«АҚСУДЫҢ АСЫЛ АЗАМАТЫ»

«Ақсу ауданына-90»

Сайтымның бүгінгі парағы «АҚСУДЫҢ АСЫЛ АЗАМАТЫ» деген тақырыппен таяу күндерде ғана асқаралы 80 ЖАСТЫҢ асуынан аттап отырған, Жетісу жерінің танымал да ардақты азаматтарының бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Асылмұрат ТҰРҒАНБЕКОВКЕ арналып отыр.

Соған орай, АҒАМЫЗБЕН әр жылдары әріптес, қызметтес болған біраз азаматтардың арнаулық мақалалары берілді. Танысыңдар!

 

АҚСУДЫҢ АСЫЛ АЗАМАТЫ

 

 

Асылмұрат ТҰРҒАНБЕКОВ. Мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Жоғарғы Кеңесінің 12-ші шақырылымында депутат болып сайланған.

“Құрмет”, «Парасат», “Халықтар достығы”, “Құрмет белгісі” ордендерімен, екі рет “Еңбектегі ерлігі үшін” медалімен марапатталған. «Қазақстанның құрметті жерге орналастырушы» атағының иегері

Алматы облысының, Ақсу, Ескелді, Панфилов, Сарқан және Алакөл аудандарының Құрметті азаматы.

 

Асыл мен Мұрат

Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ.

Партия және еңбек ардагері.

Алматы облысының, Ақсу, Көксу және Қаратал аудандарының Құрметті Азаматы

«Жетісу» газеті, 2010 жыл.

 

 

Тағылымы мол тұлға

Талғат ӨМІРАЛИЕВ

Панфилов ауданының әкімі

«Жаркент өңірі» газеті, 22 мамыр 2020 жыл

 

 

Құттықтау

 

 

 

Асыл аға...

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Ақын, журналист.

«Жетісу» газеті, 2020 жыл

 

«Жаман тобырдың жақсысы болғанша, жақсы тобырдың жаманы болған жақсы!» – дейді халық даналығы. Осы тұрғыдан алғанда мен өзімді өмірде жолы болған адамдардың қатарына қосқаным дұрыс шығар. Себебі, азды-көпті ғұмырымда жақсылардың жанында көбірек жүріп, шарапатын молырақ сезінгендеймін. Бұл қатарда Алматы облысының Құрметті азаматы, «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» және тәуелсіз Қазақстанның «Құрмет» орденінің иегері, қоғам қайраткері Асылмұрат Тұрғанбеков ағамыздың алар орны ерекше.

Дақпырт-даңқы өзінен әлдеқайда ілгері жүретін жандар болады. Көрмей-таныспай жатып жұртшылық олардың істеген істеріне қанығып, есімдерін естеріне сақтап алады. Міне, Асыл аға – Асылмұрат Тұрғанбеков та біздің бала кезімізде есімі елге кеңінен тараған, атағы аспандаған азаматтардың бірі болатын. Әлеуметтік желі атаулының атын да білмейтін ол кезеңдері кез-келген жаңалық алдымен «ұзынқұлақ» арқылы тарайды. Соңынан, ақпарат рас болса, ресми газет-жорналдар мен радио жаппай жариялап жатады. Осылайша, еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, шаруашылықтарда маман ретінде еңбектің қара қазанында қайнап, жастар ұйымында саяси шыңдалудан өткен алғыр да адал басшы турасында алдымен ауылдың үлкендерінен естіп өстік. Есейе келе Асылмұрат Тұрғанбекұлы туралы мақалаларды баспасөз беттерінен оқып, ел мақтаған ағамыз туралы сырттай қанығып алғанбыз.

Ақсу ауданының Басқан ауылында дүниеге келіп, балалық-жастық дәуренін Қапал ауданына қарасты Арасан кеңшарында өткізген Асылмұрат Алматы Зооветеринарлық институтын бітіргеннен кейін бірден Ақсу колхоз-совхоз өндірістік басқармасының инспектор-ұйымдастырушысы қызметіне тағайындалып, содан кейін Абай колхазының бас зоотехнигі, Ақсу аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Коммунистік Жастар Одағы орталық комитетінің нұсқаушысы, Талдықорған аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, осы аудандағы ауылшаруашылық басқармасының басшысы, Андреев ауаткомының төрағасы, Талдықорған аупарткомының бірінші хатшысы, облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы, сол кездегі өлкеміздегі ең ірі әрі әлеуеті жоғары Панфилов ауданының бірінші хатшысы қызметтерін жемісті атқарған еді. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары біраз уақыт облыс әкімінің орынбасары болып еңбек етіп, өзінің қалауымен Балқаш көлінің «Сары ішік атырау» деп аталатын шөлейт аймағында жатқан Бөрлітөбе ауданына әкім болып аттанады. Біздің алғашқы жүздесуіміз де осы кезден басталды, білем.

Ақсу — Қапал өңірі көгінде ұлар ұшып, төсінде марал өрген қасиетті өлке емес пе. Асылмұраттың аталары алмағайып замандарда Арқадан ауып келіп, жер жаннаты Жетісудан құтты қоныс тапқан тектілердің ұрпағы болған екен. Халықтың басына түскен ауыртпалықты бірге арқаласа жүріп осы өңірдегі саяси-әлеуметтік өзгерістерге араласып, шаруашылықтарды көтеру шараларына белсене қатысқаны байқалады. Еңбекпен көзін ашқан, кез-келген жұмыстың ығын білетін Тұрғанбек осылайша көптің көзіне ілініп, ауылдағы ұшы-қиыры көрінбейтін ел тірлігінің тізгінін қолына алған. Ұлы Отан соғысының қанды қырғынынан жаралы қайтқан жауынгер елге оралысымен қарап жатпай, күйреген шаруашылықтарды қалпына келтіру ісіне белсене кірісіп кетеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің»– дегендей, тектілігі тереңнен тамыр тартқан Асылмұрат ең алдымен отбасында оңды тәрбие алғаны даусыз. Өзінің балалық шағын еске ала отырып айтқан бір әңгімесі менің жадымда жатталып қалыпты:

"Соғыстың соңғы жылдары болуы керек. Бір жылы қыс ұзаққа созылып, жемшөп таусылғандықтан колхоздың малы көтерем болып қалды. Қоғам малын қалайда аман алып қалудың қамын ойлап әр үйге бір-бір сиырдан бекітіп берген. Біздің де үлесімізге бір көтерем сиыр тиді. Таңертең үйдегілердің барлығы жабылып жүріп тұрғызған жануарды әлі бес жасқа тола қоймаған менің жетегіме салып береді. Ауылдың шетіне шыққаннан кейін шидің түбін етігіммен тепкілеп аршып, мұз қатқан қар астындағы азғана шөпке сиырдың тұмсығын тығамын. Оны жеп бітіргеннен кейін келесі шиге жетелеймін. Біраздан кейін болдырған мал жатып қалады. Бас жібінен сүйреп, шыбықпен ұрғылап тұрғыза алмай, амалсыздан көз жасыма ерік беремін. Үлкендер көмекке келіп, сиырды үйге жеткізгенше оған мен жауаптымын. Сөйтіп жүріп әлгі жануарды көктемнің көгіне іліндіргенім есімде! " – деген ол ауыр да азапты жылдарды есіне алып.

Қазір ғой, баласының қолына құм жұқса аттандап жүгіретін ата-аналарға мұның бәрі ойдан шағырылған аңыз болып көрінуі мүмкін. Алайда, халықтың басына түскен ауыртпалықты қайыспай көтеріп, күйреген ауыл мен қаңыраған далаға жан бітірген кешегі біздің әкелеріміз бен аналарымыз боркемік болса бүгініміз де бұлыңғыр болар еді деген ой үнемі өзіммен бірге жүреді. Белі бекімей жатып еңбекке жегілген, жауапкершілік жүгін сезінген сол ұрпақ ұлтымызды жойылып кету қаупінен сақтап, бүгінгі күнге жеткізгені ақиқат емес пе?!

Жауымен қалай жан аямай күрессе, жапа шеккен жандарға соншылықты мейірбан халқымыздың жомарт жүрегі біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Асылмұрат ағаның әулетінен анық аңғарылады. Соғыс жылдары Сталин «сенімсіз» деп тапқан ұлттарды жаппай жат өлкелерге көшіру саясаты жүргізілгені белгілі. Солардың көпшілігі қазақ даласына келіп, баспана мен бауырмалдық тапқанын көзіміз көріп жүр. Сұрапыл майданның салқыны бесіктен белі шықпаған балаларды да шарпығанын жасырын емес. Майдан жүріп жатқан батыс өлкелерден жеткізілген жетімектердің үшеуін Мәрмән ана да өз қамқорлығына алып, талғажау етіп отрыған азғана асты балаларымен бөлісе жегені де күмәнсіз ақиқат. Сол кездері қазақы қоржын тамда Асылмұраттың аға-әпкесі – Асылкен, Күлкенмен бірге тіршілік кешіп, есейгеннен кейін жан-жаққа тарап кеткен украин баласы – Василий, орыс – Владимир, неміс – Николай ұзаққа дейін хат жазып, хабарласып тұрған еді. Осы оқиғадан халқымыздың дархан көңілі мен мейірбан жүрегі көрініп тұрған жоқ па?!

Асекеңдер азамат болып, қызметке араласа бастаған кезең соғыстан кейінгі сұрапыл жылдарға дөп келген. Енді ғана оқуын бітіріп оралған жас маман колхоз құрылысының бастауында тұрған даңқты ағаларымыздан тәлім-тәрбие алғанын байқаймыз. Орта білім былай тұрып, кейбірінің сауаты болмаса да «дала академиктері» атанған алыптар мектебі жас жігіттің шыңдалып өсуіне тағы бір белес болғаны анық. Аға буын өкілдері сол кездері Ақсу қой совхозын ұзақ жылдар басқарған Салғара Сейтеновты, «Арасан» колхозының төрағасы Иманақыш Бектемісовты, «Пламя революций» колхозының басшысы Омар Сарыбаевты, Абай атындағы колхоздың төрағасы Нұрболат Түшкеновты аңызға бергісіз әңгімелермен еске алады.

«Берілген тапсырманың орындалуын талап етіп қана қоймай, өзінің жеке үлгісімен тәрбиелейтін Нұрболат Түшкенов ақсақал күн сайын таңғы бесте гаражда лездеме өткізіп, күні бойы атқарылатын шаруаның бағытын бағамдап береді. Алғашында маған күмәнмен қарағаннан кейін басшының сенімінен шығу үшін жұмысқа одан 15 минут бұрын келіп аламын. Айтқандарын жасап қана қоймай, өзімнің білген-түйген тәжірибемді пайдалатынмын. Осылайша аз уақытта Нұрболат қария мен үшін алаңдамайтын болған» – дейді Асылмұрат аға сол жылдарды еске алғанда.

Аудандық комсомол комитетінде, соңынан Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінде еңбек еткен жылдар да өзінің жемісін бермей қалған жоқ. Табиғатынан алғыр, еңбексүйгіш әрі жаңалыққа жаны құштар жас жігіт саяси қызметте де жақсы қырынан көрініп, жұртшылықтың ілтипатына бөлеген болатын. Республика деңгейінен шығып, Одақтың дәрежедегі іс-шараларға қатысқаны, бірнеше жобаға жетекшілік жасағаны өз алдына бөлек әңгіме. Осы жерде еңбек ете жүріп, тәуелсіз Қазақстанның болашақ тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен танысып, қызметтес болғанын ілтипатпен еске алады.

Біраз жыл саяси қызметте болғаннан кейін Асылмұрат жасаған жұмысының нәтижесі көрініп тұратын, жанына шуақ құятын сүйікті жұмысына қайта оралған. Бұл жолы Талдықорған аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, кейіннен аудандық ауылшаруашылық басқармасының басшысы лауазымдарын атқарды. Облыс орталығының іргесінде орналасқанымен ол кездері шешімін күткен түйінді мәселелер мұнда да аз емес-тұғын. Бір ауданнан 27 Социалистік Еңбек Ері, соның ішінде ХХІІ- партсьезд атындағы колхоздан 22 Еңбек Ері шыққан өңірге басшылық жасау оңай шаруа болмас керек-ті. Тек мақсаты айқын, білімі мен білігі жоғары басшы ғана көпшіліктің құрметіне бөлене алмақ. Біздің Асыл ағамыз сол биіктен көріне алғандардың қатарынан табыла білді.

Өзіне жүктелген жұмыстардың барлығын абыроймен атқарып, халықтың да, басшылықтың да сенімінен шыққан Асылмұрат Тұрғанбеков бұдан кейінгі жылдары Андреев аудандық атқару комитетінің төрағасы, Талдықорған облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы болып еңбек еткен. Тапсырылған іске ынта-шынтасымен кірісетін ол бұл қызметте де өлкенің дамуына, еңбекшілердің әлеуметтік-тұрмыстық ахуалының жақсаруына сүбелі үлесін қосты деп айта аламыз. Араға тоғыз жыл салып Талдықорған (қазіргі Ескелді) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып оралған Асекең бұрын ойға алған игілікті шаралардың біразын осы жылдары жүзеге асырғаны белгілі. Ендігі сапар жазиралы Жаркент өңіріне бастайтынын ол кезде А. Тұрғанбеков білген жоқ болатын.

Иә, жер емген еңбекқор халқы, жайдарман ақжарма жұрты бар Жәркент ол кезде «дала аруы» атанған жүгерісімен Одаққа мәшһүр болып тұрған еді. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, «Октябрьдің 40 жылдығы» агрофирманың басшысы Н. Головацкийдің түкірігі жерге түспейтін кез. Алайда, ауданның экономикалық көрсеткіштері біршама тәуір болғанымен, әлеуметтік мәселелер шешілмеген күйінде кешеулеп қалған екен. Ана мен бала өлімі, тұрғындар арасындағы қатерлі аурулардың етек алуы, халықтың тұрмыс-жағдайы көңіл көншіте қоярлық емес. Сондықтан ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінің жаңа мүмкіндіктерін іске қоса отырып, ең алдымен әлеуметтік салаға баса назар аударылған. Осы жылдары көптеген ауруханалар мен перзентханалар, мектептер мен балабақшалар салынып, ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесе агроөнеркәсіп кешенін жетілдіруге, халықтың денсаулығын жақсарту барысында іргелі жобалар жүзеге асырылды. Ауданының экономика мен әлеуметтік салада қол жеткізген табыстарының нәтижесі ретінде ауылшаруашылығын өркендетуге арналған Бүкілодақтың семинар Жаркент жерінде өткізілгенін айтса болады. Осы жиынның қорытынды сөзінде СОКП Орталық Комитетінің хатшысы Никоновтың: «Одақта осындай 50 аудан болса, көп мәселе шешімін табар еді!» – деген сөзі жиынға қатысқандардың жадында болар.

Халқына қалтқысыз еңбек еткен жан қашанда қадірлі болмақ. Осы орайда Асылмұрат Тұрғанбекұлы СОКП-ның соңғы ХХҮІІІ- сьезіне делегат болып қатысып, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде еліміздің тәуелсіздігін жариялауына үлес қосқаны өз алдына бөлек әңгіме.

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары облыс әкімінің орынбасары-ауылшаруашылық басқармасының басшысы болып біраз уақыт жұмыс жасаған Асылмұрат Тұрғанбеков тіршілік тауқыметіне ұшыраған халыққа қол ұшын бермек ниетпен алдымен Бөрлітөбе, соңынан Қапал аудандарында әкім қызметтерін атқарды. Ал, Қапал ауданы таратылып, Ақсу ауданына қосылғаннан кейін өмірдегі ізетті інісі Қалимолда Байболовтың қарамағында аудан әкімінің орынбасары болып жұмыс жасаған. Осы жерден Алматы қаласының жер комитеті басшысының орынбасары қызметіне шығарып салдық.

Сөзімнің басында жақсы адамдардың қамқорлығы мен шуағын мол сезіндім дегенім есімде. Асылмұрат ағамен бірге еңбек етіп, пікірлес-ниеттес болу бақыты маған да бұйырыпты. Өзім туып-өсіп, еңбек жолымды бастаған Бөрлітөбе жерінде танысқаннан кейін, бір жолы: «Тұрғанбеков Қапал ауданына әкім болып келеді екен!»– деген қауесетті құлағымыз шалды. Оған дейін ауданды басқарған Оралбек Жақиянов, Тұрсынғазы Медетбеков ағаларымыз бен замандасымыз Қалыбек Алдабергеновке еркелеп, еркінсіп қалған басым, ендігі жағдайымыз қандай болады екен деп алаңдағанымды несіне жасырайын. Атағынан ат үркетін, бір көрген адамға сұсты Асылмұрат ағамыздың айналасындағыларға қамқор, көпшіл әрі әділ басшы екенін көп кешікпей ұқтық. Қалам ұстағандардың қайбір кездері шалқитын шабыты болатынынан да хабары мол болып шықты. «Жан сырым» деп аталатын тұңғыш жыр жинағым дүниеге келгенде тұсауын кесіп, кешімді өткізіп бергені қазіргідей есімде.

Біршама жыл Оңтүстік астанадағы жер комитетінде еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан Асыл ағамыз өмірлік жары әрі сенімді серігі Айман апаймен бала-шаға, немерелерінің ортасында бақуатты тірлік кешуде. Бүгіндері сексеннің сеңгіріне көтеріліп отырған тектінің тұяғы Асылмұрат Тұрғанбеков еңсесін тік ұстған қалпы кейінгі ұрпаққа өнеге болумен келеді.

Аты Жетісу ғана емес, елімізге танымал Жомарт Жексенбінов ағамыз замандас ағасы жайлы пікірінде: «Әлімсақтан қазақта Азат Мінез, Бостан Рух деген ұғым бар. Сол Бостан рухтың нәтижесінде бүгінде қазағым төрткүл дүниеге танымал. Мінезі батыл, айтары нық, турашыл адамдар, құдайға шүкір, қазір де арамызда бар. Солардың бірі де, бірегейі – Асылмұрат Тұрғанбеков ағамыз десек, ақиқаттан алыс кете қоймаймыз. Асекеңнін тектілігі, турашылдығы, айтатын ойын жасқанбай айтатындығы, парасатты кісілігі, інілеріне, ізбасарларына, замандастарына көбіне көп ұнайтын! – деп жазады.

Жомарт ағамның осы сөзіне Асылмұрат Тұрғанбековты білетін қауым түгелдей келісетініне зәредей күмәнім жоқ!

Алматы қаласы.

 

Жақсының жақсылығын айт ...

Орал ИСАНОВА

Зейнеткер. Ақсу, Сарқан аудандарының Құрметті Азаматы

«Ақсу өңірі» газеті, 2020 жыл

 

 

 

 

Автор публикации

не в сети 3 недели

admin

0
Комментарии: 2Публикации: 104Регистрация: 11-07-2018
Обновлено: 31.05.2020 — 05:41

2 комментария

Оставить комментарий
  1. Жаныл Койбекова

    Асылмұрат Тұрғанбековтей ақсақалымыз болғанға мақтанамыз, қуанамыз Мерей тойы құтты болсын!!!

  2. Тоты.Момбекова.Байқожақызы.

    Туған жерімнен ,туған елімнен шыққан асыл азаматтар,білімді ғалымдар ,қоғам қайраткерлері

    менің зор мақтанышым.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *