АСАБАМЫЗ ҚАЛАЙ, АҒАЙЫН?
Құрметті оқырмандар!
Осы сайтымда ашылған «TOЙ–BAZAR.KZ» бөлімінің «ТОЙ–ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ» делінетін тарауы парақтарында ұлттық салт-дәстүріміздің ең қадірлісі де маңыздысы саналатын «ТОЙ» ұғымы мен тақырыбындағы бірнеше мақалалар-жазбалар берілген болатын. Бұл жолы, солардың жалғасы ретінде той АСАБАЛАРЫ туралы әңгіме бастамақшымын. Осыған орай, Асабалар туралы, қазіргі кезде тойлардың жүргізілуі деңгейі, олардың жақсарту мен қандай талаптарға сай болуы туралы ел пікірлері мен ұсыныстары жинақталған жазбалар жарияланатын болады. Бүгін солардың алғашқылары!
«Мен Асабамын»
Орынбасар Асаба
Асаба деген кім өзі?
«Алаш Айнасы» интернет порталы
12 Ақпан 2014 жыл
«Той десе қу бас домалайды» деп, кім шақырса да тойдан қалмайтын қазақтың бірі мына біз боламыз. Несие алып, қалтасы қағылса да той жасайтындардың қатары көп-ақ. Тіпті, бірінен-бірі асырып, кейін қарызға белшесінен батып жататындар да жоқ емес. Бірақ бұл жолы осы арада арандары апандай болатын асабалар жайлы «Алаш айнасы» тілшісі сөз қозғамаққа бекінді.
Өткенде нағашы ағамның қызы тұрмысқа шығып үйлену тойына бардық. Әдеттегідей, ортаға жас асаба жігіт шығып әзілдерін айта жөнелді. Жорға тілдің майын тамызған асабаның сөз шеберлігіне таң-тамаша қалып алақанымыз ашығанша қол соғып отырдық. Апырай, мына жігіттің шешенін-ай, қайдан ғана келістіріп айтады деген сөздер жан-жақтан ду-ду етіп естіліп жатты. Тіпті, тоқтамай сарнағанда талайды көрген ақсақалдардың ауызының суы құрып ұйып қалыпты. Енді ақша төлегесін барын аясын ба? Шынымен тәуір асаба екен деп біз де желпініп қалдық. Алдымызға ет те келді. Ет дегенде бет бар ма? Бұл жолы да асабамыз әдемі әзілдерін түйдек-түйдегімен ағытты ма дерсің! Кәдүлгі қасиетті қазақы сөздің нық білгірі. От ауыз, орақ тілді деп осыларды айтады-ау. Бірталай сөз білетін біз де мына асабаның жанында сөзден шаң қауып қаламыз-ау деген ой да болдық.
Тіпті, әрбір тілек пен тостты берген сәтте астарлы әзілмен сөз саптап тілек айтушыны да сүйрік тілмен түйреп-түйреп алып жатты. Ара-тұра кейбір қонақтардың намысына тиетін сөздерді де айтып, көзге оғаш көрінер қылықтарын да көрсетіп жатты. Сондай сәттерде асаба қалжыңынан кірерге тесік таппай қалған жандарда аз болмады. Ал асабаның онымен шаруасы жоқ. Бұрыннан елге белгілі ойындар мен әдіс-тәсілдер де қолданылып жатты ара-тұра. «Бәрімізді аузына қаратты ғой, жас та болса алғыр екен» деген сөздер жиі айтылып жатты.
Не керек айналдырған 4-5 сағат ішінде той да өтті. Қызымыз да ұзатылып кете барды. Асаба да міндетінен құтылып, аспап-құралдарын жинай бастады.
Бірнеше күннен соң тағы бір тойдың сыйлы қонағы болу бұйырды. Бір әріптесімнің ұлының тойы. Тағы бір асаба аузы-аузына жұқпай тақпақтай жөнелді. Тыңдап отырмыз, қарап отырмыз Тыңдаған сайын таңданып тұрмыз. Әзіл сөздер өткен жолғы аузымыздың суы құрыған асабаның сөздерінен аумай қалған. Тіпті, еш өзгеріске де ұшырамаған. Осыдан бұрынғы асаба жігіт маскасын шешіп тастап, басқа адам болып шыға келген сияқты. Ішімізден тынып отырсақ та, той сценарийі мен сөздерінің айна қатесіз қайталанып тұр.
Кім кімнен ұрлады? Асабалардың жаттанды сөздері мен әзілдері бір-бірінен аумай қалған. Халықтың да бұған еті үйренген. Қайта-қайта қозғалақтап, сол әзіл мен анекдотты алғаш рет естігендей ду қол шапалақтайды. Ет жеп, ащы суды ұрттап алған ағайынның енді асабада шаруасы да жоқ. Қандай сөз айтса да, құптап-қолпаштаған сөзге есерлене билеп жатыр. Осылай той да өтті.
Басқа да тойларға бардық. Той асабалары бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай. Аз-маз өзгерісі болмаса әзілдері мен сөз саптаулары сол баяғы күйінде. Бұл сөзімізбен әрине барлық асабаға топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, адамның тірлігінде бір-ақ рет болып, шаңырақ құратын тойдың қазір тек ақша табудың жолына айналғанына қарнымыз ашады.
Бұл заман талабы дейтіндер де табылар. Дегенмен той дәстүрінде алтыннан да құнды тілімізді орнымен қолдану жағы сын көтермей тұрғаны алаңдатады. Той бизнесіне енген асабалар да ізденіске түсіп, ертеден қалған ата салтымызды жаңғыртса нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ олай болмай тұр.
Бизнес демекші, шынында да қазір тойда қызмет көрсеткен асабалардың дәурені жүріп тұр десек қателеспейміз. Бір тойдан 40-50 мың теңгеден 5-6 мың АҚШ долларға дейін алатын асабалардың мұрттарын балта шаппайды. Тіпті, күн санап бағасының өсіп жатқаны да белгілі. Бұған беташарды қосыңыз. Бұл да жастардың үйленуіне кедергі келтіріп жатқан тағы бір күрделі жай деуге болғандай. Иә, тойдың материалдық жайы айтыла-жазыла әбден жауыр болған тақырып. Дегенмен, біздің айтпағымыз рухани жағдай.
Қазіргі таңда біздің халықтың материалдық жағымен қатар, рухани байлықтан сусап отырған жайы бар. Театрға барып өнер кештеріне қатысып жүрген жандар азайған. Ал, тойға барып табаны тесілгенше тасырлата билеп, асаба әзілдеріне құлақ түрмеген жан жоқ. Осы орайда бір ойдың шеті де қылтияды.
Бәлкім, асабалар арқылы әдебиетімізді байытатын, рухани құндылықтарымызды, ең бастысы ана тілімізді ардақтайтын азамат қалыптастыруға көңіл бөлуіміз керек болар? Ол кезде әрине мұндай жаттанды сөз бен жалған мақтаулардан аса алмайтын асабаларымыз қол болмайды. Ол үшін мүмкін асабаларға да арнайы лицензия беріп, тек белгілі бір шарттарды бағындырғандары ғана той басқару құқығына ие болса. Бұл біріншіден қазақы тойлардың қасқыр тонын жамылған лепірме асабалардан құтқарар ма еді. Екіншіден, тіл қасиеті мен құдіретіне бас иген жастарымыз ана тіліне қарай бет бұрар ма еді деген ой да келеді. Әрине, мұның бәрі болашақтың еншісіне тиетіні сөзсіз. Сіз қалай ойлайсыз?
https://alashainasy.kz/culture/asaba-degen-km-oz--49189/
Тойдың сәні — асаба
massaget.kz. Дайындаған: Фараби Бақыт
Той, мереке атаулының сәнін де, әнін де келтіретін бірден-бір адам — асаба. Жалғыз өзі жүріп-ақ бір күнгі қуанышты мың күннің ұмытпас қуанышына айналдырып, «Бәленшенің тойы» еді дегендей ел есінде сақталып қалуы үшін жанын сала жұмыс қылатын ең ізгі жандардың бірі әрі бірегейі. Ендеше, мыңның көңілін бір арнаға тоғыстырып, жүз тілекті бір жерден шығаратын болашақ асабалар қалай қалыптасады екен.
Қазақ той-томалақ десе асаба іздеп, ат сабылтып әуре болып жатпайды. Ерте кезде қазақта асабадан көп өнер иесі болмаған. Қазір де солай. Күні бұрын-ақ асабалар өз жұмыстарына тас-түйін дайын тұрады. Және әр аға асабаның соңынан бір-бір шәкірт еріп барады. Әрине, асабалар шәкіртерін жайдан-жай алып бармайды. Кезегі келгенде отқа салып жіберуі де мүмкін. Өз кезегінде шәкірт те қиыннан қиыстырып тұрып сөз саптап үлгермесе, тапқырлығымен тәнті қылмаса, асаба болып қалыптасуы қиын. Сол үшін де оларға жүктелетін міндеттер күні бұрын қиындай береді.
Болашақ асабаларға керек ең бірінші міндеттің бірі — ой жүйріктігі. Содан соң барып әдемі сөз, тапқырлық, белсенділік секілді тағы басқа толып жатқан қасиеттер тізбектеліп кете береді. Бірақ, бұл жерде қалып кеткен бір сөз бар. Ол сөз — білгіштік. Яғни өз мамандығының қыр-сырын бүге-шігесіне дейін білуі тиіс. Той ортасында тұрып алып көпіртіп әңгіме айта берсе, ондай тойдан не қызық күтуге болады. Керісінше, аз сөзбен мәз күлкіге баратын үлкен бастау жолды таба білу керек. Бір қарағанда қиын болып көрінбесі анық, алайда алдында отырған мыңдаған адамның ойлап отырған ой-арманын, тілек-үмітін тамыр басып анықтай қою қиынның қиыны.
Енді «асаба» сөзі қалай қалыптасқан. Соған аз-кем тоқтала кетсек. Ерте кезде тойдың асабасы болып ең құрметті, ең сыйлы адам тағайындалған. Ол өзіне берілген міндетті той соңына дейін атқарып шыққан. Және бір айта кетерлігі, ең құрметті адам тойды өз қалауынша жүргізіп, көпшілікті думанға бір бөлеген...
Барлық елдің той-думандары асабасыз өтпейді. Мәселен, Украинадағы асабаның жұмысы бөлекше. Ол жақтың асабалары үлкен адамдардың тойында тек қана тілек айтатындарды ғана жариялап тұрады. Соңғы уақытта ол жақта әйел асабаларға деген сұраныс күннен-күнге көбейіп бара жатыр.
Әдемі әзілдерімен, жарасымды ой-пікірлерімен, тапқырлығымен, ой салатын кестелі сөздерімен көптің көңілін төрге шығаратын өнер иелері қазақтың кез келген тойында сөз бастап жүр.
https://massaget.kz/layfstayl/bilim/gumanitarly-ylymdar/2537
Той – халықтың қазынасы десек...
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
«Қазалы» газеті, 09 қаңтар 2019 ж.
«Мен ҚАЗАҚПЫН деген асаба»
Айбек Сайлау
Жақсы асабалар көбейсін !