КІТАП: «Қазағымның салт-дәстүрлері. Тал бесіктен мектепке дейін»

«ҚАЗАҒЫМНЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ» (17)

«ТАЛ БЕСІКТЕН МЕКТЕПКЕ ДЕЙІН» АТТЫ КІТАП ТУРАЛЫ

Құрметті оқырман!

Осы сайтымның негізінде «ҚАЗАҒЫМНЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ» деген атаумен ұлттық салт-дәстүрлерімізді, әдет-ғұрыптарымызды насихаттауға мақсатталған сериялық тұрғыдағы кітаптарды шығаруды қолға алған болатынмын. Солардың алғашқысы болып дайындалған «ТАЛ БЕСІКТЕН МЕКТЕПКЕ ДЕЙІН» атты осы 1-ші кітабымды көпшіліктің назарына ұсынып отырмын.

Кітап жалпы көпшілікке, ата-аналарға, жастарға арналған. Бұл кітапты мектеп ұстаздары мен балабақшалар тәрбиешілері әдістемелік құрал ретінде пайдалана алады. Сол сияқты, ұлттық мазмұндағы тойлар мен мерекелік шараларды ұйымдастырушылардың, асабалардың қажеттілігіне жарайды.

Төменде кітапты шығарудың мақсаты туралы «кіріспелік» тарауы, мазмұндық құрылымы және жекелеген парақтары таныстырма ретінде беріліп отыр.

Кітап мұқабасы

 

Кітап кіріспесінен

Құрметті оқырман!

Әлемдегі басқа да халықтар сияқты, біздің қазақ елі тарихында да ғасырдан ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, тұрмыс–тіршілігінде көнеден қалыптасқан, тәрбиелік мәні өте зор салт–дәстүрлері, әдет-ғұрыптары мен рәсімдері жетіп артылады. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей, солардың біршамасы ғасырлар тезіне төтеп бере алмай, ұмытылып, тарих қойнауында қалып жатты. Ол түсінікті де. Кейбірі маңыздылығы мен мәні жағынан, ғұрыптық атқарылуымен тұрмыс-тіршілігімізге толық сыйыспай кенжелеп қалуда. Олардың біразына өткен кеңестік қоғамда тыйым салынды, ұлттық сипаты мен ережелері өрескел бұзылды. Кейбірлері тек мерекелік сахналарда көріністер ретінде ғана есімізге түсірілді. Оған нақты мысал ретінде еліміздің егемендік алуымен ғана қайта оралған қасиетті Наурыз мерекесін дәйек етсек болды.

Солай десек те, басым көпшілігінің мәні жоғалмай, қаймағы бұзылмай жетіп, бүгінгі өмірімізде барынша қолданыс тауып отыр. Өмірдің өзі түлеп, жаңарып отыратын үрдісі барысында бүгінгі заман талабына сай, олар оңды жөн-жоралғылармен толығысып, түрленіп жаңаша мазмұнға ие болуда.

Осыларға орай, бүгіндері тәуелсіз мемлекетіміз аясында атқарылу үстіндегі «Рухани жаңғыру» үрдісі кезеңінде, сол ұмытылыңқыраған асыл мұралық дәстүрлерді қайта жаңартуға, озық үлгілерін дәуір талабына сай жаңаша түрлендіруге үлкен мүмкіндіктер туып отырғаны қуанышты-ақ жайт.

Олай болса, өз кезегінде, бүгінгі ұрпақты ұлттық салт-дәстүрлеріміз үлгісінде тәрбиелеу, құндылықтарын бойына сіңіру қоғамның, әр ата-ананың, оқу орындары тәлімгерлерінің басты мақсатына айналғаны жөн болар еді. Сонда еліміздің әр азаматы ел тарихы мен мәдениетін жете танитын болар еді.

Міне, осындай мазмұндағы ой-толғаныстардан кейін, сол үрдістің бір «пұшпағына ілігуді», яғни, оқырман қауымға, жалпы көпшілікке ұлттық салт-дәстүрлерімізді, әдет-ғұрыптарымызды танымдылық тұрғыда насихаттау жұмыстарына өзіндік үлесімді қосуды мақсат еткен мен де, осыдан біраз айлар бұрын «ДЕЛДАЛ.KZ» сайтымда «ҚАЗАҒЫМНЫҢ САЛТ — ДӘСТҮРЛЕРІ» деген атаумен жеке бөлім ашқан болатынмын. Содан бері тақырыптық жазбалар жүйелі түрде жарияланып келеді. Олардың көпшілік көңілінен шығып жатқанын бірнеше әлеуметтік желілердегі тұрақты оқырмандары топтасқанынан, беріліп жатқан оңды пікірлерінен, комменттерінен байқап отырамын. Қалай дегенде де, теріс пікірлер жазылғаны байқалған жоқ.

Сондай қолдауларды сезініп және кейбір оқырмандардың ұсыныстары да түрткі болып, біраз дайындықтардан кейін, енді осы тақырыппен сериялық тұрғыдағы кітаптар шығаруды қолға алып отырмын.

Жалпы, салт-дәстүрлер туралы мағлұматтарды қажет етушілер әртүрлі дереккөздерден, әр кездерде жарияланып жататын шығармашылық туындылардан молынан таба алады.

Сонда менің кітаптарымның қандай ерекшеліктері болады және бар дегенге келсек:

1. Ең алдымен, кітаптың электронды форматта даярланғаны. Ал оны пайдаланудың баспалық туындылардан біршама артықшылықтары және тиімділіктері туралы бұрындары сайтымда айтылған болатын;

2. Мен, ғаламтордан қанша іздесем де салт-дәстүрлер тақырыбында дайындалған басқа электронды кітаптарды кездестіре алмадым. Яғни, бұл кітап олардың алғашқысы деуге болатын сияқты.

3. Кітаптарға салт–дәстүрлік мақалаларды ортақ тақырыпты топтарға жинақтап беруді ойластырдым. Мәселен, жоғарыда айтылғандай, «Тал бесіктен мектепке дейін» атты осы кітапта қазақ халқының бала тәрбиесіне байланысты, оның дүниеге келген сәтінен бастап атап өтілетін салт-дәстүрлер туралы танымдық мақалалар мен бейнежазбалар рет-ретімен берілді.

4. Сол сияқты, адам өмірінің ең қуанышты сәттері мен жақсылықтарға орайластыратын қазақы салт-дәстүрлерінің түрлері туралы мақалаларды кітаптың алдыңғы тарауына ерекшелеп жеке орналастырдым.

5. Салтдәстүрлер туралы мағұлыматтарды бергенде, халқымыздың ғасырлар бойы қолданысында болған барлығын тізбектеп-түгендеуді мақсат етпедім, олардың қазіргі мерзімде қолданыста барларын және қажет етілетіндерін ғана екшелеп алдым.

6. Әр мақалада, электронды кітап мүмкіндігін пайдалана отырып, тақырыптарына сай келетін бейнежазбаларды және халық арасында кең таралған біраз әндерді де мәтінімен қоса беріп отырғанды жөн көрдім. ...

Ал, кітап қалай болып шықты, оны бағалау Сіздердің қолдарыңызда! Дұрыс ниетпен қабыл алыңыздар, тек ризашылығымды білдіремін!

 

Кіріспелік бейнежазба

Кітап мазмұнына сай келетін шағын бейнежазбаны көріп алыңдар:

 

 

Кітап мазмұны

 

 

 

Кітап парақтары

 

 

 

 

 

Тағы да «электронды кітаптар» туралы

Сайтымда бұған дейін де «электронды кітаптар» туралы түсініктемелер; оларды қазіргі ақпараттық серпіліс уақытында қандай мақсаттарда дайындауға және пайдалануға болатыны, кімдерге қажеттілігі бар және артықшылықтары мен тиімділіктері жөнінде бірнеше анықтамалық мақалалар берілген болатын. Мынандай кітапша да дайындалған:

 

 

Сол сияқты, оқырмандардың өздеріне де, осындай электронды кітаптарды қажеттіліктеріне қарай дайындатып алуға сұраныс–тапсырыстар беруге болатындығы туралы да айтылған болатын. Нәтижесінде сондай тапсырыстар бойынша 2 кітап шығарылып берілді де. Қазір де бір-екеуі дайындалуда.

Және де, осы кітапқа дейін де әр тақырыптағы бірнеше электронды кітаптарды дайындап, оларды сайтымның тұрақты оқырмандарына және басқа да қажет етуші азаматтарға сыйлық етіп таратқан едім. Кітаптардың кейбірі ақылы.

Осы айтылғандар туралы кеңінен және толығымен төмендегі баннер арқылы танысуға болады:

 

 

Олармен танысып шыққаннан кейін, егер өздеріңде белгілі бір тақырыпта осындай электронды кітап дайындатып алуға қажеттілік және ой-ниет туындаса, сайт арқылы тапсырыс беруіңе болады!

 

 

 

Автор публикации

не в сети 1 месяц

admin

0
Комментарии: 2Публикации: 104Регистрация: 11-07-2018
Обновлено: 10.12.2019 — 19:26

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *