Delden

Басқа WordPress сайты

ОТБАСЫЛЫҚ ӨМІР ИІРІМДЕРІ (2)


Сайтымда өткен жолы жаңадан ашылған осы бөлімнің бүгінгі 2-ші парағында төмендегідей тақырыпты жазбалар беріліп отыр:

  • «ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР» тарауында ОТАҒАСЫ ұғымы туралы танымдық жазбалар мен бейне ән;
  • «ҒАШЫҚТЫҚ ХИКАЯЛАР» тарауында өткен жолғы «МАХАББАТ ДЕГЕН НЕМЕНЕ?« деген әңгіме-хикаяның жалғасы және ақын Зайда ЕЛҒОНДИНОВАНЫҢ тақырыптық өлеңдері;
  • «БІЗ ҚАЛАЙ ТАНЫСТЫҚ …?« тарауындағы кезекті жазба.

Танысыңдар, олар тағылымды және қызықты!


ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР туралы (2)


ОТАҒАСЫ

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Отағасыәлеуметтік зерттеулер терминдеріне әсер ететін отбасындағы үлкен еркек (яғни 19 ғасырдың ұғымындағы «асыраушы«), Үкіметтік шолуларда отағасы фирманың иегері немесе арендаторы, немесе фирманың иегері немесе жалға алушылар әйелмен тұратын ер адам ретінде анықталады. Осыған сәйкес, «әйелдермен басқарылатын отбасылар» жалғыз тұратын әйелдермен, немесе ата-анасының бірімен басқарылатын отбасы, немесе қарт адамдармен тұратын әйелдер-арендаторлармен шектеледі. Мұндай анықтама үй жағдайын талдауда маңызды.

Қазақ отбасында әкенің орны қандай болған? Қазір қандай?

Ләйлім Әубәкірова
хабарлау. 10 тамыз 2018 болып табылады

Әке балаға қорған болуы керек

«Отағасы» деген атқа лайық ер азаматтар азайған, отбасындағы әкенің рөлі төмендеген. Өйткені оның отбасындағы орнын табысы анықтайтын болды.

Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деп ер адам тәрбиесін ауызға алады. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Ал әке мектебінен өткен бала сол мұраға қиянат жасамауға тырысқан.

Баласы 14-15 жасқа келгенде атқа мінгізіп, алыстағы аузы дуалы ақсақал қарттарға сәлем беріп кел деп жіберетін дәстүрдің ұмыт қалғаны өкінішті. Біріншіден, баланы сынға салып, екіншіден, көпті көрген көнекөз, көкірегі қазыналы қарттардың әңгімесіне қанығудың берері мол еді.

Тарихта болған жайларды, бабалар ерлігін жырлап, шежірені тарқата айтатын дана қариялар қазақтың маңдайына біткен кең де дархан даланың қасиетін сезіндіріп, бабалардың ерлігі мен көреген саясатының арқасында оның ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалғанын бала жүрегіне жеткізе білген еді.

Сондықтан дәстүрлі қазақ қоғамында тәрбие алған қазақ баласының әкеге деген құрметі ерекше болатын. Жүзінен мейірім төгіліп тұрмағанмен, қас-қабағынан бәрін түсініп өскен бала әке қаһарынан сескеніп жүретін. Әке тәрбиесі – деген осы.

Әлсіз әкенің баласы жасқаншақ

Абайтанушы Омар Жәлел дәстүрлі тәрбиеде бала анасынан мейірімділік пен даналықты сіңірсе, әкесінен өжеттік, батылдық сияқты қасиеттерді бойына сіңіріп өскен дейді.

- «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бір ауыз сөзге бүкіл тәрбиенің бастауын қазақ атамыз сыйғыза білген. Асқар таудай әкесін пана тұтқан бала қорқақ болмайды. Ал ана атты бұлақтың мейіріміне қанып өскен ұрпақ өзгеге де мейіріммен қарайды.

Дәл қазіргі таңда үйдегі әйеліне сөзін өткізе алмайтын әкенің жігерсіздігінен балалары жасқаншақ, қорқақ, қоғамға пайдасы жоқ болып өсіп келеді. «Жаман әкеден жақсы көрші артық» деген. Әке беделінен айырылып, жүзі кеткен пышақ секілді болып барады.

Бір дана «Біз мәпелеп, қиындықтан қорғап, ыстық-суығына өзіміз түсіп жүріп, баламызға қастық жасап жатырмыз. Кейін есейгенде өмірге бейімі жоқ, шыңдалмаған бала қиындыққа тап болса, морт сынады» деген екен. Соны білген аталарымыз жастайынан ерлікке тәрбиелеген.

қарындас

Әке – баланың қорғаны

– Бұхар жырау «Әкелі бала – жаужүрек, жиын тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тастан да өткізер жебесін» дейді. Өзіне қорған болған әкесінің арқасында алшаң басып, бар шаруасын бітіріп, алдына кездескен кез-келген қорғанды бұзуға дайын болады.

«Әкесіз бала – сужүрек, жиын тойға барады, босағада қалады» дейді. Яғни, жасқаншақ болатынын меңзеп тұр. Сондықтан біз бала тәрбиесінде әкенің қаншалықты маңызды рөл ойнайтынын білгеніміз жөн. Бірақ қазақ өз құндылықтарына қайтып оралмайынша, әкенің отбасындағы рөлі төмендей бермек.

Ертеректе еркекті көк тәңіріне теңеген. Ал әйелді жерге теңеген. Күлтегіннің үлкен жазуында «Тәңірідей тәңіріден жаралған бабам Күлтегін истемін қаған» деген жазу осының дәлелі.

Әйел ерге қараса, еркек көкке қараған. Өйткені ер адам энергияны тәңіріден алып отырған. Айырмашылығы жер мен көктей деп босқа айтылмаған. Өйткені әйел мен еркек ешқашан теңелмейді дегені. Көктен найзағай ойнап, жаңбыр жауса да, жер бірқалыптығын сақтаған. Өйткені жер мен көк арасындағы үйлесімділіктің негізін жер қалап отыр. Яғни, жер мен көк қалай гармония тапса, әйел мен ер адам да солай бір гармонияда өмір сүру керек.

Қазақта әкесін көке деп атайды. Ол сөздің түпкі мағынасы көк деген ұғымнан пайда болған. «Көкеңді танытайын ба, көрсетейін бе, ұмытайын деген екенсің, көкем бар» дегенде әкесін шексіз күш-қуат иесі санаған.

Әйел еркектен бір саты төмен тұруы тиіс.

– Құранда «Еркектерді биік қылып жараттық. Әйел еркектермен таласпасын. Олар несібесіне қанағат қылсын» дейді. Оны жоғары қылып жаратуының себебі табыс табушы еркек әрі табысын отбасымен бөліп жеу керек. Ал егер өзін еркек ретінде сезінбесе, жарытып жұмыс істеп, табыс таба алмайды екен.

Ал әйел еркектің беделінің жоғары болуына мүдделі. Еркек мал тапса, әйел бала табуға жаратылған. «Мал таппайтын еркек болмайды құрарын айт, бала таппайтын қатын болмайды тұрарын айт».

Біз 70 жыл бодан болғанда осы гармонияны бұзып алдық. Өйткені еркек пен әйел тең құқылы деген ұғымды миымызға сіңірді. Отаршылдық жүйе, кейін қызыл совет үкіметі қазақтың осы тамаша мектептерін жойды. Еркек пен әйелді тең деп жариялады. Еркектердің беделі күрт төмендеп, балаға идеал болудан қалды.

Қазақ әйелінің ерін сыйламау құбылысы қазақ даласындағы әкелер мектебінің тамырына балта шапты. Бұл құбылыс осы күнге дейін жалғасып келеді. Осыдан кейін ынжық ұл, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түспейтін бозөкпе бозбалалар пайда болды.

«Ендігі мақсат – қазақ отбасындағы әкенің статусын қайтару»

Әкенің отбасындағы рөлінің төмендеуі – қоғамдық дерт. Сондықтан оны мемлекет болып қолға алу керек. Әртүрлі бағдарламалар, кино арқылы насихаттау керек.

Қазіргі қоғамда ер адам әйелге деген махаббатын жоғары қояды. «Еркек Аллаға деген махаббатын жоғары қойса, шын маххабат, шын дос – Алла!» – дейді Абай. Отағасы ретінде табыс тауып, отбасын асырау – әкенің міндеті. Ал ақша, ол – энергия. Әйелдің қолына ақша түссе, ол еріне бағынбай кетеді.

Қазақта бір мақал бар: «Көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады, баулыған соң батыр болады». Біз әдетте алдыңғы екеуін айтып, үшіншісін білмейді екенбіз. Баланы балапан құстай баулу туралы айтып отырмыз. Қазақ даласында әсіресе, ер балаларды ерлікке, батырлыққа баулитын әкелер мектебі болған. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақал соның айғағы.

Ерін сыйламайтын әрбір әйел сол отбасында желкілдеп өсіп келе жатқан ұл мен қыздың болашақ тағдырына кері әсерін тигізіп жатқанын білуі шарт. Әйел қанша жерден ақылды болсын, білімді болсын, қызмет дәрежесі жоғары болсын балаларының болашағы үшін ерінің алдында иіліп тұруы керек. Сонда ғана қазаққа ғасырлар бойы мүлтіксіз қызмет қылып келген отбасы институты қалпына келеді.

Сыйлауға тұрмайтын еркек болмайды, сыйлай алмайтын әйел болады. «Жақсы әйел жаман еркекті хан қылады, жаман әйел жақсы еркектің басын даң қылады». Мен ойлап тапқан мақал емес, Ата-бабадан мирас болып қалған асыл лептер. Қасиетті сөз. Сондықтан, ұлым ұлықты болып өссін десеңіз, қызым қылықты болып өссін десеңіз, Құдай қосқан қосағыңызды ұлықтаңыз! Сонда ғана қазақтың маңдайына басатын ұлағатты ұрпақ өсіп шығады, – дейді Омар Жәлел.

Бала әкеден өте тумайды

Бірде қарт Құнанбай баласы Абайды шақырып: «Балам, сен әкеңе жете туғансың ба, өте туғансың ба?» деп сұрайды. Сонда Абай: «Әке, мен өте туғанмын, өйткені мен ақын болдым» деген екен. Аз ғана ойланған дана Құнанбай: «Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек» деп жауап қатқан деседі.

«Еркектің беделі оның табысында»

Әкенің отбасындағы рөлі туралы пікір білдіріп жүрген тарих пәнінің мұғалімі Өмір Шыныбекұлы дәстүрлі қоғамда тәрбие алған азаматтардың отбасының керегесі мықты болады дейді.

– Қазіргі уақытта отбасындағы әкенің орнын оның табысы айқындайтын болды. Беделді өсіретін ақша. Алайда халықтың көбі – кедей. Егер ол ақша тапқысы келсе, ауылдық жерде жұмыс жоқ. Ажырасу да осы мәселеден келіп туындайды. Мен де табысты аз тапқан кезімде әйелім шыдады. Өйткені оны дәстүрлі қоғамда алған тәрбиесі жібермеді.

Басқа мемлекеттерде мінездерінің сәйкес келмегеннен, тағы да басқа себептермен ажырасса, бізде материалдық жағдайдың төмендігінен, әкенің табыс таппауынан шаңырақ күл-талқан болады.

Өз ауылымды мысалға келтірсем, айналдырған 70 үйдің 15-інде еркектері ішкілікке салынып кеткен. Жастары 20-50 аралығы. Олар табыс табайын десе, кәсіпкерлік қабілеті жетпейді. Жұмыс істейін десе, жұмыс орны жоқ. Содан ішкіліке салынып, не отбасында, не жолдастарының ортасында сый-құрметтен жұрдай болып жүреді. «Жұрттың байы айды айналып ұшып жүр, біздің бай үйді айналып құсып жүр» деген нақыл содан шықан.

Шеше – адвокат болған

– Өз ауылымдағы уахаббистердің көбінің әкесі жуас немесе әкесі жоқ. Бәрі әкенің қаһары мен беделіне байланысты. Таяқты артық жұмсауға да болмайды. Шегі болады. Қас-қабақпен тәрбиелеу керек. Жалпы қазақ қоғамында шеше адвокаттың қызметін атқарған.

Әкесі жоқ балалар көбіне өтпелі жасында қатты бұзылады. Бұл кезеңде мектептегі ер мұғалімдердің тәрбиесі қажет. Білім ордасында ақылды әйелден жуас болса да ер мұғалімнің болуы шарт. Өйткені ұл балалардың тәрбиесіне аз да болса пайдасы тиеді.

Ал шешесі басқа адаммен көңіл қосып, бақытты болғысы келгенмен көп жағдайда артынан опық жеп жатады. Өйткені өгей әкені баласы мойындамайды. Тіпті төбелесуге дейін барады. Өгей әке – миллионер болса да, мойындамайды. Сондықтан «балаңды емес, өзіңді тәрбиеле» деген.

Қазақта бір әулеттің бұзығын бәрі жабылып, тәрбиелеген. Туысқан ағалары «ұятқа қалдырдың, ру намысын аяқ асты еттің » деп, тентегін тіпті сабап тастайтын. Қазір тәртіп бұзылды.

Өзім тұратын подъезде он шақты семья пәтер жалдап тұрады. Тұрақты жұмысы жоқ. Табыс таппаған әкенің отбасында қандай беделі болады? Ал бізде қоғамдағы тұрақтылықты сақтап тұратын орта тап өкілдері аз. Ауылда жақсы жалақы алады деген мұғалімдердің өзі келтеңдеп әзер шыдап жүр, – дейді Өмір аға.

Балаға жиі айтылуға тиіс сөздер:

  • Балам әкеңнің киімін жоғары қой.
  • Балам, әкеңнен ұят болмасын.
  • Әкеңнің аяқ киімін дұрыстап қой.
  • Әкеңді тамаққа шақыр.
  • Әкеңнен рұқсат сұра.
  • Әкеңді шығарып сал.
  • Әкең келе жатыр, үйді жинастыр.
  • Әкеңнің мазасын алма.

Жұмысбасты әкелердің балаларын әйелі тәрбиелеуге мәжбүр

Психолог, психоаналитик Зүбайда Кененбаева әке тәрбиесін алған ер бала қажырлы, ер мінезді болып өседі, ал әкесін үлгі тұтқан қыз бала өзінің ертеңгі өмірлік серігі болатын жолдасын таңдауда қателіктерге ұрынбайды дейді.

– Әр отбасындағы әкенің рөлі ерекше. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшесінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Әке балаға жолдас әрі сырлас болу керек. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен ақылдасады.

Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуында, қоғамдағы өз орнын дұрыс таба білуінде әкенің атқаратын еңбегі ерекше. «Бір бала бар әкеге жете туар, бір бала бар атадан өте туар, бір бала бар атадан кері кете туар» деген халқымызда дана сөз бар. Ал дұрыс тәрбие алған бала қоғамға пайдасын тигізетін азамат болып өседі.

Әрине, Wй-ішінің жайлы өмір сүруі, бала-шағаның тәртіпті болып өсуі – шаңырақтың темірқазығы саналатын отағасының ақылы мен еңбекқорлығына байланыс­ты. Қазіргі кезде көптеген әкелер тіршіліктің күйбеңімен аласұрып, жұмысбастылықтан арыла алмай, тек ақша тауып, отбасын асырау, материалдық жағдайын жасау қамымен жүр.

Кейбірі үйден тысқары жерде жұмыс істеп, бала-шағасын ұзақ мерзім көрмейді. Сол себепті бала тәрбиесімен анасы ғана айналысады. Сонымен қатар ер-азаматтардың ішінде маскүнем, қатыгез, маубас, ойнасшыл, жатыпішер жалқау, әйелінің тапқан нәпақасын ішіп-жеп, қазан-ошаққа араласып жүруге арланбайтындар қатары да көбейген, – дейді психоаналитик

«Балалы үйдің ұрлығы жатпайды»

Еңлік Әлжаппарова есімді психолог журналистерге жұмысы барысында басынан өткен мынадай жағдайды әңгімелеп берген.

«Бірде алты жасар балаларға психолог ретінде «отбасы» ойынын ойнауды ұсындық. Қыздар тез арада шешелердің, әжелер мен қыздардың рөлдерін тәп-тәуір орындады. Балалардың ешқайсысының әке рөлін ойнағылары келмейтіні байқалды.

Ұзақ өтініштен кейін ғана Д. деген бала әке рөлін ойнауға келісті. Ол диванға жайғасып: «Маған газет беріңдер және теледидарды қосып қойыңдар» деді. Бүкіл ойынды ол осылай жатып өткізді.

«Аналар мен әжелер немен айналысады» деген сұрақтарымызға қыздар да, балалар да қуана, тәптіштей жауап берді. Ал әкелері жайлы сұраққа олардың тек кейбіреуі ғана: «жұмысқа барады», «ақша табады», «анама, маған ұрсады», «жазалайды» деген секілді жалпылама жауап берді» депті.

Суицидті көбіне әкелер жасайды

Осы арада айта кетерлік бір жайт, психологтың айтуынша, ақыл-кеңес сұрайтындардың көбі – ер адамдар екен. Өзіне қол жұмсап, суицидке баратындардың да басым көпшілігі – солар. Психологиялық тұрғыдан күйзеліске де ер адамдар тез ұшырайды екен. Гендерлік саясат дұрыс насихатталмағандықтан немесе оны түсінбенгендіктен, ер азаматтың отбасының иесі екендігін сезіне алмауына себеп болып отыр дейді психолог.

Қазір ғаламтор беттерінде: «Балалардың «тамақ ішкім келеді», «ақша бар ма», «қандай киім аламын», «кіммен дос боламын», «пәлен деген затым қайда», «қайда қыдырамыз», «сабағыма көмектесші» секілді барлық сауал-өтініштерін анасына бағыттайтыны, әкелеріне тек «анам қайда» деп бір ғана сауал жолдайтыны» жайлы әңгіме айтылып, соған орай арнайы түсірілген бейнекөрініс кең таралып кетті..Шындық.

Француздың философ-жазушысы Жан-Жак Руссо былай депті: «Өмірге ұрпақ келтіріп, оны асырау арқылы әке өз міндетінің үштен бірін ғана орындайды. Ол адамзатқа адам, қоғамға қызметкер, мемлекетке азамат беруге міндетті. Осынау үш міндетті орындауға қабілетті бола тұра, кімде-кім оны орындамаса – айыпты».

Әке рөлін қайта қалыптастыру үшін не істеу керек?

Психоаналитик Зүбайда Кененбаева күйеуі мен әйелі отбасындағы өздерінің рөлін анықтап алатын болса, үйде үйлесімділік пен тұрақтылық орнайды дейді. Ол отбасында əкенің беделін арттыру үшін қарапайым қағидаларды ұстануға кеңес береді. Оның айтуынша, қоғамның құрылуы әкелерден басталатындықтан, әкелер қоғамдағы өз орындарын қайта иеленулері қажет.

Жоғарыда көрсеткен мәселелерді шешудің бірнеше жолы бар:

Біріншіден, отбасы мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу қажет.

Екіншіден, қоғамдағы ерлердің рөлін әке ретінде де, азамат ретінде де БАҚ, кино арқылы арттыру керек.

Үшіншіден, бала бойындағы тұлғалық қасиеттерді қалыптастыруда әкенің рөлі жоғары екенін насихаттау арқылы әкелер мектебін қалыптастыру қажет.

Сонымен қатар, отбасылық құндылықтар, бала тәрбиесі, аталар мен әжелердің рөлі туралы газет-журналдарды көбірек шығаруды ұсынар едім. Өйткені әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы бала үшін үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы болып табылады, – дейді психолог.

Отағасылар қайда?!

Бейнехабар

Первый канал Евразия

28 имаусым 2019 болып табылады.

Менің әкем ең жақсы адам|

караоке

Орындаушы – Жолдасбек Абдиханов


ҒАШЫҚТЫҚ ХИКАЯЛАРЫ (2)


ӨЛЕҢДЕР

Заидмен ЕЛҒОНДИНОВА·

ФейсBук парақтарынан

МҰҢСЫЗ МАХАББАТ

Есеңгіреп, естен танып қалыппын,

Жаным деді үнсіз ғана жанарың.

Саған құштар, саған ынтық ғаріппін,

Сенен болар түбі бар ғой ажалым.

Есеңгіреп, есім ауып, егілдім,

Жап-жарық боп кеткендей ме жер үсті.

Екі-үш аттап, құзға қарай шегіндім,

Айдай екен ажарың да келісті.

Жақындады алаулаған нұр жүзің,

Сақта, тәңірім, сезіндім ғой күн демін.

Не істей алам, түнге айналды-ау күндізім,

Қандай ғажап жымиып сәл күлгенің!

О, тәңірім, қандай азап, қандай бақ,

Өлсем бе екен, өле алмадым, не істермін?

Бақыт аңсап, сор құшатын мен бейбақ,

Өзімді өзім қалай ғана күштермін?!

Кешірер ме, санар ма екен мені өгей,

Кеткен болсам құшағыңда мен еріп?!

Қабырғаға қағылған бір шегедей,

Қалсам ба екен әлде мәңгі көнеріп?!

* * *

О,ТӘҢІРІМ

О, тәңірім!

Маған мұңсыз махаббат бер,

Шымшып қана,

Жыламасын мені ойлап,

сыңсып дала!

Өзендер ақсын тыншып

қана,

Соған да махаббат бер,

Маған қараса, кім сұқтана!

Жолымнан алып таста

қара түнді,

Жарқырат қара түнде

жан отымды!

Менің жаным топырақтан

емес,

Қып-қызыл оттан

жаратылды!

Сен қарайсың,

Қарайсың тоқтай қалып!

Қара түнде жүрегім,

жүрегіңді оттай қарып!

Жанарым мақпал түнді

тілгілейді,

Сені іздеп шоқтай жанып!

О, тәңірім!

Маған мұңсыз махаббат

бер!

Жараланам,жараланам,

жарама тұзыңды сеп!

Болмаса көктем бер,

Мазамды алды күзің

жүдеп!

Соңғы кезде сөйлеймін

жыр тілімен,

Бір көркем күн тілімен!

Емде мені,аяла,әлпештеші,

Жүрегіңнің лүпілімен!

Жүректер күй кешсін бір,

жалқын жасыл,

Қантамырым соқсын бір,

солқылдасын!

Су сеп маған тәңірім,

Өртім басым!

Қайда барып соқсаң да

өзің білші,

Ханға сәлем бермейтін

алтын басым!

Ай сырғам, Ай астында

жарқылдасын!

Ғашық бол,ғашық болшы,

Ақын жүрек!

Қызғансын,қызғансыншы,

жатың жүдеп!

Өмірдің көп көріп ем

хикметін,

Ей,қалған ғұмыр!

Мен сені өте шығам,

Күркіретіп!

Жетеді!

Қайтем енді сіркіретіп

МАХАББАТ ДЕГЕН НЕМЕНЕ?

әңгіме

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ

Жалғасы. Басы өткен парақта.

Терезені тұмшалап жауып тастаған қаракөлеңке бөлмеде ақ сазандай бұлықсыған бойжеткеннің жалаңаш әппақ тәні есті алып, армантауларға ұшып әкетті дейсің. Бүкіл әлемдегі ың-жыңнан аулақ, бәрін-бәрін тарс ұмытып, құмарлық пен құштарлық сезіміне алаулап, екі жан ынтыға сүйісіп, қорғасындай балқыды. Көңілдері шаттана жұптасып, айхай да ойхай шарпылған сезім тәттілігін шәрбатша жұтып, шалқып жатты. Кеудесіне жасырған қос алмасын иіскелеп, тістелеп жауар күндей күркіреп, сарқыраған жүрек әміріне бойұсынып, бүкіл алпыс екі тамырымдағы ыстық қан атойлап, қуаныш әнін асқақтата сала жөнелді. Тау қопарғандай денем бусанып, жеті қат аспанға ұшып қайтқан дәуренсал күйі алқынған демімді басып, көзім ілініп кетіпті. Жандүнием рахат буына шомылып, жадырап жайнап ояна кетсем Айсұлуым төсек шетінде бүкшиіп, бүрісіп теріс қарап, екі иығы бүлкілдеп жылап отыр.

–Не болды, жаным? – деп тоңазыған жалаңаш денесін қаусыра құшақтай алдым.

–Ештеңе

–Айтсаңшы жаным?..

–Бұл ағажан қыз біткеннің осылай көз жасын төгіп алатын сәті ғой. Өзімдегі он тоғыз жылдан бері сары алтындай сақтап келген барымды, тап-таза арымды Сіздей жігіттің сұлтанына қиып, сыйладым.

–Не жаным, ренжіп қалдың ба? – деп бәйек болып кеттім.

–Жо-жоқ, О не дегеніңіз. Ә деп Сізді алғаш көргенде-ақ ұнап қалғансыз. Кітабыңызды оқып, жандүниеңізді, сыр-мұңыңызды ұғып, ғашық болдым. Сізді көргім, кездескім келіп тұрады. Рас айтсам ағажан, Сізді сүйеді екенмін.

Ол батылдана дәл осылай деп жәудірей қарағанда не дерімді білмей қатты қиналдым. Құшақтап бауырыма тартып шық тұрған гүлдің үлбіреген қауызындай мөлдіреген көздерін сүйіп алдым. Ерніме ашқылтым тұз белгісі жұқты.

–Айка, жаным, жүр шомылайық, – дедім сасқанымнан. Еңістен ыстық жел ұрып тұрған қапырық буған далада бірден мен көкмұнарланған көлге сүңгідім. Айсұлу душқа түсті.

Күзетшінің көк-мөк, дәмдеуіштер қосып балбыратып пісірген сірнесін ашқарақтана, сүйектерін сорып, қарпып-қарпып бөріше асадым. Өңі сынық Айсұлуым шәй ішкенсіп қана отырды. Ол ақжайманы жуып, кептіріп қайта төсегіне төсеп қойды.

Кешкі апақ-сапақта үйінің жанында машинамнан түсіріп жатқанда:

- Менің жаным Айка, қабағың бір ашылмады-ау. Ағаңа ренжіп қалған жоқпысың? – деп тағы сұрадым.

–Жоқ, ағатай, – деді бәсең солғын үнмен.

Шаң жұққан бетінен өбіп, қош дедім. Қаша алдында оны Таңсұлу сіңлісі күтіп тұрғанын байқап қалдым. Айсұлу аяғын санап басып, басын салбырата иығы түсіп бара жатты.

***

Ертесіне ертемен Ақтерек совхозының егінжайын аралап кеттім. Ымыртта келіп, жуынып-шайынып, бөлмемде шам жақпай шалқамнан түсіп демалып жатқанымда кешкі асты ол өзі әкелді.

–Ағажан, үйдесіз бе? – деп сыңғырлай күліп, жадыраңқы қоңырау үнімен кіріп келгенде орнымнан атып тұрдым.

–Ағажан, жаным, алтыным! – деп бойжеткен талдырмаш денесін тақай мойныма асыла кетті. Кешегі пәс реніш белгісі ізім-қайым жоғалған, аста-төк шаттық кеудесін буа:

–Сізді сондай сағынып кеттім! Екі көзім төрт болды ғой. Сіз қырманғамені іздеп келе ме деп! – Ол ынтық оттай ыстық ернімен, сыңқыл қаққан үнімен шөпілдетіп сүйе бастады. Дереу оны тік көтерген күйі есік ілгегін іле сала тыпырлап, төргі бөлмеге ала жөнелдім. Екеуміз мәз-мейрам күлісе ұмар-жұмар төсекке құладық. Балғын денесі керіліп-созылып, құштар құмығыңқы сезім буына бөккен ыңыранған, тұншыға шыққан ләззат үні мас қылып, мұхиттай тасып кетіп барамын.

Сүт пісірімдей уақыттан кейін екеуміз ағаш стол басында арқа-жарқа сезіміміз көлдей жарқырап, рахат пейіштен келгендей ас ішіп отырдық. Ол қасыма жантайып отырып, еркелей наздана сан сұрақты сауылдатады, әңгімеге құштар.

–Сіз көп оқыған жансыз, қандай ақылды сөйлейсіз. Айтыңызшы махаббат деген немене?..

–Махаббат еркек пен әйел арасындағы сүйіспеншілік, бір-бірін жақсы көру, ұнату, сағыну. Ғашықтық, іңкәрлік, сүю – бұл адамзатқа берілген табиғат сыйы. Данышпан ойшылдар, ұлы ақын-жазушылар бұл жайында талай-талай жазып кеткен. Бірақ, әркімнің түсінігі әртүрлі, сезімі де сан тарау. Тіпті кейбіреулер сезімнен жұрдай махаббаттың не екенін білмей, сезбей өтеді.

–Ағатай, Сізге сырымды айтайын ба? Әке-шешем мені титтейімнен анау мотоциклші-механикпен атастырып қойған. Оның әкесімен менің папам қыл өтпес дос, жегжат. Шынымды айтсам оған түк сезімім жоқ. Бірақ шешем оңашада зарлайды: «Одан артық бай таба алмайсың. Бұлар дәулетті, бәрі бар. Өзі сені алақанына салып қадірлеп өтеді. Сүю-күю дегенді жазушылар ойлап тапқан, қыз бойжеткенде ата-анасы кімге күйеуге шық десе соған баруы керек. Оның әке-шешесі достарымыз, енді құда-құдағи болмақшымыз Құдай қаласа!« – деп анам мені көндіріп қойған, қалай әке-шешеге қарсы боласың. Механиктің жұмысы өте ауыр, қолы босай сала осылай мотоциклін тырылдатып жетеді. Ол келсе үйде отырамыз, шешем шәй береді, альбом көреді, содан қайтып кетеді. Білемін, мені өлердей жақсы көреді, әлі бір рет құшақтап, сүйіп көрген жоқ, оған жібермеймін. Не жарытып сөйлесе де алмайды. Өзі біртүрлі қызық. Жеке қалсақ қипақтап, ұялып, берекесі кетеді.

–Үндемеу де ұлылықтың бір белгісі.

–Білмедім аға. Сізді кездестірген Аллаға мың да бір рахмет!

***

Күнде түсте, немесе кешке ол тамағымды әкеледі. Шешесі асханадан қолы тимей, шыға алмайды. Ол кірер-кірместен бас салып, өліп-өшіп өбіп, аймалап төсегіме ала жөнелемін. Ол да аққала тістерін көрсете рахаттана күліп, жайнап шаштарымды тарақтап, арқа-басымды сипалап, шөліркеген ернін тоса береді. Көктемгі үлпілдек қызғалдақтай ажарланып, құлпырып кеткен айдидарын, қылаңдай міні жоқ құлын мүшесіне сұқтана қарап, аялаймын, сипалап, жандүнием кемерінен тола шымырлап, гүл-гүл шешек атады.

Беу, шіркін, қайран қайырылып қайта келмес тәтті де сәтті сылқым сезім, бура көңіл күндер-ай!..

***

Шыжғырған өрттей аптап та, гүжілдеп, дүрілдеп шаң бұқыратқан не түрлі машиналар үні де, солқылдатып өтіп жатқан қара майы тамған поездардың боздауы да, тарс-тұрс еткен мотор, қырманның қылпық-тозаңы, бұрқыраған шуы да әсер етпей, дүние гүлжазираға бөленіп, шарқ ұрып Айсұлуымды ынтыға күтетін әдет таптым. Әзілкеш сиқыр күлкілі СХИ-дің отыз студентін де, қаптап жүрген қыз-келіншектердің біреуін де көзіме ілмеймін.

Қараңғылықта мотоциклін тырылдатып механик жігіт келсе ішіме қызғаныш өрті кіріп, ол кеткенше сыртта жүріп аламын.

Ертесіне бойжеткенім кіріп келгенде салқын қарсы аламын.

–Алтын ағажаным! Не болды сізге?

–Анауың кеше келіпті ғой.

-Ох, ағатай, оны қойыңызшы, – деп сыңқ күліп, еркелейді, назданып, сүйкімді қылығымен жанартаудай жалындатып, өзіне магниттей тарта жөнеледі.

– Тәттім менің, махаббатым менің! – деп құлақ түбіме ернін тақай сыбырлағанда көңілім шайдай ашылып, майдай еріп жүріп беремін.

–Ағажан айтыңызшы, махаббаттың қандай түрлері болады? – дейді ол екеуміз ентігімізді басып, ас ішуге отырғанымызда көзін төңкере, қиыла сұрап. Еріндері қып-қызыл толып, алаурап, көзінің жанарларында оттар жарқырап, беттері қызғылттанып, кеудесі көтеріліп, басылып сықылықтай күле береді.

–Алғаш балапан махаббат деген түйсік пайда болады.

Ол қай уақытта?

Балапан махаббат баланың жаңа-жаңа өмірге бейімделе бастаған уыз шағында алты мен тоғыз жасар кезінде белгі бере бастайды. Ер бала бұл шақта жылт еткен әлдебір қызбен ойнағысы келіп, соның айтқанын құп көріп, мәз-мейрам күлісіп жүреді.

-Одан кейін ше?

-Құйын-перен ойыннан жалықпайтын тоғыз – он жасы кезінде әтеш махаббат пайда болады. Ер бала жақсы көрген бүлдіршін қыздың бантигінен, шашынан тартып, жөн-жосықсыз ұрынып-тиісіп, қағып-соғып кететін ұрыншақ шақ.

Оннан асқан соң қандай болады?

Бұл нағыз өскелең шырын шақ. Осы от сезімді кезеңді албырт махаббат деймін. Он-он бес жас кезінде жасөспірімдер бойына қуатты, құлпырған сезімдер құйылып, ол сан ауытқып, бірі ұнап, бірі ұнамай алақұйынданып ұл-қыздар бір-біріне сырттай ынтық болып, хат жазысып, іштей сезімге булығып жүретін албырт кезең.

-Енді бозбала-бойжеткен шақта қалай болады?

-Жастар он алтыдан асқанда қыз қылықтанып, назданып түрлене құлпырып, гүлдеп, шешек ата бастайды. Даусы өзгеріп, гүрілдеп, мұрт тебіндеп, қол-аяғы серейіп өскен бозбалалар паңданып, бөтен қыз көрсе таңданып, солардың төңірегін жағалап, өзіне лайықты бойжеткен іздеп, шарқ ұратын бұла шақ. Міне, осы он алты мен жиырманың арасындағы лаулаған өрт сезімге құштарлықпен бірлесіп, бір-бірін тапқан екі жас қол ұстасып, сел-сел көңіл-күйлерін бірге бөлеп, бірге жүріп, бір-бірін сағынатын, іздейтін, ғашықтық атты өрт дертін бастан кешіретін бал махаббат уақыты келеді. Екі жас бір жұп болып, бас құрап, отау құрып кететін, ғұмырлық серігін табатын ыстық та іңкәр, ғажайып бақ бастарына қонған құт мезгілді бал махаббат дәурені дейміз.

-Ойпырым-ай, ағай, міне мен екі айдан кейін жиырма жасқа толамын. Басымнан Сіз айтқандай балапан, әтеш, албырт махаббат сезімдері

өткенімен, мына бал махаббат дегенді әлі кездестірмеппін, – деп Айсұлу әңгімемді ынтыға, беріле тыңдайды.

Махаббат жоқ дегенге сенбеймін» – оқушы қыздың жан сыры

-Ал, енді жиырма мен отыздың арасындағы, ақыл тоқтатып, сабырлы, салиқалы шаққа жеткенде бір-бірін тапқан жұптарды – дана махаббат дейміз. Өйткені, бұл уақытта олар алды-артын болжап, мамандыққа ие болып, тіршілікке бейімделіп, арғы-бергіні көріп, таразылап, таңдап сыңарын іздеп табады.

-Ойпырым-ай, ағажан, махаббат дегенді жіліктеп, түсіндіріп бердіңіз. Ал, кейбіреулер бас құрағаннан кейін ажырасып кететінін қалай дейміз?

-«Үйлену оңай, үй болу қиын» – деп қазақ атам баяғыда оған баға беріп қойған. Сезімге шарпылып шаңырақ көтеріп жатқандардың кейбіреулері алғашқы қиындық кедергі сыннан өте алмай сынып кетеді, бір-біріне ауыр сөздер айтып, айырылысып тынады. Қазір не көп, күйеуден ажырасқан келіншектер көп. Бірлі-екілі балаларын жетелеп кетіп қалып, жесір әйел қатарын көбейтіп жүргендер қаншама? Байдан шыққан орамалдыларды еркек біткен жеңіл жүрісті, оңай көнетін, көрінгеннің ермегіне айналатын – жүріскер қатын деп есептейді.

-Еркектер де оңып тұрмаған олар? Кінә екі жақтан орын алып, отбасы бұзылғанда отағасының да мінез-қылығы анық көрінбей ме?

-Дұрыс айтасың. Қазір әйелдерін жесір, өзінен туған балаларын жетім дегізіп, сидаң қағып, әуелі бала-шағасына алиментін төлемей, көмек көрсетпей қашып-пысып жүрген бөріктілерді көргенде қатты қынжыласың. Өз баласынан безінуден артық қандай қылмыс болады. Бүкіл жаратылыс, тіршілік, жан-жануар біткен өз ұрпағын аялап, бағалап өсіріп, бағады ғой. Міне, бұлардың махаббатын – шала махаббат дейміз. Ойланбаған опық жейді, орға құлайды. Махаббатпен ойнауға болмайды.

-Ағажан, сіз махаббат теоретигі секілдісіз. Дәл диагноз қойып,

анықтама береді екенсіз. Тағы қандай махаббат болады?

-Айка, жаным, бұл өте терең тұңғиық әлем. Мәселен отыздан

асқандарда да, тіпті жасы келген жандарда да сезімдері дауыл болып келіп, сабыр боп бітіп, барахатты отбасы құрап жататындар да бар. Олардағы үлкен сүйіспеншілікті сара махаббат деймін.

-Ой, ағажан, сіз менің көзімді аштыңыз. Дүние түгел бұлыңғыр,

мұнар секілді көрінуші еді.

-Бәріне ақыл, жүрек әмірі керек. Махаббат адасуды кешірмейді.

Қой, біраз нәрсенің басын шалып, өз ой-көзқарасымды айтқаным ғой. Қаншама ұлылар жазып, айтып кеткенімен, заман әуенімен өзгеріп тұратын бұл ұлы сезімге әлі талай-талай баға, тұжырымдар беріледі. Жіктеп, тізбелей берсең шын махаббат, жын махаббат, құл махаббат дегендер де болады. Өмір, тағдыр болған соң неше түрлі оқиға, құбылыс, тіршілік иірімдері саналуан кездеседі. Әр адам – жеке құбылыс, жеке әлем. Өзі өмір сүрген қоғам, орта, отбасына бейімделіп базарлы, бақуатты, берекелі өмір сүру – бұл пешенеңнің емтиханы. Ғұмырың – сын мерзімі, сынақтан өту уақыты. Әркім өзінің ғұмырына өзі жауапты.

-Назымбек аға, осының бәрін біліп, ойлап жүрген сіз нағыз

данышпансыз.

-Қой өйтіп асылық айтпа. Күнделікті тіршілікте, көрген жайлардан

түйген тұжырымым ғой.

-Жоқ маған сіздей ғұлама тұңғыш рет кездесіп отыр.

-Тәттім-ау, мен әлі түк бітірген жоқпын. Астанаға кетіп, ақын-

жазушылардың ортасында жүрсем, жаза алмай, ойымда бұрқырап пісіп жатқан дүниелерімді жазып, жарыққа шығарсам деймін

-Ой, ағай, Сіз аудандағы дөкей бастықтың бірісіз. Екі кітабыңыз

шықты. Бәрі оқып, үлкен жазушы деп жатыр. Ана студент қыздар «Бұл кісі махаббат жыршысы екен» деп шулап жүр.

Ол келіп артымнан құшақтап, төбеме ернін тигізе:

Мен бақыттымын ағажан! – деді сыбырлап.

-Тәттім менің… – деп түрегеп қос қолыммен айқара

құшақтағанымда қос алмасы кеудемді тіреп, кеудесі дүрсілдеп тұрды.

***

Буырыл мұрт директор алаңдап, батыс тұсқа қарай берді.

-Қарашы, сонау құмды өлкеден қап-қара тұтасқан алып бәле

жақындап келеді. Бұл Аңырақайдың жазғы шілдеде бір, қысқа қақаған шілдесінде бір айналып соғар сұмырай бораны. Қой, мен мотористерге барайын, свет өшеді, қазір алай-дүлей басталады. Сіз де үйде отырыңыз, – деп әңгімесін келте қайырып, элеваторға қарай жүгіре басып асығып кетті.

Тұтаса түнек боп жақындап келген бұл шаң-тозаңы бұрқыраған қара боран болып шықты. Дала түгел алай-дүлей, шаң, құмды суырып әкеп саулатып төгіп жатыр, ара-арасында кепкен ебелек, шөп-шабалаң, сабан мен топан қара топырақпен араласып бас-көз демей сабалап, станцияның ұйқы-тұйқысын шығарды. Аспан асты, жер үсті қаракүреңденіп, ышқына соққан дауылдан үй іргесі сықырлап, есік алдында ұйқы басқан иттер қыңсылап, жандарын қоярға жер таппай безек қақты. Терезе әйнегін тырсылдата соққан құм мен тас қиыршықтары асфальт бетін алажабақ қып көміп тастады. Сәл-пәл дамылдағандай болады да, қайта ысқыра, ышқынғанда бағандардағы электр сымдары ұшып кете жаздап, палаткалар үсті ұшатын құстай жалп-жалп етеді.

Күн жеген, жел мүжіген кәрі дала долы мінез көрсетіп, көк аспанды қара жерге айналдырып, ұлы сүргін, сұрапыл дауыл долданып тұрып алды.

Лып-лып етіп жарық сөніп, қырман, элеватордағы бар жұмыс тоқтады.

Есіктен басына қапты үшбұрыштап киіп алған Айсұлу кіріп келіп:

–Ағажан, түскі асты әкелдім, термоспен мамам беріп жіберді, – деп қапты шешіп, үсті-басын қаққылады. – Бұл Аңырақайдың сұмырай қара бораны, ал қыста ақмылтық ақ бораны болғанда қарыс жер жүре алмай қаламыз.

-Тәттім-ау, соның бәрін қайдан білесің?

-Мамамдар айтып отырады. Енді папамдарға тыным жоқ.

-Тәттім, мәмпәзиім! Сені туып, өсірген ата-анаңнан айналайын, –

деп аймалап сүйе бастағанымда:

-Аға, шаңымды қағып, бет-аузымды жуып алайыншы, – дегеніне

қарамай есіктің күршегін сала бердім.

Сәлден соң қаракөлеңкеде айқасып жатып, ол еркелей төсімнен

сүйіп, сипалап:

-Ағажан, кешегі махаббат жайлы айтқандарыңызды жазып қойдым.

-Тәттім-ау, бұл өзі тарам-тарам боп кететін мәңгілік тақырып қой.

-Тағы қандай түрлері бар?

-Иә, кездейсоқ кездесулер – өрт махаббат, уәдені ұзақ күткізер –

серт махаббат, зарығып, сарғайтатын – дерт махаббат деп кете береді.

-Қой, ағажан тұрып отырайық. Біреу-міреу сізді іздеп келіп қалар, –

деп қыз лып тұрып, киіне бастады.

Мен түскі асты ішіп отырғанда ол маған қиыла, соншама тесіле

қарағаны-ай

-Ағажан, білесіз бе, мен ғалым болғым келеді. ЖенПИ-ді бітіріп,

ғылым жолына түссемЕл ішінде қандай асыл сөздер, ақыл кендер қалып жатыр. Соларды жинап кітап шығарсамАстанада Сіздің жаныңызда болсам

-Қазына халықтан жазып алған мақал-мәтелдің бір-екеуін айтшы.

-«Жылқы мінсең тұлпарын мін, қызды сүйсең сұңқарын сүй!«, «Текті жерден қыз алсаң – төрде отырасың, тексіз жерден қыз алсаң

– көрде отырасың»

-Сен филолог-ғалым боласың. Мына мақалдарды мен естімеппін.

-Сізге мен әлі талай-талай мақал, аңыз әңгімелерді айтып беремін. Мына долданған әңгүдік Аңырақай желі жайлы аңызды айтып

берейін бе?

-Айтшы, тәттім менің

Есік тоқылдап, ілгегі сылдырлады.

-Ойбүй ұят болды ғой, ағажан, – деп Айсұлу бетін баса есік ашты.

Плащын басына бүркемелеген Таңсұлу кіріп келді. Екеуміздің

жайбарақат шәй ішкен түрімізді көріп, көңілі жайланды-ау.

-Мамам тез келсін деп Айсұлу сені шақырып жатыр. Ағай, ертең

кешке студент қыздар концерт қоямыз, соған Сізді әдейілеп шақыршы деді. Ертең өздері де айтатын шығар.

-Ағай, оған бармайды, – деді Айсұлу жұлып алғандай.

-Неге? – деп Таңсұлу таңдана қарап қалды.

-Ой, бәрібір олардың өнері сендерге жетпейді. Қосылып айтқан

әндеріңнің әуені әлі құлағымнан кетпейді. Тағы бір тыңдағым келеді.

-Біз дайынбыз, аға – деп әпкелі-сіңлісі екеуі мәз болып, біреуі қап,

біреуі плащын жамылып үйіне қарай жүгіріп кетті.

***

Таңертеңгісін тұрсам дала шайдай ашық, шығыстан рахман нұрын аямай құйып, жерді иісітіп, ысытып алтын шапағын жайып Күн шығып келеді.

Бүкіл алаң, жол, қырман үстін бір елідей шаң-тозаң, құм-топырақ басып қалған.

Буырыл мұрт бастық топырақты сыпыртып, тазалатып жүр. «Волга» машинасы сырғып кеп жанымызға тоқтап, ішінен аупарткомның хатшысы Көпбаев түсті. Ұзақ жыл аудан басшысының бірі болып келе жатқан ол идеологияға жауап береді, толықтығына қарамай іскер, табанды, жұмысты жандырып жібереді.

Жүгіріп барып сәлем бердім, ар жақтан буырыл мұрт директор да жетіп, қалбалақтай амандасып жатыр.

-Редактор жолдас, Сіз қазір мына «Правданың» тілшісі Владимиров жолдасты алып, жолай Беріктас совхозын аралатып, көрсетіп ауданға апарасыз. Сағат төртте бұл кісі бірінші секретардан сұхбат алады, – деді әңгімені төтесінен бастап.

-Әлі үш күнім бар ғой өкілдіктің – деп міңгірлеп едім;

-Осында өзім боламын. Аудан он миллион пұт астық жинауға таяу. Жуырда осы жерге Үлкен кісі келеді, соған дайындаламыз. Мына төңірек не болып кеткен? – деп қара көзілдірігін шешті.

-Аңырақайдың сұмырай бораны болып, жаңа басылды. Ол тек осы шойын жолдың төменгі жағында құм жиегін жағалап соғып өтетін қара дауыл ғойБәрін тазартамыз, жөндейміз – деп директор бәйек болды.

-Қане, сен қайта бер. Дегерес, Ақтерек совхоздарын тілші жолдасқа кеше аралатып, көрсетіп шықтым. Беріктаста совхоз директоры тамағын дайындап, Сіздерді күтіп отыр, – деді бөлмеме кіріп, заттарын қойып жайғаса бастады.

Машинамды оталдырып, артық сөзге жоқ шикіл сары көзілдірікті «Правда» газетінің ілмиген тілшісін жаныма отырғызып қайтып кеттім. Қырман жақта тәттім көрініп қалмас па екен деп жаутаңдай қарай-қарай ұзадым.

***

Оншақты күннен кейін Қопаға қайта келгенімде танымай қала жаздадым. Жолдың, алаңның бәрі асфальттанған, қып-қызыл ұран-лозунгтер, жалаулар ілінген, қырман элеватор түгел қайта сырланған.

Үстіне жібек шатырлаған сахна алдында егінші-диқандар генералды күткен солдаттардай сап түзеп тұр. Біз бұрын көрмеген «Чайка» атты ұзын сүлік қара машинадан түскен Үлкен кісі – Қазақстан басшысы шынында да ересен биік тұлғалы, ірі кісі екен.

У да ду өткен салтанаттың әсерін кейін жыл бойы айтып жүрдік. Ауданға Мәскеудің Ауыспалы Қызыл Туын тапсырып, Болат Ақжановтың омырауына орден тақты. Бір комбайыншыға «Волга» машинасын сыйлап, біраз егінші «Бесжылдықтың екпіндісі» төсбелгісін алды.

Мен айран-асыр осы қуанышта тәттімді іздедім, шешесі алыстан бас шұлғып, өте шықты.

Салтанатты жиналыс тарап жатқанда алқынып қалың жұрттың ішінде Таңсұлу менің жаныма келіп:

-Аға, сыртқа қарай шығып кетіңізші, – деп сыбырлады.

-Айка қайда?

Екеуміз жырақтап, бөлектеніп шыққанша жауап бермеді.

-Айсұлу көрінбейді ғой?

-Оны алып қашып кеткен!

-Кім? Қашан?..

-Сіз кеткен күні анау келіп жүретін мотоциклді механик ше? Сол жолдастарымен бір машинамен келіп алып қашып кетті. Әкемнің досының баласы ғой. Үш адам қуып бардық. Міне, мына сырғаны тақты маған – деп еліктің құралайындай қыз құлағындағы сырғасын көрсетті.

Көңілім көшкен ауыл жұртындай айран-асыр болып, ұнжырғым күрт түсіп кетті.

Қайран Айсұлу! Тәтті періштем!.. Тәттім менің…

Сені көргім келіп, жүрегім алып-ұшып жеткенімде естігенім осы ма Еді?!

Қайран асылзада тәттім-ай!..

-Мынаны ешкімге көрсетпей тек сізге бер деген еді – деп бүктелген оқушының көк дәптерін ұсынды.

Баяғы көк айдын Қопа көлінің жағасына жатып алып көк дәптеріндегі өлеңдерді қайта-қайта оқимын. «Жан ағажан»деген өлеңдер топтамасын тек маған арнапты, не деген асыл сезім, ақтарылған сыр, сарғайған сағыныш!..

Презентация

Жүрегім бұлқынып, тұншығып, мен де өлең жаза бастадым.

Күзге қарай Алматыға көшіп кеттім.

***

Тойдағы кездесу дүр еткізіп, ақжалау сезімдерді сонау күндерге алып ұшты. Архивімде сақталған көк дәптерді алып, Айсұлудың өлеңдерін тағы бір мәрте оқып шықтым.

Апырм-ай, уақыт не деген жылдам едің, міне сырғып содан бері арқыраған аттай отыз жыл өтіп кетіпті.

ТәттімАйсұлудан еш хабар-ошар болмай, тіршілік мұхитына көміліп кете беріппін. Сонау бір балшырын тәтті күндер бірте-бірте көмескіленіп, ұмытылып кете жаздапты-ау?..

Арада апта өткенде қалта телефоныма хабарласып тұр.

-Назымбек аға, ағажан, жалғыз тұрсыз ба? Сөйлесе аласыз ба?

-Кім-кім, бұл?

-Тәттіңіз ғой. Айсұлумын ғой.

-Ох, тәттім-ау, қайдасың? Осындасың ба? Қопадасың ба?

-Жоқ, ағажан. Ауылымызға келгенмін. Біз қазір Оралдың ар жағындағы Ресеймен шекаралас бір ауылындамыз.

-Қазір не істейсің?

-Мектеп директорымын, күйеу балаңыз ауыл әкімі. Бес баламыз бар. Аға, ағажан неге үндемей қалдыңыз?

-Жаным-ау, тәттім-ау, сол жылы сенен бір хабар күттім ғой. Неге телефон шалмадың? Сенесің бе, сағынып құса болып кеттім. Тек ескерткішке берген көк дәптерің ғана қалды, соны ақтарып оқимын.

-Аға, ағажан мен де сізден ескерткіш алып қалыппын. Күйеуге тигеннен кейін тоғыз айдан соң босанып, ұл таптым. Қазір жиырма тоғызда. Астанада теледидарында істейді. Өмірбек Бақдәулетов деген режиссер, екі-үш фильм түсірді. Сенесіз бе, тұп-тура Сізден айнымайды. Екеуміздің сол бір тамаша күндеріміздің куәсі сол. Бұл аға Сіз айтатын шын махаббаттан жаралған Өмірбек ұлым топ жара оқыды, өлең жазып аты шықты, Сізден айнымайды ағажан. Өмірбек ақжолтай болып соңынан ерген төрт іні-қарындасы бар.

-Күйеуің сезе ме?

-Жоға. Мені өлердей жақсы көреді.

-Алғашқы түні қыз емессің деп бетіңе баспады ма?

-Мас болып қалды ғой, ертесіне сен бетімді аштың деп едім, қатты разы болды.

-Алматыға келсеңші, болмаса мен Оралға ұшып барайын.

-Аға, ағажан енді кездесудің керегі жоқ. Мен де енді телефон шалмаймын. Махаббат деген ұлы сезімім баяғы балғын күйінде қалсыншы аға. Сізді өмір бойы сүйіп келемін, өлердей ғашық болдым ғой. Бар кітабыңызды тауып оқимын. Неге сіз екеуміздің арамыздағы шын, шың махаббат жөнінде жазбайсыз. Сыртынан ғана көріп, көз қырыңды салып қойыңызшы Өмірбегіңізге. Бірақ ештеңе демеңіз, бұл сыр екеуміздің ғана арамызда мәңгілік құпия қалатын асыл қазына болсын. Жан аға, асыл ағажаным-менің сау болыңыз!

-Тәттім менің!.. дегенімше болған жоқ байланыс үзіліп кетті.

Қайта хабарласар деп күн күттім, ай күттімТым-тырыс… Ол хабарласқан қалта телефон нөмерін қайта-қайта терсем де мүлде өшіріліп тастапты.

Ақыры бұл әңгімемді қадалып отырып жазып тастадым.

Шынында да махаббат деген немене осы?..

Маусым, 2020 жыл


БІЗ ҚАЛАЙ ТАНЫСТЫҚ және ҮЙЛЕНДІК,немесе… (2)


БІЗ ҚАЛАЙ ТАНЫСТЫҚ???

Шынар ЖҰМАҚЫЗЫ. Блогер.

ФБ-тен. 15 сәуір 2020 болып табылады

Біздің таныстығымызға құрбым Мөлдір себепші болды. Өкінішке орай, ол қазір арамызда жоқ, кішкентайымнан маған қамқор болған ол, өзінің менің қасымда мәңгі болмайтынын сезгендей, мені өмірлік жолдасыма жолықтырып кетті.

Студенттік шақ. Мөлдір екеуміз ауылда каникулдамыз. Бір кеште, ортақ достарымыз сол кездегі «от» жағуға шақырды. Бірақ Мөлдір екеуміз жарлас көрші болсақ та, сол күні туысының үйінде екенін, үйіне кешке қайтатынын айтты. Сөйтіп кешке біз Мөлдір екеуміз орталық көшеде кездесетін болып келістік.

Кешкілік орталық көшеде құрбымды күтіп алдым.Ол жалғыз емес екен, қасында ағасының дос баласы бар екен. Сол кездегі дос баласы қазіргі менің жолдасым @alimjanshunar. Амандасып болып, дос баласымен таныстырды. Ол кезде екеуміздің де ойымызда ештеңе болған жоқ, қол алысып танысып, өз жөнімізбен кете бердік. Одан кейін өміріміз енді бұрынғыдай болмайтынын кім білген.

Ол кезде менде мән бермеппін. Бірнеше күннен кейін, мені сыртымнан көшеден көріп қалып «OH, мынау кешегі мен танысқан қыз ғой деп, машинаны кейін қарай бұрып, әдейілеп қасыңнан өтіп кеттім» дейді. «Ол кезде шашың бұйра, ұзын еді» дейді, есіне алған сайын басқа біреумен шатастырсада бір Құдай білсін, себебі шашым ұзын болса да бұйра емес еді.

Құрбымнан үйдің телефонын алып маған хабарласып, ұялы телефон номерімді сұрапты. Мен көптен бері ұялы телефоным сөндірулі, тарифім бітті деппін. Ол кезде интернет, инстаграм жоқ, тарифің бітсе телефоның әр жерде домалап қалады ғой. Содан жолдасым, телефонымды қостыру үшін еденица салып беріпті, содан әрі қарай сөйлесіп кете беріппіз.

«Ресми түрде» кинодағыдай «менің сүйіктім боласың ба?» деп ұсыныс тастамады, дым романтик емес, әлі күнге дейін сондай. Бірақ сол күйі қол ұстасып 3-4 жылдай кездесіп жүріп, Үйлендік.

Бала кезімнен әкемнен ерте айырылған мен үшін, мені оның бойындағы «жалғыздық» бірден баурап алды. Сол кезден ақ мен өзімді оның қасында «қорғауында» сезінетін едім, әлі күнге дейін солай

Құрметті оқырман! SEN өз сүйіктіңмен қалай танысқаның туралы сайтта бөлісер ме едің? Жазуыңа болады!

Жарияланымдар авторы

Желіден тыс 2 күн

Admin

0
Пікірлер: 2қоғамдық: 111тіркеу: 11-07-2018
жаңартылған: 30.11.2020 — 15:31

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

рұқсат
*
*
тіркеу
*
*
*
Құпия сөз ұрпақ