Регистрация: 11-07-2018
Обновлено: 24.07.2019 — 07:48

Один комментарий

Оставить комментарий
  1. Қандай мағыналы ойлар, тұжырымдар. Тойдың мәнді және сәнді өтуі үшін қоғамның да ықпалын жақсы жаққа бұру керек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *